Шөл жануарларының экологиялық сипаты

Шөл жануарларының экологиялық сипаты

Шөл белдемі тропикалық белдем мен қоңыржай белдемнің аралығында орналасқан. Ол әлемдегі барлық құрлық жердің 23 пайызын иеленеді. Шөл белдемі құрлықтардың әлемдік мұхиттардан алшақ, орталық бөлігінде қалыптасады. Жер шарының шығыс бөлігінде шөл белдемі Солтүстік Африкадан (Сахара) басталып, Аравия, Батыс Үндістан, Орта Азия, Қазақстан территорияларымен жалғаса отырып Орталық Азияға дейін созылады. Австралия құрлығының да орталық бөлігін шөл белдемі иеленеді.

Шөл белдемі қуаңдығымен ерекшеленеді. Мұнда жыл бойында жауатын жауын – шашынның жалпы мөлшері 200 мм-ден аспайды. Әлемдік ең үлкен және ең құрғақ шөлге саналатын Сахара шөлінде жыл бойында бір тамшы да тамбайтын жылдар кездеседі. Жалпы қуаңшылықтың радиациялық көрсеткіші (М.И.Будыко индексі бойынша) 5-тен жоғары өлкелер шөлге саналады. Кей шөлдердің жер бетінен буланған ылғалдың мөлшері сол жылғы жауын – шашынның мөлшерінен 20 – 25 есе артық болатындықтан өсімдік, жануарлар ылғалдың тапшылығына жиі ұшырайды. Шөл белдемінің жазы ұзақ және жауын – шашынсыз, ыстық. Жылдық ылғалдың 70 – 80 пайызы (Қытайдың солтүстігіндегі Алашань Ордос шөлдерінде – 90 пайызы) көктемнің басында жауады да, жаз бойы жауын жаумайды. Жаздың ыстық күндерінде ауаның температурасы 45°С -қа дейін жетеді. Шілде айының орташа температурасы +20 – 26°С жылы, қаңтардың  орташа температурасы –10°С суықтықты көрсетеді. Жаздың ыстық күндерінде топырағының беткі қабаты 60 – 70°С-қа жетіп қызады. Желді күндер жиі болып тұрады. Кейбір аса қуаң шөлдерде желдің жылдамдығы 30 – 35 м/секундқа жетіп, апатты құм дауылға айналады. Осындай құм дауылдар бір жылда 5 – 10 рет қайталайтын шөлдер де бар. Жазда ыстық, жауын-шашынсыз және жел жиі соғатындықтан ауаның орташа ылғалдығы 14 пайыздан аспайды. Гоби шөлінде кейбір күндерде ауаның ылғалдығы 6 пайызға дейін төмендейтіндігі айқындалған.

Шөл белдемінің сұр топырағының құнары аз, ондағы қарашіріктің мөлшері 1 – 2 пайыздан аспайды.

Топырағының ылғалы аз, құнарсыз, климаты қатаң болғандықтан шөл белдемінде өсімдіктің түрлік құрамы аз және өсімдік жабындысы өте сирек: жылдық бастапқы таза өнімнің құрғақ салмағы 1000 килогектардан  аспайды.

Шөл белдемінде топырақтан ылғалды өзіне сорып алуға жақсы бейімделген өсімдіктер басым өседі. Олардың ұлпаларының осмостық қысымы мол, тамыры топырақтың беткі қабатына кең жайылған шашақ тамырлы, немесе топырақтың ылғалды терең қабатына дейін жететін, жақсы дамыған кіндік тамырлы болу арқылы морфологиялық, физиологиялық жолмен бейімделеді.

Шөл белдемінде: 1) жауын-шашынды кезде тез өсіп тұқымын таратып үлгеруге бейімделген эфемер біржылдық өсімдіктер өседі. Мысалы, жауылша (Alyssum), бөденешөп (Veronica), ебелек (Ceratocarpus) туыстарына жататын эфемерлер; 2) тамырына, сабағына, жапырақтарына суды мол жинап, оны қуаңшылық кезде үнемдеп пайдалануға бейімделген суккулент өсімдіктер. Мысалы, Америкалық шөлдерге кең таралған кактус (Cereus), опунция  (Opuntia) және Азиялық шөлдерге тән көптеген түрлі шырынды сораңдарды (Salsola) атауға болады; 3) діңі қысқа, бұтақтары көп салаланған,  жапырақтары қалың шөл бұталары. Бұған мысал ретінде сексеуіл (Haloxylon), жүзгін (Calligonum) т.б. көптеген бұталарды атауға болады; 4) шымқабат түзетін көпжылдық астық тұқымдастар: бұлардың тамырлары, тамырсабақтары топырақпен бірге өзара ұйысып нығыз біткен шымқабатын түзеді, ылғалдың булануын азайту үшін жапырағы түтікше тәрізденіп ширатыла бүктеледі. Мысалы, шөлдің жатаған боздары (Stipa glareosa, S. gobica, S. capillata), бидайық (Agropyrum) қатарлы өсімдіктер.

Шөл белдемінің жануарлар әлемі айтарлықтай алуантүрлі. Омыртқасыз жануарлардан шөлге тән өкілдерінің бірі – сары құршаян (Buthus eupeus). Ол күндіз тастың асты, бұтаның түбі т.б. көзге шалынбайтын жерде бұғып жатады да, түнде жем іздеп белсенді тіршілік етеді.

Жәндіктерден саяқшегірткелердің (Acrididae), қарақоңыздардың (Tenebrionidae) көптеген түрлері кездеседі (30-сурет).

Қосмекенділер (Amphibia) шөл белдемінде жоққа тән. Орта Азия мен Қазақстанның шөлінде ғана қуаңшылыққа  төзімді  жасыл  құрбақа (Bufo  viridis)  кездеседі.

Шөл  белдемінде  бауырымен  жорғалаушылардың  (Reptilia)   көптеген  түрі  тіршілік  етеді. Бауырымен  жорғалаушылар – жылу  сүйгіш  жануарлар, ыстық  кезде  інге  кіріп  салқындайды, денесінің  ылғалын  терісінің  қабыршықтары  буландырмай  жақсы  сақтайды, қолайсыз  мезгілді (қыста  және  жаздың  аса  ыстық, қуаң  кезінде)  анабиоз  күйге  түсу  арқылы  шығынсыз  өткізеді, аштыққа  аса  төзімді. Міне  осы  сипаттары  шөл  белдемінің  қуаң  да  қатаң  экологиялық  жағдайына  қарамастан  онда  бауырымен  жорғалаушылардың  кең  таралуына  мүмкіндік  туғызады.

Шөл  белдемінде  жармасқы  кесірткелер  тұқымдасы  (Gekkonidae)  мен  ешкемер (Agamidae)  тұқымдас  кесірткелер  көптеп  кездеседі (30-сурет).

Жармасқы  тұқымдас  кесірткелердің  саусақтарында  және  құйрығының  астыңғы  бетінде  қандай  да  бір  қатты  денеге  жабысатын  тілімшелері  болады. Сондықтан  олар  қандай  да  жылтыр  заттан  таймайды, тіпті  әйнектің  астыңғы  бетіне  бір  саусағымен  ғана  жабысып  салбырап  тұра  алады. Орта  Азия, Қазақстанның  шөл  өлкелерінде  жылтыр  жармасқы  (Teratoscincus  scincus)  кездеседі. Ол  құмды  шөлдерде  мекендейді. Шағыл  құм, құмтөбешіктерде  тереңдігі  90см-ге  жететін  ін  қазып, күндіз  інде  жатады. Ымырт  жабылысымен  інінен  шығып, әртүрлі  жәндіктерді  аулап  жейді: шегіртке, шекшек, үлкен  қоңыздармен  қоректенеді. Гобидың  шөлінде  кездесетін  Пржевальский  жармасқысының  (Teratoscincus  przewalskii)  ішін  жарып, қорегінің  құрамын  зерттегенде  ол  әртүрлі  жәндіктермен  қатар  құршаян (Scorpiones), түкті  бүйімен (Solifugaе)  де  қоректенетіні  айқындалған.

Ешкіемерлер  тұқымдасынан  шөл  белдемінде  батбат  (Phrynocephalus)  туысына  жататын  кесірткелер  кеңінен  тараған. Әсіресе  иірқұйрық  батбат (Ph.guttatus), тақыр  батбаты (Ph.helioscopus), шұбар  батбат  (Ph. versicolor)  кесірткелер  қиыршықтасты, тастақты  шөлдерде  басым  кездеседі. Бұлардың  әрқайсысы  өзінің  түсін  тастың, топырақтың  түсіне  сәйкес  өзгертіп  қорғанады.

Еуразияның  құмды  және  тастақты  шөлдерінде  жиі  кездесетін  кесірткелердің  тағы  бір  тобын  кесірлер  туысы  (Eremias)  құрайды. Шөл  өлкесіне  зытпа  кесір (E. velox)    жақсы  бейімделген. Зытпа  кесірлердің  әрбіреуі  өздеріне  тиесілі  мекен  иеленеді.  Мекеніне  бірнеше  ін  қазып  дайындайды. Қауып  қатер  кезінде  сол  ініне  кіріп  қорғанады. Мекенін  және  індерін  басқа  кесірткелерден  қорғайды. Олар  жәндіктермен  және  тұқым, жеміс-жидекпен  қоректенеді.

 

  1.  

 

30-сурет. Шөл белдемінде мекендейтін жануарлар:

1- сасық қара қоңыздар (бляпс); 2- сары құршаян; 3- батпат кесіртке; 4- кесір кесіртке; 5- каспий тасбақасы; 6- ұбақ; 7- жорға дуадақ; 8- тырду; 9- жүнбалық қосаяқ; 10- шұбар күзен.

Шөлді  өлкеде  мекендейтін  кесірткелердің  ең  ірісі  кесел   немесе  варан  кесірткелерінің  тұқымдасына  жатады. Ең  ірі  кесел  кесіртке – Индонезияның  Комодо  аралында  тіршілік  ететін  Комодо  кесел  кесірткесі – Varanus  Komodoensis. Оның  денесінің  ұзындығы  3  метрден  астам, салмағы  140кг-ға  жетеді. Ол  шөлде  емес, орманда  бұғы, жабайы  шошқа  т.б.  ірі  аңдармен   қоректеніп  тіршілік  етеді. Шөлде  тіршілік  ететін  кесел  кесірткелерінің  ең  ірісі  Австралияның  шөлінде  кездесетін  алып  кесел (V. giganteus)  атты  кесіртке  оның  ұзындығы  2,5  м, салмағы  110кг-ға  жетеді.

Солтүстік  Африка, Орта  Азия, Оңтүстік  Қазақстанның  шөл  белдемінде  сұр  кесел  немесе  шөл  кеселі (V.griseus)  атты  кесел  кесірткенің  түрі  таралған. Оның  ұзындығы  құйрығымен  қосқанда  1,6м, салмағы  2,5-3кг. Орталық  және  Орта  Азия  жерінде  кездесетін  кесірткелердің  ең  ірісі  болып  табылады. Ол  минутына  100-120  метрге  дейін  жылдамдықпен  жүгіре  алады. Әртүрлі  жәндіктермен, өрмекшілермен  әсіресе  кесіртке, жылан, кеміргіштермен  және  құстың  жұмыртқа, балапандарымен  қоректенеді. Қыста  інінің   аузын  топырақпен  бітеп  қысқы  ұйқыға  кетеді.

Шөл  кеселі  Қазақстанның  және  Халықаралық  қызыл  кітабына  тіркелген.

Жыландардан  шөлде  құм  айдаһаршасы (Erуx  miliaris)  жиі  кездеседі. Ол  көбінесе  құм  астында  жасырын  тіршілік  етеді. Құмға  сүңгіп  кіріп, құмның  астымен  еркін  қозғалып  жүре  алады. Аулайтын  аңын  аңдып  ұстау  үшін  денесі  түгелдей  құмға  көміліп  жасырынады,  тек  көзі  мен  мұрны  ғана  көрініп  қозғалыссыз  жатады. Маңайына  құмтышқан, кесіртке  т.б.  жеміне  жарамды  жануарлар  таяп  келгенде  ғана  құмнан  дереу  ытқып  шығып, денесімен  2-3  орап  ұстап  алады. Кейде  кеміргіштердің  ініне  кіріп  те  аулайды. Айдаһарша – усыз  жылан. Оны  кейбір  жыртқыш  құстар, кірпі  ұстап  жейді.

Шөл  белдемінің  құстарында  да  денесінің  ылғалын  үнемдеуге  және  жазғы  ыстыққа  төзімділігін  жақсартуға  бағытталған  бейімделушілік  байқалады. Шөлге  бейімделген  құстар  да, бауырымен  жорғалаушылар  да  өте  қою  несеп  шығарады, оның  көбін  зәр  қышқылы  құрайды. Бұның  нәтижесінде  несеппен  бірге  сыртқа  бөлінетін  сұйықтың  мөлшері  азаяды. Су  ішу  арқылы  қажетті  ылғалды  қанымдайтын  құстар   жылдам  ұшуға  қабілетті, ұзақ  ұшуға  төзімді  болуының  арқасында  күн  сайын  алыстағы  сулы  жерге  ұшып  барып  келу  мүмкіндігін  иеленген. Бұндай  құстардың  нағыз  мысалы  ретінде  бұлдырық  тұқымдастарды  (Pterocletidаe)  атаймыз. Шөл  белдемінде  таралған  ақбауыр  бұлдырық  (Pterocles  alchata), қарабауыр  бұлдырық    (P. orientales), ұбақ  (Sуrrhaptes  paradoxus)  қатарлы  бұлдырықтардың  қанаты  ұзын, жақсы  жетілген, күн  сайын  ұзаққа  ұшып  барып  су  ішіп  қайтады. Олар  жер  бетінде  жорғалай  жүгіріп  қорегін  (өсімдіктің  тұқымы, жәндіктер)  тауып  жейді. Қызған  құмнан  табанын  қорғайтын  мүйізденген  қалың  тері  қабаты  дамыған, тұяғының  түбіне  дейін  нығыз  жүнмен  қапталған. Осының  бәрі  бұлардың  құмды, тастақты  шөлге  жақсы  бейімделгенін  дәлелдейді. Шөлдің  негізгі  бір  құсы – жорға  торғай  (Podoces  panderi). Ол  бұталы  шөлде  мекендейді. Жұмыртқа  баспаған  кезінде  аздап  қана  орын  ауыстырады, негізінде  отырықшы  құс. Ол  көбінесе  тұқым, жемістермен, аздап  жәндіктермен  және  ұсақ  кесірткелермен  қоректенеді. Қысқа  дайындық  ретінде  қоректік  қор  жинап  оны  бұталардың  түбіне  көміп  сақтайды. Цайдамның  және  Гобидың  шөлінде  монғол  жорға  торғайы  (P.hendersoni)  мекендейді.

Сүтқоректілер  шөлде  тіршілік  ету  үшін  физиологиялық, морфологиялық, экологиялық  тұрғыдан  жан-жақты  бейімделу  қажеттілігі  туындайды. Өйткені  олардың  көбі  алысқа  сапар  шегіп  суатты  жерлерге  жиі  барып  тұруға  қабілетсіз. Тек  тұяқты  жануарлар  ғана  күн  сайын  суат  іздеп  сапар  шеге  алады. Сүтқоректілер: а) сұйық  несеп  бөліп  шығарады; б) ыстықта  терлеу  арқылы  және  ентіге  тыныс  алу  (полипноэ)  арқылы  олар  ішкі  ыстығын  сыртқа  шығарып  салқындайды. Осының  бәрінде  олардың  денесінен  несеппен, термен, деммен  бірге  көп  ылғал  бөлініп  шығады. Сондықтан  да  сүтқоректілердің  шөлге  бейімделу  жолы  күрделі.

Кеміргіштерден  шөлде  ең  кең  таралған  топ – қосаяқтар  тобы  (Dipodidae). Артқы  аяғы  мен  құйрығы  аса  ұзын  бұл  кеміргіштер  алға  ұмтыла  секіріп  қозғалады. Тек  артқы  қос  аяғымен  ғана  секірген  кезде  құйрығы  қозғалысының  бағытын  реттеушілік  рөл  атқарады. Шөлейт  өлкеде  эволюциялық  ұзақ  дәуірді   кешу  барысында  қосаяқтарда  физиологиялық  таңғажайып  құбылыстар  пайда  болған. Денесіндегі  ылғалды  үнемді  жұмсауға  бейімделіп: 1) өте  қою  несеп  бөліп  шығарады, несебі  адамның  несебінен  3-4  есе  қою; 2) қою  дәретінің  құрамындағы  судың  мөлшері  басқа  сүтқоректілердікінен  әлдеқайда  аз; 3) қосаяқтар  терлемейді. Терлеу  арқылы  денесін  салқындату  мүмкіндігі  жоқ  болғандықтан  олар  ыстықтамауға  тырысады. Соған  байланысты  күндіз  інде  жатып, түнгі  салқында  інінен  шығып  қоректенеді. Қосаяқтар  әртүрлі  өсімдіктердің  тамырын, тамыр  түйнегін, қызғалдықтардың  пиязшығымен  және  тұқымымен  қоректенеді. Қорегін  қорытқан  кезде  зат  алмасу  үрдісінен  бөлініп  шыққан  суды  қанағат  етіп  өмір  сүреді. Орталық  Азияның  шөл, шөлейт, қуаң  дала  белдемінде  секіргіш  қосаяқ  (Allactaga  sibirica), құмайт  шөлдерде  кіші  қосаяқ  (A. elater), жүнбалақ  қосаяқ  (Dipus  sagitta)  жиі  кездеседі  (30-сурет).

Шөлде  тұрақты  кездесетін  кеміргіштерге  құмтышқандар  (Gerbillinae)  жатады. Солтүстік  Африканың  шөлді  өлкелерін  ергежейлі  құмтышқан  (Gerbillus  gerbillus) мекендейді. Олардың   аз-аздаған дарақтары  бір  жерге  топтасып  колониялы  тіршілік  етеді

Азиялық  шөлдерде  кең  тараған  құмтышқандар – кіші  құмтышқан  (Meriones  meridianus), үлкен  құмтышқан  (Rhombomys  opimus). Кіші  құмтышқан  құмайт  шөлдерді  таңдап  мекендейді. Қыста  бір  інге  он  шақтысы  жиналып  бірге  қыстайды. Оба  ауруының  табиғи  ошағын  өзіне  сақтайдықтан  зиянды.

Үлкен  құмтышқан  құмайт, балшықты, тастақты  шөлдердің  қай-қайсысында  кең  тараған. Топ  түзіп  колониялық  тіршілік  етеді. Інін  өте  терең  және  күрделі  етіп  қазады. Бір  колонияның  інінің  аузы  бірнеше  жүзге  жетеді. Осылайша  ін   қазу  арқылы  құмды  босатып, құмның  көшуіне  ықпалын  тигізеді. Оба  ауруының  микробын  өзінде  сақтап  таратушы  ретінде  зиянды.

Шөл, шөлейт  мекендерде  көптеп  тіршілік  ететіндердің  қатарына  тұяқты  жануарлар  жатады. Тұяқты  жануарлардың  денесі  ширақ, аяғы  ұзын. Олар  ұзақ  жолға  шалдықпай  жылдам  қозғалады. Осындай  қасиетіне  сәйкес  олардың  шалғайдағы  суатқа  барып  су  ішіп  тұруға  мүмкіндігі  мол.

Тақ  тұяқтылардан  шөлде  құлан, Пржевальский  жылқысы  мекен  етеді. Олар  күніне  40-50  шақырым  жол  жүріп  суатқа  барып  қайтады.Пржевальский  жылқысын  монғолияның  далалық  және  шөлейт  өлкелеріне  қайта  жерсіндірудің (реакклиматизация)  нәтижесінде  Гобидің  шөлінде  Пржевальский  жылқысының  табыны қайта  қалыптаса  бастады.

Айыртұяқтылардан  шөлде  киіктер  кездеседі. Шөлге  жақсы  бейімделген, аса  төзімді  жануарлар – көнтабандылар  (Tylopoda)  қатарына  жататын  түйелер  (Camelidae). Екі  өркешті  түйе  (Camelus  bactrianus)  Монғолияда, Қазақстанда  және  Орта  Азияның  солтүстік  өлкелерінде  өсіріледі. Оның  монғолша  хавтагай  немесе  түйекиік  деп  аталатын  табиғи  тағы  күйдегі  жабайы  түрі  Монғолияның  оңтүстігіндегі  Гобидің  шөлінде  мекендейді. Хавтагай  немесе  түйекиіктер  XV  ғасырға  дейін  Гобидан  бастап  Орта  Азия, Қазақстанның  оңтүстік  өлкелеріне  дейін  өріс  алып  кең  таралғанын  қазбадан  табылған  олардың  сүйектері  дәлелдейді. Жалғызөркеш  түйе  немесе  нар  түйелер  (Camelus  dromedarius)  Африкада  және  Орта  Азияның  оңтүстік  бөлігінде  тек  қолға  үйретілген  күйде  ғана  кездеседі.

Әдетте  сүтқоректі  жануарлар  денесіндегі  судың  20%-нан  айырылса  өледі, ал  түйелер  денесінің  суының  40%-ын  кеміткенде  ғана  өлімге  ұшырайды. Түйенің  тағы  бір  ғажайыбы – денесінің  температурасын  реттеу  қабілеттілігінде. Басқа  сүтқоректі  жануарлар  тәрізді  түйе  де  ыстық  кезде  терлеу  арқылы  денесінің  ішкі  ыстығын  сыртқа  шығарып  салқындайды. Бірақ  басқа  жануарлар  денесінің  қызуы  37-37,5  градусқа  жеткенде-ақ  терлей  бастайды. Ал  түйе  денесінің  температурасы  40-41  градусқа  жеткенше  терлемейді. Бұл  да  түйенің  денесіндегі  суды  (ылғалды)  тез  буландырмай, үнемді  жұмсауға  қабілеттілігінің  дәлелі.

Қорыта  келгенде  шөл  жануарларына  төмендегідей  ерекшеліктер  тән: 1) ылғалдың, судың  тапшылық  жағдайында  тіршілік  ететіндіктен  шөл  жануарларының  барлығы  денесінің  ылғалын  қандай  да  бір  жолмен  үнемдеуге  бейімделген; 2) қыста  ұзақ  ұйқыға  кететін  және  жазғы  ыстық, қуаң  кезде  де  анабиоз  күйге  түсіп, бұйығып  өткізетін  жануарлардың  иеленетін  үлесі  мол; 3) ұрпақ  шашып  көбеюінде  маусымдық  көрініс  айқын  байқалады: тек  ылғалды, жылы  маусымда  ғана  жаппай  көбейеді; 4) қыста  ұзақ  ұйқыға  кетіп  жатып  қалмай  белсенді  тіршілік  ететін  жануарлардың  ішінде  қысқа  арнап  азық  қорын  жинап  сақтайтын  жануарлар  көп  кездеседі.

Міне  осының  бәрі  шөлдің  қатаң  табиғатына  төзіп  тіршілік  етуге  мүмкіндік  береді.

Әдебиеттер:  (5,8).

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *