Тундра белдемінің жануарлар қауымдастығы
Тундра белдемі Европаның, Азияның және Солтүстік Американың солтүстік жағалауын көмкере орналасқан. Беринг, Охот, Норвег теңіздері және әлемдегі ең үлкен арал- Гренландия аралы да тундра белдеміне жатады. Тундра белдемі оңтүстігінде орман белдемімен шектеседі.
Тундра белдемінің жазы қысқа және суық, қысы 7-8 ай бойына жалғасатын өте ұзақ және аса қатал. Қыста мұнда 2 айға жуық ешбір күн көзі көрінбейді. Жер беті аса қатты суытып -70 градусқа жететін сұрапыл аяз, қарлы бұрқасын жиі кездеседі. Тундра белдемі жер шарының биік ендігінде орналасқандықтан жазда түн болмай, поляр күні екі айға жуық уақытқа созылады. Поляр күні кезінде күн көкжиекке түсіп, батуға таяп барып қайтадан көтеріледі. Сондықтан күн батпайды. Бірақ күн биікке көтерілмейтіндіктен күннің сәулесі жер бетіне сүйір бұрыш жасап түседі де, жер бетін нашар қыздырады. Тундра белдемінде ең жылы күннің температурасы 10 градустан аспайды. Жаздың кез келген күнінде қарлы қатқақ кездесіп тұрады. Топырағының беткі 30-35 см-ге дейінгі қабаты ғана жібиді. Бұдан төменгі қабатын түгелдей ұзақ жылдық тоң иеленеді. Суық, салқын климат басым болуына байланысты жер бетіндегі судың булануы өте аз, баяу. Топырақтың терең қабатына суды өткізбейтін тоң қабаты орналасуының әсерінен тундра белдемінде батпақты жерлер жиі ұшырасады.
Жаз мезгілі салқын және қысқа болғандықтан тундра топырағында өсімдіктің шіріп, ыдырауы өте баяу жүріледі. Мұның бәрі өсімдік өсуіне бөгеттік жасайды. Сондықтан тундра белдемінде өсімдік жамылғысы өте сирек, өсімдіктің түрлік құрамы өте аз. Көбінесе суыққа төзімді өсімдіктер (криофит) басым кездеседі. Атап айтсақ өсімдік жамылғысының басым бөлігін қыналар (Lichenes), мүктер (Bryophyta), қияқөлеңдер (Carex), мүкжидек (Vaccinium oxycoccus), көкжидек (Vaccinium uliginosum), жатаған қайың (Betula nana), тайпақ талдар (Salix) құрайды.
Тундра белдемінің табиғи экологиялық жағдайы қатал, жануарларға қолайсыз болғандықтан ондағы жануарлардың түрлік құрамы көп емес. Тундраның жағымсыз қатал табиғатына бейімделіп төзе алған аз ғана түрлі жануарлар кездеседі. Оның есесіне мұндағы әрбір түрдің жануары өте өсімтал. Тез көбейіп, аса көп ұрпақ береді.
Тундраның құрлығында тіршілік ететін омыртқасыз жануарлар қыста қар астында, өсімдіктің арасына кіріп анабиоз күйге түсіп, қысқы ұзақ ұйқы жағдайында өткізеді. Олар көктем басталысымен жаппай көбейе бастайды. Дернәсіл, қуыршақ, жұмыртқа сатысында қыстап шыққан омыртқасыз жануарлар көктем шыға дамуын қайта жалғастырады.
Тундраның жер беті батпақ пен суға бай екенін жоғарыда айтқанбыз. Осы су мен батпақта сансыз құжынаған ұсақ шаян тәрізділер мен жәндіктер, олардың дернәсілдері тіршілік етеді. Олардан жазда орасан зор мол маса шіркей дамып жетіледі де адам мен жануарларға мазасыз жағдай тудырады.
Жаз маусымы басталысымен тундраға ұялап жұмыртқа басу үшін үйрек тұқымдастар тобын құрайтын жыл құстары ұшып келіп қоныстанады. Олар- аққулар, қаздар және үйректер. Бұлардың денесі нығыз, бітімі сымбатты, мойыны ұзын, аяқтары төрт саусақты. Алға қарай бағытталған үш саусағы ұзын, олар өзара жүзбе жарғақтар арқылы бір-бірімен жалғасып қосылады. Бұлардың қауырсыны нығыз, мамықтары қалың және денесін біртегіс тұтастай жауып орналасады. Құйымшақ безінен бөлініп шыққан майлы сұйықпен майланған мамық жүніне су жұқпайды. Суда жақсы жүзеді.
Мамыр айында қар ери бастасымен тундра аққуы (Cygnus bewiekii) алыс оңтүстіктен ұшып келеді. Бұл әсем және маңғаз құс. Аққулар көбінесе өсімдікпен қоректенеді. Су өсімдіктерін де, құрлықта өсетін өсімдіктерді де қорегіне жаратады. Аққулар әрқашан да жұбымен тіршілік етеді. Ұрғашы аққу су жайылмайтын, биіктеу төмпек жерге ұя салып, оған өзінің мамық жүнін төсейді. Жұмыртқасы дамып балапан болысымен олардың тіршілігі құрлықтан суға ауысады. Балапандарының қауырсыны жетіліп және ересек аққулар түлеп біткен соң олар балапандарын ерітіп оңтүстіктегі қыстайтын мекеніне қайтады. Тундра аққуы- саны сиреп бара жатқан, сәнді де маңғаз құс. Ол Ресейдің қызыл кітабына енгізілген. Тундралық суларға көктемде аққулармен қатар қаздардың бірнеше түрі келіп мекендейді. Әсіресе мұнда ақмаңдай қаз (Anser albifrons), аққаз (A.caerulescens), сұрқаз (A.anser), қызыл жемсаулы қарашақаз (Branta ruficollis) жиі кездеседі (25-сурет). Солардың ішінде сандық көрсеткіші тұрғысынан ақмаңдай қаз басымдылық көрсетеді. Ақмаңдай қазды қауырсынының сұр түсінен және маңдайдағы ақ меңінен басқа қаздардан оңай айыруға болады. Тундра белдемінде ол көбінесе құрлық жерлерді мекендейді, ал бірақ суда жақсы жүзеді, қажеттілік туса су астына да жақсы сүңгиді. Судан алыс емес құрлық жерлерде ұя салып жұмыртқалайды. Күзде оңтүстікке қайтып кетеді.
Тундралық қаздардың тағы бір өкілі- қызылжемсаулы қарашақаз. Оның мойыны қысқа, өңі басқа қаздардан ашық: тұлғасы қара ала бола тұра кеудесі, жемсауы, ұрттары қызыл күрең болуы- оның түсінің негізгі ерекшелігі. Ол тундраның суға жақын орналасқан үстірт, қыраттарын мекендейді. Суға жүзімтал және жақсы сүңги алады. Ол маусым айының ортасы кезінен жұмыртқалайтын жерін таңдап тауып, шөбі бітік, бұталы, суға жақын жағалауға ұялайды. Бір жерге 4-5 жұп қарашақаз колониялы топпен ұя салады.
Тундралық өлкелерді шаруашылықтың әртүрлі салалары дамып, өлкені игере бастауы және қаскерлік түрде заңсыз атып аулаудың әсерінен қызылжемсаулы қарашақаздың саны соңғы жылдары азая бастады. Осыған байланысты оны Ресейдің қызыл кітабына енгізіп және Таймыр жеріне мемлететтік қорын орнатып қорғауға алынды.
Тундра жеріне үйректерден айдарсыз сүңгуір (Nyroca marila), қылқұйрық (Anas acuta), теңізші үйрек (Clandula hyemalis) ұшып келіп жұмыртқалайды. Бұлардың барлығы да суда жақсы жүзетін, шебер сүңгитін құстар. Олар көлдердің жағалауына ұя салып, жұмыртқалайды. Жұмыртқадан жаңа шыққан жас балапандары алғашында енесімен бірге ұясының маңайында тіршілік етеді де, тек бірнеше күннен кейін ғана суда тіршілік ете бастайды. Енесі үнемі балапандарымен бірге болып, суға жүзіп сүңгуге, қорек тауып жеуге, жыртқыш аң, құстардан сақтануға үйретеді. Үйректер ұсақ шаяндармен және су жәндіктерімен қоректенеді. Үйректің балапанына көбінесе шағалалар шабуыл жасап шығындайды.
Жаз маусымында тундра белдеміне үйрек, қаздармен бірге лашын (Falco peregrinus), ақ сұңқар (Falco gyrfalcon), жүнбалақ жамансары ( Buteo logopus) қатарлы жыртқыш құстар келіп жұмыртқалайды. Олар сом денелі, саусақтары ұзын, тұмсығы мен тұяқтары имек және өткір болады. Лашын ұясын жартасқа, жарқабаққа немесе батпақ арасындағы аралшық, төмпешіктерге салады, ал ақсұңқар көбінесе басқа құстардың ескі ұясына жұмыртқалайды. Лашын, ақсұңқарлар ұсақ құстармен (үйрек, ақторғай, сарыторғай т.б.) қоректенеді.
Жүнбалақ жамансары ағаштың ұсақ бұтақтарын тоқып жерге немесе бұталардың басына ұя салады. Ол лемминг тышқандармен қоректенеді. Әдетте 2-4 жұмыртқа табады. Бірақ жұмыртқасының саны лемминг тышқандарының санына байланысты: лемминг аз жылдары мүлдем жұмыртқаламайды.
25-сурет. Тундра жануарлары:
1- қызыл жемсаулы қараша қаз; 2- айдарсыз сүңгір (үйрек); 3- жүнбалық жамансары; 4- қаратөс құмдауық; 5- күжіркей; 6- ақ тырна; 7- солтүстік бұғысы; 8- ақтүлкі.
Тундра белдемінде ең көп тараған батпақ құстарының бірі- қаратөс құмдауық (Erolia alpine). Ол таяз судан және батпақтың арасынан ұсақ жәндіктерді теріп жеп қоректенеді. Батпақ пен таяз суда мекендеуіне байланысты аяғы және тұмсығы ұзын. Тамағы мен жемсауының түсі қара, көкірегі мен басқа бөлігі түгелдей ақ. Қорегінің басым бөлігін жәндіктер, шаянтәрізділер және былқылдақденелілер иеленеді. Қаратөс құмдауық суда жақсы жүзеді, жылдам ұшады, жермен де жақсы жүгіреді. Ұясын батпақтың арасындағы томпақтарға салады, ескі шөптермен жауып жасырады.
Тундраға тән тағы бір құс- күжіркей (Philomachus pugnax). Шағылысар кезінде еркек күжіркейдің мойынының мамық жүндері әртүрлі өңге бөленіп өзгереді және ұзарып өсіп мойынды жуандатып көрсетеді, басының қауырсындары да ұзарып айдары бар тәрізденіп көрінеді. (25-суреттің 5).
Тундрада әсіресе қызғылт шағала (Rhodostethia rosea) көптеп кездеседі. Оның арқа жағы сұрғылт, ал кеудесі мен құрсақ жағы қызғылт түсті. Қызғылт шағалалар саны шағын топ құрып колониямен тіршілік етеді, су жағалауының шөптесін өсімдіктерінің арасына ұя салады. Судан ұсақ шаян, балық ұстап жеуімен қатар құрлықтан жәндіктерді және жәндіктердің дернәсілдерін теріп жеп қоректенеді.
Тундраға келіп жұмыртқалайтын құстың бірі- ақ тырна –Grus leucogeranus. Ақ тырнаның аяғы мен мойны ұзын, денесі зор, тұмсығы істік тәріздес үшкір. Ол- саны азайып бара жатқан, сымбатты құстың бірі. Қауырсындары мен мамық жүндерінің түсі тұтастай ақ болғанымен құйрығының ең ұшындағы желпуіш қауырсындарының ұшы қара түсті. Көбінесе су астындағы қияқөлеңдермен қоректенеді. Сонымен қатар суда тіршілік ететін омыртқасыз жануарларды басқа құстардың жұмыртқасын жеуден де тайсалмайды. Әдетте екі жұмыртқа табады. Жұмыртқадан жаңа ғана жарылып шыққан балапандары өзара жиі төбелесіп, аяусыз шабуылдасады. Ақырында бірі өліп, біреуі ғана қалады. Күзде екі ересек тырнаның жанында бір ғана балапан тырна еріп жүретіні осыған байланысты. Ақ тырнаға анық жойылып кету қаупі төніп тұр. Адамның шаруашылық іс-әрекеті, заңсыз атып аулау, қыс мерзімінде табиғи шығынға ұшырап және өсімінің аздығы бұлардың санының күннен күнге азаюына әкеліп соқтыруда. Ақ тырна табиғат пен табиғат қорларын қорғау Халықаралық одағының және Ресейдің қызыл кітабына енгізілген.
Тундраға көктемде ең ерте ұшып келіп ұя салатын құс- ақ торғайлар ( Pleetrophenax nivalis). Олар тундраның қары әлі ерімей тұрғанда ұшып келіп, таулы өлкелердің ұсақ тастақты, қорымды беткейлеріне мекендейді. Ақ торғайлардың жалпы денесі ақ болсадағы қанаты мен құйрығының ұшы қара, арқасы да қаралтым түсті. Ақторғайлар ұясын тастың үңгір, қуысына жасырын жерлерге салады. Балапандары ересейіп, ұясынан ұшқан соң ақ торғайлар бір жерге жиналып тобыр құрады. Содан соң көп ұзамай тобымен ұшып жылы жақа қайтып кетеді.
Бұл аталған құстардың барлығы да тундра белдеміне көктемде келіп, жаз бойы жұмыртқа басып, балапанын өсіріп, күз бастала қыстық мекеніне қайтып кететін жыл құстары.
Тундрада жыл бойында тұрақты мекендеп отырықты тіршілік ететін құстар өте аз. Мұнда ақ жапалақ (Nyctca scandiaca), аққұрлар ғана жыл бойында отырықты тіршілік етеді.
Аққұрдың қыста қарды қазып, қар астынан өсімдіктің тамыры мен тұқымын тауып қөректене алатыны және қыс басталардан бұрын түлеп, жүні ағаратындығы оның тундралық табиғатың маусымдық өзгерісіне терең бейімделгенін дәлелдейді. Қыста аққұр қардан айрылып көрінбейді, ал жазда сұр қоңыр түске айналып түлейтіндіктен өсімдіктің арасынан қандай да қырағы көзге оңай шалынбайды.
Сүтқоректілерден тундрада ең көп кездесетін және кең тараған жануар лемминг. Тундра белдемінде леммингнің бірнеше түрі тіршілік етеді: норвег лимминг (Lemmus lemmus ) , сібір лемминг ( L. sibiricus), сары бауыр лемминг (L. chzysogaster) қаратабан лемминг ( L. nigripes) т.б. Жазда жер беті жібіген кезде лемминглер топырақтың 15-20сантиметр терең қабатында көп тармақты ін қазып, жер астынан шым-шытырық күрделі жол тартады. Оның кей жерлерін кеңейтіп ұрпақтарын өсіретін ұя жасайды. Олар өсімдікпен қөректенеді: жапырақ, тамыр, жеміс жидектің қай-қайсын талғамай жейді.Лемминглер өте өсімтал. Аналық бір лемминг бір ретте 3-9 ұрпақ табады. Туған ұрпағы 2 айдан соң ересейіп жыныстық қатынасқа түсіп күшіктей бастайды. Сондықтан олардың саны бірнеше жылда бір рет шектен тыс көбейіп тұрады. Мұндай көрініс популяцияның « сандық жарылысы» немесе популяцияның күрт өсуі деп аталады. Күрт өскен кезде леммингінің саны әдеттегіден 40-100 есеге дейін артады. Ондай кезде леммингілер жаппай көшіп қоныс (мекен) аударуға мәжбүр болады. Леммингілер ақ түлкі, ақкіс қатарлы терісі бағалы аңдардың негізгі қорегі болғандықтан тундрадағы жануарлардың қоректік тізбегінде маңызды рөл атқарады.
Тундра белдемінде тіршілік етуге бейімделген айыр тұяқты сүтқоректі жануарлардың бірден бір өкілі- солтүстік бұғысы (Rangifer tarandus). Солтүстік бұғысының айыр тұяғының арасы ашылып ауданы үлкейетіндіктен батпаққа батпай еркін жүруіне қолайлы. Бұғының саусақтарының тұяғы жалпақ және тұяқтың ішкі жағына қарай имек болатындықтан қарды теуіп қазуына өте қолайлы. Тұмсығының ұшы мұрынының тесігіне дейін жүнімен қапталғандықтан қандай суықта да қар астынан жем тауып жей алады. Солтүстік бұғысы жазда шөптесін өсімдіктермен, саңырауқұлақтармен және талдың жапырағы мен қөректенеді. Ал қыста қалындығы 70-80 см-ге жететін қарды тұяғымен, мүйізімен қазып, қар астынан қына теріп жейді. Солтүстік өлкелерде мекендейтін халықтардың кәсібінің негізгі көзі – солтүстік бұғысы. Тундраның кең байтақ алқабында солтүстік бұғысы мың-мыңдаған үйірімен кездеседі. Солтүстік бұғысы тундра жерінде жабайы түрде кездесумен қатар қолға үйреткен үй жануары ретінде бағып, күнделікті сүтін, етін, терісін, мүйізін пайдаланатын бұғылар да аз емес. Тундрада бұғы шаруашылығы жақсы дамыған. Бұғының негізгі жауы – қасқыр (Canis lupus).
Тундра биоценозында лемминг тышқандарымен қөректеніп екінші реттік тұтынушы (консумент) рөлін атқаратын жануарлардың бірі ақтүлкі (Alopex logopus). Ақтүлкі (25-сурет) солтүстіктің табиғи жағдайына өте жақсы бейімделген. Леммингілермен қөректенудің сыртында көктемде құстардың жұмыртқасын жейді. Қыста леммингіні қар астынан ұстап жей алмайтындықтан ақтүлкілер оңтүстік өлкелерге ауып мекен ауыстырады. Ақтүлкі күшігін інге туып өсіреді 8-18-ге дейін күшік табады.
Қорытып айтқанда, тундра биомының жануар қауымдастығында төмендегідей негізгі сипаттар бар екенін көреміз: а) тундра жерінің 50-60 пайызы жануарлар тіршілік етуге жарамсыз (мәңгі мұз, тоң, су, батпақ т.б). Сондықтан тіршілікке жарамды жерлерінде жануарлар тығыз қоныстанады. (Мысалы, қияқөлең — мүкті тундраның 1 шаршы метр жерінде құстың 16-24 ұясы кездеседі); б) тундра жануарларының көбі қыста жылы жаққа көшіп, қоныс аударып кетеді, қалғандары қысқы ұйқыға кетеді (омыртқасыз жануарлар), белсенді тіршілік ететін кейбіреуі (лемминг, тоқалтіс тышқан) қыс бойы жер бетіне шықпай, қар астында өмір сүреді; в) тундра жануарларының зат алмасу (метаболизм) үрдісі жаз мезгілінде өте екпінді жүріледі. Соның нәтижесінде олар жаздың қысқа мерзімінде көбейіп үлгерумен қатар, қыс түскенше өсіп жетіліп, денесіне азықтық заттың қорын жинап та үлгереді, г) дене температурасы тұрақты (гомоеотермді) тундра жануарларында қыста температурасын азайтып реттеу қабілеті жақсы дамыған. Денесінің температурасы төмендеуіне байланысты олар ішкі энергиясын аз жұмсайды. Энергияны бұлай үнемдеу қыста азығы аз, қары көп, суық белдемнің жануарларына аса қажетті қасиет; д) тундра жануарларының тіршілігінде тәуліктік айырмашылық аз, оның есесіне маусымдық айырмашылық айқын жүріледі; е) әр жылдың өзгешілігіне сәйкес тундра жануарларының саны өте ауқымды мөлшерде ауытқыйды. Осыған байланысты олардың арасындағы қоректік өзара байланыс та тұрақты емес – тез өзгереді. Мысалы, тундрада лашын әдетте шалшықшы, аққұр қатарлы құстармен қөректенеді, бұл құстар аз жылдарда лашын леммингімен қоректенуге ауысады. Жалпы өзінің экологиялық талабын тез өзгертіп, кезіндегі табиғи жағдайға оңай бейімделу – табиғаттың қатаң да өзгермелі мінезіне сәйкес сұрыпталып аман қалудың негізгі бір жолы деп көрген жөн.
Орман белдемі
Орман белдемі — әлемдегі ең үлкен белдем. Ол тундра белдемінің оңтүстігінде Солтүстік Америка, Европа, Азия құрлықтарында жалғасып орналасқан. Европа құрлығында Норвегия, Швеция, Финландияның жерінің көп бөлігін, Ресейдің батыс шекарасынан Тынық мұхиттың жағасына дейінгі аса ауқымды аймақты орман белдемі иеленеді. Ал солтүстіктен оңтүстік бағытта 2 мың шақырымдық кең байтақ аймақты орман белдемі иеленеді. Орман белдемі қылқанды орман белдемшесі яғни тайга, қоңыржай өлкенің жапырақты орман белдемшесі деп бөлінеді.