Жануарлардың кеңістіктегі бағдары.
- Бағдарлау туралы жалпы түсінік.
- Жарыққа сезімділік және көру.
- Дыбыс және есту.
- Жануарлардың тері, электрлік және электромагниттік сезімділігі
Популяцияның кеңістіктегі құрылымы
Популяцияны құрайтын дарақтар мен топтардың популяцияның мекендеген аймағына тарап орналасу сипаты популяцияның кеңістіктегі құрылымы деп аталады. Популяциядағы дарақтар мен олардың топтары көбінесе басқалардан оқшаулануға бейім болатындықтан олардың әрбіреуі өзіне тән кеңістік жер иеленеді. Мұны мекен меншіктену принципі деп атайды. Дарақтар кеңістікте жеке жеке орналасумен қатар кейде бірігіп шоғырлануға да мәжбүрленеді. Популяциядағы дарақтардың бір жерге шоғырланып топтасуы агрегация деп атайды. Агрегация популяциядағы дарақтардың арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Бірақ ол жалпы топтың биоталық, абиоталық фактордың әсеріне тозу, қарсыласу қабілетін жоғарылатып популяцияның өміршеңдігін өсіреді. Шоғырланудың негізгі түрлеріне жануарлардың колония, үйір, тобыр құру құбылыстары жатады. Шоғырланудың нәтижесінде олардың қорғану қарқындылығы артады.
Популяциядағы дарақтардың кеңістікте тарап орналасуын үш тарапқа бөледі: біркелкі (немесе реттеліп орналасу), әркелкі (шоғырланып, топтасып, ала – құла орналасу) және кездейсоқ орналасу (20-сурет). Популяцияны құрайтын дарақтардың арасында қарама – қарсы қайшылықтар бар болса бір – бірінен белгілі бір мөлшерде оқшауланудың әсерінен біркелкі орналасады. Тіршілік етуге ең қолайлы жерге барлығы топтасудың нәтижесінде немесе қандай бір тіршілік іс-әрекетін атқаруға жиналудың нәтижесінде әркелкі орналасады. Мысалы балықтар уылдырық шашуға қолайлы жерлерге көптеп шоғырлануы. Егер популяциядағы дарақтар бір жерге топтасуға талпынбаса және олардың арасында қайшылық туғызатын қарым қатынастар болмаса олар популяцияның басқа мүшелерінің қайда қалай орналасқанына тәуелсіз, кеңістікте кездейсоқ тарап орналасады.
А Б В
20-сурет Популяциядағы дарақтардың әркелкі немесе үйме – жүймелі (А), кездейсоқ (Б) және біркелкі (В) тарап орналасуының үлгісі.
Біркелкі тарап орналасқан популяцияда дарақтар өзара бірдей қашықтықта мекендейді. Олардың орналасқан орнының аралық қашықтығы бір – біріне қысым көрсетпей тіршілік етерліктей мөлшерде болуға тиіс. Сол мөлшерден жақындап кетсе олардың арасында қайшылық туады. Бұдан біркелкі орналасудың нәтижесінде популяциядағы дарақтардың арасындағы бәсекелестік азайып және сол мекендегі оларға қажетті табиғи қорларды толық пайдалануына мүмкіндік туатынын байқауға болады. Кеңістікке мұндай біркелкі тарап, ретімен орналасу теориялық тұрғыдан қарағанда толық мүмкін болғанымен табиғатта сирек кездеседі. Іс жүзінде егер дарақтардың кеңістікте орналасуының бытыраңқылығы дарақтардың орташа ара қашықтығынан (m) кем болса ( δ2 : m<1 ) біркелкі орналасу деп саналады. Мысалы су түбіндегі ылай батпаққа бекініп өзара өте жиі орналасқан түтікше құрттардың (Tubificidae, Oligochaeta) орналасуын біркелкіге жатқызуға болады.
21-сурет. Су түбіндегі батпаққа біркелкі ара қашықтықта бекініп орналасқан түтікше құрттар.
Егер статистикалық есеп бойынша дарақтардың кеңістікте орналасуының бытыраңқылығы дарақтардың орташа арақашықтығына шамамен тең (δ2 : m=1 ) болса ондай орналасу (таралу) әркелкі (біркелкі емес) орналасуға саналады. Кеңістікте біркелкі емес таралу жануарлардың әртүрлі жіктері мен топтарында жиі кездеседі. Дарақтарының кеңістікте орналасуы кездейсоқ түрге жататын популяцияда жоғарыдағы қатынастың ( δ2 : m>1) нәтижесі бірден көп (> 1) болады.
Кеңістікті пайдалану ерекшелігіне сәйкес қозғалыстағы (бекінбелі емес) барлық жануарлар отырықты және көшпелі деп екі топқа бөлінеді. Отырықты тіршіліктің артықшылығы: бір мекенде ұзақ уақыт мекендейтіндіктен ол мекеннің бағыт бағдарын, қайда қоректік зат мол кездесетінін, қай жерде жыртқыштардан жасырынып паналауға қолайлы екенін біледі. Отырықшылықтың кемшілігі – популяцияның тығыздығы көбейген кезде қоректік қордың таусылуына ұшырауы мүмкін.
Бірге тіршілік ету тұрғысынан бір популяцияның құрамындағы жануардарды жалғызданған, тұқымтоптық, колониялық, тобырлық, үйірлік тіршілік ететін жануарлар деп бөледі.
Жалғыздық тіршілікті жануарлардың популяциясындағы ағзалар басқа ағзаларға тәуелсіз және бір – бірінен жекеленген түрде өмір сүреді. Мысалы кірпілер, шортандар т.б. Бірақ жалғыздық тіршілік қандай бір жануардың тіршілік айналымының белгілі бір сатысында кездеседі. Табиғи жағдайда өмір бойы тұтастай жалғызданып тіршілік ететін жануар кездеспейді. Өйткені ондай жағдайда көбею мүмкіндігі болмас еді. Аталық, аналық дарақтармен ұрпағының арасында тығыз байланыс дамыған жануарлар тұқымтопты түрде тіршілік етеді. Мысалы аю, арыстан, үйрек, қаздар тәрізді ұрпағына қамқорлық жасайтын жануарлар. Колониялық тіршілікке ұзақ уақытпен немесе уақытша топтанып тіршілік етудің түрлері жатады. Ұзақ уақытты колонияның мысалы ретінде суыр, түйеқұлақ, құмтышқандардың бір неше ұрпағы бір жерге топ құрып тіршілік етуін айтуға болады. Маймақ қыздар тек ұя салып жұмыртқа басатын кезде ғана колонияға уақытша топтасып тіршілік етеді. Тобыр деп жануарлардың қандай бір іс – әрекетті атқару кезінде уақытша бірігуін атайды. Мысалы жауынан бірігіп қорғану үшін, тамақ табу үшін, жыртқыштар тобымен шабуылдау үшін, ауып көшу үшін (майшабақ) жануарлар тобыр құрады. Үйір деп тобырмен салыстырғанда біршама ұзақ уақытпен, немесе тұрақты топ құрып бірігу аталады. Үйірлі жануарлардың тіршілігінің барлық іс-әрекеттері (жауларынан қорғану, қорек табу, көшіп қоныс ауыстыру, көбею, ұрпақтарын үйрету т.б.) үйірдің ішінде жүріледі. Мысалы: бұғы, жолақ жылқысы (зебра).