Жыртқыш пен жемтік жануардың өзара қатынасы

Жыртқыш пен жемтік жануардың өзара қатынасы. Бір жануар (жыртқыш) екінші жануарды (жемтік) өлтіріп, онымен қоректенуіне негізделген қарым –қатынастың түрі. Мұндай қатынастар, мысалы қасқыр мен қоянның, шортан мен мөңке балықтың, жәндіктерден ханқызы мен бітенің арасында үнемі кездеседі. Табиғи жануарлардың арасында жыртқыштық ең кең таралған қарым-қатынастың түрі. Жыртқыштарда жемтік болатын жануарды іздеп табуға, қуып ұстауға, өлтіруге бағытталып бейімделген көптеген түрлі сипаттар пайда болған. Қасқыр жемін қуып ұстаса, мысық тектес жыртқыштар көрінбей баспалап таяп барып секіріп бас аслу арқылы аулайды. Сусар тұқымдастар жемтік жануарларды қуып ұстаумен қатар олардың ініне кіріп ұстап жейді. Қарлығаш ауада ұшып жүрген жәндіктерді, торғайлар жер бетіндегі жәндіктерді теріп жейді. Өрмекші тор құрып ұстайды.

Жемтік жануарлардың жыртқыштан қорғану тәсілдері де алуан түрлі. Шабуылдаған жыртқышты тістеу, тебу, шағу, өзінен өндірген электр қуатымен соғу (электрлі скат, жайын, т.б. балықтар), денесінен улы немесе жиіркенішті  иісті сұйықтар бөліп шығарып шашу арқылы қорғану амалдарын қолданады. Орманның қызыл құмырсқасының илеуін таяқша ағаштың ұшымен аздап қана түртіп көріңіз. Илеуден мыңдаған құмырсқа шыға келеді де құрсағының ұшын сізге бағыттап тұрып сізді сұйық затпен атқылай бастайды. Бұл сұйық- концентрациясы 21-73 пайызға дейін жететін құмырсқа қышқылы. Ол адамның терісіне тигінде дуылдатып күйдіреді, теріне қызартып ісік пайда болдырады. Бұл — құмырсқаның илеуін қорғайтын негізгі құралы. Сусар тұқымдастардан Евразияда кең таралған сасық күзендердің, Американың орталық жіне оңтүстік  бөлігінде таралған скунстардың артқы тесігінің жанында өте жағымсыз иісті сұйық бөлетін безі болады. Қауіп төнген кезде олар сасық сұйығын шашып, шабуылдаған жыртқышты жиіркендіру арқылы қорғанады. Скунстың сасық сұйығының бір тамшысы көзге кірсе қандай да жануарды жанарынан айырарлықтай улы болады. Бұл айтылғандар жемтік жануарлар жыртқышқа күш-қуат, әдіс-амал қолданып пәрменді түрде қорғанудың жолдары.

Пәрменсіз қорғаныстың да әр түрлі жолдары бар: қалтарыс жерлерге тасалану, өң реңін, пішінін жыртқыштардың жемейтін затына ұқсату арқылы қорғанады. Мысалы сүйемші көбелектің дернәсілін ағаштың бұтағынан, жасыл өсімдікке жабысып тұрған бақбақыл бақаны немесе шекшекті өсімдіктен ажыратып көру жыртқыштарға оңай түспейді. Жыртқыштардан қорғанудың бір түрі- еліктеушілік. Бұл — мимикрия (гр. mimecry— еліктеу). Кейбір шыбындардың өңі мен пішіні араға еліктегендіктен бұл шыбындардан басқа жәндіктер сескеніп тиіспейді. Жыртқыш емес балықтар жыртқыш балыққа, усыз жыландар улы жыланға еліктеуі арқылы өздеріне шабуылдайтын жыртқыштарды сескендіріп қорғанады. Тауыскөз көбелек қанатындағы жыртқыш құстың көзіне ұқсас «көзше» деп аталатын дөңгелек бедері арқылы кішкене құстарды сескендіріп қорғанады.

 

 

 

9-сурет. Тауыскөз көбелектің артқы қанатының дөңгелек «көзше» бедері мен құрсағының қызғылт өңі жыртқыш құстың көзі мен тұмсығы тәрізденып қорқынышты көрінеді.

 

 

 

 

 

                           

 

                                    

 

 

 

 

                                 

 

10-сурет. Жыртқыш пен жемтіктің өсімінің кезекпен ауытқуы [Либберта (1982) бойынша]

 

Табиғи жағдайда жыртқыш пен жемтік бір бірімен тығыз байланысты тіршілік етеді. Олар бір-бірінің өсімін кезекпен реттейді. Бұл төмендегідей тізбек бойынша жүріледі жемтіктің көбеюі→ жыртқыштың көбеюі→ жемтіктің санының күрт азаюы→ жыртқыштың санының азаюы→ жемтіктің көбеюі. Уақыт бойынша салыстырып қарасақ, алдымен жемтіктік жануардың көбеюі олармен қоректенетін жыртқыштарының көбеюіне жағдай жасайды, жыртқыштың көбеюі жемтіктік жануардың санын азайтады, оның азаюы жыртқышқа кері әсер етіп, келесі ретте жыртқыштың өсімі төмендей бастайды (10-сурет).

Жемтік пен жыртқыштың арасындағы бұл қатынас қарама-қарсы қайшылықтың негізінде өзара популяцияларының тепе-теңдігін сақтау мүмкіндігін туғызады. Былайша айтқанда мұны сабеп-салдарлы қоректік тізбек қатынасы деуге де болады: жемтіктің санының көбеюі себебінен жыртқыштың саны да көбейеді, ал келесі ретте жыртқыш көбеюінің салдарынан жемтіктік жануар азаяды. Нәтижесінде екеуінің де саны мүлдем азайып, немесе шектен тыс көбейіп кетпей белгілі бір деңгейде сақталады. Олар өзара бір-біріне шектеуші және қорғаушы фактор бола алады.

Жемтіктің популяциясы үшін жыртқыштың пайдалы әсері де аз емес: жыртқышқа жемтік жануардың әлсіз немесе ауру нашарлары алдымен ұсталып жем болатындықтан жыртқыштар жемтіктің әлжуаз нашарларын азайтып, оның популяциясының сұрыпталып сапалануына жәрдемін тигізеді.

Егер жыртқыш пен жемтік екеуінің де популяциясының саны қатар азайса тез көбейетін, бірақ бәсекелесу қабілеті төмен түр (r1— стратегиялы түр) баяу көбейетін, бәсекеге қабілеті жақсы (К- стратегиялы) түрден бұрын санын толықтырып көбейе бастайды. Мысалы, бақшаға инсектицид сепкен кезде алма бітесі (жемтік) мен оны жейтін жыртқыш жабайы ара екеуінің де саны қатар азаяды. Бірақ, популяциясының өсімі r1-стратегиялық жолмен көбейетін алма бітесі (Dysaphis devecta, Aphididae) оны жейтін жабайы арадан (Proctotrupidae) бұрын көбейеді..

Жануарлар әлемінің әрбір тобында жыртқыштық кең өріс алған: қарапайымдардың көбі, ішек қуыстылар, өрмекшілер, қырықаяқтылар дерлік түгелдей, көптеген құрттар, жәндіктер, балықтар, қос мекенділер мен бауырмен жоғалауыштар, құстар мен сүт- қоректілердің көптеген түрлері жыртқыштықпен тауып жейді.

Жыртқыш жәндіктер мен өрмекшілер адамға, малға ауру тарататын, өсімдікті зақымдап өнімін азайтатын зиянкестілерді жеп азайтуы арқылы адамға, шаруашылыққа пайдасын тигізеді. Көптеген жыртқыш құстар мен сүт қоректілер ауыл шаруашылығына зиянкес ұсақ кеміргіштерді жеп азайтуы арқылы адамға пайда келтіреді (мысалы, қарсақ, сасық күзен, аққалақ, т.б.). Жалғыз ғана аққалақ бір жылда 1,5 мыңға жуық кішкене кеміргіштерді жоятыны әйгіленген. Сасық күзен тәулігіне 1-2 сарышұнақ немесе 8-10 тоқалтісті құрытатыны анықталған. Су күзенінің інінен 50 шақты өлтірілген сарышұнақ табылған.

Аю, қасқыр қатарлы ірі денелі жыртқыштар ірі қара және ұсақ малды және қоян, бұғы, елік қатарлы бағалы және сирек аңдарды аулап азайтуы арқылы табиғатқа және шаруашылыққа зиян келтіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *