Комменсализм. Екі түрдің жануары бір мекенде бірге тіршілік етуден туындаған қарым-қатынас егер олардың біреуіне пайдалы, ал екіншісіне ешбір әсерсіз (пайдасы да зияны да жоқ) бір жақты түрде болуы комменсализм деп немесе сыңаржақты қарым-қатынас деп аталады. Комменсализмнің екі түрі бар: синойкия (гр. syn-бірге; oikos-үй, орын) немесе баспанашылық сыңар жақты қатынас және трофобиоз (гр. trophe-қорек; bios-тіршілік) немесе қоректік сыңар жақты қатынас.
Синойкиялық комменсализм қарым-қатынасы кезінде екі түрлі жануардың біреуі екінші жануарды баспана, орынжай ретінде пайдаланады, бірақ оған ешбір зиян да пайда да келтірмейді. Мысал ретінде жылы теңіздерде мекендейтін актиния дейтін маржан полипы мен кішкене балықтардың қарым-қатынасын алайық: жыртқыштардан қорғану үшін кішкене балықтар актиния дейтін маржан полипының қармауыштарының арасына жасырынады. Актинияның қармауыштарында тітіркенген кезде күйдіргіш сұйық бөліп шығаратын жасушалар болатындықтан жыртқыштар актинияға жоламайды. Ал кішкене балықтардың денесі кішкене болғандықтан актинияның қармауыштарларына сүйкенбейді. Сондықтан оны тітіркендірмейді. Оның қармауышына кішкене балықтар қорғаныштағанын актиния сезінбейді: оған ешбір әсерсіз.
Трофобиоздық комменсализмге ірі жыртқыштар мен өлексежегі жануарлардың арасындағы қоректік бір жақты қарым-қатынас мысал бола алады. Айталық арыстанның ұстап жеген жануарларының өлексе қалдығымен қорқау қасқыр (гиена), шиебөрі, тазқара, т.б. өлексешегі жануарлар қоректенуі бұларға пайдалы бола тұра арыстанға пайда да, зиян да келтірмейді.
Екі түрдің біреуі екіншісіне өктемдік жасап басымдық көрсету арқылы біреуі пайда тауып, екіншісі зиян шегетін қатынастың түрлері жануарлардың арасында кең таралған. Бұған жыртқыш пен құрбан болушы жануардың арасындағы және тоғышар (паразитизм) мен ие ағзаның арасындағы қарым-қатынастың түрлері жатады. Жыртқыш-құрбан, тоғышар-ие қатынастарының ұқсастығы — бұл екі қатынастың екеуінде де жоғарыда айтылғандай, қатынасқа түскен екі ағзаның біреуі шығынға ұшырайды не жапа шегеді, ал екіншісі пайда табады. Айырмашылығы: паразит ағза ие ағзадан әрқашанда әлдеқайда кіші және оның көбеюге ықтималдығы ие ағзадан әлдеқайда жоғары болуымен сипатталады. Ал жыртқыш көбінесе құрбан болатын жемтік жануардан үлкен немесе күшті болуымен қатар жыртқыштың көбею мүмкіндігі оның ұстап жейтін құрбандық (жемтік) жануардан кем болады.