Жануарлардың суда тіршілік етуге бейімделуі

 Жануарлардың суда тіршілік етуге бейімделуі

            Судың тығыздығы мол болғандықтан  су тереңдеген сайын ондағы қысым да көбейеді. Әрбір  10м тереңдікке батқан сайын 1 атмосфералық қысым қосылып отырады. Мұхиттың ең терең жері 11 км-ге тең. Ондағы қысым 1000 атмрсфераға жетеді. Су тереңдеген сайын қысым күрт  өзгеретіндіктен суда тіршілік ететін жануарлар құрлықта тіршілік ететін жануарлармен  салыстырғанда қысымның өзгерісіне төзімді (эврибат) келеді. Әр түрлі тереңдікте тіршілік ететін кйбір жануарлар судың беткі қабатындағы 1-2 атмосфералық қысымнан бастап судың терең қабатындағы бірнеше жүз атмосфералық қысымда да  тіршілік ете алады. Сондықтан олар теңіз, мұхиттардың жағасынан бастап абиссалдық белдемнің        6-7 км-лік терең қабатында да мекендей алады.

            Бірақ теңіз, мұхиттарда тіршілік ететін жануарлардың  басым бөлігі белгілі бір деңгейдегі қысымда ғана өмір сүре алады – яғни стенобионт. Әсіресе таяз суда немесе өте терең суда тіршілік ететін жануарлар қысымның ауытқуына төзімсіз болады. Мысалы, құмқазар (Arenicola) дейтін буылтық құрт, теңіз табақшасы (Patella) дейтін былқылдақ денелі жәндіктер теңіздің жағалық белдемінде ғана тіршілік етеді (2-суреттің 1-6).

            Ал көптеген түрлі балықтар, басаяқты ұлулар, шаяндар, теңіз жұлдызшалары, т.б. тек  4-5 км-лік  тереңдікте  400-500 атмосфералық қысымда ғана тіршілік етеді.

            Судың тығыздығы жоғары болғандықтан көптеген  гидробионттар оны тірек болдырып қалқып жүреді. Мұндай қалқыма тіршілікті ағзалар планктон ағзалар дейтін ерекше экологиялық топты құрайды. Планктонның құрамына қарапайым денелілер, медузалар, сифонофор, тарақшалар, қанатаяқты ұлулар, алуан түрлі кішкене шаяндар (мұртшааяқты, ескекаяқты), балықтың, бақаның уылдырығы және т.б. көптеген жануарлар жатады.

            Планктон ағзалар өздігінен белсенді жүзіп жүре алмайды. Олар судың толқыны мен ағынын пайдаланып енжар қалқу арқылы қозғалады. Су түбіне шөгіп кетпей қалқып жүру үшін планктондарда өздерінің қалқымалығын жақсыратуға бағытталған бейімделушіліктер дамыған. Қалқып жүруге бейімделген сипаттарын атасақ: 1) денесінің мөлшерін азайту, жалпаю, ұзару, көптеген өскіндер мен тікенектер пайда болу арқылы және пішіні домалақ шар тәріздес, қол шатыр тәріздес болып өзгеру арқылы суды тірек етіп сүйенетін ауқымын ұлғайтады; 2) денесіне ауа көпіршіктері мен майды көптеп жинау, сүйек қаңқасы біртіндеп кішірею немесе түгелдей жойылуы арқылы, денесінің салмағын азайту негізінде суға батып кетпеуіне бейімделген. Мысалы, көптеген бір жасушалы планктон жәндіктердің цитоплазмасы ауалы көпіршіктерге (газовые вакуоли) және май тамшыларына бай болатыны медуза, планктон, құрсақаяқты ұлуларда ауаға толы қапшықтар болатыны планктондық тіршілікке бейімделгенін дәлелденді. Судың бетінде, анығырақ айтқанда, ауалы ашық орта мен судың аралығында тіршілік ететін планктондық жануарлардың жеке бір экологиялық тобы   н е й с т о н  деп аталады. Нейстондарға масаның, жүзбе қоңыздық дернәсілдері, суаршын қандалалар, кейбір шыбындар мен өрмекшілер және кейбір құрсақаяқты ұлулар және т.б. жатады. Нейстон жәндіктер судың толқыны мен ағынын пайдаланып енжар қозғалумен қатар кейбіреуі белсенді түрде өздігінен  қозғала алады.

 

 

 

 

2-сурет. Теңіз жануарларының экологиялық топтары және тіршілік нысаны.

 

Планктон: Шар тәрізділер: 1-трохофора; 2-балықтың уылдырығы. Қолшатыр тәрізділер: 3-медуза; 4-тікен терілілер типіне жататын, қалқыма тіршілік ететін голотурия. Қауырсын тәріздес өскіндері арқылы қалықтап жүретіндер: 5-көпқылтанақты буылтық құрт; 6-ескекаяқ шаянша.

Нектон: Жылантәріздес пішінділер: 7-жыланбалық; 8-теңіз жыланы. Сүңгуір пішінділер: 9-кальмар; 10-найза балық. Ескеаяқтылар пішіндес: 11-түлен; 12-пингвин.

Нектобентос: Жалпақ пішінділер: 13-каракатица; 14-түйетабан (балық). Су түбінде жүріп және суда жүзіп қозғалатындар: 15-жамбас шаян; 16-асшаян.

Бентос: ағаш пішінділер: 17-гидроид колониясы; 18-мшанка. Қап тәрізді пішінділер: 19-кеуек; 20-асцидия. Су түбіндегі батпаққа батып тіршілік ететіндер: 21-қосжақтаулы ұлу; 22-жүрекше теңіз кірпісі. 

Экологиялық  ерекшелігі  тұрғысынан  нейстонға  ұқсас  тағы  бір  топты   п л е й с т о н  жануарлардың тобы құрайды. Олардың денесі жартылай суға батып, жартылай су бетінде ашық ауалы ортада тіршілік етеді. Немесе судың  беті тынық кезде денесінің жарты бөлігін су бетіне шығарып  атмосфералық ауамен  дем алады да, су бетінде дауыл басталған кезде  төмен түсіп су ішінде тіршілік етеді. Плейстонның мысалы ретінде сифонофорларды атауға болады. 

Судың тығыздық күшін және ағысын жеңіп белсенді түрде жүзе алатын жануарлардың экологиялық тобын  н е к т о н  (nektos-жүзуші) деп атайды. Нектон тобына балық, дельфин, пингвин, кальмар, жыланбалық, су жыландары, т.б. суда еркін жүзетін жануарлар жатады. Суда еркін жүзу үшін олардың денесінің пішін: сүйірленіп, бұлшық еттері жақсы жетілген. Нектон тобының кейбіруі иіріліп жиырлу арқылы (су жыландары, жылан балық т.б), кейбір өкілдері реактивті қозғалыспен (кальмар), тағы біреулері – ескек аяқтарымен және жүзбе қанаттарының көмегімен суда жүзу арқылы қозғалады. Қандай жолмен қозғалуына қарамастан олардың бәрінің денесі сүңгуір қайық тәріздес сүйір келеді (2-суреттің 7-16).

Бентос жануарлар судың түбінде мекендейді. Олар су түбіндегі тас, құм, батпаққа бекініп немесе су түбінде қозғалып жүріп тіршілік етеді.  Сондықтан планктондармен салыстырғанда аяқтары қатты затты тірек етіп қозғалуға жақсы бейімделген. Текең судың түбінде мекендейтін жануарлар аса көп мөлшердегі (100 – 1000 атмосфералық) қысымда тіршілік ете алады.  Мысалы, тікентерілілердің (Echinodermata) кейбір өкілдері (теңіз жұлдызы, офиур) 4000-10000 метрлік тереңдікте табылған. Олар 400-1000 атмосфералық қысмда өмір сүре алады.

Зообентостардың құрамына кеуектер (Spongia), ішекқуыстылар   (Coelenterata), құрттар (Vermes), былқылдақденелілер (Mollusca), шаянтәрізділер (Crustacea), мшанкалар (Bryozoa), иықаяқтылар (Brachiopoda),   тікентерілілер (Echinodermata), асцидия (Ascidiae) және  кейбір балықтар кіреді (2-суреттің 17-22).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *