Жануарларға биотикалық фактордың әсері

Жануарларға биотикалық фактордың әсері

Тірі ағзалардың бір-біріне және қоршаған ортаға тигізетін әсер-ықпалының бүкіл жиынтығы биотикалық факторға жатады. Жануарлардың тіршілігі үшін биотикалық факторлардың маңызы зор. Олар өзінің төңірегіндегі басқадай тіршілік иелерімен қарым-қатынассыз тіршілік ете алмайды. Мұндай қарым-қатынастың кейбіреуі жануар үшін пайдалы немесе зиянды да болуы мүмкін. Бірақ басқа жанды ағзаларсыз жападан жалғыз тіршілік ету мүмкін емес.

Жануарлар өзара қарым-қатынас жасап байланысуының нәтижесінде көбею, қоректену, қорғану, ортаның қолайсыз жағдайына бірігіп күресу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар мұндай қатынастардың әсерінен бір-біріне ауру жұқтыру, бір-біріне шабуылдап қатер туғызу тәрізді кері ықпал да жоқ емес.

Жануарлардың өзара қарым-қатынасы түрішілік және түраралық деп бөлінеді. Бір түрге жататын ағзалардың өзара әсерлесуі – түрішілік қарым-қатынас. Бұл қандай бір түрлі жануардың тіршілігі үшін негізгі рөл атқарады. Бір түрге жататын жануарлар ұдайы бір мекенде бірге тіршілік ететіндіктен және жыныстық қатынас үшін, қоректену үшін өзара бәсекелестікке түсетіндіктен, қысқасы өзара ешбір үзіліссіз әсерлесетіндіктен түрішілік қарым-қатынас биотикалық факторлардың ішінен ең негізгісі болып саналады. Түрішілік қарым-қатынас негізінен бәсекелестік түрде (орын жай үшін, көбею кезінде жыныстық қатынасқа түсу үшін, қоректену үшін т.б.) жүріледі. Сонымен қатар жас төлдерін қорғау, оларды тіршілікке үйрету, басқа жануарларға тобымен шабуылдау немесе топтанып қорғау, қауіп-қатер туралы бір біріне сыбыс беріп сақтандыру т.б. көптеген жолмен бір-біріне көмегін тигізеді. Өзара қандай бір бәсекеге түсудің өзі түрдің шынығып сұрыпталуына жол салып, бірден бір пайдалы әсерін тигізеді: күзде үйірге түсерінде арқардың құлжалары үйірді иелену үшін бәсекелесіп сүзіседі. Ең күшті, сапалы құлжа басқаларды жеңіп, үйірді иеленіп, саулықтарды іштендіретіндіктен туған төлі де төзімді, сапалы болады. Бұндай бәсекелестіктің нәтижесінде табиғи сұрыпталу жүріліп, түрдің тіршілік ету қабілеті жақсаратынын көреміз.

Түраралық  қарым-қатынастан туындайтын биотикалық фактордың бірнеше түрі бар: комменсализм, аменсализм, мутуализм, өсімдік пен жануарлардың, жыртқыш пен жем болушы жануарлардың арасындағы түраралық бәсеке қарым-қатынасы. Бұлардың ішінен жануарларға экологиялық фактор ретінде айтарлықтай маңыздылары — өсімдік пен жануарлардың, жыртқыш пен жем болушы жануарлардың түраралық қарым қатынасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *