Қоршаған ортаның жағдайына жануарлардың бейімделуі

Қоршаған ортаның жағдайына жануарлардың бейімделуі
Тарихи дамуының (эволюция) кезеңдерінде жануарлар қоршаған ортаның әртүрлі факторларына біртіндеп бейімделеді. Бейімделу ғылыми тілде адаптация деп аталады. Бейімделуге, яғни адаптацияға қабілеттілік әрбір тірі ағзаға тән қасиет.
Қоршаған ортада тұрақты қайталап тұратын өзгерістер кезінде (жыл мезгіліне, күн мен түнге т.б. байланысты өзгерістер) жануарлардың қалжырамай тіршілік етуіне олардың бейімделуге қабілеттілігі көмегін тигізеді. Жануарларда болатын тұқым қуалау, өзгеру және табиғи жолмен сұрыпталу қасиеттері жануарлардың бейімделу қабілетін пайда болдырады.
Жануарлардың қоршаған ортаның жағдайына бейімделуінің белсенді, енжар және қолайсыз жағдайдан жалтарыну деген үш түрі бар:
Белсенді жолы: қандай бір фактордың әсеріне ағза өзінің қарсылығын жоғарылату, фактордың қалыпты жағдайдан ауытқуына қарамастан ағзаның тіршілігіне қажетті барлық қызметті қалыпты жағдайда сақтау үшін реттеу жүйелерінің қызметін күшейту т.б. белсенді әрекеттер арқылы жүзеге асады. Мысалы, сыртқы орта шамадан тыс суытқан кезде немесе шамадан тыс ыстық кезде сүтқоректілер мен құстар денесінің температурасын өзгертпей, тұрақты мөлшерде сақтау арқылы жасушаларында жүрілетін биохимиялық реакциялардың бірқалыптылығына жәрдемдеседі.
Енжар бейімделу – жануарлар өзінің тіршілік іс-әрекеттерін ортаның факторларының өзгерісіне бағындыру арқылы бейжай түрде икемделу жолы. Мысалы, тіршілікке қолайсыз жағдайда жәндіктер анабиоз (жасырын тіршілік) күйге түсіп денесінде жүрілетін зат алмасу үрдісін барынша төмендетуі арқылы (жәндіктер мен омыртқалы жануарлардың қысқы ұзақ ұйқыға кетуі) қолайсыз жағдайды бейжай тұрғыда өткізуі.
Қолайсыз әсерлерден жалтарыну – жануарлардың мінезінде және тіршілік айналымының кезеңдерінде қолайсыз жағдайлардан қашқақтау әдеттерінің пайда болуы арқылы қоршаған ортаның қолайсыз факторларына кездеспеуге бейімделуі. Мысалы, жылдың әртүрлі мезгілдерінде жануарлар қоныс аударып қолайсыз мекеннен қолайлы мекенге көшуі. Мұндай мекен ауыстырып көшу жануарлар арасында өте жиі кездеседі. Жылдың суық мерзімінде құстар жылы жаққа қайтып көктемде қайта келуі, және жануарлардың басым көпшілігінің балалап көбею уақыты жылдың жылы мерзіміне сәйкес болуы, кейбір жәндіктер қатерлі жағдайды сезінген кезде өлі заттарға ұқсап қимылсыз, қозғалыссыз (танатоза) күйге түсуі барлығы да қолайсыз факторларға ұшырамау мүмкіндігін тудыратын экологиялық бейімделушілікті көрсетеді.
Бейімделу үш түрлі жолмен жүзеге асады:
Морфологиялық бейімделу –жануарлардың дене құрылысы мен пішінінде әртүрлі өзгерістер жүрілу арқылы ортаның жағдайына бейімделуі. Мысал ретінде салқын белдеуде тіршілік ететін құстар мен сүтқоректілердің жүні мен түбіті қыс мезгілі жақындағанда қалыңдап, көктемде күн жылынысымен түлеп, сирейтінін еске түсіріңіз.
Физиологиялық бейімделу –ағзада атқарылатын іс-қызметтер жүйесіне өзгерістер жүрілуінің негізінде бейімделеді. Мысалы шамадан тыс ыстық кезде жануарлар демігіп, тыныс алуын жиілету арқылы салқындайды, немесе терлеп, ағзаның ішкі мүшелерінде жиналған ыстықты буландырып сыртқа шығаруы арқылы ыстық ортаға бейімделуі.
Этологиялық (мінез-қылықтық) бейімделу. Шөлде, ыстық аймақтарда тіршілік ететін көптеген жануарлар күндіз інде (немесе басқадай салқын, көлеңке жерлерде) тығылып жатып, түнде белсенді тіршілік етеді. Сондай-ақ қысқы ұзақ ұйқыға кету, мезгілге байланысты қорегі мол, жылы мекенге көшу т.б. мінездік құбылыстар арқылы жануарлар фактордың мезгілдік, тәуліктік өзгерісіне бейімделеді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *