Қоршаған ортаның негізгі абиотикалық факторларының (жарық, температура, ылғал т.б) жануарларға әсері.
Жарық режимі, жарыққа бейімделу. Пойкилотермді және гомойтерімді жануарлар.
Жылудың оптимум, пессимум көрсеткіштері.
Ылғалдылық негізгі көрсеткіштері.
Жануарлардың тіршілігіне тікелей және жанама түрде әсерін тигізетін, оларды қоршаған табиғаттың бөлігі – тіршілік ортасы деп аталады. Тіршілік ортасының құрамы мен сипаты әралуан және өте құбылмалы. Тек жануар ғана емес әрбір тірі ағза өте күрделі және ауыспалы әлемде тіршілік етеді. Сондықтан да тірі ағзалар өздерінің іс әрекеттерін сол өзгерістерге сәйкес реттеп, ортаның жағдайына әрдайым бейімделіп отырады.
Тірі ағзаның ортаға бейімделуі адаптация деп аталады. Бейімделуге (адаптация) қабілеттілік барлық тірі ағзаға тән қасиет . Себебі олар сол бейімделудің нәтижесінде дамып жетіліп, көбейіп, қолайсыз әсерлерден өзін сақтап тіршілік ете алады. Қандай да бір түрдің тарихи даму кезеңдерінде бейімділік жаңадан туындап, қалыптасып және қайтадан өзгеріске түсіп отырады.
Факторлардың алуантүрлілігі. Қоршаған ортаның тірі ағзаларға әсер, ықпалын тигізетін жеке қасиеттері мен бөліктері экологиялық фактор деп аталады. Ортаның факторлары әртүрлі. Кейбір фактор жануарларға қажетті: олардың тіршілік етіп, дамып жетілуіне қолайлы жағдай жасайды. Ал факторлардың енді біреулері жануарларға зиянды, тіршілік етуіне кесірін тигізеді. Әрбір тіршілік ортасында, әрбір географиялық белдемдерде және жылдың әр мезгілінде факторлардың әсер ету сипаты әртүрлі.
Факторларды олардың тегі мен әсер ету ерекшелігіне қарай негізгі үш топқа бөледі.
Абиоталық факторларға температура, ылғалдық, жел, қысым, жарық, судың тұздық құрамы, ағын екпіні, жер бедерінің ерекшелігі тәрізді жануарларға тікелей немесе жанама түрде әсерін тигізетін өлі табиғаттың факторлары жатады.
Биоталық факторларға тірі ағзалардың бір бірімен өзара қарым-қатынас жасауынан туындайтын әсер ықпалдардың барлық түрлері жатады. Әрбір тірі ағза өзімен бірге тіршілік ететін басқа ағзалардың тікелей немесе жанама әсеріне ұшырап және өзі де басқаларға әсерін тигізеді. Бір ағзаның әсері екіншісіне пайдалы немесе зиянды да болуы мүмкін.
Адамзат қоғамның тірі ағзаларға және олардың тіршілік ететін ортасына тигізетін барлық ықпал әсері антропогендік факторлар тобына жатады. Жылдан жылға антропогендік фактордың жануарларларға тигізетін әсерлерінің түрі молайып, қарқыны күшейіп келеді. Антропогендік фактор табиғи жағдайды мезгілсіз күрт өзгертетіндіктен жануарлар оған бейімделіп үлгере алмай жаппай өлімге ұшырайтын жағдай жиі кездеседі.
Бір жерде тіршілік ететін әртүрлі жануар қандай бір фактордың әсерін әртүрлі мөлшерде сезініп қабылдайды. Мысалы қысқы бұрқасын жел жазық далада мекендейтін тұяқты жануарларға (бөкен, қарақұйрық т.б.) аса қолайсыз әсер етеді. Ал сол далада інде тіршілік ететін кеміргіштерге ешбір ықпал жасамайды.
Ортаның кейбір факторы ұзақ уақыт бойында соншалықты өзгеріске түспей тұрақты сақталады, мысалы мұхиттың тұздылығы, жердің тартылыс күші, ауаның құрамы т.б. Керісінше температура, ылғалдылық, жел, жауын шашын, қоректік заттың қоры, жыртқыш және бәсекелес жануарлардың саны т.с.с. экологиялық факторлар өте тез өзгереді. Факторлардың өзгеру деңгейі мен жылдамдығы әртүрлі ортада бірдей емес. Мысалы құрлықтың бетінде температура үнемі ауытқып өзгеріп отырады, ал топырақтың қалың қабатында, судың түбінде температура айтарлықтай тұрақты болады және өзгерсе де баяу және аз мөлшерде ғана ауытқиды. Паразит жануарлардың қорегі әрдайым тұрақты және жеткілікті, ал жыртқыштар қоректік жемтігін таба алмай аштыққа ұшырауы жиі кездеседі.
Факторлар олардың құбылып өзгеру уақытына сәйкес кезеңдік және бейкезеңдік фактор деп жіктеледі. Дәлме-дәл бір мезгілде тұрақты қайталап тұратын факторлар – күн мен түннің, қыс пен жаздың алмасуы, табиғи су айдындарының қатуы мен еруі, өсімдік жамылғысының көктеп шығуы мен қурауы т.б. – кезеңдік факторға жатады. Кезеңдік факторларға жануарлар ежелден бейімделіп әдеттенген. Кездейсоқ, кенеттен әсер ететін тұрақсыз факторлар бейкезеңдік факторлар тобын құрайды. Мысалы жер сілкіну, вулкан атылу, жыртқыш жануарлар шабуылдау, көшкін түсу, су тасқыны т.б.. Кезеңдік факторлар шығу тегіне байланысты біріншілік және екіншілік фактор деп бөлінеді. Біріншілік кезеңді факторлар әдетте ғарыштық, ғаламдық себептерге байланысты. Олар тірі ағзаларға алғашқы сезімдер мен әсерлерді тудыратын дабылдың (сигналдың) да рөлін атқарады. Біріншілік факторға мысал ретінде күннің ұзаруын, теңіздің лықсуы мен қайтуын атауға болады. Екіншілік фактор біріншілік фактордың әсерінен туындайды Мысалы күннің ұзаруының әсерінен климаттың жылынуы.
Экологиялық факторлар жануарларға әртүрлі жолмен әсер етеді:
— тітіркендіруші әсер: жануарларға түйсік тудырып тітіркендіреді. Оған жауап ретінде жануарларда физиологиялық, биохимиялық өзгерістер жүрілуі нәтижесінде фактордың әсеріне бейімделеді;
— шектеуші әсер: фактордың ықпалына төзе алмайтындай дәрежеде әсер көрсетеді. Ондай жағдайда жануар ол жерде мекендеп тұра алмайды. Не өлімге ұшырап жойылады, немесе басқа жаққа ығысып мекен ауыстыруға мәжбүр болады;
— модификациялаушы әсер: анатомиялық, морфологиялық өзгерістер тудырып, сол арқылы жануарлардың бейімделуіне себепкер болатын әсерлер жиынтығы;
— дабылдық немесе хабарлаушы әсер: ортаның басқа факторларының өзгерісі туралы алдын ала мәлімдейтін белгі (сигнал) ретінде әсер етеді.
Факторлар жануарларға жеке-жеке емес, біріккен кешенді түрде әсер етеді. Тіршілік ортасының ағзаға тигізетін факторлар кешенінің жиынтығы ол ағзаның дамып жетіліп, көбеюіне шектеу жасамай, тіршілігіне толық мүмкіндік тудыратын мөлшерде болса ондай орта сол ағза үшін қолайлы орта болып саналады.