ҚҰРАН АЯТТАРЫНЫҢ, СҮРЕЛЕРІНІҢ ТҮСУ СЕБЕБІН (ӘСБАБУ ӘН-НУЗУЛ) БІЛУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Серік АХМЕТОВ,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты

ҚҰРАН АЯТТАРЫНЫҢ, СҮРЕЛЕРІНІҢ ТҮСУ СЕБЕБІН (ӘСБАБУ ӘН-НУЗУЛ) БІЛУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Біз бұл мақаламызды бастамас бұрын, көтерген тақырыбымыздың күрделі болуына байланысты, Аяттың түсуін зерттеген ғалымдардың алған әсерінен емес, ардақты пайғамбарымыздың аяттар түсе бастағандағы әсері мен қиындығына тоқталып барып бастауды жөн санадық.
Алла Тағала Құран Кәрім туралы: «(Мұхаммед (с.ғ.с) егер бұл Құранды бір тауға түсірсек еді, Алладан қорыққандығынан үрейленіп, быт-шыт болғанын көрер едің. Бұл мысалдарды адам баласы түсінсін деп келтіреміз», – дейді.
Айша (р.ғ) анамыздан жеткен хадисте: «Алланың елшісіне уахидың келуі түсіндегі салихалы аяннан басталды. Және ол (аянды) көргенде, олар таң шапағы сияқты келетін», – делінген. Тағы бір сөзінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) уахи келген сәтте күннің қатты суық кезінде де маңдайынан тер шығатынын жеткізеді. Алла Тағала «Ахзап» сүресінің 72-аятында: «Рас аманатты (дінді) көктер мен жерге және тауларға ұсындық; сонда олар оны жүктелуден бас тартып, одан қорықты. Оны адам баласы жүктелді. Өйткені ол, өте залым, тым білімсіз…», – дейді.
Әсбабу ән-нузул сахабалардан жеткен риуаяттарға тәуелді, имам әл-Уахидидің сөзімен қуаттай кетейін:
Әл-Уахиди тізбегі Ибн Аббастан (с.ғ.с.) риуаят еткен хадисте Алла елшісінің (с.ғ.с): «Білмеген хадистеріңнен сақ болыңдар, кімде-кім менің атымнан әдейі жалған сөйлейтін болса, өз орнын оттан дайындай берсін. Кімде-кім білімсіз Құранға қатысты жалған сөйлейтін болса, өз орнын оттан дайындай берсін»,– дегенін жеткізеді. Осы және өзге де деректерге жүгінсек, аят пен сүрелердің түсу себептерін ақыл жүгірту және ижтиһад жасау арқылы білу мүмкін емес. Ол белгілі бір жайтқа байланысты түскен уахидің басы-қасында болған сахабаның жеткізуімен білінеді. Аят, сүрелердің түсу себебі ақылмен пайымдау мүмкін болмай, тек есту және көру арқылы болатындықтан, сахабадан жеткен риуаят арқылы қабылданады. Ал тізбегі табиғинмен аяқталған хадис дәлел бола алмайды. Бірақ «мурсал хадис» танымал тәпсірші табиғиндердің бірімен басталып, тізбегі сенімді жеткізушілермен жалғасса және екінші бір мурсал хадиспен қуатталған болса, айғақ болуға жарамды. Құран Кәрімде бұл жайында: «Ей, иман келтіргендер! Егер де сендерге пасық адам бір хабар айта келсе, оны тексеріңдер», – делінсе, пайғамбар (с.ғ.с) сүннетінде дұрыс жеткізушіні мақтап: «Бізден бірнәрсе естіп, оны естігеніндей етіп жеткізген жанның жүзін Алла нұрландырсын. Хабар жеткен адам жай тыңдаушы біреуден ақылдырақ болуы мүмкін», – делінген.
Ибн әд-Дақиқ: «Әсбабу ән-нузул Құран мағыналарын түсіндіретін өте қуатты жол» десе, әл-Уахиди: «Түсу себебін білмей, аяттың тәпсірін білу мүмкін емес»,– деген.
Имам Әз-Зәркаши: «Тарих ағысымен ағып кеткен оқиғаларды білудің не пайдасы болмақ?! – деп айтқан адам әлбетте қателеседі, керісінше, өте мол пайдасы бар», – дейді.
Бұл пайдалар:
1. Әсбабу ән-нузулді білу араб халықтарының шешендік өнеріне де жатады, өйткені ол «مقتضي الحال» «орнымен сөйлеу»-ді білу болып табылады. Ғұлама Мухаммад ибн Таһир ибн әл-Ғашури имам әл-Шатибидің сөзін қуаттап: тәпсіршінің Құранның шешендік тұсын аңғаруға әсбабу ән-нузулді білу жағдайына қарай сөз сөйлеуді игеруіне жардемдеседі дейді.
2. Әсбабу ән-нузулді білу Құран Кәрімдегі адамзат баласын қалай тәрбиелеу керектігі туралы методологиясын үйренуге жетелейді. Мүқияттылықпен ден қойып назар салған адам Құран аяттарымен түсу себептерінің байланысында терең мәнді тәрбие жатқанын байқайды, ол төмендегідей пунктерге байланысты:
а) Құран аятының түсінуіне себеп болған оқиғаны ескере отырып түсіну теориядан кейін іле-шала тәрбиені бір уақытта жасағанмен бірдей. Өйткені бір адамға бір істі түсіндіруде сөзбен айтқанға қарағанда сүретпен сызып көрсеткен ұтымды әрі жеңіл. Аятпен түсу себебін білу Құран аяттарымен өмір сүру, білімді тәжірибеден өткізген іспетті. Бұл мұғалімдердің балаларға беретін тәрбиені өзінің іс-әрекетімен, өмір жолдарымен үйретуге дағдыланғанындай.
ә) Құранның адамзат өмірінде көрініс табуы Құран мен пенде арасында махаббат туындатады. Сол сияқты кітаптан оқып көкейлерінде ғана жүрген тәрбиені мұғалімдерінің өң бойынан көрген оқушылар саналарында құрмет сезімі орнайды.
б) Алла Тағаланың адамзат өміріндегі оқиғаларға уахидың түсуіне себеп қылуы адамзат баласына өз пәрменімен үкімдерін орындауға ынталандырады.
в) Құран аяттарының өмірдегі орын алып жатқан жағдайларға ұштаса түсуі, адамзат өмірінде тоқтаусыз қайталанып отыратын оқиғаларға жауап болуы арқылы адам жадында бекем сақталуына түрткі болады.
Кемелдіктің кілттерін қолдарына ұстап өмірдің қиыншылығын оқушыларына шешіп берген мұғалім оқушыларының болашақта қиындықтарды шешуіне өнегелі тәрбие бере алады.
3. Әсбабу ән-нузулді білу арқылы аяттың кім не жайында түскендігін дұрыс біле, аятты дұрыс түсіне аламыз және сол арқылы Құран аяттарын өз мүдделерінің пайдасына бұрмалаған топтар мен ағымдардың қателескен тұстарына көз жүгірте аламыз.
4. Құран Кәрімнің Алла Тағала тарапынан түсірілгендігін білдіреді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қандай да бір қойылған сұраққа бірден жауап бермей, уахидің келуін күтетін. Сол секілді басы-қасында болмаған қандай да бір жайттың анық-қанығы уахи арқылы білдірілетін. Мысалы: Имам әл-Бұхариде келген хадисте Абдуллаһ ибн Масғуд: «…Олардың (яһудилердің) бірі орнынан тұрып: «Ей, Әбу әл-Қасым! Рух деген не?» – деп сұрады. (Пайғамбар (с.ғ.с.)) үнсіз тұрып қалды. Мен өз-өзіме: «Оған уахи келіп жатыр»,– дедім де (араларында) тұрдым. Уахи аяқталған соң, ол (с.ғ.с.): «Олар сенен рух туралы сұрайды, «Рух – Раббымның әмірінен, сендерге білімнен аз ғана берілді» деп айт» деді»,– деп айтқан.
Сол секілді пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Әбу Жәһл, Утба ибн Рабиьа және Уалид ибн Муғира сынды Мекке басшыларына сәтті пайдаланып исламды түсіндіріп тұрған уақытта Абдулла ибн Умму Мактум келіп пайғамбардан кейбір аяттарды оқып беруін сұрайды, Ол (с.ғ.с) тек осы уақыттан басқа уақытта келсең болмас па еді!? дегендей жүзіне қарайды, ол теріс бұрылып кетеді. Ол (с.ғ.с) олармен әңгімелесіп біткенде үйіне қарай бет алғаны сол еді, Алла Тағаладан «Абаса» сүресінің алғашқы он аяты Абдулла ибн Умму Мактумға қатысты түседі. Осы секілді «Тахрим» сүресінің алғашқы аяттары пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзіне қарсы айтылған, егерде Құранды Алла елшісі өз қолымен жазғанда өзіне қарсы жазар ма еді?!
5. Аяттардың белгілі бір себептерге байланысты түсуі Алла Тағаланың даналығын паш етеді. Одан мұсылмандармен қатар мұсылман еместер де пайда алады. Мұсылманның алар пайдасы сол, Алла Тағаланың кітабын басшылыққа алуға және ондағы үкімдерді орындауға ынталанып, иманын тағы қуаттайды. Ислам шариғатының жалпы адамзат мүддесі үшін, қоғамның да санасының деңгейіне қарай, аяттардың бірте-бірте түсуі – санасында саңылауы бар мұсылман еместің де көкірегін оятып, ойландырары, тура жолға бастары сөзсіз.
6. Аят, сүрелердің түсу себептерін білу – оларды тез түсініп, жеңіл жаттауға, ұмытқан жағдайда жылдам еске түсіруге септігін тигізері анық.
7. Аяттардың мағыналарын түсінуде Әсбабу ан-нузулді білудің маңызы зор. Кез келген тәпсірші аяттың мағынасын дұрыс әрі толық түсіну үшін оның түсу себебін міндетті түрде білуі қажет. Әл-Уахиди: «Түсу себебін білмей, аяттың тәпсірін білу мүмкін емес»,– деген.
Бұған мына мысалдарды келтіруге болады:
а) «Әл-Бақара» сүресіндегі: وَلِلَّهِ الْمَشْرِقُ وَالْمَغْرِبُ فَأَيْنَمَا تُوَلُّوا فَثَمَّ وَجْهُ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ وَاسِعٌ عَلِيمٌ «Шығыс, батыс әр тарап Аллаға тән. Сондықтан қай жаққа бет қаратсаңдар да Алланың жүзі (ризалығы) сол жақта. Расында, Алла өте кең, толық білуші»,– делінген аяттың сыртқы мағынасы – адам сапарда яки тұрғылықты болса да намазды құбылаға қарамай, қай жаққа қарап оқыса болатындығын білдіреді. Бірақ бұл аят сапардағы нәпіл намазына немесе құбыланы анықтау мүмкін болмаған жағдайға байланысты түсірілген. Бұған қатысты Омардан (р.а.): «Бұл аят сапардағы қай жаққа болсын бағытталған көлік үстінде намаз оқуға байланысты түскен», – деген дерек жеткен. Сол секілді кейбір риуаяттарда бұл аяттың, бірде жамағаттың құбыланы анықтай алмай, қалаған жақтарына қарап намаз оқып, қателескен кездерінде түскендігі айтылады.
ә) لَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَوْا وَيُحِبُّونَ أَنْ يُحْمَدُوا بِمَا لَمْ يَفْعَلُوا فَلَا تَحْسَبَنَّهُمْ بِمَفَازَةٍ مِنَ الْعَذَابِ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ
«Істегендеріне мәз болып, істемеген нәрселері үшін мақтануды сүйгендерді есепке алма, сондай-ақ оларды азаптан құтылады деп ойлама, өйткені олар үшін жан түршігерлік азап бар».
Мәруан ибн әл-Хакам осы аяттың мағынасын дұрыс түсіне алмай, Абдуллаһ ибн Аббасқа кісі жібереді. Ибн Аббас оның мағынасын анықтап түсіндіру үшін, аяттың түсу себебін баяндап береді. Бұл жайт имам әл-Бұхаридің сахих жинағында былай өрбиді: «Бір күні Маруан Рафиғ деген қызметшісіне: «Сен Ибн Аббасқа бар да: «Расында істегеніне қуанған және істемегені үшін мақтау естуді қалаған әрбір адам азапқа ұшырайтын болса, онда бәріміз міндетті түрде азапқа ұшыраймыз»,– деп айт»,– деген. Сол сөзді естіген Ибн Аббас: «Сендердің бұған қандай қатыстарың бар?! (Бірде) Пайғамбар (с.ғ.с.) яһудилерді шақырып алып, олардан бір нәрсе жайлы сұрады, ал олар (Алла елшісі сұраған нәрсені) жасырып, басқа жауап айтты және оның сұрағанына жауап қайтарғандары үшін мақтау күткен сыңай танытып, жасырып қалғандарына мәз болысты»,– деп жоғарыдағы аятты оқыған.
б)وَلَيْسَ الْبِرُّ بِأَنْ تَأْتُوا الْبُيُوتَ مِنْ ظُهُورِهَا وَلَكِنَّ الْبِرَّ مَنِ اتَّقَى وَأْتُوا الْبُيُوتَ مِنْ أَبْوَابِهَا وَاتَّقُوا اللَّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Үйлеріңе артынан кірулерің жақсы бір іс емес, бірақ кімде-кім сақтанса, міне, сол – жақсылық. Ендеше, үйлеріңе есіктеріңнен кіріңдер және Алладан қорқыңдар, әрине, құтыласыңдар».
Бұл аяттың түсу себебін білмей, оның мағынасын дұрыс түсіне алмаймыз, Имам әл-Бұхари келтірген хадисте Әбу Исхақ әл-Бәраның (р.ғ.): «Осы аят бізге қатысты түскен еді. Ансарлар қажылыққа барып келгеннен кейін үйлеріне есіктерінен кірмей, артқы жағынан кіретін. Бірде араларындағы бір кісі үйіне есігінен кіріп, сол қылығы үшін басқалары оны айыптайды, сол кезде жоғарыдағы аят түсті»,– дегенін естідім, – дейді.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Құран Кәрим. Қазақша мағына және түсінігі. Ауд.: Халифа Алтай. –Мәдина, 1991.
2. Құрманбаев Қ. Құран ілімдеріне кіріспе. –Алматы: Нұр-Мүбарак, 2013. -392 б.
3. Маннаь Қаттан. Мабахис фи улум ал-Құран. –Кайр: Мактабату уаһба, 2000. -384 б.
4. Әбу ал-Хасан Әли ибн Ахмад ибе Мухаммад ал-Уахиди. Әсбабу ан-нузул. Эр-Рияд: Дару ал-майман, 2005.
5. Меңілбеков М. Құран ілімдеріне кіріспе. –Алматы: Әлбаракат, 2005. -144 б.
6. Бадруддин Мухаммад ибн Абдуллаһ әз-Заркәши. Әл-бурһан фи улум ал-Құран. –Кайр: Мактабату дару ал-хадис, 2006. –2-том.
7. Жалалуддин ас-Суюти. Ал-Итқан фи улум ал-Құран. –Бейрут: Муассасату ар-рисалати уа ан-наширун, 2008. –832 б.
8. Имам Жалалуддин ас-Суюти. Лубабу ан-нуқул фи асбаби ан-нузул. –Бейрут: Муассасату ал-кутуб ас-сақафия, 2002. -367 б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *