Тілепберген ЖӘКИЕВ,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты
ИСЛАМДАҒЫ ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ
Қазіргі заманда адамзат ғылым саласында көптеген жетістіктерге жетті. Алайда, замандастарымыз адамдар арасындағы шынайы, адами қарым-қатынастарды, әсіресе, ата-аналар мен балаларының, ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйластықты, құрметті, бір-бірінің алдындағы міндеттерін ескермей, көбінесе, материалдық, әлеуметтік жағдайларының жақсы болуын қоғамның дамуы деп есептейді. Қазіргі таңда материалдық көзқарас үстемділік жасап, негізгі рөл атқарып тұрғанын осыдан-ақ байқауға болады. Адам баласы әрқашан белгілі бір құндылықтармен, принциптермен өмір сүруге дағдыланған. Егер адам дүниелік құндылықтарды басты орынға қойса, оның адамдармен қарым-қатынасы (тіпті, жақын туысы болса да) дүние, мансап сияқты факторларға негізделеді. Яғни адамдарды адамгершілік қасиеттеріне қарай емес, одан келетін дүниелік пайдаға байланысты құрметтеу орын алады.
Әрине, адам баласының өзіне пайдалы нәрсеге ұмтылуы – дұрыс және заңдылық. Алайда, өзіне не нәрсе пайдалы, не нәрсе зиян екендігінің аражігін дұрыс ажырата білу — адамның өмірдегі ең үлкен жетістігі.
Әрбір адамның қиналғанда жұбаныш табатын, қуанышымен бөлісетін жері – оның жанұясы.
Кімнің де болса сырттан шаршап келгенде барлық мәселелерді есіктің арғы жағында қалдырып, қалған уақытын бала-шағасымен көңілді, тыныш өткізгісі келетіні сөзсіз. Жанұяның кез келген мүшесі шаңырағының биік, тату болғанын қалайды. Ал отбасындағы тынышсыздық, ұрыс-керістер, түсініспеушіліктер сол отбасы мүшелерін бақытсыз сезінулеріне әкеп соғады.
Адамдар ерте заманнан-ақ бақытты да баянды өмір сүрудің жолдарын іздесе, қазіргі заман адамдары да бақытсыздықтан құтылу амалдарын қарастыруда. Ғылым мен экономика дамыды, адам ғарышқа да ұшты, бірақ қарапайым күнделікті тұрмыстық қарым- қатынас мәселесі күрделене түсті.
Бақытты болғысы келмейтін адам бар ма? Бақытсыздық қайдан келеді? Бақыт туралы біздің асыл дініміз не дейді? Ал ислам дінін ұстанған ата-бабамыз бақыт пен бақытсыздықты қалай түсінген? Бақытсыздықтың негізін халқымыздың сөз бастаған шешен, ел басқарған басшы, қол ерткен батыр ұлы Қаблиса жырау (1733 – 1824):
˗ Бақыт, қайдан келесің?
˗ Берекесіз адамнан,
Ата-анасы наданнан
Үркіп, қашып келемін.
˗ Бақыт, қайдан келесің?
˗ Мақтанып көңілін өсірген,
Білгішпін деп өсірген,
Есірек ұлдан келемін
˗ Бақыт, қайдан келесің?
˗ Сүйектен сөзін өткізген,
Миына шатақ еккізген,
Кесапат қыздан келемін.
˗ Бақыт, қайдан келесің?
˗ Ата-анаға жақпаған,
Өтірік, бәле жаттаған,
Келіннен қашып келемін.
˗ Бақыт, қайдан келесің?
˗ Ораза, намаз оқымас,
Алланың атын тоқымас
Бейнамаздан келемін [1. 159-б.], – деп суреттейді.
Жырдағы есірік ұл, кесапат қыз, бәлеқор келін, ораза-намазсыз үй, шайпау қатын — қазіргі кезде қоғамымызда орын алған кеселдер. Жас отау көтергендердің көпшілігіне осы кеселдер кесірін тигізіп, шаңырақтары шайқалуда.
Ата-бабамыз шаңырақтың берік болуына ерекше көңіл бөліп, қызы бойжетіп, ұлы ержеткен шақта олардың жар таңдауларына жіті мән берген. Үлгілі отбасынан келін алып, қызын беруді қалаған ата-аналар ұл-қыздарының болашақ жарының әке-шешесін, тіпті, арғы аталарын, руын, тегін сұрастырып, хабардар болып отырған:
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – [2.32-б.] деп Абай атамыз айтқандай, болашақ келін мен күйеудің тәрбие алған ошақ басы- отбасын басты орынға қойған. Бұл да халқымыздың пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Қоқыста өскен қызыл гүлге қызықпаңдар!», – деп ескерткен хадисіне сүйенген сүннет амал. Ал мұның мәнісін ол (с.ғ.с.): «Айтпағым, нашар ортада өскен сұлу әйел» деп түсіндірген [3. 1204-б.].
Дана халқымыз қызын жас күнінен бастап, «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «Жат жұрттықсың, оғаш қылық көрсетпе, ата-анаңды ұятқа қалдырма», «Қызға қырық үйден тыю» деп оны болашақ өмірге баулиды. Ал, ер балаға «шаңырақтың тірегісің», «ұрпағымды жалғастырушысың», «мұрагерімсің» деп, үлкен үміт арта тәрбиелейді. Осындай өсиеттерді бойына құйып өскен балалар есейе келе отбасындағы жауапкершілікті жақсы түсініп, өмірге нық қадам басады. Кішкене кезінен құлағына ата-анасының «Сен – болашақ анасың», «Сен – болашақ әкесің» деген сөздерін сіңірген ұл мен қыз әке-ана атануды өздерінің мақтанышы деп біледі, келешек ұрпағын да осы жолмен өсіреді. Қазақ ұл мен қызына осылайша жас күнінен ата-ана болудың үлкен жауапкершілігін үйретеді. Ал ес біліп, оң мен солын тани бастаған ұл-қыздарына «Он үш жас – отау иесі» деп, оларды отбасылық өмірге бейімдейді, некенің маңызы мен міндеттерін түсіндіреді.
Иә, неке – қасиетті ұғым. Екі адамның бас қосып, бірге өмір сүруі, өніп-өсуі, қуанышы мен қайғысын бөлісіп, немере-шөберелерін еркелетіп, ата-әже атанулары осы ақ некеден бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде «Неке — менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіммен амал етпесе, бізден емес.» және «Үйленіңдер, себебі мен қиямет күнінде сендердің көптігіңмен мақтанамын» [4. 1142-б.] деп, үмбетіне отбасын құруды және ұрпақ өрбітуді насихаттайды. Үйленуді әрі ғибадат, әрі сүннет деп ұғу керек. Сондықтан да ата-ананың мұсылмандық міндеттерінің бірі – мұсылман үмбеті деген атқа лайық иманды перзент тәрбиелеу. Осы арқылы екі дүниеде де Алланың ризалығына бөлену. Шаңырақ көтеретін екі жас алдарына осындай асыл мақсат қойса, болашақта отбасымен басталатын отаны берік болады [5. 13-б.].
Өкінішке орай, бүгінгі жастар арасында «жаңаша өмір сүру» белең алуда. Алла алдындағы ақ некені қоя тұрып, «азаматтық неке» деп уақытша бірге тұру сәнге айналды. Жастар жары мен болашақ ұрпағының алдындағы міндеттеріне немқұрайды қарап: «Біз некемізді қимағанбыз, уақытша бірге тұрып көрдік. Жараса алмаған соң екі бөлек кеттік», – деп ақталады. Неке қимаған соң екі жас та отбасылық жауапкершілікті мойындарына алмайды. «Азаматтық некенің» шариғаттағы атауы – зина. Бұл – дініміздегі ауыр күнәлардың бірі. Құран Кәрімде «Зинаға жақындамаңдар» [6. 17/132-аят], – деп ескертілген. Кез келген мұсылман баласы қоғамымызда орын алған қауіпті дерт – зинақорлықтан өзін аулақ ұстағаны жөн. Жастарымыз осыны ескеріп, өмірлеріндегі маңызды мәселеге жеңіл қарамай, ақылға салса, отбасылық өмірінде бақытқа бөленіп, Алла алдындағы ақ некені бағалай білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Ал елімізде 2013 жылдың бірінші тоқсанында ажырасу саны соңғы алты жылмен салыстырғанда ең жоғарғы көрсеткішке ие болыпты – 100 некеге 34 ажырасу. Ажырасу – дініміздегі Алла Тағала рұқсат еткен, бірақ ең жек көретін амалы. Асыл дініміз отбасы мүшелерінің, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің, ата-аналардың балаларының алдындағы, балалардың ата-анасының алдындағы міндеттерін анықтап берген. Ал ажырасудың басты себебі – отбасы мүшелерінің дініміз көрсеткен отбасы әдебін сақтамауы, тиісті міндеттерін орындамаулары, білмеулері болып отыр.
«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» демекші, отбасының бірлігін сақтап қалуға әйел де, еркек те жауапты. Қазір ішкілікке әуес отбасылар да аз емес. Бірін-бірі балағаттап, бала-шағасының, көршісінің, туған-туыстарының мазасын алып, мезі еткен көптеген қандастарымыз өз отбасын өз қолымен күйретуде. Нәтижесі – жетім бала, жесір әйел. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Арақ ішпе. Өйткені ол – барлық жаманшылықтың кілті» деп, арақтан аулақ болуға бұйырады [7. 447-б.].
Ендігі бір мәселе — отбасындағы қаржылық жетіспеушіліктер. Ислам діні үйдің тірегі ер адамға отбасын адал табысымен киіндіріп, ризық нәсібесін тауып беру, отбасы мұқтажын өтеу міндетін жүктейді. Ал қазір жалқаулыққа бой алдырған жігіттер де аз емес. Мұндай жағдайда отбасының барлық ауыртпалығы нәзік жанды әйелдерге түседі. Жұмыстан кешке шаршап келіп, отбасының күйбең тіршілігіне кіріседі. Бұл да ерлі-зайыптылырдың қарым-қатынасына сызат түсіреді. Сонымен қатар дініміз әйелден күйеуінің ризашылығын көздеу, ерінің мал-мүлкіне ұқыптылықпен қарау, барға қанағат ету, ысырапшылыққа жол бермеу сияқты белгілі бір міндеттерді талап етеді. Еңбекқор ерінің тапқан табысына қанағаттанбай, ашуға бой алдыратын әйелдер де бар. Осы тұрғыда, «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып, намазын оқыған әйел сөз жоқ жұмаққа барады» деген хадисті басшылыққа алған әйел екі дүниенің бақытына қол жеткізеді.
Отбасы – татулық пен береке-бірлік ұясы. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қатыгез, бала шағасына дөрекі қарым-қатынаста болған кісіні Алла Тағала жек көреді», – делінген.
Жанұяда ерлі зайыптылардың бір-біріне деген адалдығы мен сенімі кіршіксіз болуы керек.
Теңіздің тамшыдан құралғанындай, мемлекет те отбасынан құралады. Халқымыздың «Отан – отбасынан басталады», «Отбасы – Отанның болашағы» деп айтуы да осының айғағы. Отбасы — шағын мемлекет. Ол жерде әрбір тұлғаның атқаратын міндеттері мен құқықтары бар. Егер отбасы мүшелері өз міндеттерін жауапкершілікпен орындаса, ол отбасы да, олар өмір сүріп отырған мемлекет те көркейеді, дамиды, береке-бірлікте болады. Осындай отбасында өмір сүрген адам бақытты болады. Олай болса, әрбір адам өзінің отбасы мүшелерінің алдындағы міндеттерін жақсы білуі және оны мүлтіксіз орындауы қажет. Халқымыздың көрнекті перзенті, ақын Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару», – деген [8. 99-б.].
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» деген нақыл сөзде терең мағына жатыр. Халқымыз бала тәрбиесіне жіті мән беріп, болашақ ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиені, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетуді, ар-ұят мәселелерін және басқа да өнегелі сипаттарды сіңіруді басты орынға қойды. Ғасырлар бойы мұсылманшылықты ұстанған ата-бабамыз жоғары моральдік құндылықтарды Алланың сөзі болған Құран аяттары мен екі дүние сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өсиеттерінен ала отырып, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізге берік шегелеп, ұрпағына мұра етті. Сонау 70 жылдық атеизмнің әсері, одан бері қазақ халқын өзінің салт-дәстүрінен алыстатпақ болған батыс «мәдениеті» бізді толық мәңгүрттікке айналдыра алмады. Кеңес Үкіметі дінімізге тыйым салғанымен, салт-дәстүріміз сақталып қалды. Сол кезеңдегі атеистік тәрбиемен өскен ұрпақтың бойынан адами қасиеттерді көруге болатын. Себебі ол ұрпақ ислам немесе христиан дінін ұстанған ата-әжелері мен ата-аналарының тәрбиесін көріп өсті. Ал Кеңес Үкіметінің атеистік тәрбиесін алған сол ұрпақтың балалары, немерелері азғындыққа тез бейімделуде.
Отбасындағы тәрбие баланың болашағына көп ықпал етеді. Егер бала жастайынан әке-шешесінің ұрыс-керісін, әдепсіз қылықтарын (әдепсіз сөйлеу, арақ ішу, т.б.) көріп өссе, оның бойына бұл теріс тәрбие сіңіп, қоршаған ортамен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Ашуланшақтық, ызақорлық немесе шамадан тыс тұйықтық – бәрі осы теріс тәрбиенің «жемісі». Қоғамымызда орын алған қылмыстық істердің көпшілігін осындай отбасынан шыққан балалардың жасайтыны жиі кездеседі.
Біз Отанымыздың болашағы балаларымызға қандай тәрбие берсек, соның нәтижесін көреміз. Сананы тұрмыс билеген қоғамда қазір ата-аналар бала тәрбиесіне жете көңіл аудармайды. Балалар көп уақытын теледидардың немесе компьютердің алдында өткізеді. Ал өзімізге белгілі теледидар мен ғаламтор көзіміз қарауға ұялатын бейнелерге толы. Балалар сол ғаламтор мен теледидардан жауыздық пен мейірімсіздіктің, арсыздық пен ұятсыздықтың түр-түрін үйренуде. Ең сорақысы, күнәдан пәк сәбилеріміз осы көргендерін қалыпты нәрсе деп қабылдауда. Қазіргі бүлдіршін бала мен қыз – болашақ ана мен әке. Біз сол болашақ әкелер мен аналарға ислами тәрбие беру арқылы ғана балалардың сана-сезімін улайтын жат қылықтардың алдын аламыз. Ізгі қасиеттерді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін бейнефильмдер мен мультипликациялық фильмдер, балаларға арналған ислами газет- журналдарды, кітаптарды көптеп шығарсақ, бұл біздің балаларымыздың алдындағы парызымыздың өтеуі болмақ. Қазіргі шетелдік мультфильмдердің көпшілігінде көрсетіліп жатқан бірін-бірі аяусыз ұру, сындыру, төбелесу, алдау, мәнсіз-мағынасыз әзілдер баланың сөйлеу әдебіне, мінез-құлқына, іс-қимылдарына кері әсерін тигізуде. Ал, қыз балалардың сүйікті кейіпкері Барби қуыршағының киім киісі мен дене-бітімі кәдімгі топ-модельдерді жарнамалау әдісінің бір түрі. Барбиге ұқсағысы келген қыз балаларымыз әуретті жерлерін ашып жүруді әдетке айналдырды. Қайда қарасаңыз да – мейлі мульфильмдерге, мейлі ойыншықтарға – қоғамды аздыратын көріністердің куәсі боласыз. Осының бәрін көріп өскен бүлдіршіндер жеткіншек жасқа жеткенде оң солын танымай жатып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ бірі аяғы ауырлап көкек ана атанып жатса, бірі нашақор, енді бірі қылмыскер болып темір торға қамалуда. Қазіргі таңда көшеде, аялдамада, мектеп немесе оқу орындарында, басқа да жерлерде көпшілік көзден қымсынбай еркін құшақтасып, ыржаңдасқан бойжеткен мен ер жігітті байқамау мүмкін емес. Бұл тұрғыда Дулат Бабатайұлының:
Ұл атадан ұялмас,
Қыз анадан именбес,
Ана қызын тия алмас,
Абыройы жоқ болған соң [9. 181-б.], – деген өлең жолдарын еріксіз еске аласыз. Ислам діні бөгде әйел мен еркектің жеке қалуына тыйым салады. Ибн Омар (р.а.) жеткізген бір хадисте: «Бөгде әйелмен жеке қалушы болмаңдар. Өйткені, оңаша қалған еркек пен әйелдің үшіншілері шайтан болмақ», – делінген [10. 104-б.].
«Ел болам десең бесігіңді түзе» дейді халқымыз. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Балаларыңды бағалап, оларға жақсы тәрбие беріңдер», – деп ата-анаға үлкен жауапкершілік жүктейді. Халқымыз осы жауапкершілікті ұғына отырып, баланы еркелетіп, оның тентек қылықтарына сабырмен қарап, жынысына сай тәрбие беруге көңіл аударған. Біз де Алланың берген сыйы балаларымызды жаман әдет-қылықтардан көздің қарашығындай қорғап, жастайынан мұсылмандық әдептілікке баулысақ, ата-анасы ретінде оларға жақсы өнеге көрсете білсек, жоғарыда аталған қоғам кесапаттарынан арылып, ұлттық қасиеттерімізді қайта жаңдандырар едік.
Қазақ жерінде «жетімдер үйі», «қарттар үйі» деген бұрын-соңды болмаған. Жетімін жылатпаған, қарттарын қадірлеген ел едік біз. Ал қазір еліміздегі жетім балалардың саны 44 мыңға жетіпті. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артуда. Әрине, жоғарыда атап өткеніміздей, бұл некесіз қосылудың көбеюі, отбасындағы әйел мен күйеуінің ішкілікке немесе есірткіге тәуелділігі, жастардың отбасын құруға құлқының төмендеуі, жауапкершіліктен қашу сияқты келеңсіздіктердің кесірі. Міне, көзіміз көргендей, тәрбиедегі осалдық қоғамдық кесапатқа ұласып, ұлттық намысымызға кір келтіруде. Жетім бала өз алдына, қазір қартайған шақтарында балаларынан тірідей айырылып қарттар үйін паналаған «жетім» әкелер мен аналар қаншама. Түн ұйқысын төрт бөліп, әлпештеп өсірген анасын, бар табысын балаларының қажетіне жұмсап, асырап-баққан әкесін қартайған шағында тастап кеткен безбүйрек бала қайдан шығады? Ата-ана болса, тастап кеткен баласының жолына қарап «Қай жерде қателестім?, «Неге балам мұншалықты қатыгез болды?» деп уайымға салынуда.
Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 23-24-аяттарында ата-ананы құрметтеуді бұйырып: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулерің мен әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, бір себептермен оларға «түф» деме! Ол екеуіне зекімей, сыпайы сөйле. Ол екеуіне мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей, сен де оларды рақметіңе бөлей гөр», – де», – деген. Бала ең әуелі өзінің құрмет көрсетуге лайық жандары шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап-ақ қамқорлығына алып, мәпелеп өсірген, аналық, әкелік мейірімге бөлеген ата-анасы екенін естен шығармауы керек, өзінің перзенттік парызын жастайынан ұғынуы қажет.
Бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі. Еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, балаларымызға Қасиетті Құран аяттарын, Алла бұйырған адал жолмен жүруді, тыйым салған нәрселерінен бойларын аулақ ұстауды үйретейік. Оларға адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір жолын, көркем мінезін, сабырлығын, мейірімділігін, адамгершілігін үлгі етейік. Ата-ана ретіндегі парызымыз баланы тек жақсы киіндіріп, тамағын тоқтап қою ғана емес, өнегелі тәрбие беру екенін де ұмытпайық. Дініміздегі отбасы тәрбиесінің мәні мен құнды қазынасын терең түсініп, сол құндылықтармен балаларымызды сусындандырайық. Отанымыздың болашағын сеніп тапсыратын ізгілі ұрпақ тәрбиелеу біздің борышымыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Он ғасыр жырлайды, – Алматы, 2006.
2. Құнанбаев А. Қазақтың біріккен мемлекет баспасы, – Алматы, 1945.
3. Ihyau `Ulumi`d-Din-Cilt 2-Rub`u`l-adat -1204 (Istanbul, 2006)
4. Ihyau `Ulumi`d-Din-Cilt 2-Rub`u`l-adat -1142 (Istanbul, 2006)
5. Бағашар Қ. Исламдағы бала тәрбиесі. – Алматы, 2010.
6. Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Ауд.: Халифа Алтай. –Мәдина, 1991.
7. Hadis ansiklopedisi 17.Cilt ( kutub-I sitte) prof.Dr.Ibrahim Canan. –Istanbul, 1992.
8. Мағжан Жұмабаев (аудармалар,еңбектер, мақалалар). 3-том, – Алматы: Жазушы, 2008.
9. Он ғасыр жырлайды. – Алматы, 2006.
10. Сахих хадистер. –Алматы, 2006.