ИСЛАМ АҚИДАСЫНДАҒЫ МӘЖБҮРЛІК ПЕН ТАҢДАУ ЕРКІ МӘСЕЛЕСІ

Ұлжан НҰРМАХАНОВА,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты

ИСЛАМ АҚИДАСЫНДАҒЫ МӘЖБҮРЛІК ПЕН ТАҢДАУ ЕРКІ МӘСЕЛЕСІ

Адамның таңдау еркі, бостандығы мәселесі адамзат тарихы барысында діннің және философияның қарастырған және қарастыратын маңызды, күрделі мәселелерінің бірі болып табылады. Әсіресе, ислам мәдениетінде кәләм ілімінің тарихында бұл мәселе ерекше орын алады. Адам өзінің іс- әрекеттерін жасауда мәжбүр ме? Әлде ерікті ме? Осы мәселе төңірегінде ислам ақидасы мазһабтарының арасында әртүрлі көзқарастар бар. Ислам ақидасында бұл тақырыпқа қатысты الجبر – (мәжбүрлеу) және الإختيار – (таңдау еркі) терминдері қолданылады.
Тілдік мағынасы: الجبر – сөзі араб тілінде масдар үлгісінде келіп, «бұзылған бір нәрсені жөнге келтіріп, түзету», «біреуді мәжбүрлеп іс-әрекет жасату», [1,205] «еріксіз көндіру», «мәжбүр ету», «мәжбүрлеу», «ықтиярсыз көндіру» мағынасын білдіреді.
Терминдік мағынасы: الجبر – мәжбүрлік, күштеу, қалау және таңдау еркіне қарама-қарсы мағынада [2,182].
Тілдік мағынасы: الإختيار – сөзі араб тілінде масдар үлгісінде келіп, «екі нәрсенің біреуін жоғары бағалау», «таңдап айыру», «дұрысырақ көру» мағыналарын білдіреді [1, 575].
Терминдік мағынасы: الإختيار– таңдау, іріктеу, басқалардан артық көру. Қаласа жасау, қаламаса жасамау күш қабілеті [2,191].
الإختيار сөзінің Құрандағы (әл-Ағраф 7/155; Таһа 20/13; әл-Қасас 28/68; әд-Духан 44/32) әрі діндегі қолданылуы осы сөздіктегі мағынасымен шамалас, жуық мағынада [1, 575].
الإختيار терминінің ислам ойшылдары мен философтардың арасында кең тараған қолданым түрі: «іс-әрекет атқарушысының қаласа жасау, қаламаса жасамау халінде болуы» мағынасында келеді [1, 575].
Әл-Фараби бұл терминге «нәпсінің қалауы мен қиялынан туындайтын ерік жігерден кейінгі үшінші саты болып, ойдан туындайтын және болуы мүмкін нәрселерге бағытталған қалау түрі» деген анықтама береді. Және бұл жанды жаратылыстар арасында адамға тән қасиет екендігіне тоқталады [1, 575].
Ислам ойшылдарының тілінде الإختيار термині الجبر терминіне қарама-қарсы мағынада қолданылғанда адамның ақыл-ой және іс-қимылындағы барлық әрекеттерін өз таңдауымен жасай алуға күші жетуі мағынасына келеді [1, 575].
Кәләм ілімі ислам ақидасына әртүрлі ой-қорытындыларын ұсынатын болғандықтан, бұл мәселенің Құран Кәрімдегі орнына тоқталмастан кәләм іліміндегі көзқарас бағыттары туралы сөз қозғауымыз мүмкін емес.

Мәжбүрлік пен таңдау еркінің Құранда баяндалуы
Құран Кәрім бір жағынан, мәжбүрлік пен Иләһи құдыреттің жалпылығы (барлық нәрсені қамтитындығы) туралы сөз ететін болса, екінші жағынан, адамның таңдау еркі мен істеген іс-әрекеттерінен жауаптылығы жайлы сөз етеді. Және де кейбір аяттарда мәжбүрлік пен таңдау еркі жөнінде бірге айтылады.
Құран Кәрімде кездесетін мәжбүрлеуге (الجبر) қатысты аяттар:
«Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық» (Қамар, 49);
«Әлемдердің Раббы Алла, қаламайынша тілеулерің жүрмейді» (Тәкуир, 29);
«Жер жүзіне сондай-ақ сендерге мүбада бір бейнет келетін болса, ол, жаратуымыздан бұрын Кітапта жазулы. Шексіз осы, Аллаға жеңіл» (Хадид, 22);
«(Мұхаммед Ғ.С.): Бізге Алланың жазғаны ғана болады де…» (Тәубе, 51);
«…Осылайша Алла, қалағанын адастырып және кімді қаласа, тура жолға салады» (Мүддәсір, 31);
«Егер қаласақ еді, әркімді тура жолға салар едік. Бірақ Менен «Тозақты бүтіндей жындар, адамдармен толтырамын» деген сөз болған (Бұлар шайтандармен оларға ерген адамдар)» (Сәжде, 13).
Құран Кәрімде кездесетін адамның таңдау еркі мен бостандығына қатысты аяттар:
«Сонда кім қаласа сенсін, кім қаласа қарсы келсін» (Кәһф, 29);
«Әркім істеген ісінің орнына ұсталады» (Мүддәсір, 38);
«Алла Тағала кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына» (Бақара, 286);
«Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе де өзіне тән… » (Фуссилат, 46);
«Мұхаммед Ғ.С.: «Ей, адам баласы! Сендерге Раббыларыңнан хақ келді. Енді кім тура жолда болса, өзі үшін тура жолда болады. Ал енді біреу адасса, өз зиянына ғана адасады. Мен сендерге кепіл емеспін» де» (Юныс, 108).
Құран Кәрімде мәжбүрлік пен таңдау еркі жөнінде бірге айтылатын аяттар:
«Саған нендей бір жақсылық келсе, Алладан. Ал және бір жамандық келсе, өзіңнен…» (Ниса, 79);
«…Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше Алла, оны өзгертпейді…» (Рағыд, 11);
«Олай емес. Шын мәнінде, Құран бір насихат. Кім қаласа, одан үгіт алады. Алла қаламайынша, олар, үгіт ала алмайды» (Мүддәсір, 54-56).
Құран Кәрім аяттарының кейбірінің адамның таңдау еркі, бостандығының бар екенін және істеген амалдарынан жауапқа тартылатындығын білдіруі және кейбірінің барлық нәрсенің Жаратушысы тек Алла екенін және құлдардың іс-әрекеттері Алла тарапынан алдын ала белгіленіп, жазылып қоятындығын білдіруі, ислам ақидасы мазһабтарының арасында әртүрлі пікірлердің тууына себеп болуы мүмкін [3,3-4].
Құлдың іс-әрекеттерінің тағдырмен байланысы
Құлдардың іс-әрекеттеріндегі мәжбүрлік пен таңдау еркі мәселесі тағдырмен өте тығыз байланысты және бұл осы күрделі мәселенің тірелетін соңғы бөлімі болып табылады.
Имам Байһақи құлдардың іс-әрекеттері мен тағдыр арасындағы байланысты: «тағдырға иман ету – жаратылыстың қалай әрекет ететінін және басқасын Алланың білімімен алдын ала білетініне, мақұлықтар және олардың іс-әрекеттері, барлығы Оның белгілеуімен болатындығына және оларға жақсылық пен жамандықты жарататындығына иман ету деген сөз», – деп түсіндіреді [3,3].
Тағдыр мәселесі жалпы Алланың қалауымен және Оның жаратуымен, құдіретімен байланысты, бірақ құлдардың іс-әрекеттері адамның еркінен тыс Алланың жаратуымен, мәжбүрлікпен бола ма? Немесе Алланың жаратуымен емес құлдардың өздерінің жаратуымен бола ма? Соған сәйкес құлдардың істегендеріне қарай сауап немесе жаза беріледі ме?
Осы сұрақтар төңірегінде ақида мазһабтарының арасында әртүрлі пікірлер туындаған. Солардың бірі – жәбрия мазһабы. Құрушысы Жәхм ибн Сафуан болған, бұл мазһабтың түсінігі бойынша кез келген нәрсе Алланың қалауымен жүзеге асады, іс-әрекетте пенденің ешқандай рөлі жоқ. Пенде пешенесіне жазылғанды ғана көреді. Демек, олардың басты сенімі төмендегідей болып шығады: адам маңдайына жазылғанды көреді. Бір істі істеуде ешқандай таңдау еркіндігі, күш-қуаты рөл атқармайды, тек мәжбүрлі түрде істейді. Алла Тағала күллі дүниені жаратушысы Ұлы Құдірет Иесі. Сол себепті Алладан басқа ешкім ештеңені өзгерте алмақ емес. Жәбрия мазһабын ұстанушылар өздерінің жолын дұрыс деп көрсету үшін Құранның кейбір аяттарын алға тартады әрі соны ұстанады.
Мысалы:
«Егер Алла қаласа оларды туралықта жинар еді. Ендеше сен надандардан болма» (Әнғам, 35);
«Алла олардың жүректеріне, құлақтарына мөр басқан әрі көздерінде перде бар. Оларға үлкен азап бар» (Бақара, 7).
Бұл аяттан шығатын ұғым: Алла қаласа пенде дұрыс жолда, қаламаса тозақтық болады деген сөз [4,143-144].
Олар сондай-ақ бірқатар хадистерді де бұрмалап түсіндірген. Жәбрия мазһабын ұстанушылар: «адам тағдырға тәуелді, оның амал етуде ешқандай ерік күші жоқ», – десе, енді біреулер: «Алла адамның ісіне араласпайды, пенденің өзі барлық ісін таңдаумен ерікті түрде жасайды, тағдыр деген жоқ», – дегенді алға тартады. Тағдырды жоққа шығарушы бұл топты «қадария» деп атады.
Қадария мазһабы жәбрия мазһабына қарсы шығу нәтижесінде пайда болғандықтан олар да өз сенімдерін дәлелдеу үшін Құран мен хадистен дәлел іздейді. Нәтижеде мынадай аят пен хадисті негіз ретінде көрсетеді:
«Расында біз оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкіршілік етсін, мейлі қарсы келсін» (Инсан, 3);
«Әрбір туылған бала мұсылман болып туылады. Оны ата-анасы яһуди, христиан немесе отқа табынушы етеді» (Муслим, Қадар, 6).
Міне, олар осы мәндес аят пен хадистерді дәлел ретінде ұстанады. Егер де оларға өзге бір дәлелді келтіріп жатса, ондайларды мүлде қабылдамайды [4,148-151].
Қадария мазһабының сүйенетін ақли дәлелдері:
1. Егер құлдар іс-әрекеттерін өздері жаратпайтын болса, онда оның таңдауымен және құдіретімен болмаған, өзі жасамаған нәрседе оны мақтау және жазғыру дұрыс емес.
2. Құлдардың іс-әрекеттерінің көбісі зұлымдық, серік қосу, бұзықтық сияқты осыған ұқсас жиренішті әрекеттер. Мұндай жиренішті әрекеттерді жарату Алла Тағалаға тән емес, осы себептен құлдардың өздері жаратушы болу керек.
3. Егер Алла Тағала құлдардың іс-әрекеттерін жаратушы болса, онда іс-әрекеттерді жасаушыда болуы керек. Өйткені оның мағынасы бір. Егер оны жасаушы болса, онымен сипатталу керек. Себебі залым кәпірдің мағынасы тек қана күпірлік пен зұлымдықты білдіреді. Онда Жаратушы және Қасиетті Алла Тағаланың кәпір, залым, ішіп-жеуші, тұрып-отырушы болуы, бұдан басқа да бұзықтықпен сипатталуы керек болады [3,10].
Әһли сүннет бойынша тағдырға бұлай сену – адасушылық. Тағдырға иман етеміз, бірақ тағдырымызға жазылып қойғандықтан іс-әрекетімізді мәжбүрлікпен, ықтиярсыз істейміз. Алла әуелде шексіз ілімінен біздің не істейтінімізді білгендіктен тағдырымызға солай жазған. Алла пендесін құлтемір (робот) секілді амал ету үшін жаратқан жоқ. Пендесіне «жузи ирада», яғни жақсы мен жаманды таңдау еркіндігін берді. Сол секілді қалауымен жасаған іс-әрекеттер үшін ақиретте жауап береді.
Бұған бір мысал келтірейік. Хазіреті Омардың халифалық (634 – 644 ж.) тұсында ұрлық жасаған бр жігітті халифаның құзырына әкеледі. Сонда халифа Омар:
˗ Не үшін ұрладың? – деп сұрағанда, ұры:
˗ Алла Тағала осылай жазған, – деп жауап береді.
˗ Халифа Омар:
˗ Оған отыз дүре соғыңдар, содан кейін қолын кесіңдер, – деп әмір етеді.
˗ Ондағылар берілген үкімге таңырқап:
˗ Неге бұлай, – деп сұрайды.
˗ Хазіреті Омар:
˗ Ұрлық істегені үшін қолы кесіледі, Аллаға тіл тигізіп, жала жапқандығы мен ұрлық жасаудағы жауапкершілікті тағдырға сілтеп жалтарғаны үшін дүре соғылады, — деп жауап береді [4,147].
Адамның таңдау ерік жігерінің бар екендігіне дәлел ретінде төмендегі аяттарды келтіруге болады:
«Расында оған тура жол көрсеттік. Мейлі шүкіршілік қылсын, мейлі қарсы келсін» (Инсан — 3)
«Оған екі жол көрсетпедік пе?» (Бәләд — 10)
«Әркім істеген ісі үшін жауап береді» (Мүддәсір — 38)
«Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе өзіне тән. Раббың құлдарына зұлымдық етуші емес» (Фуссилат, 46).
Әһли сүннет сенімі бойынша, пенде жасамақ болған ісін нысанаға алып, жүрегімен қалаған сәтте, Алла оны іске асырады. Яғни құл – қалаушы, Алла – жаратушы деген сөз. Сондықтан пенденің «мен бұл істі өзім істедім, бәріне өз ерік-жігерім арқылы жеттім, өзім жасадым», – дегені үлкен қателік. Себебі адамның қалауын Алла жаратпаса, ол ойға алған ісін қайтіп жүзеге асырмақ? Сондықтан біз (әһли сүннет сенімі), Алланың бүкіл мақлұқатты жаратқаны іспетті, пенденің ісін де жаратушы деп білеміз. Бұған:
«Алла бар нәрсенің жаратушысы» (Зүмәр — 62);
«Алла сендерді де, сендердің амалдарыңды да жаратты», – деген аяттарды дәлел ретінде келтіруге болады (Саффат, 96) [5,355-356].
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе Әһли суннет мазһабының орта жолды ұстанатындығын көреміз. Егер адам баласының қалауы, таңдау еркі болмаса, жаратылуының, бұл сынақ әлеміне келуінің мән-мағынасы болмас еді. Жақсылық және жамандыққа ақиреттегі берілетін сауап немесе жаза бұл дүниедегі жасалған ерікті іс-әрекетіміздің нәтижесі болары анық.
«Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді» (Зілзала, 7-8).

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Türkiye Diyanet vakfı İslam Ansiklopedisi (7, 21том).
2. Prof. Dr. Bekir Topaloğlu Nureddin İs-Sabuni «Мatüridiyye akaidi». 5.Baski. –Ankara, -1995.
3. Сағыд Ғабдуллаһ Ашур. Афғалу алғибад ғинда фирақил исламиа. 2010.
4. Сейтбеков С. Мәзхабтар тарихы. –Алматы, 2012.
5. Сейтбеков С. Иман негіздері. –Алматы, 2011.
6. Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған: Халифа Алтай. –Мәдина, 1991.
7. Әділбаев Алау, Әділбаева Шамшат. Әбу Ханифа және Ханафи мәзхабы. –Алматы, 2012.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *