ШАРИҒАТТАҒЫ АЖЫРАСУ (ТАЛАҚ)

 

 

Қажмұқан ЕЛЖАНОВ,
Нұр-Мүбарак университетінің магистранты

ШАРИҒАТТАҒЫ АЖЫРАСУ (ТАЛАҚ)

Ата дініміз өзге діндер секілді ерлі-зайыптылардың ажырасуына тыйым салмай, керсінше, оған қатысты өзіндік міндеттер мен шарттарды реттеп, жасалу жолдарын қарастырады. Исламға дейінгі кезеңде ерлер өз әйелдеріне көңілдері қалаған уақытта талақ айтып,қалаған уақыттарында қайтарып алатын. Белгілі бір шеңберде шегі не жолы жоқ-тын. Бұл әрине, әйел затына деген нағыз зұлымдық, оларға көрсетілген әділетсіздік еді. Ислам дінінің келуімен, мұндай жантүршігерлік тұрпайылыққа тосқауыл қойылды. Ер кісінің талақ айту құқын «үшеуге» шектеді. Үшінші мүмкіндікте не қалдырасың, не дұрыс жолмен ажырайсың деді. Әрине, мұндай шектеу жауапкершілікті мойнына алған әрбір отағасына өз міндетін сездіріп, ажыраспастан бұрын жан-жақты таразылап, отбасы тірегінің бірі болып саналатын өмірлік жарын бағалауына алып келді.
Отбасы – өзінше бір үлкен мектеп тәрізді. Оның іргесі мықты болып қалыптасуында түсіністік, бауырмалдық пен сүйіспеншіліктің жатқанын аңғарамыз. Сонда ғана шаңырақ шайқалмай, берік отбасы болмақ. Кей кездері жанұя шаттықтан көрі, қайғыға, бақыттан көрі қасіретке тап болып шаңырақ «тозаққа» айналуы мүмкін. Мұндай жағдайға кезіккен кезде ерлі-зайыптылар арасындағы мәселені анықтап, оңды шешім шығаруге тырысу керек. Егерде оңтайлы жол табылмаған жағдайда ерлі-зайыптылар жақсылықпен ажырасады.
Дей тұрғанмен, шариғатымызда ешбір себепсіз ажырасуды мақұлдамайтынын айта кетуіміз керек. Ажырасу – шаңырақ көтеріп отырған ер мен әйелдің соңғы шешуші сәті болуы тиіс. Оған дейін, отбасындағы ер мен әйелдің арасында пайда болған мәселені анықтап, қоғамның мәдениетті болып қалыптасуында маңызды рөлді атқаруда жанұяны сақтап қалуға тырысуымыз лазым. Әбу Дәуідтің хадис жинағында келтірілген бір хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы ол – талақ» – дей келе, себепсіз ажыраспауға үндеген. Сол себепті де болар, дін ғалымдары ажырасуды болған жағдайға қарай уәжіп (ажырасуға міндетті), мәндуб (өз еркі) және харам (ажырасуға тыйым салынады) деп бөлген.

Ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзатын сөздер
Дінімізде некені бұзатын сөздерді екі түрлі жолмен қарастырады:
Ашық. «Талақ» сөзін осы категорияға негіздесек болады. Сонымен қоса әр елдің ана тіліндегі «талақ» сөзіне саятын мағынадағы сөздерді осы топқа енгіземіз. Сондай-ақ ер азамат өз жарына қазақ тіліндегі «ажырасу» сөзін қолданып, «сенімен ажырастым» деп айтатын болса, «ашық сөздер» қатарына жатқызылады да, бір талақ орнына жүріп, ниеті қарастырылмайды.
Ауыспалы (әл-киная). Некені бұзу ниетімен де, өзге мағынада да қолданылатын сөздер осы топқа жатады. Мысалы «үйіңе бар», «бұл үйден кет», «киіміңді жина» сияқты астарында нені мақсат етіп тұрғаны белгісіз сөздерді айтқан адамның ниеті қарастырылады. Егер ниеті ажырасу болса, некелері бұзылады. Ал ондай ниеті жоқ болса, некелері бұзылмайды.
Алғашқы топқа жататын сөздер шариғатта «рижғи талақ» деп аталады. Бұл дегеніміз – бірінші рет не екінші рет «сені талақ еттім» деп айтқан кісінің талағы (егер де үш рет айтпаған болса) арадағы некені бұзбайды.
Екінші категорияға жататын сөздерді (ауыспалы) қолданған кісінің талағы «кіші баин талақ» үкімінде, әрине, егер ажырасу ниетінде айтқан болса. Егер ниеті ажырасу болмаса, онда ештеңе емес. Кіші баин талақта ерлі-зайыптылардың некелері бұзылады. Бұдан кейін, әйелімен татуласқысы келген ері әйелдің ризалығымен, мәһр белгілеп, некелерін жаңартулары шарт.
«Рижғи (қайтару) талақ» пен «Кіші баин талақтың» қасында, тағы «Үлкен байын талақ» деген талақ түрі бар. Ол талақ үкімі – ерлі-зайыптылардың некелерін түбегейлі бұзып, қайта қосылу құқынан айырады. Ал қайта қосылу үшін әйел басқа ер кісімен шаңырақ көтеріп, белгілі бір себептермен шаңырақ шайқалып жатса ғана, әлгі бұрыңғы еріне қосылуға мүмкіндік туады. Үлкен және кіші байын талақтың арасындағы айырмашылық, кіші байын талақта ерлі-зайыптылар қайта қосылулары үшін өзара ризалықпен, мәһр белгілеп неке жаңартулары жеткілікті. Ал үлкен байын талақта олай емес.

 

Шариғатымыздағы талақ ету түрлері
Шариғатта үш түрлі талақ ету жолы бар. Екеуі — шариғатқа сай құптарлық, үшіншісі – шариғатқа теріс. Олар мынадай:
1. Әхсан талақ:
Бұл тәсілде ері әйеліне ашық талақ ету сөзімен бір «рижғи талақ» айтып, үш етеккір келу уақыты бойы оған жақындаспайды. Мұндағы мақсат – ері өз қарарында сенімді ме, әлде асығыс берілген шешім бе, соған көзін жеткізуге мұрсат береді. Осы уақыт аралығында райынан қайтып, әйелімен татуласып, әлі де отбасын сақтап қалу жолын таңдар деген үміт. Ибн Әби Шәйбәнің «әл-Мусаннәф» атты кітабында келтірілген риуаятта сахабалардың да талақ етудің осы тәсілін артық көретіндігі Ибраһим ән-Нәхаъи тарапынан риуаят етілген.
Әхсан талақ мына талаптарға мән берілгенде жүзеге асады:
Хайыз немесе нифастан тазарған болуы тиіс (хайыз не нифас кезінде талақ ету күнә).
Сол таза уақытында жыныстық қатынасқа түспеген болу керек. Жыныстық қатынасқа түскен болса, келесі хайыздан тазарғанша талақ айтпағаны дұрыс. Себебі жыныстық қатынасқа түсіп қойған тазалық күндері әйелін талақ ету күнә.
Талақ сөзін бір рет айтады да, үш хайыз келу уақыты бойы онымен жақындаспайды. Бірақ бұл талақ «рижғи талақ» болғандықтан, осы үш хайыз уақыты толық бітпейінше некелері сол қалпында сақталады және үш хайыз ішінде ері райынан қайтып, әйелімен қайта татуласуына құқылы.
Татуласу – әйеліне «мен райымнан қайттым», «сөзімді қайтарып алдым», «сенімен ажыраспаймын», «сені қайтардым», т.б. деп айту сияқты сөз жүзінде немесе оны (әйелін) махаббатпен сүю, аймалау, т.б. әрекеттері арқылы іс жүзінде жүзеге асады.
Тағы айта кету керек, мұнда үш хайыз келу уақыты өткенше райынан қайтпаған болса, «кіші байын талақпен» (жоғарыда тоқталдық) неке бұзылады. Әйелімен қайта қосылғысы келсе, әйелдің ризалығымен, жаңадан мәһр беріп, некелерін жаңартады.
2. Хасан талақ:
Шариғатта көрсетілген талақ ету жолының екіншісі – хасан талақ. Мұны «сүннет талақ» деп те атайды. Мұнда да жоғарыда айтып өткен шарттар қарастырылады (ахсан талағының шарттары). Тек бір айырмашылығы бар, бұл ажырасу тәсілінде ер кісі өзіне берілген үш талақ ету құқын, үш хайыздан кейінгі үш тазалық уақытына бөліп-бөліп айтады.
Мысалы, ері әйелінің етеккірден тазарған уақытында, онымен жыныстық қатынасқа түспей «мен сені талақ еттім» деп бір рет ашық талақ сөзін айтады да, келесі хайызды күтеді. Хайыз келіп, сол хайыздан тазарғаннан кейін жыныстық қатынасқа түспестен тағы солай екінші рет талақ етеді де екінші хайызды (қатынасқа түспестен) күтеді. Екінші хайыздан тазарғаннан кейін үшінші талағын айтады. Бұдан кейін әйелі иддет мерзімі ретінде бір ғана хайыз уақытын күтеді. Себебі алдында екі хайыз уақыты өтті.
Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «…Талақ екі рет (болса), онда не туралықпен ұстау немесе (үшінші талақ айтып) жақсылықпен ажырасу керек», – дей келе бөліп айтуды меңзесе, Талақ сүресінде: «Ей Пайғамбар! Қашан әйелдеріңді талақ қылсаңдар, онда оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар және сол мерзімді есептеңдер», – делінген.
Сондай-ақ Нәсәидің хадис жинағында келтірілген бір хадисте сахаба Абдулла: «(Талақ әс-сүннә) пайғамбарымыздың үйреткен талақ түрі мынадай – ері өз әйелін (етеккірден) таза кезінде, жыныстық қатынасқа түспей бір рет талақ етеді. Кейін тағы бір етеккір көріп, одан тазарғаннан кейін (екінші рет) талақ етеді. Тағы бір етеккірі келіп одан тазарғаннан кейін (үшінші рет) талақ етеді. Одан кейін (қосымша) бір хайыз мерзім күтеді», – деген.
Ажырасудың бұл тәсілі – отбасында ұрыс-керіс өршіп, ерлі-зайыптылық міндеттемелер орындалмай, үйден береке кеткен кезде қолайлы. Өйткені, кейде әйелі отаналық міндеттемелерді орындамай өз еріне қарсы шығып жүргенімен, отағасы оны іштей қимауы мүмкін, бірақ ажыраспауға да шара жоқ. Осындай жағдайларда, талақты бөліп айту арқылы, өзін біртін-біртін дағдыландыруға тырысады, қимастық сезімі басым түскен жағдайда, қайта татуласуға мүмкіндік бар.
Мұны да, «рижғи талақ» қатарына жатқызамыз. Яғни алдыңғы айтылған екі талақта арадағы неке бұзылмайтындықтан, райынан қайтып, қайта татуласуына құқылы. Неке жаңартылмайды және әйелінің ризалығы шарт емес, себебі әйелі әлі ол кісінің некесінде болып қала бермек.
Бірақ одан кейін үшінші рет талақ етер болса, арадағы неке «үлкен байын талақпен» бұзылады. Бұдан кейін әйелі өзге ерге тұрмысқа шығып, одан ажыраспайынша, алдыңғы ері оны қайта некесіне ала алмайды. Бұл жайында Құранда: «Егер (үшіншісінде) талақ еткен болса, басқа ерге тұрмысқа шықпайынша (және кейін одан ажыраспайынша), оған ол әйел адал емес», – делінген.
3. Бидғи талақ. Бұл – ислам үйреткен ажырасу тәсіліне кереғар. Ханафи мазһабында талақтың осы түрін қолданған кісі күнә істеген болып есептеледі, бірақ талағы іс жүзіне асады.
Бидғи талаққа мыналар жатады:
˗ Әйелін хайыз кезінде талақ ету. Хайыз кезінде талақ ету – күнә. Бұл кезде талақ еткен кісі, еткен талағын қайтарып, келесі хайыздан тазарған уақытын күткені абзал. Содан кейін қаласа талақ етеді, қаламаса етпейді. Бұл – Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің тұжырымдары. Себебі Муслимнің хадис жинағында келтірілген хадисте әйелін хайыз кезінде талақ еткен сахаба Абдулла ибн Омарға Алла елшісі: «Еткен талағын қайта алсын (әйелін қайтарсын)! Осы хайызы тоқтап, келесі хайызынан тазарған уақытына дейін күтсін. Сол кезде қаласа некесінде ұстайды, қаламаса талақ етер», – деп бұйырады;
˗ Хайыздан тазарған уақытта, әйелімен жыныстық қатынасқа түсіп, сол тазалық ішінде оны талақ ету;
˗ Бір сәтте үш талақпен талақ ету. Бір мезетте үш талақпен талақ етудің күнә екеніне қатысты Сахих Муслимде көрсетілген риуаятта Абдулла ибн Омар: «…бір мезетте үш талақпен талақ еткен болсаң, арадағы некелерін бұзылды деген сөз. Сен басқа біреуге тұрмысқа шықпайынша (және одан ажырамайынша) онымен некелесе алмайсың. Бұл әрекетің Раббыңның бұйырығына қарсы. (Оның көрсеткен) Әйеліңді талақ ету жолына теріс», – деген;
˗ Бір тазылық уақытында бірнеше рет талақ айту.
Қорытындылай келе айтарымыз, дінімізде талақ ету құқы – тікелей отағасына тән, әйел кісі кей жағдайларда ғана ажырасуды талап ете алғанымен, оған тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмеген. Бұл – әйел затының нәзік табиғатын әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек. Әйтсе де, жоғарыда айтылғанда мұсылманға «ажырасу» ең соңғы шешім болуы тиіс, одан бұрын татуласу жолдарын қолданып көруі шарт. Ажырасуға бел буған болса, жөн-жосықсыз талақ айта салмай, сүннетке сай, шариғаттың үйреткен жолымен жасауды бұйырады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Құран Кәрім. Қазақша мағынасы мен түсінігі. Ауд.: Халиф Алтай. –Мәдина, 1991.
2. Мұхаммед Шамс әл-Хақ. Сунан Әби Дәуд фи Китабут-Талақ. –Каир: «Дар әл-Фикр» баспасы, 1995.
3. Абдул-Уаһаб Хәләф. Әхкәм әл-әхуәл әш-шахсия фи әш-шариға әл-исламия. –Каир, 1990.
4. Абдулла ибн Мұхаммед ибн Әби Шәйба. әл-Мусаннаф. –Каир: «Дар әл-Фикр» баспасы, 1994.
5. Абдур-Рахман әл-Жазири. Әл-фиқһ ала әл-мәзәһиб әл-арбаға. –Каир: «Дар әл-Кутуб әл-илмия» баспасы, 2003.
6. Абдулла ибн Махмуд ибн Маудуд. Әл-Ихтияр. –Каир, 2006-2007.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *