ХАФИЗ ӘД-ДИН ӘЛ-КЕРДЕРИ ӘЛ-БАЗЗАЗИДІҢ ӨМІРІ МЕН ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ

Сейдмұхаммед АБДУНАИМ,
Нұр-Мүбарак университетінің докторанты

ХАФИЗ ӘД-ДИН ӘЛ-КЕРДЕРИ ӘЛ-БАЗЗАЗИДІҢ ӨМІРІ МЕН ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ

Есімі мен шыққан тегі
Арғы тегі Хорезмге қарасты Кердер деген мекеннен шыққан Баззази Алтын Орда мемлекетінің астанасы болған Сарай қаласында өмір сүрген. Дерек көздерінде өмір сүрген ортасы және қай жерлерді мекендегені туралы толық және нақты, жан-жақты мәлімет берілмеген. Әйтсе де, осы күнге жеткен қолымызда бар деректерге сүйене отырып, Баззази туралы төмендегі жайттарды айқындадық.
Оның толық аты-жөні: Мұхаммед, кей еңбектерде Хафизуддин Мұхаммед б. Шихаб б. Юсуф Кердері әл-Харезми Баззази деп көрсетілген. Кейбір дереккөздерінде тегі әл-Берикини деп жазылған. Әйтсе де, бұл ат әл-Кердери деген атпен танылған Әбуль-Уәжб Шәмсуддин Мухаммад әл-Кердеридің(642-1244) шыққан тегіне тән болса керек [2].
Баззази Кердери бүкіл саналы ғұмырын Хорезмде өткізгендіктен, ол Хорезми деген атпен көбірек танылған.
Оның ата-тегі Мухаммед ибн Мухаммед әл-Баззази деп көрсетілгенімен, жазба деректерде бұған қосымша өзге де аттарын кездестіруге болды. Ол Баззази немесе Ибнуль Баззази деген атпен көпшілікке белгілі болған [3].
Дүниеге келуі
Кердери деген тегіне қарап, Баззазидің Хорезмде өмір сүргендігі жайында жорамал жасалғанымен, оның дәл Хорезмде дүниеге келгені жайында әлі күнге дейін нақты мағлұмат жоқ. Даңқты шығыстанушы Карль Брокельман «Араб әдебиетінің тарихы» атты еңбегінде ән-Нұғман Әбу Ханифаның (699 – 767) шәкірті болған Мұхаммед ибн әл-Хасан аш-Шайбани (804 ж.қ.б.) ғалым жайлы айта келе, оның «әл-Джамиғ әл-Кабир» атты еңбегіне түсіндірме жасаушылар қатарында Мұхаммед б. Шихаб б. Юсуф Кердері Баззази деген ғалымды атайды да, оны 1424 жылы дүниеден өтті деп жазады [4]. Ал көрнекті шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі «Қазақ даласының жұлдыздары» атты сүбелі шығармасында Мұхаммед б. Шихаб б. Юсуф Кердері Баззазидің «Джамиғ әл-уаджиз» атты еңбегінің бір нұсқасы Ташкенттің Қолжазба институтында сақтаулы екенін айта келе, оның шұға сатушының отбасында дүниеге келіп, 1424 жылы Түркияда қайтыс болғанын айтады [5]. Сонымен бірге, Мұхаммед б. Шихаб б. Юсуф Кердері Баззазидің өмірі жайлы 1986 жылы Ыстамбұлда «Купирулы кітапханасындағы қолжазбалардың катологі» деген атпен доктор Рамазан шешен мен Джауад Изги Джамил Акпинар шығарған еңбекте де мағлұматтар бар [6].
Өмір сүрген ортасы
Баззази Кердер деген жердің тумасы болғанымен, оның атамекені – Алтын Орда мемлекетінің астанасы болған Сарайшық қаласы. Тарихтың дәл тоғысқан тұсында пайда болған бұл қала Баззази өмір сүрген кезеңдерде түркі тектестердің мекені болған. Біз оның түркі тегінен шыққандығы жайында нақты мәлімет таппасақ та, сол тұста өмір сүрген Баззазидың замандасы болған, тіпті, Кердерден Сарайшыққа қоныс аударған «Нәджул – Фарадустың» авторы Махмут ибн Әли (1360) өз шығармасын Хорезм түркішесімен жазғанына қарап, Баззази түркі тектес болған деген жорамалға тоқтадық.
Баззази өмірінің басым бөлігін Сарайшық қаласында өткізген. Арасында Қырым мен Болгарияға барып, онда біраз ғалымдармен араласып, Сарайшыққа қайтып келген. Сол кезеңде өз елінде орын алған түрлі қоғамдық қақтығыстардың әсерінен Анадолыға барып, Османлы мемлекетінің бетке ұстар, ең мықты ғұламасы болған Молла Фенаримен кездесіп, түрлі тақырыптарда пікірталастырған[7].
Баззазидің өмірінде тікелей және жанама рөлге ие болған қалалар мен мекендерді айтар болсақ, төмендегі мәліметтерге тоқталуға тура келеді.
Кердер
Кердер – Баззазидің Хорезми деген атты иеленуіне себеп болған Хорезмнің шекарасында орналасқан елді мекен. Бұл жер батысы мен солтүстігінде түркілердің жерімен, оңтүстігі Хорасанмен, шығысы Мауереннаһрмен шектескен. Бұл шекара ислам географиясында тараптардың ортақ келісімімен бөлінсе де, әлі күнге дейін аталған ауданның (Хорезм ауданы) қамтыған алаңына қатысты географ ғалымдардың арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүр[8].
Сонымен қатар Баззазидің Кердери тегін алуына себеп болған Кердер сөзі болса, тарихи дереккөздерінде Хорезмге қарасты бір қала немесе ауылдың атауы деп көрсетілген.
Кердердің тұрғындары ол кездері хорезм және түркі тілінен бөлек жергілікті тілде сөйлесетін болған. Хорезм Сырдария мен Әмудария өзендерінің жағасында орналасқандықтан, халық судан еш таршылық көрмей, Хорезмнен Кердерге дейінгі аралықты сумен қамтамасыз ететін каналға ие болған.
Якут әл-Хамауи Кердер жайында берген мағлұматында: Хорезмге қарасты көптеген ауыл-аймақтың болғанын және аталған жерде мал басының көп болғандығын алға тартады. Сондай-ақ әл-Хамауи Иран дереккөздеріне сүйене отырып, Мәлік Африасия патшаның өз қазына-байлығын Кердердің жоғарғы жағында орналасқан, Хорезмдегі теңіздің қақ ортасына тұспа-тұс келетін бір жерге көмгенін және ол қазынаны Абрауз ибн Хурмуз кезеңіне дейін ешкім қолға түсіре алмағандығын жазған. Қазына-байлықты тауып алған Абрауз болса, тапқан байлығының көптігі соншалық, он екі жыл қатарынан әлгі қазынаны он түйеге артып тасып тауыса алмаған деген аңызға ұқсас мәліметтер жеткізген[9].
Сарайшық
Бату хан негізін салған Сарайшық қаласы Алтын Орда мемлекетінің астанасы болғандықтан, қаланың екінші аты Таһт-Или деген атауға да ие болған. Берке хан мұсылмандықты қабылдаған соң, (1255–1266) Алтын Орданың астанасы геосаяси тұрғыда қауіпсіз әрі ыңғайлы жерге көшіріліп, Сарай Берке деген атқа ие болды[10].
Берке хан өз елінде ислам дінін дамыту мақсатымен, өзге ислам мемлекеттерінен исламтанушы ғалымдарды алдыртып, мешіт мен медреселер салғызды. Олардың құрылысы үшін арнайы қаражат бөліп, қаражат қорларын ашты[11].
Ғұламалардың басым бөлігі Хорезм, Бұқара және Мысырдан келді. Олар ислам дінінің кең етек жаюы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халықтың сауатын ашуға атсалысты[12].
Беркенің немерелері де осы дін жолын ұстанғандықтан, Дешті Қыпшақ даласында ислам діні жан-жақты қолдауға ие болып, дамып, кең қанат жайды. Ислам ғұламалары да халық тарапынан ерекше ілтипат пен сый-құрметке ие бола бастады[13].
Өзбек хан (1312 – 1341) тұсында мемлекеттің астанасы болған Сарай Берке қаласы Хорезм, Мажарстан, Қырым, Кефе, Азак сынды сол кезеңнің ең көрікті деген қалаларымен иық тіресе алатындай дәрежеге жетіп, сәулетімен жер-жаһанды мойындата бастады[14]. Сол кезеңнің саяхатшыларының қалдырған мәліметтері мен ХІХ ғасырда қала орнынан жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде бізге жеткен мәліметтерге жүгінер болсақ, қаланың шын мәнінде, өз дәуірінің көркем шаһары болғандығына көз жеткізе түсеміз.
Өз дәуірінің куәгері болған Абдуррахман әл-Хорезмидің айтқандарын бізге жеткізуші әл-Омари Сарайшық қаласын былайша сипаттаған. Қалада арнайы қоймалар, базарлар, монша, мешіттер жұмыс істеген. Қаланың дәл іргесінде ағып жатқан Еділ өзені Ніл өзенінен үш есе үлкен болғанын және аталған өзеннің қаланы екіге бөліп ағып жататындығын, оны қала жұртшылығы түрлі мақсатта өз кәдделеріне жаратып, қолданғаны жайында мәліметтер қалдырған (Якут әл-Хамауи, Муджәмул булдан, Тасһиһ: Мухаммед Әмин Ханджы, Мысыр: Матбаа-и саадат, VІІ,236).
Сонымен қатар 1333 жылы Сарайшықты біраз уақыт мекендеген Ибн Баттута қаланы өте үлкен, әрдайым ығы-жығы халық, көп адамның мекеніне айналған жер деп көрсетеді (Ол кездегі қаланың халқының саны шамамен жүз мыңның үстінде болғандығы жайлы мағлұмат бар). Көшелері кең, үйлері бір-біріне тығыз, иықтаса орналасқан.
Жұма намазына арнайы салынған үлкен мешіттен басқа да көптеген діни ғибадатханалары бар, бірнеше діни көзқарас өкілдерін алаламай, бауырына басқан сәулеті келіскен қала болған. Қала халқының арасында моғолдар, астар, қыпшақтар, шеркездер, орыстар және византиялықтар сынды түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті түсіністікте күн кешкен [15].
Сарайшық қаласында мұсылмандар шафиилер мен ханафи мазһабында болғанына қарағанда, қалада екі мазһабты да үйрететін ғұламалар мекен еткен деген тұжырымдар айтылған [16].
Сарайшық Берке қаласының маңында Терещенконың жасаған қазба жұмыстарының нәтижесінен қалада құрылыс, сауда-саттық, өндіріс, халықаралық деңгейде сауда орталығы болып, көркімен талайды тамсандырған жер болғандығына көз жеткіземіз [17]. Қаланың бұл көркі Баззази өмір сүрген 1391 жылы Ақсақ Темірдің Дешті Қыпшақ даласына сапарға шығып, жолында кездескен қалаларды қиратып, жоқ еткенге дейін сақталған. Кейіннен Алтын Орда мемлекетінің құлдырай бастаған тұсында Сарайшық қаласы өзінің бұрыңғы көркінен айырылды [18].
920 – 930 жылдары Алмас ханның тұсында ислам дінін қабылдаған Идиль-Болгар мемлекетінің ең маңызды орталықтарының бірі болған Булгар қаласы әрдайым Батыс мемлекеттерінен келген саудагерлердің ат басын бұрып кететін жері болған.
XIII және XIV ғасырлар, Сарайшық мәдениет мен экономиканың орталығына айналды. Бұл XV ғасырға дейін жалғасын тапты. ХV ғасырдан бастап қала біртіндеп бұрынғы саяси және экономикалық құндылығын жоғалта бастаған [19].
Түрік Ислам мемлекеті ретінде тарихта аты қалған Идиль-Болгар мемлекетінің маңызды қаласы, ол Кама мен Еділ өзен тоғысқан жерінен 100 шақырым, оңтүстігінде Еділ өзенінен 6,5 шақырым қашықтықта бой көтерген [20].
IX ғасырда көптеген мектеп – медреселер ашылған Булгар қаласы мұнымен қоса, металл, қымбат тастар мен алтын-күмістен әшекей бұйымдарын жасап шығаруда атағы шыққан ең алдыңғы қатарлы танымал қалалардың бірі болған [21].
Сонымен қатар қала тұрғындары егіншілікпен, аң аулаумен, омарташылықпен, балық аулаумен, орманшылықпен және жеміс-жидек егумен айналысқан, тері өңдеу саласында да жетістіктерге жеткен [22].
XIII ғасырдан кейін Алтын Орда мемлекетінің құрамында болған Идиль — Булгар қаласы өзінің бар жетістігінен жұрдай болды [23].
Қырым
Алтын Орда мемлекетінің тарихта өз үстемдігін жүргізіп тұрған кезеңдерде құрылған Қырым қаласы да Сарайшық пен Булгар қалалары сынды дамыған, көркі мен сәулеті келіскен қалалардың қатарынан орын алған [24].
Қырымың сауда-саттық пен тауарды транзит жасайтын айлақтары Батыс пен Шығыстың арасындағы байланыс көпірі міндетін атқарған. Алтын Орданың сырт елдермен байланысын жүзеге асыратын қала болғандықтан, мемлекет тарапынан бұл қаланың басқару жүйесіне де қатты көңіл бөлінетін болған.
Қырым қаласы 1438 жылға дейін Алтын Орда мемлекетінің облыс орталығы болып келді. Ақсақ Темірдің Дешті Қыпшақ жорығынан соң хандықтардың орталығы ретінде тарихтан өз орнын белгіледі [25].
Баззази өмір сүрген қалалардың ортақ ерекшеліктері
Мәліметтерден байқағанымыздай, Баззази өмір сүрген Сарайшық, Булгар және Қырым қалалары – Алтын Орда мемлекетінің ең дамыған, сауда-саттық саласында үлкен жетістіктерге жеткен, тарихтан орындарын ойып тұрып алған шаһарлар. Өз елінің ең маңызды қалаларында түрлі ғылыми басқосуларға қатысып, туған қалаларының дамуы мен өркендеуіне куә болған Баззази кейіннен Ақсақ Темірдің жорығынан соң, аталған қалалардың құлдырауына да куә болады.
Баззази бір дәуірде өмір сүрген, жасаған қиянаттарына куә болған Ақсақ Темір жайында өзге ғалымдар сияқты пәтуа берген болуы әбден мүмкін [26].
Саяси өмірі
Баззазидің нақты туған күнін білмесек те, оның қайтыс болған уақытына қарап, шамамен, VІІІ (ХІV) ғасырдың екінші жартысы мен ІХ (ХV) ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген болуы мүмкін деп жорамалдаймыз. Ол өмір сүрген кезең Алтын Орда мемлекетінің әлсіреп, құлдыраған кезімен тұспа-тұс келеді.
Біз оның туған жылын (шамамен ) 1350 жыл деп алып қарап, сол кезеңнің оқиғаларына көз жүгірткенімізде, осы жылдарда мемлекетте түрлі салықтар салына бастағандығын, қарапайым халық бұл жағдайға көңіл толмайтындықтарын, Қырым мен Булгар сынды мәдени дамыған қалалардың тұрғындары сол кездегі басқару жүйесіне наразы болғандарын байқаймыз [27].
1360 жылдан кейін шамамен, он жылдай жалғасқан құлдырау кезеңінде болса, Баззази өмір сүрген Сарайшық қаласы үлкен хаосты басынан өткеріп, көптеген қызметкерлер қаланы тастап, басқа жаққа көшіп, хандар жиі ауысқандығын байқаймыз. Тіпті, хандардың жиі ауыса бергендігіне халықтың да көзі үйреніп, үйреншікті жағдайға айналған. Хандар ең көп дегенде бес апта елді басқарған соң, қаладан кетуге мәжбүр болған. Бұл жайт қаланың тұрғындарына кері әсерін тигізген болуы мүмкін [28].
Сөз жоқ, ол кезеңде мемлекет пен оның астанасына әсер еткен оқиға – Ақсақ Темірдің Дешті Қыпшақ даласына жасаған жорығы болды. 1391 жылы болған алғашқы жорықта-ақ, Сарайшықтан бастап, ең үлкен деген қалалары құлдыраудың алғашқы кезеңін басынан өткерген болатын. Ақсақ Темірдің тегеурініне төтеп бере алмаған қалалар бұрынғы бет-бейнесін біртіндеп жоғалта бастады. Артынша 1395 жылғы екінші Дешті Қыпшақ жорығынан соң, Алтын Орда мемлекеті түгелімен жоқ болудың сәл-ақ алдында тұр. Бұл екінші жорықта Ақсақ Темір Сарайшықты өртеп,қаланың басым бөлігінің күлі көкке ұшты [29].
Ақсақ Темірдің шабуылынан кейінгі кезеңдерде Алтын Орда мемлекеті құлдырап, хандар өте жиі ауысқандығы соншалық, Баззазидің өмір сүрген кезеңінде (1357-1424) жылдар аралығында 33 хан сайланып, 30-ы тақтан кеткен. Бұған қарап, біз Баззази өмір сүрген тұстағы қоғамдық бет-бейнені көруге мүмкіндік аламыз.
Ақыр соңында, 1502 жылы Қырым ханы Менгли Герай Алтынорда мемлекетінің астанасы – Сарайшықты ресми түрде қол астына алған соң, Алтын Орда мемлекеті өз күшін жойды. Қалай десек те, Алтын Орда хандығы тарихта өз бағасын алып үлгерген еді.

Ғылымдағы өмірі
Баззази өмір сүрген кезеңді ислам құқық тарихының негізінде қарастыратын болсақ, бұл кезде мазһабтардың негізі қаланып, исламтанушы ғұламалардың бұқара халық тарапынан мойындалып және бұрыннан жарық көрген діни шығармаларға сол кезеңде өмір сүрген ғұламалар шарх және ихтисар бойынша зерттеулер жүргізгендіктеріне көз жеткіземіз. Ислам құқық тарихшылары тұрғысынан алғанда, аталмыш кезеңде негізінен ескі діни шығармалардың зерттелуіне көп мән берілгендіктен, ол кезең ислам құқығы саласында тоқырау кезеңі болып саналады. Ислам құқығы саласының тоқырау кезеңін Шыңғыс ханның немересі – Хулагуның аббаситтердің астанасы – Бағдат қаласын жаулап алып, барлық тарихи құндылықтарды өртеп, жоюынан бастау алып (656–1258) Межелле деген жерге барғанға дейінгі аралықты қамтиды деп есептелген. Әйтсе де, бұл тоқырау кезеңінің басталуынан (Баззазидің өмір сүрген хижра жыл санауы бойынша VIII ғасырдың екінші жартысы мен IX ғасырдың алғашқы жартысын қамтыған) хижра Х ғасырға дейінгі кезең келесі кезеңмен (хижра Х ғасырдан кейінгі кезең) салыстырғанда өзіндік келбетке ие болып, бұл кезеңде (хижра Х ғасырға дейінгі кезең) өмір сүрген ғұламалардың қандай да бір көзқарастарын ашық айтып, еркін сөйлеп, өз пікірлерін ортаға сала алатын деңгейге жеткендіктеріне баса назар аударуға тұрарлық. Хижра жыл санауы бойынша Х ғасырдан кейін мұндай еркіндік бола қоймаған, қандай да бір ғалымның өзінен бұрынғы ғылыми тұжырымдамаларға екшеп қарауы, пікір білдіруі қоғам тарапынан қолдау таппаған, тіпті, ескертулер айтылған [31].
Бұл тоқырау кезеңін қамтыған уақыт аралығына зер салып қарағанда, сол кездегі саяси текетірестер әсерінен бұрынғыға қарағанда ислам әлемінің географиясының кеңейе түсуімен, ислам ғұламаларының арасында байланыстың сиреп, соның салдарынан ислами дереккөздерін қамтыған әдебиеттердің қолжетімсіз болғанын байқаймыз [32].
Сондай-ақ аталған кезеңге талдау жасағанда, бұрыннан зерттеліп, жазылған дайын әдебиеттердің болуы және шежірелік ретпен өздерінің дәуіріне дейінгі аралықта мазһабтардың алғашқы имамдарының көзқарастары жүйеленіп қойған себепті, ол кезеңнің ғұламаларының жазған шығармалары алғашқы жазылған салаф кітаптарын талдаумен, сол кітаптардың түсіндірмелерін жазумен ғана шектелген. Және сол кезеңнің ғұламаларының білім деңгейлері де аталған кітаптарға берген талдаулары мен түсініктемелеріне қарай өлшенген [33].
Одан бұрынғы дәуірлерде де көптеген ихтисар еңбектері жарық көрсе де, дәл осы кезеңде ихтисар (қысқартылған) саласындағы зерттеулер өте жоғары деңгейге жеткен. Бұл еңбектерді түсіну оңайға соқпайтын болғандықтан, оны түсінуге көмектесетін шархтер мен таликтер көптеп жазыла бастаған [34].
Әрине, белгілі бір деңгейде ихтисар зерттеулерінің көптігі сол кезеңдегі жаттап оқу әдісінің өте маңызды рөл атқарғандығы және оны жеңілдету үшін қажеттіліктен туындаған шығармалардың мейлінше қысқа жазылуы қажет болғандығы да назардан тыс қалмауы тиіс.
Бұл кезеңнің көзге ұратын тағы бір ерекшелігі – ижтиһад есігінің жабылуы деген еркін түсініктің пайда болып және бұған балама ретінде қолдан келгенінше мазһабтың негізгі ұстанымына зарар тигізбей, әлдеқандай сұрақ туындаған мәселелер бола қалған жағдайда хиле мен тевилдің жиілеп кетуі. Бұл шери хиле мен тевилге адамдардың көп баруы күнделікті өмірдің қажеттіліктерімен қатар туындаған мәселелердің түрлі шешім жолдарын табу үшін ойластырылған шара деген анықтама беруге болады [35].
Дегенмен, бұл кезеңде адамдардың шектеусіз қалған кездерінде хиле мен тевилерді іске асырғандарына қарап, оған еш тоқтам болмаған деп ойлау да дұрыс емес. Егер әлдеқандай жағдайда шешім ретінде бір ислам ғалымы тарапынан ұсынылған шери хиле немесе тевил жолы екінші бір ғұлама тарапынан сынға ұшыраған жағдайда, әлгі қарсы шыққан ғұламаның өзіне қарсылық көрсетілетін болған. Осы мәселеге қатысты ислам тарихында жазылған қарсы пікірлер де сол кезеңдегі ғұламалар арасындағы алауыздықтан хабар береді. Бұл кезеңнің тағы бір маңызды ерекшелігінің бірі – бір жартысы сұрақ-жауап, екінші жартысы тек жауаптардан тұратын және классикалық фикһ кітабының үлгісінде түрлі сауалдарға жауап беретін пәтуа кітаптарының жарыққа шығуы. Пәтуа кітаптары қоғамда туындаған түрлі мәселерге қатысты қандай да бір үкімнің қабылдауы кезіндегі қиыншылықтардың жеңілдеуіне оң ықпалын тигізді. Сонымен қатар ресми билік орындарында да осы кітаптардағы пәтуалардың жүзеге асуы және күнделікті қолданысқа енгізілуі жағынан қадағаланып, қоғамда туындаған көптеген мәселелердің мейлінше тез шешім табуына үлесін қосты [36].
Аталған кезеңнің басқа да ерекшеліктерінің бірі – Хилаф ғылымына жататын шығармалардың көптеп жарыққа шығып, халықтың ықыласының сол кітаптарға ауысуы және қандай да ерекше түпнұсқа шығармалардың жазылмауы [37].
Бұл кезеңге қатысты айтылатын тағы бір ең маңызды ерекшелік – адамдардың бойында еліктеушіліктің пайда болуы [38].
Бұл сын пікірді жоғарыда атап өткен сол кездегі адамдардың менталитеті тұрғысынан қарастырсақ, еліктеушілік қасиеттің сол кезеңінің ғұламасы тарапынан мәртебе саналатынын және кейбір жайттарды есептемегенде адамдардың еліктеуге бейім болғандықтарын көреміз. Саяси жағын айтар болсақ, мемлекеттік тұрғыда да басқаларға еліктеу арқылы кейбір мәселелердің оң шешімін табуға болатындығын алға тартады.
Бұл кезеңнің жалпы ерекшеліктерін айта отырып, зерттеу жұмысының бірден-бір обьектісі болған Баззазиді қарастырар болсақ, төмендегілерді айта аламыз:
Баззази – ғылыми ізденістер үшін Қырым және Булгар қалаларына барып, одан Анадолыға сапар шегіп, тіпті, барлық ғылыми дереккөздерінде көрсетілгендей, Молда Фенаридің өзімен ғылыми пікірталасқа түсіп, екеуі жиған-терген ілімдерімен пікір алысқан. Бұл тұрғыдан алғанда, Баззази өз дәуірінің басты ерекшелігі саналған «Ғұламалар арасындағы байланыстың» үзілуіне қарсы шығып, сол кезеңнің ұстанымдарына бағынбаған ғұламаның бейнесін сомдаған [39].
Баззази әсіресе, патуасымен ерекше көзге түскен шығарманың авторы. Кітаптағы кейбір тақырыпшалар кейіннен жеке рисале шығармаларының тақырыбына айналған және кейіннен жарық көрген көптеген фикһ кітаптарына да әсер еткен [40].
Баззази ижтихад пен тақлид мәселесінде өз көзқарасын («әл-Фатауа әл-Баззазия» деген кітабында) «өзі өмір сүріп отырған қоғамда бірде-бір мужтаһид қалмады» деген пікірі арқылы білдірген [41].

Баззази – ғылыми пікірталас жасаған ғұлама
Баззазидің ғылымға бастау алар жолы ең алдымен, әкесінің көрсетуімен басталған. Әкесі – Мухаммед ибн Юсуф ибн Омар әл-Кердери. Ол «Хидайа шарихи Жалаллиддин» әл-Құрани бойынша діни білім алып, сауатын ашқан, фури, усул, ақли және нақли ілімдерді тереңнен меңгерген ғұлама ретінде өзін мойындатқан өте сауатты адам болған [42].
Баззазидің әкесінен басқа ғылыми орталарда бірге болған ғұламаларды айтар болсақ, олар: 1. Ибну Дәйри, Әбу Саадат Саадудин Саад б. Мухаммед б. Абдуллах Мухаммед б. Абдуллаһ б. Саад б. Әбубәкір ен-Наблуси әл-Макдиси [43], Әбу Саадат (768/1366- 867/1463).
Фикһ, Усул, және арабша ғылымдарды әкесі Шамсуддин ибн әд-Даури, Хамидуддин ар-Руми, Мухиббуль-Фаси және Әбу ибн Алаи сияқты өз дәуірінің бетке ұстар ғұламаларынан дәріс алған. Баззазимен ғылыми достастықта болған [44]. Каирға бірнеше барып, келгеннен кейін сол жерге орналасты. Фикһ және тәпсір саласында танымал ғалым болған. Өзі Шамсуддин Сехави, Абдулькадир б. Абдуррахман б. Абдульварис сынды ғұламаларға ұстаздық еткен.

Қорытынды
Жоғарыда айтып өткеніміздей Мұхаммед б. Шихаб б. Юсуф Кердері Баззази Хасан аш-Шайбанидің «әл-Джамиғ әл-Кабир» атты еңбегіне түсіндірме жасаған. Одан басқа Ташкенттің Қолжазба институтында «Джамиғ әл-уаджиз» атты еңбегінің бір нұсқасы сақталған. Оның фикһ ғылымы үшін ең басты шығармасы «әл-Фатауи әл-Баззазия» атты көлемді шығармасы болып табылады. Бұдан өзге «Манакиб Әбу Ханифа» және «Масайл» атты шығармалары да бар. Осы еңбектерді талдай келе біздің түсінгеніміз Мұхаммед б. Шихаб б. Юсуф Кердері Баззази Ханафия мазһабының өкілі һәм осы мазһабтың фикһ ғылымының дамуына үлес қосқан ғұлама болып саналады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Шамшаддин Мұхаммед ибн Абдурахман ас-Сахаби. Әд-Дабул-Лами ли ахли-Карнит таси. –Каир.
2. Худейетул-Арифин. ІІ, 185 б.
3. Ләкнәуи. әл-Фәуәидуа-бәһия. 187.
4. Брокельман К. Араб әдебиетінің тарихы. –Веймар, 1898. –І том, 171-172-б.
5. Әбсаттар Дербісәлі. Қазақ даласының жұлдыздары. –Алматы, 1995. -167 б.
6. Фихрист махтутат мактаба Купирули. Әл-Муджаллад әл-аууал. –Ыстамбұл, 1986. -321-322-б.
7. Ибнул-Имад, Шажаратуз-Захаб, VII, 183
8. Афад Сейд Сафре. Ат-Тарихус-сияси лид-дәуләтил һабаризмие. –Каир.
9. Несими Языжы. Илк турк девлетлер тарихы. –Анкара.
10. Шешен. Ислам географиясына гөре турклер ве турк илкелери. 144-б.
11. Шешен. Ислам географиясына гөре турклер ве турк илкелери. 224-б.
12. Якут әл-Хамави. Мужемул Булдан. Тасхих.
13. Октай Асланапа. Санати, тарихи, әдебиеті, музикасы. Кырым –Анкара.
14. Зәки Валиди Тоған. Түрк ве татар тарихы. –Казан: Миллет кітапханасы, 1912.
15. Мустафа капалы. Алтын орда ханлығының курулуш ве иукселиш девирлери. –Ыстамбұл, 1976. -149-б.
16. М.М. Ремзи. Телфикул акбар ве телхукил асар фи вакаи казан ве булгар ве муликут татар.
17. Зәки Валиди Тоған. Түрк ве татар тарихы. –Казан: Миллет кітапханасы, 1912. -154 б.
18. А.Якубовский. Алтын Орунун шөкушу. –Анкара. 1976. -123-б.
19. Зәки Валиди Тоған. Түрк ве татар тарихы. –Казан: Миллет кітапханасы, 1912.
20. А.Якубовский. Алтын Ордунун чөкушу. –Анкара, 1976. -123-б.
21. Мустафа капалы. Алтын орда ханлығының курулуш ве иукселиг девирлери. –Ыстамбұл, 1976. -149 б.
22. Рафаел Мирғасымулы Велиев. Жемил Абдурахманулу Мухамедшин. Вуиук Болгар: Болгар-Татар иугарлуғунын аныты.
23. Несими Языжы. Илк турк девлетлер тарихы. –Анкара.
24. Еврар Керумуллин. Татарлар: исиминиз ве кимлигиниз. –Измир, 1998.
25. Рафаел Мирғасымулы Велиев. Жемил Абдурахманулу Мухамедшин. Вуиук Болгар: Болгар-Татар иугарлуғунын аныты.
26. Несими Языжы. Илк турк девлетлер тарихы. –Анкара.
27. А.Якубовский. Алтын Ордунун чөкушу. –Анкара, 1976. -123б.
28. Октай Асланапа. Санати, тарихи, әдебиеті, музикасы. Кырым –Анкара.
29. Ибн Аабшах. Тарихи-Темурленк.
30. А.Якубовский. Алтын Ордунун чөкушу. –Анкара, 1976. -123 б.
31. Мустафа капалы. Алтын орда ханлығының курулуш ве иукселиг девирлери. –Ыстамбұл, 1976. -149 б.
32. А.Якубовский. Алтын Орунун шөкушу. -Анкара, 1976. -123 б.
33. Ризаеддин Фахреддин. Алтынорда иене Казан ханлары. -Ыстамбұл, 2003.
34. Осман Кескиогулу. Фикһ тарихы ве Ислам құқығы. –Анкара, 1999.
35. Худари. Тарихи-тешрил ислам.
36. Караман. Ислам құқық тарихы.
37. Худари. Тарихи-тешрил ислам.
38. Караман. Ислам құқық тарихы.
39. Ведран. Тарихул-фикһу-исламия ве назаратул мулк ве лукуд –102 б.
40. Жиси. Осман дөнеми ислам құқығы шалышмалары
41. Худари. Тарихи-тешрил ислам.
42. Ибнул-Имад, Шажаратус-Захаб, VII, 183.
43. Катив Шелеби. Кешфуз-Зунун.
44. Хафизуддин Мұхаммед б. Шихаб б. Юсуф Кердері Баззази
45. Лекневи. Әл-Февайеддул-беһиие, 187
46. Мевсуатил табакатул фуһаһа фил карнит таси.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *