ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ – МӘҢГІЛІК ЕЛ

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ – МӘҢГІЛІК ЕЛ

Төлегенова Ж.С. (Қазақстан)
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Ғылыми жетекші: аға оқытушы Рахимжанова М.Д.

«Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық»Н. Ә. Назарбаев
Президент сөзінің астарынан ұққан соңғы пайымымыз тарихты насихаттау арқылы мемлекеттілік дәстүрі бірте-бірте ұлттық идеологияға айналып келе жатқандығы. Әдетте, «мемлекеттілік» ұғымын тек мемлекеттік құрылым ретінде бағалаймыз. Алайда, мемлекеттілік дегеніміз, тарихта өз мемлекетін құра білген халықтардың даму деңгейімен де өлшенеді. Әрімемлекеттің дамуы мен қызметін ұйымдастыруға қажет идеялар мен көзқарастардың тұтастай жүйесін де «мемлекеттілік» деп бағалайдыбірқатар сарапшылар. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы ұлттық-мемлекеттік идеяның негізі, іргетасы десек те болады. Және де, ең бастысы, бұл идея елдің өткеніне ғана қатысты емес, болашағына қызмет ететін идея.
Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел шын мәнісінде бұл бүгінгі біздің түсінігіміздегі мемлекет. Біздің бабаларымыз шынайы түрде берік, өзгелерге де ықпалын жүргізе алатын мемлекет ретінде көргісі келді, міне, біздің ұрпақтың маңдайына сол бабаларымыздың арман еткен қуатты да ықпалды мемлекет құру бақыты тиді. Сондықтан, ертең тек Қазақ хандығының мерейтойы емес, сонымен қатар, 2017 жылы Түрік қағандығының 1465 жылдығы, 2024 жылы Алтын Орда мемлекетінің 800 жылдығы сияқты атаулы даталарды да ұмытпауымыз тиіс. Әрине, Қазақ хандығының құрылған жылын анықтап, оған лайықты баға бермей тұрып, Қазақ мемлекетін құрған хан-сұлтандарға, батырларға құрмет көрсетпей тұрып, күллі түркілік құндылықтарға иелік етуге ұмтылу ерте шығар, бірақ біз күллі түркінің атажұртында отырған елміз. Оның үстіне,Мәңгілік Ел идеясын қайта жаңғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін баяғы Дала империяларының мұрагері, көне мемлекеттілік дәстүрлердің жалғастырушысы етіп жариялауда.Түптің-түбінде бүгінде біз айтып жүрген «Мәңгілік Ел» ұғымын орыс тіліндегі «державность» сөзінің баламасы ретінде қабылдауға болады. Біз жай көптің бірі болатын мемлекет емес, озық, ықпалды мемлекет құруға ұмтылуымыз қажет. Себебі, қазіргі заманда тек белсенді, қуатты мемлекет қана өміршең, қатерлерге төтеп бере алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Қазақстан дамыған елу елдің, енді отыз елдің қатарына ену қажеттігі жөніндегі Елбасының сөздері бұл тек жай ұран сөздер емес, ұлтты, халықты тек алға, бәсекеге қабілетті болуға тартқан Стратегия [1].
Қазақ хандығы – Қазақстан аумағында бұрын болған мемлекеттік құрылымдардың мұрагері, этникалық процестермен байланысты әлеуметтік қатынастардың өзгерістер мен экономикалық даму нәтижесі. Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қол астындағы ру-тайпалармен Шу өңіріне келіп қоныстанып, Қазақ хандығының негізін салды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Қазақ хандығының құрылған жері – Шу бойы мен Қозыбасы деп айтылады. Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлады. Әбілқайыр ханға наразы сұлтандар, әмірлер, ру-тайпа басылары Керей мен Жәнібекке келіп қосылды. Аз уақыттың ішінде халықтың саны 200 мыңнан асып түседі [3]. Қазақ хандығының құрылуы осыған дейін бүкіл Қазақстан аумағында болған әлеуметтік-экономикалық және этно саяси процестердің заңды қорытындысы еді.
XV ғасырдың алпысыншы жылдары Қазақ хандары қарсыластарын тықсыра отырып, Батыс Жетісуға табан тіреді. XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, этникалық аумағының негізгі бөлігін қамтитын шекаралары кеңейе түсті. Орта Азия, Астрахан, Қазан, Сібір хандықтарымен, Ресеймен тығыз байланыс болды. Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел, Тәуке хандардың есімдері Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүреді. Өйткені олардың қазақ жерін нығайтудағы, қазақтардың үстемдігін орнатудағы әрекеттері орасан зор болатын.Хандықтағы жоғары билік хан қолына шоғырландырылды. Салт бойынша, хан тағына отыруға рудағы үлкен ұлдың құқығы басым болды. Хан әскерлердің бас қолбасшысы және жоғарғы сот қызметін атқарды, шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу, соғыс жариялау мен бейбіт бітім жасау, заңдар шығару және хандықтың бүкіл аумағын билеудің бас құқығына ие болды. XV-XVII ғғ. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ этносының материалдық және рухани мәдениетінің негізгі сипаттары қалыптасты.
Қазақ хандығынын пайда болу фактісі Жетісудың батыс бөлігінде өтті. Дәл осы жерге Керей мен Жәнібектің қарамағындағы, Орталық және Оңтүстік Қазақстан аумағында тұратын Орта жүздің қазақтары қоныс аударды. Қазақ хандығының әрмен қарайғы нығаю процесі жер аумағының кеңеюі Сырдария өңірінде, Оңтүстік Қазақстан өлкелерінде мемлекеттің орнығуымен қатар жүрді. Қазақ хандары Сыр бойындағы қалалы өңірлерді өзінің экономикалық және әскери базасы деп таныды. Оңтүстік Қазақстан о бастан-ақ Кіндік Азияға тән – көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік деген екі негізгі мәдени типтің бір-бірімен үйлескен, тоғысқан жері болатын. Осындай аралас тарихи-географиялық жағдай өңірдің мәдени-шаруашылық ерекшелігін ғана айқындап қоймай, ежелгі және ортағасырлардағы мемлекеттік құрылымдардың қарым-қатынасының тарихында да ерекше рөл атқарды. Түрлі тарихи кезеңдерде Оңтүстік Қазақстан әртүрлі мемлекеттерді басқарған ақсүйектердің (элита) тайталасқан жері болды.Оңтүстік Қазақстан ортағасырлық Қазақстан территориясындағы мемлекеттік құрылымдарға да негіз болған дәстүрлі экономикалық және саяси орталық болып саналды. Сондықтан, Қазақ хандығы үшін де бұл өңір экономикалық мәдени және саяси орталық болуы керек болды. Мұнда кешенді шаруашылық өркендеп, көптеген қалаларда қолөнер, сауда дамыды. Өлкенің идеологиялық орталық ретіндегі рөлі де жоғары болды.Қазақ хандарының Сыр бойына иелік ету күресі стратегиялық тұрғыдан басқа жол жоқ болғандықтан, ұзақ та табанды түрде жүргізіліп келді.Осы күрестің барысы, қазақ хандарының ішкі, сыртқы саясаты, хандық аумағының кеңеюі, Қазақ хандығы тарихының т.б. қырлары қазақстандық ғалымдардың көптеген еңбектерінде тереңдетіле қарастырылған. Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысы бойындағы жерлер Орта және Кіші жүз қазақтарының қыстайтын мекендері болатын.Ол кезде Сарыарқа Орта Сырдариямен етене тығыз байланыста болды. Осы өлкені Орта жүз қазақтары қолайлы қыстық жайылым ретінде жоғары бағалайтын [4].
Қазақ даласының географиялық ерекшеліктеріне сай, Шығыс Дешті-Қыпшақ территориясында ерте ортағасырлар кезеңінен-ақ бақташы қауымдар қыс уақытында оңтүстікке – Сырдария өңіріне, оның сағасына, Қаратау қойнауына келіп қыстайтын мал шаруашылығы қалыптасқан болатын. Дәл осы шаруашылық циклі Қазақ хандығы кезінде де қолданылып жатқан еді. Орталық Қазақстан мен Орта Сырдария Орта жүз қазақтары үшін ортақ территория болып саналды. Ал төменгі Сырдария жерлері мен Арал өңірі де Кіші жүз қазақтары үшін дәл осындай мәнге ие еді. Астанасы Түркістан қаласы болған Қазақ хандығы тұсында Орталық Қазақстан мемлекеттің стратегиялық тұрғыдан аса маңызды өлкелерінің бірі болды. Керуен жолдары ішінде көне дәуірлерден жеткен екі бағыт ерекше орында тұрды.Сарысу жолы өңірдің батысымен өтті. Оңтүстікте, Жібек жолының негізгі торабынан бастау алған ол Түркістанның үстімен Ұлытауға жете тармақталып, әрі қарай – Орал мен Еділге кететін. Қазақтар үнемі маңызды кеңестер өткізіп отырған, көптеген рулардың таңбасы қашалған атақты Таңбалытас осы Сарысу бойында. Қарқаралы жолы шығыс тарапта қанат жайды. Оңтүстікке Хантау мен Шу арқылы түсетін бұл бағыт, теріскейге қарай қимақтардың жұрты болған Ертіс бойына және одан әрі Батыс Сібірге тартатын. Қарқаралы жолын Хан жолы деп те атады.Қазақ хандығы кезеңінің көптеген сәулеттік ескерткіштерінің арасында қазақтармен достық қарым-қатынаста болған ойрат ұлыс князьдары XVII ғасырда лама дінінің пұтханасы ретінде салдырған Қызылкеніш сарайы (Қыз Әулие сарайы) бар [3].
Сонымен XVI ғасырда Орталық Қазақстан экономикалық жағынан біртұтас, этникалық құрамы біртектес Қазақ хандығының құрамына енді. XVII ғ. қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлік кезеңі, Орталық Қазақстан жерінде қазақтардың әскері екі ірі жеңіске жеткенімен қазақ-жоңғар соғысы әлі жүз жылға созылды (Аңырақай шайқасы, Бұланты шайқасы). Қалмақтар мен қазақтардың өзара жауластығы қалмақтардың бір одаққа (1400) бірігуінен басталып, оларды қытайлықтардың түгел жойып жіберген (1757 ж.) кезеңіне дейін ұласты[4]. Абылайдың билігі кезеңінде Сарыарқа даласында Қазыбек би (1667-1763) және Бұқар жырау (1668-1781 ж. ) үлкен рөл атқарды. Казыбек би, Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұсында мемлекет басқаруға белсене араласты. Абылайды жоңғар тұтқынынан босатып алуда ерен еңбек сіңірген Қаз дауысты Қазыбек би Абылай хан билікке келген кезеңнен бастап мемлекет ісіне белсене катысты. Ол ханның бас кеңесшісі және беделді биі болды. Бұқар жырау есімі ұрпаққа ақылгөй жыршы ретінде белгілі. Өз шығармаларында Бұқар жырау үш жүздің бірігіп, мықты мемлекет болуын армандады.
Міне осы арманға жетіп, бүгінгі таңда тәуелсіздігімізді алғанымызға 24 жыл болып және де қазақ хандығы құрылуына 550 жыл толып отыр.
Адам – қашанда еркіндікті, бостандықты аңсайды, тек аңсап қана қоймай, сол үшін әдіс-тәсіл іздейді, күреседі.Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – асыл арман. Оған жетудің жолы әрқилы. Негізгісі екеу. Бірі – күрес жолы, екіншісі келісім жолы. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмау керек. Ал, ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек.
Ұлттық идея – халық мұраты. Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Қазіргі уақытта Мәңгілік Ел болу үшін азаматтарымыз (әсіресе жастар) білім, ғылыммен мықты қаруланған болуы қажет. Себебі, кез келген мемлекеттің басты байлығы ол халқы, адам капиталы. Сондықтан Мәңгілік Ел болу үшін әр азаматымыз осы бағытта жұмыс жасауы керек. Бұл әрине оңай шаруа емес.
Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың сөзімен айтатын болсақ: «Қазақтың ендігі ұлттық идеологиясы осы «Мәңгілік ел» деп ойлаймын. 2050 жылы біз «Мәңгі ел» бола саламыз деп ешкім кесім жасай алмайды. Елбасы оны айтып отырған жоқ. Қазақтың түпкі арманын меңзеп отыр. Халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек. Бұл кешегі Жолдауда айтылған, қазақтың көкейіндегісін дөп тапқан сөз болды деп санаймын», – деген болатын [4].
«Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы», – деп атап өтті Н. Назарбаев.
«Мен мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары, Қазақстан 2050 стратегиясының түпқазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екенін барлығымыз білеміз. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан кешкен тарихи шындығы. Өзара алауыздықпен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергенін де білеміз. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама? Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – «Мәңгілік ел» біздің өзіміздің қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан 2050» мәңгілік елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын. Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!», – деп аяқтады өз Жолдауын Мемлекет басшысы [5].
Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын.ХХІ ғасыр басындағы жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды ертеңгі нұрлы болашаққа, кемел келешекке апаратын біз – жастар. Ендеше қияметтің қыл көпірінен сүрінбей өткен, тәуелсіз Қазақстанымның табанының тұғырдан таймауын тілеп, асыл мұраты алға жетелесін демекпін.
Сөзін қорытындылар тұста Елбасы: «Біз – біртұтас халықпыз. Біздің ортақ тағдырымыз – Мәңгілік Ел, біздің лайықты да ұлы Қазақстан! «Мәңгілік Ел – жалпықазақстандық шаңырағымыздың ұлттық идеясы, ата-бабаларымыз аңсаған арман», – дей келе, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, тарих пен мәдениет, тілдің біртұтастығы мемлекеттегі тұрақтылықтың кепілі бола алатынын ескертті. Аталған құндылықтардың негізінде жаңа патриоттық сезімнің негізі қаланатынын айтты: «Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел! [7].

Әдебиеттер

ҚаринЕ. «Ұлттық идеологияның темірқазығы – мемлекеттілік» //«Егемен Қазақстан» қараша, 2014.
Кәрібаев Б. «Қазақ Хандығының құрылу тарихы» // Қазақ тарихы журнал №8(33) ақпан 2011.
Тілешов Е. Г., Әріпбек П. «Алаштың ардағы», Алматы, 2010.
Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы: Оқулық. /Ред. Басқ. Қ.С. Қаражан. – Алматы, 2005.
Жолдасбеков М. «Мәңгілік ел – Қазақстан» // Ел-назар Республикалық журнал», № 1(28) қаңтар 2014.
Назарбаев Н.Ә. «Тарих толқынында» – Атамұра,1999.
Назарбаев Н.Ә. «Бейбітшілік кіндігі» – Алматы, Атамұра, 2010.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *