ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ Ф.А.ЩЕРБИНА ЭКСПЕДИЦИЯСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ Ф.А.ЩЕРБИНА ЭКСПЕДИЦИЯСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ

Тасилова Айкен Айтбайқызы (Қазақстан)
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Ғылыми жетекшісі: т.ғ.к., доцент Жанакова Н.Т.

XIX ғ. соңы-XX ғасырдың басы қазақ халқының тарихындағы аса күрделі және өзіндік ерекшеліктерге толы кезеңдердің бірі болды. Бұл екі ғасыр тоғысында Ресей империясы қазақ жерін пәрменді түрде отарлап, орыстандыру саясатын тереңдете түсті, сөйтіп қазақ елінің болашағына үлкен қауіп-қатер төндірді. Міне, осы қиын кезеңде қазақ халқының тарихынан, әлеуметтік-экономикалық ахуалынан, географиясы мен табиғатынан, рулық-тайпалық құрылымы мен шаруашылығынан құнды-құнды мәліметтер алу үшін түрлі статистикалық зерттеулер жүргізілген болатын.
1896-1903 жж. Ф. Щербина басқарған экспедиция жасақталды. Негізгі мақсаты қазақ жерінен орыс қоныс аударушыларына артық жер мөлшерін анықтау болғанымен, өте тиімді қызмет атқарған бұл экспедицияның жинаған материалдары өте құнды болды.
Зерттеу экспедициясының негізгі зерттеуші құрамы мен қосымша: аудармашы, тіркеуші, есепке алушы адамдары әртүрлі болды. Бірақта зерттеушілердің ішінде тұрақты мамандар да болды. Зерттеуші кадрларды шақыру және таңдау мемлекет тарапынан Ф.Щербинаға жүктелген болатын. Алайда бұл экспедицияға жауапты жер және мемлекеттік мүлік министрлігі Ф.Щербинаның ұсынған кандидатурасын мұқият зерттеп, оның жеке ісін полиция департаментіне сұрау беріп, тексеріп отырды.
Көптеген мұрағат құжаттары мен ғылыми әдебиеттерді зерделей келе бұл экспедицияның мүшелері мен Ф. Щербина жоғары білімді зерттеуші-мамандар болғандығын дәлелдедік. Жалпы зерттеушілер құрамы тұрақты мамандар және әр кезде ауысып отыратын есепке алушы, тіркеуші, аудармашылар секілді жергілікті білімі жоғары адамдар болған.
Экспедиция құрамында аудармашы, тіркеуші ретінде қызмет жасаған қазақ ұлтының өкілдері де аз болмады. Зерттеуші Т.Волкова: «Как видно из вышеперечисленного списка, к составлению бюджетов привлекалась местная казахская интеллигенция, представители которой работали в экспедиции регистраторами и переводчиками. То обстоятельство, что это были, с одной стороны, люди с достаточным уровнем образования, а с другой знатоки казахского языка и быта, способствовали качества опроса», – деп бір жағынан экспедицияға қазақ ұлтының көзі ашық, сауатты азаматтары да қатынасқандығын көрсетсе, екінші жағынан зерттеудің обьективтілігін дәлелдей түседі.
Бұл жерде айта кететін жәйт, осы зерттеуге қазақ зиялыларының өкілі, ормантанушы, экономист әрі статист маман Ә.Н.Бөкейханов қатысты. Жалпы алғанда М.Қ.Қойгелдиев, Т.П.Волкова, М.Базарбаев, С.Аққұлыұлы, М.С.Амрина, Л.И.Серекбаева, Г.А.Мейірманова, И.Жиеналина және т.б. зерттеушілер Ә.Бөкейханның Щербина экспедициясындағы қызметінің әртүрлі қырларын қарастырған болатын.
Әлихан Бөкейханов (1849-1936 жж.)


Қазақтың біртуар азаматтарының бірі – Әлихан Бөкейханның бұл зерттеудегі қызметі ерекше әрі аса күрделі болды. Ол 1894 жылы Санкт-Петербор қаласында императорлық орман шаруашылығы институтын бітіріп, Омбыға оралады. Сөйтіп 1896 жылы орталық билік орындарының шешімімен Ақмола, Семей және Торғай облыстарындағы жергілікті халықтың мал шаруашылығын, оның жер қорын пайдалану жүйесі мен мәдениетін зерттеуді мақсат тұтқан Ф.А.Щербина экспедициясына шақырылады. Ол алғашында статист ретінде шақырылып, кейіннен экспедицияның жеке бір партиясының меңгерушісі болып істеді.
Жұмыс мерзімі 1896-1903 жылдар аралығында өткен бұл экспедицияға қатынасу барысында Ә.Бөкейхан қазақ даласына байланысты империялық биліктің көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және оның таяу арада ірі стратегиялық шараларды іске асыруға даярлық үстінде тұрғанын байқады. Тұжырымдап айтқанда, ол Батыс Сібір және қазақ даласын ішкі ресейлік губерниялардан қоныс аударған шаруаларды орналастыру аймағына айналдыру, сол арқылы метрополиядағы жерге байланысты қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті бәсеңсіту еді. Ол экспедицияға қатынасу арқылы бір жағынан Ресейдің отарлау саясатының куәгері болды. Ал екінші жағынан қазақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, болашаққа нақты жоспарлар жасауға мүмкіндіктер алды.
Ресей үкіметінің қоныс аудару қозғалысын кең көлемде ұйымдастыру үшін оған қандай да бір «заңдық» негіз жасауға, қазақтардың жерге меншіктік құқын, пайдалану нормаларын анықтауға тырысқаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Ә.Бөкейханның қазақ даласына алғаш ұйымдастырылған экспедиция жұмысына қатысып, оның ғылыми-зерттеу тұжырымдарының белгілі дәрежеде либералдық сипат алуына себепші болуының маңызы зор.
Әлихан Омбы, Павлодар, Қарқаралы, Семей уездерінде зерттеу жұмыстарын жүргізді. «ҚЖПМ» дерегінің 2, 4, 6, 10-томдарында оның атқарған қызметі мен істері туралы көптеген мәліметтер баршылық. Мәселен, Әлихан Бөкейханов Павлодар уезінің Алтыбай, Қызылтау болыстарына ғылыми сараптама жасап, деректе сипаттап жазған. Сондай-ақ, уездегі рулар кестесі мен ондағы қазақ халқының қашаннан бері осы өңірді тұрақтайтынын анықтап, ауызша аңыз-әңгімелердің негізінде XVII-XIX ғғ. сол аймақтың төл тарихын қайта қалпына келтіруге атсалысқан.
Ә.Бөкейханов жер мәселесін реттеудегі экспедиция материалдарының маңыздылығын атап көрсеткенімен, оның қорытындыларымен толықтай келісе қоймаған. Ол патшалы Ресейдің көздеген мал шаруашылығы мен егіншіліктің бірден қатар дамуын емес, көшпелілердің отырықшылыққа бірте-бірте, ерікті түрде көшуін жақтады. Өйткені, ол жаңа жағдайға дағдыланбаған қазақ шаруашылықтарының күйзеліске ұшыратуға, «орыстандыру» саясатына, халықтың қасиетті саналатын құндылықтарын жаншып-таптауға қарсы болады.
Ф.Щербина зерттеуінен кейін жүргізілген қайта зерттеулерге қатысты Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінде «Бұрынғы қазаққа Щербина нормасымен қалған жерді мінеп, неше қайтара кішірейтіп, шұнтитып, көшпелі қазаққа деп жаңа норма шығарды…», – деп патша үкіметіне нала болған пікірін білдіреді.
Белгілі статист А.А.Кауфман Ә.Н.Бөкейхановтың экспедициядағы еңбегін ерекше атап өткен болатын. Экспедициядағы Ә. Бөкейханның қызметін көптеген статистер жоғары бағалады. Мәселен, мұрағатта сақталған бір құжатта Әлихан Нұрмұхамедұлы 1903 ж. Ф.Щербина экспедициясы аяқталғаннан кейін, осы қызметте тағы да 2 айға қалдырылғаны туралы мағлұмат сақталынған. Онда 1905 ж. 5 қаңтардағы Мемлекеттік мүлік департаментінен жолданған ресми хатта далалы облыстарды зерттеген экспедицияның 1904 ж. 1 қаңтардан бастап жұмыс жасамайтындығы туралы айтылған. Хатта осы зерттеулердің тоқтауына байланысты оның мүшелері Ә.Бөкейханов пен П. Васильевтің арнайы тапсырмаға байланысты белгісіз мерзімге дейін қалдырылатындығы мәлімденген. Онда: «… то Департамент полагает справедливымь оставить ихь на работахь на прежних условияхь, т.е. за прежнее вознагражденіе, еще на два месяца, т.е. до 1-го Марта 1904 года», – деп, осы зерттеушілерге әлі де болса толығымен жарық көрмеген «ҚЖПМ» құрастыру жұмысын табыстауға бел байлады.
Әлихан Бөкейхан сонымен қатар қазақ қоғамының рулық-тайпалық құрылымын зерттеп, шежіресін жазып, терең әрі обьективті қорытындылар жасап, рулардың қоныстанған елді-мекендерін картаға түсіреді. Осы мағлұматтар «ҚЖПМ» дерек көзінде жүйеленіп, жарияланған болатын. Сондықтанда бұл деректердің қазақ қоғамының ру-тайпалық құрылымын зерттеудегі құндылығы мен маңызы жоғары деп бағалауға негіз бар. Отандық тарихнамада зерттеушілердің көпшілігі Ә.Бөкейханның қатысуымен Щербина экспедициясы қазақтың дәстүрлі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына пәлендей зиян келтірмейтін жер үлесін есептеп шығарғанын атап өтеді.
Қорыта келгенде, мәлімет жинауға қатысқан Ә.Бөкейхан туған елінің жерін зерттеу арқылы жан-жақты білімдарлығын одан әрі тереңдете түсіп, қазақ тарихын, ру-тайпалық құрылымын зерттеуге өзіндік үлесін қосты.
Қазақтың біртуар азаматтарының бірі – Әлихан Бөкейханның бұл зерттеудегі қызметі ерекше әрі аса күрделі болды. Ол 1894 жылы Санкт-Петербор қаласында императорлық орман шаруашылығы институтын бітіріп, Омбыға оралады. Сөйтіп 1896 жылы орталық билік орындарының шешімімен Ақмола, Семей және Торғай облыстарындағы жергілікті халықтың мал шаруашылығын, оның жер қорын пайдалану жүйесі мен мәдениетін зерттеуді мақсат тұтқан Ф.А.Щербина экспедициясына шақырылады. Ол алғашында статист ретінде шақырылып, кейіннен экспедицияның жеке бір партиясының меңгерушісі болып істеді.

Әдебиеттер

1. Бөкейхан Ә. Жауап хат (Қазақ. – 1913. – № 24) // «Қазақ» газеті. – Алматы., 1998. – 560 б.
2. Қойгелдиев М. Әлихан Бөкейхан: таласып-тартыспаған кісіге де, халыққа да бәйге жоқ // Егемен Қазақстан. – 2006 ж. 11-шілде.
3. Жиеналина И. Ә.Бөкейханның қазақ жерін отарлауға көзқарасы // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2006. – № 2 (41). 29-34 бб.
4. Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. – Алматы: Атамұра, 1998. – 360 б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *