Арал теңізі

АРАЛ ТЕҢІЗІ

РахметбекГүлзия (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.

Арал теңізінің экологиялық проблемаларын қарастыру негізінде менің алып отырған тақырыбымның казіргі кезде аса маңызды проблемаға айналып отырғанын байқауға болады.Себебі жеріміздің экологиялық проблемаларына көзімізді жұма қарағанымыз дұрыс болмас.Әр адамзаттың өз туған жеріне,еліне деген сүйіспеншілігі осындай тақырыпты қарастырумен басталады.Тақырыпты таңдауымның негізгі мақсаты экологиялық проблемаларды шешу жолдарын қарастыру және оның алдын алу жолдарын қызу талқыға салу.
Арал Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан сутоған. Теңіз 20-ғасырда ауданы жағынан (68мың км) әлемде төртінші орында болған болатын,бірақ 1960 жылдардан бастап теңіздің суы азайып келеді. Арал теңізі,Кайнозой дәуірінің орта шетінде,яғни бұдан 21млн 1200жыл бұрын Каспий теңізіне қосылып жатқан. Бұған теңіздің терістік бетіндегі қазіргі Сарышығанақ,Ақеспе тұсынан 80метр тереңдіктен Олигоцен уақытында өмір сүрген қызыл балықтың,ірі ұлудың,киттің омыртқа сүйектерінің тасқа айнала бастаған күйінде табылуы дәлел болмақ.Бұл теңіздің кезінде мұхитпен қосылып жатқандығын көрсетеді. Сондай-ақ Арал маңынан акуланың тісі мен сүйегі табылды.19-ғасыдың орта кезіндегі Арал-Каспий ойпатының пайда болуы жөніндегі болжамдардан Арал бассейнінің геологиялық ерте кезеңде Жерорта теңізімен тұтасып жатқан су айдыны екенін,оның кейінгі Альпілік дәуірлерде жер қыртысының көтерілуіне байланысты ұсақ су айдындарына бөлінгенін білеміз. Сондай-ақ,Арал теңізініңкөлемі жайлы ұғымдар сонау ерте дүние әдебиеттерінде де кездеседі.
Ендеше қазіргі кезде әлем елдері назарын өзіне аударып отырған осы су айдынын зерттеу сол ерте заманнан бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді деуге болады. Міне, сондықтан да көне зерттеулер мен қазіргі жаңа мәліметтерді салыстыру арқылы Арал теңізі бассейінмен оның жағалауының даму эволюциясын,сондай-ақ ғасырлар бойы өзгеру сипатын анықтау қиын емес.Мысалы,ежелгі заманның өзінде Арал теңізі көп елдерге мәлім болған.Өйткені,сол 9-10-ғасырлардағы араб ғалымдары – Ибн Хордадбех,Ибн Руста,Әл-Масуди,Әл-Истахри келтірген мәліметтер аса құнды саналады.
Арал теңізі – Қазақстанның інжу-маржаны,шөл белдеміндегі бірден-бір көгілдір су айдыны еді. Оның апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі – 1066км,тереңдігі – 30-40метр,тұздылығы10-12 пайыз болған. Қойнауы кәсіптік бағалы балықтарға бай,жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Сол кездерде жылына 50-150 мың балық ауланса,теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Арал өңірінің тұрғындары 1970жылдарға дейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жақсы қамтамасыз етілген тіршілік кешті. Теңіз өнімдеріндегі елді мекендерде 17балық колхозы,10 балық өңдейтін зауыт және 2балық комбинаты тұрақты жұмыс істеген.
1960жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Осы аймақтағы игерілетін жер көлемі бұрынғыдай Өзбекстан мен Тәжікстанда 1,5,Түркіменстанда 2,4,Қазақстанда 1,7есеге өсті. Ал Әмудария мен Сырдария бойындағы халықтың саны 1960-1987жылдар аралығында 2,2 есеге артты. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Осыған орай 1970-1980 жылдар аралығында Аралға құятын су мөлшері азайды.Оның негізгі себептері антропогендік факторлар еді. Екі өзен бойындағы суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі қарқындап дамыды.
Оның үстіне ауыл шаруашылығының басқа далалалары барынша дамыды.Өзен бойлары игеріліп,суды ысырапсыз қолдану жүзеге асты. Мәселен,Арал 1960-1965жылдар арасында 44 мың мал 1990жылдары екі есеге қысқарды.Нәтижесінде,Арал теңізінің деңгейі 23метрге дейін төмендеп,оның су айдыны 30-200км-дейін қусырылды.Судың тұздылығы 40 пайызға дейін артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану 10-15есеге өскен.Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты.
Құрғап қалған теңіз түбінен жыл сайын айналаға зияндылығы өте жоғары 2млн тұзды шаңдар көтеріліп,желмен тарай бастады.
Арал апатына себеп болған факторлар:жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу,ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау,судың қорын есепке алмау,суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу,жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау,табиғат ресурстарын пайдаланылуға жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады. Осы аталған фактілер Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулыны экологиялық дағдарыска әкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істеген қателігі ретінде дүние жүзіне белгілі болды. Арал өңірінде туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар нышаны жыл өткен сайын теңіз суы тартылуда.Оның фаунасы мен флорасы жойылып бітуге жақын. Топырақтың тұздануы өте жылдам жүруде.Ондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздың мөлшері жылына 13-20млн т деп есептелді. Тіптен, тұзды шаңдар әсері сонау Орта Азия республикалары аумағына жетіп,ауыл шаруашылығына зардабын тигізуде. Топырақтың тұздануы Өзбекстанда-60-70%-ға артып отыр. Мұның өзі жалпы шаруашылыққа зиянын тигізуде. Арал өңіріндегі климаттың өзгеруі шөл белдемінің табиғи ландшафтарын бірте-бірте күрделі әрі қайтымсыз антропогендік экожүйелерге қарай ығыстыруда.
Арал өңіріндегі антропогендік факторлар ондағы тұрғындардың салт-дәстүріне, экономикалық-әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етуде. Жұмыссыз қалған балықшылар әлеуметтік жағынан қорғаусыз қалып,басқа аймақтарға еріксіз қоныс аударуда.
Қазіргі арал өңірінде адамдардың денсаулығы күрт төмендеп кетті. Бұл өңірде соңғы мәліметтер бойынша туберкулез,бүйрекке тас байлау,сарысу,өкпе-тыныс өңірімен салыстырғанда жоғары көрсеткішті беріп отыр.
Арал теңізінің болашағы дүние жүзі халықтарын толғандыруда. Оның біржолата жоғалып кетуі Орта Азия мен Қазақстанды ғана емес көптеген Шығыс елдерінің тыныс-тіршілігіне өзгерістер әкелмек. Ал әлемдік климаттың өзгеруі, шөлге айналу,атмосферадағы ауытқушылықтар,антропогендік экожүйелердің тұрақсыздығын тудырады. Арал мәселесі соңғы 10 шақты жылда географ және эколог ғалымдар арасында жиі-жиі пікірталастар туғызуда. Арал мәселесі туралы халықаралық қоғамдастықтар қаржылай көмек көрсетуде. Олар негізінен Орта Азия республикалары,Ресей, АҚШ, Жапония,т.б мемлекеттер. Арал теңізін қалпына келтіріп жандандыру жөніндегі бірнеше ғылыми болжамдар мен жобалар бар.Олар:
1.Сібір өзендерін Қазақстанға бұру.
2.Әмудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу арқылы суды молайту.
3.Арал теңізін жартылай сақтап қалу.
4.Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы әкелу.
5.Жерасты суларын пайдалану.
6.Арал теңізінің өздігінен табиғи реттеулерін немесе толысуын күту.
Арал теңізінің өздігінен табиғи реттеулерін немесе толысуын күту. Әрине, бұл жобалар болашақтың ісі болғанымен,уақыт талабы оны күттірмейді. Бәрі де қаражатқа тірелуі мүмкін.Ал оның іске асуы адамзат қоғамының білімі мен біліктілігіне байланысты екені анық.
Қазіргі кезде Аралды құтқару бағытында батыл да жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жасалуда «Арал тағдыры – адам тағдыры» болғандықтан оны сақтап қалу аға ұрпақтың болашақ алдындағы борышы. Қазіргі Арал теңізінің экологиялық проблемалары осы жүйедегі бүгінгі таңда әлі шешімі табылмаған күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Бұрынғы теңіздің астауын сақтап келген қысым бірте-бірте азайып,енді теңіз түбінің көтерілу процессі негізінен екі бағытта яғни,оңтүстіктен солтүстікке,шығыстан батысқа қарап бет ала бастады. Осыған орайкейбір ғалымдарының есептеулері бойынша Арал теңізі түбінің бүгінгі көтерілуі жылдамдығы жылына 5-7мм,ал жарты ғасырдан кейін 50-60сантиметрге жетеді екен. Сөйтіп,жергілікті тұрғындардың тіршілік етулері жыл өткен сайын,оларды айтарлықтай қусырып, қиындатып барады. Сонымен бірге бұл аймақта жылына 15рет қатты дауыл соғып,тұзды шаңды жүздеген шақырымға тартады.Яғни,майда тұз аралас шаң атмосфераның ағынымен сонау Қиыр Шығыстағы Амур өзенінің бассейніне және АҚШ-тың Оңтүстік Штатына дейін жетіп тұрғанын дәлелдейтін деректер өз алдына. Міне,осыған қарағанда бұл құбылыс келешекте жақсы үміт күттірмейтін сияқты.Өйткені қазіргі Арал апатын,оның айналасында жан-жаққа етек ала жайылып бара жатқан сор шаңдақты,бұрқыраған шөл даланы көргенде Африкадағы әлемге әйгілі Сахара шөлі көзге еріксіз еліктейді.Ол аймақ та кезінде егінді,малды гүлденген өлке болған.Бірақ кезінде сол жерді мекендеген халық табиғаттың заңымен санаспай,шаруашылықты қалай болса солай жүргізудің нәтижесінде ұланғайыр кең жер елсіз,сусыз шөлге айналған көрінеді.
Ал біз болсақ, сол қайғылы тәжірибені қайталауға бірте-бірте жақындап келеміз.Міне,осыған орай теңізді сумен толтырмағанмен оның кепкен ұлтанындағы құм,тұз,шаңды ұшырмаудың тезірек бір амалын жасаған жөн.
Өкінішке орай,осы уақытқа дейін теңіз астының құпия ағыстары мен иірімдерін ғана зерттеген ғылым үшін жер асты суларының өзара қарым қатынас ағыс иірімдері әлі жұмбақ…

Әдебиеттер

1. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. Алматы, 1998 ж.
2. Фейзуллах Будан, «Қазақстан: өткені, бүгіні мен ертеңі» Анкара, 2000
3. Қ.Н. Жалмишова «Экологиялық білім және тәрбие». Шымкент, 2006
4. Сағымбаев Ғ. «Экология негіздері» Алматылық баспахана кабинеті, 1995
5. Г.С. Оспанова, Г.Т.Бозшатаев «Экология». Алматы 2002
6. Орынбаева Ғ. «Оқушыларға экологиялық тәрбие беру». Алматы «Рауан», 1998 ж.
7. «Егемен Қазақстан», 2005 жыл 30 қараша
8. Қазақстан Республикасы: Энциклопедиялық анықтамалық «Қазақстан энциклопедиясы». Алматы 2001

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *