ОСПАН БАТЫР
Бақытқан Үміт (Қытай)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Мажиқызы Н.
Шығыс Түркістан деп аталатын Жоңғария даласы мен Алтайдың арасында жатқан ұланғайыр дала – Қазақ халқының тарихи ата қонысы. Сол ұлы далада тіршілік кешкен біздің ата-бабаларымыз ешқашан тәуелсіз ел болуға деген талпынысын тоқтатқан емес. Оңтүстік Шығыс Түркістандағы көтерілістерді есепке алмағанда Алтай мен Тянь-Шаньның арасын мекен еткен қазақтың іргелі ру-тайпалары Керей-Найман елі соңғы бір ғасырда Қытай отаршылдарына қарсы талай рет ұлт азаттық көтерілісін жасады. Солардың ішінде бірі де бірегейі 1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында бұрық еткен Есімхан – Ырысхан – Ақтеке үштігі бастаған ру ақсақалдарының Қытай үстемдігіне қарсы бітіспес күресі болатын. Бұл көтеріліске басында жай азамат ретінде ат салысқан Оспан батыр соғыс өртінде шынығып, шыңдала келе аты аңызға айналған батырға айналды.
Оспан батыр (Оспан Исламұлы) 1899 жылы Алтай аймағының Көктоғай өңірінде туған. 12 жасында қазақ серкелерінің бірі Бөке батырдың қасына келді. 1911 жылы Бөке батырдың жағында қытайлар және орыстарға қарсы күрес бастаған Оспан батыр бүкіл Алтай жерін және Шығыс Түркістанның қытайлар және орыстардан азат етілуін мақсат етіп қойды. Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Қытай үкіметі тарапынан Шығыс Түркістан жеріндегі түркі халықтарына қарсы қысым күшейгенімен бірге түркі халықтарының жауап әрекеттері де күшейе түсіп, Оспан батырдың көтерілуіне себеп болған жағдай қалыптасты[1].
Алтайды қытайлардан тазалай бастаған Оспан батыр, 1943 жылы мақсатына жеткендей болып көрінді. 1943 жылы шілденің 22 жұлдызында жасалған жиында ОспанбатырАлтай қазақтарының ханы болып жарияланды.
1945 жылының басында Шығыс Түркістанда бірнеше қала сыртында бақылау көтерілісшілердің қолына түсті. Жағдай қытайлар үшін бұдан артық төзгісіз болып және одан да қауіпті жағдай қалыптаспайынша Қытай әскерлері өлкеде қатаң және жойқын операциялар өткізді. Тарбағатай және Алтайдан шығарылған Оспан батыр күрес отыз мың кісімен бастаса да 1950 жылдың басында осы сан шамамен төрт мың ғана болды. Бұл санға әйелдер және бала-шаға да кіреді.
1951 жылы Қанамбалда қоршалған Оспан батыр тұтқын болды, Үрімжіде жөнелтілді. Оспан батыр, халық арасында жүргізіліп көрсетілді және 1951 ж. сәуірдің 29-шы күні үкім бойынша өлімге кесілді.
Оспан батырдың жетекшілік еткен Алтай Қазақтарының 11 жылдық ұлт-азаттық көтерілісіне зер салып отырсақ Батырдың соғыс тәсілі, әскери құрылым, жасақ жасақтау тәсіліне таң қалмай тұра алмайсың.
Аспанда ұшақ, жерде танкі, мыңдаған жойқын от қаруы бар Қытай-Совет әскеріне басында шоқпар-найзамен қаруланған Қазақ сарбаздары қалай төтеп берді? Бұл сұраққа ең алдымен қиыр қонып, шет жайлап, жаугершілікте өскен Керей елінің батырларының жадында әлі де сонау сахараның сайыпқыраны – Шыңғысханның әскери құрылымдау тәсілі мен соғыс тәсілдері сақталып келгенімен, әрі сол бабадан келе жатқан тәсілді Оспан батырдың да жетік білгенімен түсіндіруге болады.
Бірінші: Оспан батыр жасақтарының құрылымдары Шыңғысхан әскери құрылымы негізінде рулық-туысқандыққа негізделген ондық-жүздік бойынша жасақталды. Бір әулеттен тараған өзара туысқан ауылдың жігіттерінен іріктелген жасақты бір ондық етіп, оған сол жігіттердің арасындағы еті тірі, өзгеге сөзін тыңдата алатын, ержүрек, бауырмал азаматты онбасы етіп қойды.
Ондық ықшам, әрекет етуі тез, ұйымшыл, бір-бірі үшін жан алып, жан беретін берік қатынаста болғандықтан Оспан жасақтарының ондығы майданда Қытайдың бір рота әскеріне тура келгенде тас-талқанын шығаратын. Ондық әскери құрылымнан гөрі туысқандық жақындыққа құрылғандықтан бір-бірін жауға тастап қашу, тастап кету деген мүлде болмады. Сондықтан олар өздеріне тапсырған міндетті аброймен, аз шығынмен орындап отырды. Онбасылар майдан даласында көрсеткен ерлігі мен тапқырлығына қарай өзіндік марапат алып, кезі келгенде жүзбасылыққа көтеріліп отырды.
Екінші: Оспан батыр жасақтарының ең үлкен құрылымы жүздік болып саналды. Жүздік өзара жақын, руластардан құралды. Жүзбасы болып, сол руға беделі бар, ерлігімен көзге түскен, дербес шешім қабылдай алатын, қиын-қыстаудан жол таба алатын, ержүрек азаматтар тағайындалды. Жүздіктер жоғардағы туыстас ондықтан құралғандықтан шоқпар басындай жұмыр, мықты қосын болып жасақталды. Әр кіші рудың, өткен батыр бабаларының аманаты мен абыройын арқалаған жүзбасылар әр шайқаста өздеріне тапсырылған міндетті абыроймен орындауға тырысты. Егер белгілі жүздік берекесіздіктен, не дұрыс тактика қолданбаудан жеңіліс тауып, сәтсіздікке ұшыраса бұл жеңіліс сол азаматтарды майданға аттандырып отырған рулы елдің абыройы мен намысына келіп тірелді. Сондықтан жүздіктер әр шайқасқа оттай жанған намыспен, ел-жұртының абыройын арқалап кірді. Оспан батырдың жүздіктері соғыс даласында Қытайдың, Совет қуыршағы болған үш аймақ әскерінің, моңғол қызыл әскерінің бір полктеріне қарсы тұра алатын қуатқа ие еді.
Үшінші: Оспан батыр сатқындарға аяусыз болғанмен «мұсылманға өлім жоқ!» деген ұстанымда болды. Оспан сарбаздарына тізе бүккен талай әскерлер кейін Оспанның сенімді серіктеріне айналды. Тіпі, Оспан батырды атуға жіберген кейбір жанкешті жігіттер батырдың кешіріміне ие болып, кейін қандыкөйлек серіктеріне айналды. Кешірімшілдікпен қаталдық бір бойында табылатын батыр елді сатқан кейбір сатқындарды ашық атқызып тастап отырды. Сондықтан батырдың кешіріміне ие болғандар әрқашан жанынан табылса, ал ел ішінде сатқындыққа жол берілмеді. Батырдың бұл тәсілі де сахараның сайыпқыраны – Шыңғысханнан қалған жазылмған заң болатын.
Төртінші: Оспан батыр бастаған қазақ жасақтары атаққұмарлыққа, байлыққа сатылмады. Оған Оспан батырдың өзі өнеге үлгі болды. Шығыс Түркiстан Республикасының атын «Үш аймақ үкіметі» деп өзгертіп, Әлихан төрені ұстап кеткен кезде, сол кездегі үш аймақ үкіметінің ең жоғарғы басшылары, генерал лейтенант Ысқақбек Мононов Алтайға келіп, сол кездегі ең жоғарғы азаттық «қызыл жұлдыз» орденін бергенде Ошың «теңге-моншақты біздің елде тек қыз-келіншектер тағады» деп әйеліне қарай лақтыра салуы бұл ерліктің ерлігі. Орыс-қытайдың теңге-моншағын кеудеге тағу үшін талай қазақ бір-бірін басын алып, талай қан төгілді емес пе? Ал арзан абырой мен темір-терсектен биік тұрған Оспан үшін ең үлкен атақ халқының өзі берген «Оспан батыр» деген атағы болды, және ол сол атақты еш кірлетпей, ахиретке тап-таза күйінде ала кетті. Сонау ХХ ғасыр емес, тәуелсіз ел болған бүгінгі заманда атаққұмарлық пен темір-терсектің құлына айналып жүрген бүгіннің атаққұмарлары үшін Оспан батыр кіршіксіз үлгі болып кетті.
Бесінші: Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісі шырқау шыңға шыққан күннен бастап, көтеріліске қатысқан сарбаз ғана емес, бейбіт елде тастүйін тәртіпке келіп, бір ұран шыққанда атқа қонып, көшіне салт атты ілеспес жылдам партизан қосынына айналды. Тіпті Оспан батыр қосындарының ішінде нелер ер азаматтан кем түспес батыр қыздар шықты. «Қазіргі заманның еркектің мүшесі мына от қару! Қолында от қаруы бар әйел де еркек» деп батыр сол кез бекер айтпаған болатын. Тіпті батырдың кіші қызы Шығыс Түркістанда аты аңызға айналған ерліктер жасаған. Отаршылдарға қарсы белді бекем буған ел артық дүние-мүліктен, жасау-жабдықтан арылып, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы!» деген ұстанымды берік ұстады. Адалдап тапқан малын азаттықтың жолына атаған талай жомарттар Оспан кезінде шықты [2].
Оспан батыр бастаған азаттыққа талпынған халықта жартылай әскери өмір кешті. Осындай елге, ерлерге жетекшілік еткен Оспан батыр – сахараның соңғы сайыпқыраны болды.
Әдебиеттер
1.https://kk.wikipedia.org/wiki
2.http://altyalash.kz/2014/04/28/