ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ
Адилжан Рахима (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.А.
Осынау байтақ жайнаған қыран даламыз, елі үшін жанын шүберекке түйген ата-бабаларымыздың маңдай терімен ерен ерліктерінің жемісі емеспе? Бұл далада қаншама азап, қаншама қасірет болсада ешкімге намысын бермей, ерлігімен елдігін сақтап қалған батырларымыз қаншама? Тарихы терең қазақ елінің жүрегінде өшпес із қалдырған қаншама қайғылы оқиға.Осылардың бірі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Бұл халықтың мәңгілік жүрегінде қалатын, естен кетпес аянышты, жанұшырар оқиғалардың бірі. 1986жылы 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің 5пленумында ұйымдастыру мәселесі қаралды. Шешімі: КОКП орталық комитетінің хатшысы Г.П.Разумовский ұсынысымен Д.А.Қонаев қызметінен алынды. Қазақстан үкіметінің басшылығына КОКП-ның Ульяновск облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Г.В.Колбин тағайындалды (1986-1989ж.ж.). Қоғамда жарияланған мақсаттар мен нақты өмір арасындағы күрделі қайшылық нәтижесі 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына әкеп соқты.
Алматы толқуының себептері: қолданылып қалған келеңсіздіктер, қоғамдық-әлеуметтік және мәдени салаларды қамтыған өрескел кемшіліктер, ұлт мәселесінің қатты шиеленісуі.
Қазақ жастарының көтерілісі – Қазақстанға сырттан әкелінген басшының тек орыс болғандығы үшін ғана емес, Қазақстанның мемлекеттік мүддесінің ескерілмеуіне қарсы наразылық болды. Мұны 17 желтоқсан күні таңертең шеруге шығып, алаңға келген жастардың қолдарына ұстаған – «Ешқандай ұлтқа, ешқандай артықшылық болмасын», «Ұлт саясатының лениндік ұстанымын сыйлауды талап етеміз», «Әрбір республикаға – өз көсемі», «Қазақстан жасасын!» деген ұрандары айқын дәлел болады.
Шеру бейбіт және саяси сипатта болды. Басқа халықтарға қарсылық және мемлекеттік құрылысты жою үндеулері болған жоқ. Әміршіл басшылық саяси наразылықты өкімет билігіне төнген қатер деп бағалап, Алматы горнизонын жауынгерлік дайындыққа келтірді.18 желтоқсанда сағат 13-те алаңға әскери училищенің жеке құрамасы енгізіліп, орталық комитет үйі қоршауға алынды. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің шекара училищесінің курсанттары ерекше қатыгездік көрсетті. «Бұрқасын-86» атты құпия жедел жоспар жасалды. КОКП ішкі істер министрі А.В.Власов еліміздің сегіз қаласынан Алматыға ішкі істер министрлігі әскерлерінің арнайы бөлімдерін жіберуге шешім қабылдап, заң бұзушылыққа жол берді. Алаңға 7524 және 7552 әскери бөлімшелері әкелінді. Олар оқ өткізбейтін сауыт-кеудеше, дулыға, қалқан, сойылмен жарақтанған. Екі арнаулы мәшинеде арнайы құралдар – түтінге қақалатын шашылқы, белгі беретін ракета, көзден жас ағызатын «Мойыл» газы, әскери оқ-дәрі сақталды. 7552-әскери бөлімшеге бағынышты етіліп қызметші-иісші иттер бөлімшесі берілді. Алаңға өрт сөндіру полкінің 5-ротасы келтірілді. Әр-түрлі деректер бойынша алаңға жиналғандар 1200-1400 адамнан 5000 адамға жеткен.
8,5 мыңға жуық адам ұсталып, қаланың сыртына әкетілді.
1720 адам жарақат алды.
99 адам айыпталып, бас бостандықтарынан айырылды (46-сы кейін ақталды)
2 адам ату жазасына кесілді
83 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
52 адам партия қатарынан шығарылды.
787 адам комсомол қатарынан шығарылды.
1138 адам комсомолдық сөгіс алды.
271 студент оқудан шығарылды.
Ішкі істер министрлігінен 1200 адам денсаулық сақтау және көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан шығарылды. 12 жоғарғы оқу орнының ректорлары өздерінің қызметтерінен айырылды. 18 профессор мен ғылым докторы ұстаздық қызметінен шектелді. Қазақ ақпарат агенттігінің бұрынғы директоры Ж.Смағұлов, Республикалық «Коммунизм туы» газетінің редакторы Т.Назаров, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакторы М.Жақыпов «Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары С.Скороходров және басқа да көптеген журналистер жазықсыз жазаға тартылды. Бұл адамдар оқиғаға қатысушылардың ісі бойынша өкімет органдары ұйымдастырылған сотта түсірілген фотосуретті жариялағандықтан да айыпты болды.
Желтоқсан оқиғасы алғашқы күннен бастап халыққа бұрмаланып түсіндірілді. 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласында болған толқуға, КОКП-ның бас хатшысы М.С.Горбачевтің өкілетті елшісі, басқарушы партияның Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцев бастаған топ желтоқсанды «ұлтшыл элементтер», «тобыр», «бұзақылар», «маскүнем, нашақор, бұзақылар», «арамтамақтар», «шектен шыққан ұлтшылдық» деп бағалады. Бұл оқиға Мәскеудегі қазақ жастарының да наразылығын туғызды. Орыс халқы Мәскеудегі қазақтарға тіпті мұрындарын шүйіріп, Қазақстанға шығатын ұшақ билетін қазақтарға сатпай қойған. 250 адам қол қойған КОКП орталық комитетінің шешіміне наразылықтарын білдірген хаттарын Мәскеуде өткен М.Шахановтың шығармашылық кешінде оқымақ болғанда сахнадан сүйреп алып кеткен. Оларға қандай жаза қолданғаны белгісіз.
1989 жылы мамыр-маусымда КСРО халық депутаттарының 1сьезінде дарынды ақын М.Шаханов желтоқсан оқиғаларына әділ баға беруді талап етті. Желтоқсан оқиғаларына байланысты түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия құрылды (Төрағасы КСРО халық депутаты, ақын М.Шаханов). Бұған дейін құрылған үш комиссияда мардымды еш нәрсе шығармаған. Билікпен жекпе-жекке келген М.Шаханов бастаған төртінші комиссия оқиғаны түпкілікті зерттеп «Метель» жоспарын қолға түсіріп, табандылықтарымен жеңіп шықты. (Желтоқсан оқиғасы кезінде «метель» жоспарына сай «арандатқыш» топтар жұмыс істеген). М.Горбачев Колбиннің өтінішіне орай желтоқсан комиссиясының шешімін жоққа шығару мақсатында ұйымдастырған жасырын бесінші комиссия құрған. Олардың мақсаты республика жұмысын жоққа шығару болған. Төртінші комиссияның құрылуына Горбачев Алматыда қайта көтеріліс туып кетуі мүмкін деп қорыққандықтан ғана келісім беруге мәжбүр болған. Олар қаншама құйтұрқы әрекеттер істеп шындықтың бетін жаппақ болсада, КСРО халық депутаттарының ерен еңбектері мен қайсарлықтарының арқасында шындықтың беті айқара ашылды.
1990 жылы мамыр айында елбасы Н.Ә.Назарбаевтың табандылығымен 1987 жылғы шілде айында КОКП ОК-ның «қазақ ұлтшылдығын» айыптаған қаулысы күшін жойды. КОКП ОК Саяси бюросы өз шешімін өзгертті. Қазақ жастарының желтоқсан қозғалысы КСРО-дағы ұлттық-демократиялық қозғалыстың алғашқысы болды. Алматыдан кейін Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте және басқа да қалаларында тоталитарлық жүйеге қарсы оқиғалар өрбіді.
1991 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 1986 жылы 17-18 желтоқсандағы оқиғаға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы жарлыққа қол қойды. Ізгілік пен шындық ұстанымдарын басшылыққа алған аталмыш құжатта: Қазақстанда 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда болған оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған азаматар ақталды деп көрсетілген.
Осы жарлық бұған дейін қасақана кісі өлтіргені үшін және милиция қызметкерлері мен халық жасақшылырының өміріне қауіп төндіргені үшін бас бостандығынан айырылған азаматтарға қолданылмады. Олардың қылмыстық істерін қайта қарау қолданыстағы тәртіп бойынша жүргізілді.
Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңес Президиумының 1986 жылғы Алматы қаласында болған желтоқсан оқиғасына қатысты ішкі әскер және құқық қорғау органдары қызметкерлерін мемлекеттік марапаттармен мадақтау жарлығын қате қабылданған деп қайта қарау Қазақстан Республикасының жоғарғы кеңесіне ұсынылды. Бұдан былай 17 желтоқсан Қазақстан Республикасының демократиялық жаңару күні деп жарияланды.
Желтоқсан қозғалысы – ұлт-азаттық тарихында ерекше орын алады. Бұл ұлттық рухтың жаңару, қайта түлеу кезеңінің басы болды. Ұлт-азаттық қозғалыс жаңа сатыға көтерілді. Ол бүкіл халықтың рухани өміріне әсер етіп, ұлттық сананы өсірді, ұлттық рухты жандандырды.
Желтоқсан қозғалысы Қазақстанды жаңа әлемдік кеңістікке алып шықты. Бұл қозғалыс одақ көлемінде жалғасын тапты. Одақтың құлдырауына, ыдырауына әкелді. Республикалардың мкмлекеттік егемендігін жариялауына мол мүмкіндіктер берді. Сөйтіп, Қазақстан желтоқсаны республика шеңберінен шығып, Еуразиялық сипат алды. Бұл оқиғаға қатысқан қаншама жастарымыз қыршынынынан қиылып, болашаққа жол ашты. Болашақ ұрпақ мына біздер үшін тер төгіп, қыршынынан қиылған жастарымыздың еңбегі еш кетпеді. Ендеше сол жастарымыз біздің мәңгілік жүрегімізде болғай.
Әдебиеттер
Қазіргі Қазақстан тарихы, Б.Ғ.Аяған, Х.М.Әбжанов, Д.А.Махат Алматы, 2010.
Мұхтар Шаханов, «Желтоқсан эпопеясы», Алматы, 2013.