АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ – ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ – ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Рахметбек Гүлзия (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Мәтбек Н.Қ.

Ахмет Байтұрсынов 1872-1937 жылдары Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Ол — ғалым, ақын, түріктанушы, ағартушы, аудармашы, қоғам қайраткері, публицист, этнограф, фольклорист, сазгер әрі орындаушы. Қазақ тілі білімі, әдебиет теориясы және әдебиеттану ғылымының негізін салушы. Оның қазақ тіл біліміне қосқан үлесі зор. Соның ішінде менің тоқталғай отырған тақырыбым Ахмет Байтұрсынов атамыздың «’Тіл-құрал» еңбегіне тоқталғым келді. Тіл-құрал. Оқулық, негізінен, үш жылдыққа арналып, әр жылғы сыныптарға жеке-жеке жазылған құрал. Бірінші тіл танытқыш кітап: Дыбыс жүйесімен түрлері (1914), екіншсі: Сөздің жүйесі мен түрлері (1914-1915), үшіншісі: Сөйлем жүйесі мен түрлері (1923). Барлығы да Орынборда жарық көрген. Әдіскер ұстаз осы оқулықты не себепті үш жылға бөлгендігі туралы түсіндіре отырып, бірінші жылы оқытылатын «Тіл-құрал» тіл білімінің негізі болғандықтан, оқытушылардың алғашқы жылы нық үйретулері керектігін ескертеді. Бірінші кітапта әріптер, буындар туралы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары оқытылса, жеткілікті екенін айтады. Дүниедегі жұрт тілінің негізі үшке: түбіршек, жалғамалы, қопармалы болып бөлінетіні, ал қазақ тілінің қай топқа жататынын әрі оның негізгі ережелерін түсіндіріп береді. Сонымен қатар оқулықта қолдануға тиісті әдіс-тәсілдердің қандай жолмен оқытылуы керектігін ұғынықты етіп түсіндіреді. Оқулықта тақырыбы күрделеніп, қарапайымнан күрделіге қарай оқыту тәсілі сатылана қолданылып, кітаптың екінші, үшінші жалғасы жазылады. Жалпы, ағартушының бала оқытудағы әдістемелік мұрасы туралы 1995 жылы тілші ғалым А.Қыдыршаев ғылыми зерттеу еңбегінде әдіскердің еңбектерінің жазылу тарихы, әліппе мен оқулықтарының әдістемелік негізі жалпы сипаттамасы жөнінде сараптамалық талдаулар жасады. Зерттеуші еңбегінде «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаушы» екендігін ғылыми тұрғы дәлелдеп шығып, ағартушының әдістемелік мұрасының бүгінгі оқыту ісімен сабақтастығын, мұрасының өміршеңдігін жазды. Шындығында, осы «Тіл-құрал» кітабінің бірінші бөлімі – 7 рет, екіншісі – 8 рет, үшіншісі 6 рет басылған.
«Әліп-би. Жаңа құрал». Әліппе Қызылорда баспаханасына 1926 жылы бұрынғы «Оқу құрал. Қазақша алифбаға» жалғасты құрал ретінде қайта жазылған. Кітап 14 жылдан соң қайта өңделіп, 1926 жылы басылып шыққан. 1926 және 1928 жылғы басылымдар арасында аса көп айырмашылық жоқ. Алғашқы басылым – 116 бет, кейінгі басылым – 114 бет. 1927 жылғы екінші басылымның түпнұсқасы табылған жоқ. 1928 жылғы оқулық ішкі мұқабасында 3-інші рет басылғандығы айтылады. Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөліміндегі тіркемеде осы оқулықтың 1924, 1926, 1927 жылдары жарық көргендігі туралы картотекалық ақпарат бар. 1926 жылғы нұсқа 1992 жылғы «Тіл тағылымы»атты жинаққа енді. 1992 жылғы басылымда қажетті суреттер берілмеген, кесте ішінде бос орында қандай сурет болатындығы туралы айтылады да, төте жазудың сол жағына кириллше жазылуын беріп отырады. Мәселен, 1926 жылұы нұсқада әр тақырыпқа керекті суреттердің барлығы дерлік түгел берілген. Және осы суреттер арқылы сабақ оқытуда баланың ұғымына тез қонымды болатынын негізге алған әдіскер ұстаз кейінгі басылымда да суреттердің көрнекті болғанын назарда ұстаған. 1992 басылымда суреттер құрастырылмаған, түпнұсқадағы 32-беттегі «Кім табады» деген айрықшамен берілген топтамалы 9 суреттің тақырыптық орны.
«Тіл тағылымы» жинағында 54-бетке ауысып кеткендіктен, суреттің төменгі жағында берілген шешу шарты: «Мұның да істеу реті алдыңғыша» деген түсіндірмелік, шындығында, «түсініксіздеу» басылып тұр. Кемшіліктер төте жазуды қазіргі әріпке түсіндіргенде де кездеседі. Мысалы, «сүгірет-сурет, қаріп-әріп, қадімше-қадымша, бүтін-бөтен» т.б. сөздер өзгеріске ұшыраған. Осы топқа 1998 жылғы ғылымның 125 жылдық мерейтойына орай, әр соңғы басылымның жетпіс жылдығына арнап, «Рауан» баспасынан 1000 таралыммен жарық көрді. Бұл жинақтың ерекшелігі – сол тұстағы жазу емлесі қаз-қалпында сақталып, беттің төменгі жағына қазіргі жазуға түсірілген нұсқасы берілген. Төте жазудан көшіріп, редакциясын басқарған Ұлықман Асылов. Бұл кітаптың бүгінгі оқушыға берер зор көмегі сол – ғасыр басындағы ұлт зиялылары қолдаған жазуды дөп басып, нақ тануға мүмкіндік береді. Және төте жазуды игергісі келген оқырманға бірден-бір көмекші құрал іспетті. Бұл кітаптың 1926 жылғы басылымнан шартты баспа табақ жағынан айырмашылығы жоқ. Екеуі де 114 бетпен аяқталады. Тек кейбір сөздер 7-бетте: «мұғалімдерден-мұғалымдардан, жанастырыб-жамастырыб, жүзіндегі-жөніндегі» деген сөз тіркестері әр бетте өзгеше келіп жатады.
1912 жылы мектеп балаларын қазақша сауаттандыратын әліппені жазғаннан кейін, көп ұзамай енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуға кіріседі. «Біздің заманымыз – жазу заманы… Сөздік жүйесін, қисыннан келтіріп жаза білуге, сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша бір-біріне қиындасып, жалғасатын жүйесін білу керек болғандықтан, «қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар, қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек» дегенді өзіне міндет етіп алады да, сол міндетті атқару үшін «Тіл-құрал» деген атпен оқулық жазуға кіріседі.
Қазақ тілінің морфологиясына арналған 2-бөлімі бұдан біраз жыл бұрын 1914 жылы баспадан шыққан. Ол да қырналып, толықтырылып бірнеше рет қайта басылған. Синтаксиске арналған 3-бөлімі де 1916 жылдан бастап 6 рет басылған. «Тіл құрал» – қазақ мәдениетінде бұрын болмаған сирек құбылыс. Оның жалғыз тіл емес, өзге де пәндер ойып-үйрететін қазақша жазылған кітап, құрал дегендерді білмей-көрмей келе жатқан қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екендігін автордың өзі де ескертеді. Автордың «Сөз басында»: «Тіл- құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұнды да әуелгі кезде сондай жат көрінер, өйткені қазақта бұрын болмаған жаңа зат. Халықта бұрын болмаған нәрсе жат болып көрініп, бірте-бірте бойы үйренген соң қалыптасып кетеді. Шынында, ол жат болмақ түгіл, бірте-бірте сонша үйреншікті, қазақ балаларының бірнеше буын тәрбиелеген, 14-15 жыл бойы мектеп оқушыларына ана тілінің табиғатын танытқан ет бауыр дүниеге айналды: «Тіл-құрал» десе, жұртшылық қазақ тілі оқулығын, оқулық десе, тек қана Ахмет Байтұрсынұлын білетін болды.
«Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша.
Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі — ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жанғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенің олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы.
«Тіл-құрал» тұңғыш оқулық болуымен қатар, бастауыш мектепке, яғни алғашқы 4-5 жыл оқитын шәкірттерге арналғанымен, бұл – қазақ тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытқан қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми жұмыстың басы болды. Бұл оқулықтар – «Қазақ тіл білімі» атты ғылым саласының ана тіліндегі дұрыс жазылған, жақсы бастамасы, өйткені қазақ тілінің дыбыстық құрамының классификациясы да, сөз топтарын ажыратып, сөз тұлғаларын көрсетуде де сөздердің септелу, тәуелдену, жіктелу тәртібін танытуда да, сөйлем түрлерін ажыратуда да бүгінге дейін А.Байтұрсынұлының аталған оқулықтарының негізі сақталып келеді. Тілдік әр категорияның классификациясынан бастап, барлық терминдеріне дейін қазіргі мектеп оқулықтарында А.Байтұрсынұлының ізі бар.
Қазақ тілін ана тілімізде тұңғыш зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды: ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын графикасын жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» (төте жазу) дүниеге келген, екінші – сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатын қойған, бұл үшін «Тіл құралды» жазған.
Менің осы жобадан өзіме түйгенім: еңбек ете білген адам ерте болсын кеш, болсын өз еңбегінің жемісін алары хақ. Сол сияқты сонау уақыттан бізге мұра болып қалып отырған А.Байтұрсынұлы атамыздың осынау мұрасы сол кездегі жастардың ғана емес, біздің де ой-санамызды өсірері анық. Енді атамыздан осы қалған мол мұраларды жалғастырып алып жүру біздің ең басты міндеттеріміздің бірі болып қала бермек. Осы мол мұрамен сусындап одан нәр алу оның нәтижесін көрсетіп, алда еліміздің біртуар осындай азаматтарының бірі болу – біздің алдағы басты мақсатымыз.

Әдебиеттер

1. Ысқақұлы Д. Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін // Егеменді Қазақстан, 2003 жыл 28 қаңтар.
2. Айбын. Энциклопедия / Бас редакторы Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011.
3. Тарихи тұлғалар. Танымдық-көпшілік басылым. / Құрастырушы: Тоғысбаев Б., Сужикова А. – Алматы: Алматыкітап, 2009.
4. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. – 509 б.
5. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.

  1.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *