ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЫМ МЕН ИШАРАНЫҢ КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЫМ МЕН ИШАРАНЫҢ КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Мұқият Арман (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Бисенбаев А.Қ.

Ым мен ишара (мимика, жест) адамзаттың өзара ақпарат алмасқан көне формаларының бірі. Соған қарамастан қазірге дейін адамдар қатынасында сақталды және кей жағдайда мәдени дәстүр сипатында да көрініс табады. Ым мен ишара қатынасы алғашқы кезде қорқыныш үрейді, қуанып мерейленуді, тоқтатып тыйым салуды немесе ұйғарып қолдауды меңзеген жалпылама түрде санаулы ғана ойды білдірсе, кейінгі даму кезеңдерінде барған сайын жетілдіріле түскен. Айталық, ақпарат жеткізуге бағытталған адами әрекеттердің негізінде бет-әлпет, қас-қабақ, көз-жанар құбылулары мен қимылдарының көбейгендігіне байланысты ішкі ой мен түрлі мазмұнды айқындауға көшкен. Қазіргі ғалымдардың ым мен ишараны қарым-қатынастың салыстырмалы түрдегі дербес құралы, адамдардың өзара байланыстарының сөз қолданбайтын қатынас түрі деп тұжырымдаулары кездейсоқ болмаса керек.
Бүгінгі таңда түрлі халықтар арасында кеңінен тараған қонақ күту, шығарып салу, сәлемдесу, сый-құрмет көрсету, Жаратушыға табыну, ойнап-күлу, шаруашылық жүргізу, аң аулау секілді рәсімдерде қолданатын дәстүрдің дені ежелгі ым мен ишараның жалғасы деуге болады.
Сөйлеу тілі – ақпарат берудің, ақпарат жеткізудің сан түрін, атап айтқанда, тілдік және тілдік емес, тілден тыс өзге каналдарын, олардың әрқайсына тән өзіндік көзбен көруге болатын, құлақпен еститін т.б. амалдары мен тәсілдерін іш жүзінде пайдалануға болатындығымен ерекшеленетін күрделі құбылыс.
Ым мен ишараны адамдардың дене (тән) тілі, қимыл тілі десек те болады, қазақ тіл білімінде аса аз зертттелген құбылыстар қатарына жатады. Кезінде академик Н.К.Дмитриев «Строй тюркских языков» атты еңбегінде түркі тілдеріндегі құбылыстардың ерекше тобына тоқталған. Әрине ғұлама ғалымның ерекше деп отырғаны еліктеуіш сөздер екенін аңғару аса қиынға түспейді, әрі ғылымның мимемаларды төмендегідей категорияларға бөлуі, топтастыруы осы ойымызды нақтылай түседі: «по значению все мимеми можно условно разделять на следущие катергории: 1) звукоподражания; 2) подражания явлениям света движения; 3)подражания явлениям, протекающим в живом организме; 4) подражения детям, или форме детского языка». Осы категорялардың ішінде біз сөз етіп отырған мәселеге ең жақыны «подражения явлениям протикающим в живом организме» немесе тірі организмдерде өтіп жататын құбылыстарға еліктеу дер едік. Ал қазақ тіл біліміндегі еліктеуіш сөздер жөніндегі кесек те кесімді ғылыми пікірлермен белгілі ғалымдар Ш.Сарыбаев, К.Құсайыновтардың зерттеулері арқылы таныспыз.
Ым мен ишара арқылы қатынас түріне арналған тұңғыш еңбектер қатарына Ч.Дарвиннің «Выражение эмоций человеком и животными» кітабын жатқызуға болады. Ал соңғы кездердегі зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, адамдар арасындағы қарым-қатынастың 7%-ы – вербалды (сөздер, сөйлемдер); 33%-ы – вокалды (интонация, дауыс ырғағы, дауыс немесе дыбыс әуезділігі, екпіні мен қарқыны, т.б.) және 55%-ы бейвербалды элементтер, яғни ым мен ишара арқылы жүзеге асатын көрінеді. Әрине, бұл статистикалық мәліметтер қазақ тілі материалдары негізінде жасалмаған.
Дене (тән) тілі – қарым-қатынас үстінде өте көп ақпарат алуға болатын коммуникацияның ерекше құралы. Бірақ қарым-қатынастың осы түрі туралы қазақ тіл білімінде арнайы іргелі зерттеулер жоқтың қасы, ал сөздіктер мүлде жоқ десек, қателеспейміз.
Бірақ қазақ халқының тұрмыс-салтында осы аталған ым мен ишара амалдарының барлық түрі орын алған. Мысалы:
Басын шайқау
Әлденеше рет басты оңға, солға жылдамдата бұру.
Ренжуді, көңілі толмағандықты аңғару.
Жұмекең «Әй, балам, балам!» – деп басын шайқап аз тұрды да:
Ал, жолың болсын, ендеше! – деп қолын ұсынды (С.Мұқанов. Өмір мектебі).
Таң қалу, таң-тамаша болу, таңырқау.
Бетін ыққа бұрып қойған шағын күйме ішінде әншінің «Сырымбетін» естігенде Ақандар бір-біріне үнсіз қарасып, таңырқағандай бас шайқасты (С.Жүнісов. Ақан сері).
Біреудің ойымен, пікірімен үзілді-кесілді келіспеу.
Басын изеу
Басты бір немесе бірнеше рет жоғары көтеріп, төмен түсіру/
Келісу, құптау, мақұлдау / Жаны ашу, мұңаю, күйзелу / Амандасу, сәлемдесу / Қоштасу.
Бас ию
Басты сәл төмен иген қалыпта азғана ұстап тұру.
Сәлемдесу / Кінәсін, айыбын мойындау / Құрметтеу, қадір тұту, қадірлі адамға сый көрсету.
Ұлы Отан соғысындағы совет халқының ерлігіне бас иеміз.
Бетін шымшу
Сұқ саусақ пен бас бармақты біріктіріп бетті шымши ұстау / Ұялу.
Қойшы,масқара, – деп шешем бетін шымшиды, – қайдағы жоқты айтады екенсің (Т.Иманбеков. Үш айды ңүш күні).
Мұрнын тыржиту
Мазақ қылу, жаратпау.
Шұнақ артына жалт қарады да, Смайылға мұрнын бір тыржитып, үйіне қарай жүгіре жөнелді (Т.Дәуренбеков. Біз әлі кездесеміз).
Шашын жаю
Бұрынғы кезде қазақ әйелдерінің шашын бұрым ғып өріп жүретіндігі белгілі. Ал ері қайтыс болған кезде бұрымын тарқатып, шашын бей-берекет жайып жіберетін болған. Міндетті түрде екі бүйірін таянып тұрады. Беттеріне тырнақ салып, күніне екі-үш рет жоқтау айтып, аза тұтқан әйел-қыздардың шашын ауыл әйелдері тарқатып, жайып жіберіп, сол әйелдер жетісі өткен соң қайталап өріп беретін болған.
Тіс қайрау
Үстіңгі және астыңғы қатардағы тістерді бір-біріне қатты үйкеу / Қатты ашуланып тұрғандықты және әлдебіреуге өшпенділікті білдіру, кіжіну.
Иық қомдау
Оң немесе сол жақ иықты, я болмаса екі иықты бірдей жоғары-төмен қозғау / Келісу.
Басқалары да Байбатыр сөзін қостағандай иықтарын қомдап қойды (С.Жүнісов. Ақан сері).
Жоғарыда келтірілген мысалдардан қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы халықтың мінез-құлқын жақсы білетін тәжірибелі адамдар әр адамның жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен, қас-қабағынан оның көңіл-күйін айтпай-ақ сезіп, біліп отыратындығын байқаймыз.
Қазақ халқының тұрмысында біте қайнасып кеткен сан алуан ым мен ишара амалдары ұлтымыздың салт-сана, тәлім-тәрбие, әдеп, үлгі-өнеге, тағлым және таным саласындағы ғасырлар бойы жинақталған, дәстүрге еніп, қалыптасқан бай қазыналарының бір тармағы.

Әдебиеттер

1. Момынова Б., Бейсембаева С. Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2003.
2. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2012.
3. Мағжан С. Қазақ тіліндегі бейвербалды элементтердің көпмағыналылығы //Канд.дисс.автореф. – Алматы, 2007.
4. Аллан Пиз. Язык телодвижений. Как читать мысли окружающих по их жестам. – М., 2003.
5. Кенжеахметұлы С. Ұлттық әдет-ғұрыптың беймәлім 220 түрі. – Алматы: Санат, 1998.
6. Зекенова Ш. Омоним және синоним мағыналы бейвербалды амалдардың эмотивті-коммуникативтік қызметі. Фил. ғыл. канд. дисс. қолжазбасы. – Алматы, 2010.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *