ШАҚ КАТЕГОРИЯСЫНЫҢ БОЛЫМСЫЗ ТҮРІ: ЗЕРТТЕЛУІ МЕН ЗЕРДЕЛЕНУІ
Ашимханова Дәметкен (Өзбекстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Қадырқұлов Қ.Ш.
Етістіктің шақ категориясы туралы зерттеу еңбектердің жеткілікті екендігіне қарағанда шақ және оның түрлеріне қатысты көкейкесті мәселелер жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, шақтардың болымсыз түрлеріне тоқталғанда оқулықтағы тұжырымдар мен қолданыстағы тілдік бірліктердің айырмашылықтары ашық байқалады. Сонымен қатар көптеген оқулықтар мен зерттеу еңбектерінде шақтардың болымды түрлеріне ерекше назар аудартылады да,болымсыз түрі жөнінде сөз қозғалмайды. Неліктен шақтардың болымсыз түрлері толық жіктелген күйінде берілмейтіні,олардың шақ тұлғасына(болымды түріне қарағанда) қандай өзгерістер әкелетіні морфология саласында арнайы зерттеу тақырыбына айнала қоймаған секілді. Салыстырып көрейік:
-…шексіз келер шақтың болымсыз түрі етістіктің болымсыз түріне -с жұрнағы жалғанып, оның үстіне І, ІІ жақ жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: мен айтпаспын,сен айтпассың. Шекті келер шақтың болымсыз түрі шекті келер шақтағы етістікке көмекші етістіктердің есімше түрі жалғанып, оның үстіне жоқ сөзінің жіктелген түрі жалғасу арқылы жасалады. Мысалы: көргелі отырған жоқпын, көргелі отырған жоқсың, көргелі отырған жоқ. Мақсатты келер шақтың болымсыз түрі аналитикалық жолмен, яғни мақсатты келер шақтың жіктік жалғаусыз түріне емес сөзі жалғасу арқылы жасалады. Мысалы: алмақ емеспін, алмақ емессің,алмақ емессіз, алмақ емес (1).
— Мақсатты келер шақтың болымсыз түрі -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек және -шы, -ші тұлғалы негізгі етістікке емес деген көмекші етістіктің тіркесуі арқылы жасалады. Ондайда жіктік жалғау емес көмекші етістігіне жалғанады. Мысалы: келмекші емеспін (2).
-…-ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы бұрынғы өткен шақтың болымсыздық мағынасы морфологиялық (-ма,-ме қосымшасы) және синтаксистік (жоқ, емес сөздерімен тіркесіп) тәсілдермен беріледі: оқымаған, оқыған жоқ, оқыған емес (3).
— Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі үш түрлі жолмен жасалады: а) болымсыздық -ма, -ме, -ба,-бе, -па, -пе жұрнақтары жалғану арқылы. Мысалы: айтпағанмын, жазбағансың, жетпегенсің; ә) есімшенің өткен шақтық жұрнағы жалғанған негізгі етістіктен соң жоқ, емес сөзі көмекші ретінде қолданылады да, жіктік жалғау қосымшасы сол сөзге жалғанады. Мысалы: барған жоқпын, айтқан жоқсың, келген жоқ (4). Ал үшінші жасалу жолы көрсетілмейді. Бұл еңбекте болжалды келер шақтың болымсыз түрі айтпаспын, айтпассың, айтпас түрінде, мақсатты келер шақтың болымсыз түрі бармақ (бармақшы) емеспін, айтпақ (айтпақшы) емессің, келмек (келмекші) емес тұлғасында беріледі.
— Жедел, ежелгі және дағдылы өткен шақтардың болымсыз түрлері -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары арқылы жасалады. Бұрынғы өткен шақтың болымсыз түрі үш түрлі формада қолданылады. Біріншісі -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары арқылы. Екіншісі – жоқсөзі арқылы. Үшіншісі – емес шылауы арқылы. Мысалы, алмағанмын…, алған жоқпын…, алған емеспін. Келер шақтың ауыспалы түріндегі болымсыздық формасы – мен жазбаймын… Болжалды келер шақтың болымсыз түрі – айтпаспын… Ниет келер шақтың болымсыз түрі – айтпақ емеспін, айтпақшы емеспін… Ал нақ осы шақтың болымсыз түрі жоқ сөзі арқылы жасалады: мен жазып отырмын – мен жазып отырған жоқпын (5).
Қазақ тілінің морфология саласына арналған профессор А.Ысқақовтың оқулығында етістіктің шақ түрлеріне ерекше атаулар беріледі: анық (айғақты) өткен шақ, танық (айғақсыз) өткен шақ, неғайбыл өткен шақ; жалпы осы шақ, нақ осы шақ, неғайбыл осы шақ; жалпы келер шақ, болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ. Бірақ шақтың үш түрінің де болымсыз формасы туралы сөз қозғалмайды (6). Көріп отырғанымыздай, зерттеу еңбектері мен оқулықтардың дені өткен шақ пен келер шақтың кейбір түрлерінің ғана болымсыз күйін ұсынып, осы шақтың болымсыз түріне соқпай кетеді. Тек, Ы.Мамановтың еңбегінде нақ осы шақтың күрделі түрінің болымсыз тұлғада жіктелуі беріледі. Ал нақ осы шақтың жай түрінің болымсыз тұлғасы ешбір оқулықта көрсетілмейді. Міне, менің өткен конференцияда нақ осы шақтың болымды түріне күмән келтіруімнің себебі осы тұста тағы да айшықтала түседі. Өйткені төрт қалып етістігінің (отыр, тұр, жүр, жатыр) есім сөздерше тікелей жіктелуінің осы шақты білдіретін болымсыз түрінің де болуы мүмкін емес. Соңғы кездері талапкерлерге арналған «Оқулық- тесте» Ол жүрген жоқ деген бір ғана сөйлем беріліп жүр (7). Егер қалып етістіктерін осы шақтың болымсыз түріне жіктесек, болымды түрде болатын бесінші қалып етістігін тауып қою керек. Әйтпесе, ол жүрмесе, ол отырмаса, ол тұрмаса, ол жатпаса (жатырмаса емес) қандай қалыпта екенін ажырату қиынға соғады. Сондықтан ол жүрген жоқ деген болымсыз түр айтылмайды. Оның орнына болымды түрдегі қалып айтылады. Не отырады, не тұрады, не жатады. Мен жүрген жоқпын деп бірінші жақта айтсақ қалай болар екен?! Жүрмесең, қандай қалыпта екеніңді білмегенің бе? Осы тұста қалып етістіктерінің тікелей жіктелуі шақты емес (яғни, қимылды емес), тек қимылдан кейінгі қалыпты білдіретінін қайталап айтқым келеді. Сонымен қатар, нақ осы шақтың (күрделі түрінің) болымсыз түрі көмекші етістіктен кейін жоқ сөзінің тіркесуі арқылы ғана емес (Ы.Маманов), негізгі етістікке -ма, -ме, -ба, -бе,- па, -пе қосымшаларының жалғануы арқылы да жасалады: Мен жазып отырған жоқпын – мен жазбай отырмын, сен жазып отырған жоқсың – сен жазбай отырсың, ол жазып отырған жоқ – ол жазбай отыр.
Өткен шақтың болымсыз түрі әр оқулық пен әр зерттеу еңбектерінде әрқилы берілген. Жедел өткен шақ пен ежелгі өткен шақтың болымсыз түрі -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшалары арқылы жасалады делінеді де, бұрынғы өткен шақтың болымсыз түріне ерекше тоқталады:…бұрынғы өткен шақтың жоқ сөзі арқылы жасалған түрі тілімізде жиі қолданылады. ТІпті, ол жедел өткен шақтың болымсыз түрінің орнына да жұмсала береді. Мысалы, көрмедім – көрген жоқпын, оқымадым – оқыған жоқпын дегенде ешқандай мағыналық айырма жоқ. Бұрынғы өткен шақтың емес шылауы арқылы жасалған түрі «ешқашан» деген ұғымды білдіреді: Естігенім болмаса, Бұланбайды бұрын көрген емеспін (Ғ.Мүсірепов). Қазіргі қазақ тілінде бұрынғы өткен шақтың -ма,- ме формантты түрі сирек қолданылады (5). Ғалым өзінің бұл пікірінің себебін (неге сирек қолданылатынын) ашып көрсетпейді. Шынына келсек, өткен шақтың болымсыз түрі кей тұстарда -ма,- ме,- ба,- бе, -па, -пе қосымшаларымен жасалмайды. Әсіресе, диалогта бұл құбылыс анық байқалады: – Сен кеше ауырдың ба? – Ауырған жоқпын (ауырмадым емес), – Кітапты орнына қойдың ба? – Қойған жоқпын (қоймадым емес), – Мынаны кім жазған? – Мен жазған жоқпын (Мен жазбағанмын емес).
Біздің қосарымыз – бұрынғы өткен шақтың бұл болымсыз түрі (-ма, -ме формантты түрі) екенкөмекші етістігімен тіркескенде осы шақты білдіретіндігі. Сен бұл әдетіңді (әлі) қоймаған екенсің, ол да қоймаған екен. Бұған қоса, негізі көсемше тұлғалы күрделі етістіктер өткен шақтың болымсыз түрінде тұрғанда етістіктің болымсыз жұрнағын екеуіне алма-кезек ауыстырып жалғауға болатынына мысал келтіріледі: Ол келіп кетпеді. Ол келмей кетті (7). Бірақ барлық уақытта осылай болатынына қолданыстағы тілдік құбылыстар көне бермейді. Зерттеу әрекетінің ұсынған нәтижесі бар да, оны қолданыста жүзеге асыру әрекеті бар. Біріншісі – ғылымды негізге ала отырып зерттеу, екіншісі – қолданыстағы көрінісін зерделеу. Ол келіп кетпеді, Ол келмей кетті үлгісіне сүйеніп, көсемше тұлғалы күрделі етістіктің бәрі болымсыз жұрнақты талғаусыз қабылдай береді деуге болмайды. Мысалы: Ол кіріп шықпады, Ол сұрап алмады үлгісіндегі болымсыз сөйлемдерді Ол кірмей шықты, Ол сұрамай алды деуге келмейді.
Келер шақтың болымсыз түрі барлық оқулықтар мен зерттеу еңбектерінде, негізінен, екі бағытта қарастырылады. Біріншісі – болжалды келер шақтың болымсыз түрі, екіншісі – мақсатты келер шақтың болымсыз түрі. Әрине, болжалды келер шақтың болымсыз түрі -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшаларына -с жұрнағы жалғану арқылы жасалатыны белгілі: айтпаспын, айпассың, айтпас. Бұл жасалу жолы, шынында да, болжау мәніндегі болымсыз келер шақты білдіреді. Ал келер шақтың бұл түрінің емес шылауы арқылы жасалған болымсыз тұлғасы болжау мәнінде екендігіне күдіктенесің: айтар емес, барар емес десек, болжаудан гөрі шартқа жақын ұғымды береді, яғни тіпті айтқысы, барғысы келмейтіндігін меңзейді. Мақсатты келер шақтың болымсыз түрінің барлық оқулық, зерттеу еңбектерінде бірдей үлгіде берілуі (айтпақ емеспін, айтпақшы емеспін, келмек емеспін, келмекші емеспін) ойландырады. Өйткені мақсатты келер шақтың ережесі: іс, қимыл, амалды алдағы уақытта істеуге, істі істеуші жақтың мақсат етіп отырғандығын білдіретін етістіктің түрі мақсатты келер шақ деп аталады (4). Ереже дұрыс берілген. Мақсат істің орындалғанына қатысты ойды білдіреді (орындалмағанына емес). Мақсат барлық уақытта болымды түрде қабылданады. Біз одан болымсыз түрдегі келер шақ жасағымыз келеді. Оқулықтың бәрінде болымсыз түрде, мақсатты келер шақта жіктелген етістіктерді береміз де, қолданыста жүзеге асқан үлгілерін көре алмаймыз. Мен саған ештеңе айпақ емеспін, мен сені енді көрмек емеспін деген сөйлемдерден қандай болымсыз мәндегі мақсатты ұғынуға болады. Бұл тұста қалау мәнін (ештеңі айтқым келмейді, көргім келмейді) зерделейсіз. Зерттеу барысында әр шақтың болымсыз түрі өз нысандарының аясынан шығып, өзге шақтың қызметін атқара беретіндігіне көз жеткіздік. Зерттеу мен зерделеудің ара салмағын ажырату мен саралаудың жолын нақты мысалдармен айшықтауға тырыстық:
– Қос байпақты қосарлай кигендікі ме, сыртынан кебіс қаптаған зілдей сұр пима жүрісін мандытар емес (Жұлдыз, №З. 2004). Сөйлемдегі мандытар емес етістігі осы шақты білдіріп тұр. Зерттеу еңбектерінде болжалды келер шақ делінген.
– Осы аса қуанышты жәйт туралы кеңірек айтып бере алмас па екенсіз? (Жұлдыз, №7. 2006). Бұндағы айтып бере алмас па екенсіз етістігінің формасы болымсыз болғанымен, беретін мағынасы болымды. Болжалды келер шақтың болымсыз түрінің жасалу жолы болғанымен, «мүмкін, айтып берерсіз» деген үлгінің көрінісі.
– Елбасының жолдауымен, оның негізгі қағидаларымен жете таныстырылды десек, артық айтқандық болмайды (Жұлдыз, №7. 2006). Бұл сөйлемдегі етістік те болымсыз жұрнақпен келіп, болымды, ауыспалы осы шақтық мән беріп тұр.
– Павлодар жеріне келіп тұрып, Баянауылға қалайша соқпай кетпекпіз (Жұлдыз, №7. 2006). Әрине, соқпай кетуге болмайды. Міне, мақсатты келер шақтың орындалатын мақсатты қоюға міндеттейтінін осыдан -ақ байқауға болады.
– Саған тамақ әкелдім, ұмытып кетіпсің ғой (Жұлдыз, №3. 2004). Ұмытып кетіпсің – ежелгі өткен шақтың болымды түрі. Жасалуы – солай. Осы күрделі етістіктің екі сыңарына да етістіктің болымсыз жұрнағын жалғай алмайсың. Зерттеу еңбектерінде ежелгі өткен шақтың болымсыз түрі бір ғана жолмен -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшаларымен жасалады делінген. Cаған тамақ әкелдім, ұмытпай кетіпсің десек те, Саған тамақ әкелдім, ұмытып кетпепсің десек те болмайды. Себебі – ұмытып кетудің өзі ешбір болымсыз жұрнақсыз, болымсыз мәндегі көмекші сөздерсіз-ақ болымсыз мәнді ұқтырады.
– Үйге түн ортасы ауғанда келді емес пе?!(Жұлдыз, №3. 2004). Беретін мәні – Үйге түн ортасы ауғанда келді ғой. Өткен шақ, болымды түрде берілген. Бұл сөйлемдегі емес сөзі – демеулік шылау. Ешқандай болымсыздық мәнді иеленбейді.
– Бала күлкіге тоймас// Жаман ұйқыға тоймас (мақал). Болжалды келер шақтың болымсыз түріндегі (формасы) мақал осы шақты білдіріп тұр (5). Осы шақ болғанда да – ауыспалы осы шақ: Бала күлкіге тоймайды// Жаман ұйқыға тоймайды.
– Әлгі қозышы бала бүгін неғып түскі тамағын алмай кеткен (Жұлдыз, №3. 2004) сөйлеміндегі күрделі етістіктің көмекші сыңарын да болымсыз түрге ауыстыруға болады:…неғып түскі тамағын алып кетпеген.
Ал мына сөйлемдердегі күрделі етістіктер ондай қағидаға бағына қоймайды:
– Дәптердің шимайлаған парағын кеудесін қуана ұрғылаған жүрек тұсына қысып-қысып жібергенін өзі де аңғармай қалды (Жұлдыз, №3. 2004).
– Келін боп түскен сәтті әлі күнге ұмыта алмаймын (сонда).
– Қалай айтып қалғанын, қалайша батылданып кеткенін өзі де байқамай қалды (сонда).
Түйіндей айтқанда, шақ категориясының болымсыз түрі зерттеу еңбектері мен оқулықта берілген үлгілерінен әлдеқайда күрделірек көрінеді. Олардың көбісі шақ түрлерінің болымды тұлғасындағы ұғымының болымсыз мәнін бере бермейді. Яғни, осы күнге дейін оқытылып келген болымсыз түрдегі шақ категориялары күнделікті қолданыста көрініс таба бермейтіндігіне назар аударуға тура келеді. Біздің басты мақсатымыз да осы болды.
Әдебиеттер
1. Сауранбаев Н. Қазақ тілі. – Алматы: – Қазполиграф, 1953. – 220 б.
2. Исаев С. Қазақ тілі. – Алматы: Ғылым, 1996. – 236 б.
3. Қазақ тілінің грамматикасы. Морфология. – Алматы: Ғылым,1967. – 264 б.
4. Әбуханов Ғ. Қазақ тілі. – Алматы: Мектеп, 1982. – 283 б.
5. Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2007. – 448 б.
6. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 192 б.
7. Ибрагимов Қ. Қазақ тілі. – Алматы: Шың- кітап, 2015. – 312 б