6 Грамматикалық тақырып: Сан есім және оның түрлері.
САН ЕСІМ
Заттың санын, мөлшерін, ретін білдіріп қанша? неше? нешеу? нешінші? деген сұрақтарға жауап беретін сөз табын сан есім дейді.
Сан есімдер құрамына қарай дара сан есім және күрделі сан есім болып екіге бөлінеді. Бір түбірден құралған негізгі және туынды сан есімдер дара сан есімдер деп аталады. Мысалы: он, екі, бес, жүз, ондаған, сегізінші, жетеу т.б. екі немесе одан да көп түбірдің тіркесінен не қосарлануынан жасалған сан есімдер күрделі сан есім деп аталады. Мысалы: екі жүз, елу алты, жүз жиырма бір, екі – екіден, үш – төрт т.б. сөздердің қосарлануы арқылы жасалған күрделі сан есімдер дефис (-) арқылы жазылады. Мысалы: қырық – елу, жетпіс – сексендей, он – оннан т.б.
Сан есімнің мағыналық түрлері: Сан есімдер мағынасына қарай алты түрге бөлінеді: есептік сан есім, реттік сан есім, реттік сан есім, жинақтық сан есім, бөлшектік сан есім, топтау сан есім және болжалды сан есім.
1. Есептік сан есім: Есептік сан есім заттың нақтылы санын білдіріп, қанша? неше? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: алты, төрт, алпыс төрт және т.б. есептік сан есімдер дара да, күрделі де болып, сан есімнің басқа түрлерін жасауға негіз болады.
2. Реттік сан есім: Реттік сан есім заттың саналу ретін білдіріп, қаншасыншы? нешінші? деген сұраққа жауап береді. Реттік сан есімдер есептік сан есімдерге дауысты дыбысқа бітсе -ншы, -нші, дауыссызға аяқталса -ыншы, -інші, жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: екінші, төртінші, үшінші, алтыншы және т.б.
3. Жинақтық сан есім: Жинақтық сан есім заттың жинақталған санын білдіріп, нешеу деген сұраққа жауап береді. Жинақтық сан есім бірден жетіге дейінгі есептік сан есімдерге -ау, -еу жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу. Дауысты дыбысқа бітетін екі, алты, жеті деген есептік сан есімдерге -ау, -еу жұрнағы жалғанғанда, түбірдің соңындағы -ы, -і дауысты дыбыстар түсіріліп қолданылады. Мысалы: екі -еу, -екеу, алты -ау -алтау.
4. Болжалдық сан есім: Болжалдық сан есімдер заттың санын білдірмей, шамамен болжалдап көрсетеді де, қанша? неше? қай шамалы? қаншадан? сияқты сұрақтарға жауап береді. Болжалдық сан есім бірнеше жолмен жасалады:
А) Есептік сан есімдерге -лаған, (-леген), -даған(-деген), -таған(-теген), -лап(-леп), -дап(-деп), -тап(-теп), -дай(-дей), -тай(-тей) жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы: мыңдаған, жүздей, қырықтай, елудей және т.б.
Ә) Есептік сан есімдерге әуелі көптік жалғауы, оның үстіне жатыс септік жалғау жалғауы арқылы жасалады. Мысалы: (жасы) қырықтарда , (сағат) жетідерде т.б.
Б) Есептік сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы: он – он бес , жетпіс – сексен, қырық – елудей, қырық – қырық қырықтарда және т.б.
В) Есептік сан есімдерге шамалы, шақты, қаралы, таман, тарта, жуық, жақын сияқты сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: қырыққа жуық, елу шақты, отызға тарта және т.б.
5. Топтау сан есім: Топтау сан есімдер заттың санын жекелеп емес, топтап көрсетеді де нешеден? қаншадан? деген сұрақтарға жауап береді. Топтау сан есімдер дара сан есімдер мен қосарланған сан есімдерге шығыс септік жалғауы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: бестен, отыздан, жетпіс – сексеннен, алты – алтыдан және т.б. Сөйтіп, топтау сан есімдер дара түрде де (бестен, оннан т.б.), күрделі түрде де (жиырма бестен, жүз елуден т.б.), қосарланған түрде де (екі – екіден, он – он бестен) т.б. қолданылады.
6. Бөлшектік сан есім: Бөлшектік сан есімдер заттың бөлшектік санын білдіреді. Бөлшектік сан есімдер жай бөлшек және ондық бөлшек болып екіге бөлінеді. Жай бөлшек сандар екі есептік сан есімнің бөлімі шығыс немесе ілік септікте, алымы тәуелдік тұлғада жұмсалады. Мысалы: үштен бірін (1/3) , ал, бестен бірі (1/5) т.б. Сол сияқты бөлшектік сан есімдер есептік сан есімге жарты, жарым, үш ширек т.б. Ондық бөлшектік сан есім бөлімі ондық, жүздік, мыңдық сияқты болып жасалады. Мысалы: төрт бүтін екі ондық (4, 2), алты бүтін төрт жүздік (6, 04), он бүтін жүз елу бір мыңдық (10,151) т.б.