Әлемдік діндер бастаулары мен түрлері
1) Мифологиялық сананың өзіндік ерекшеліктері
2) Алғашқы қауымдық сенімдердің формалары (фетишизм, тотемизм, анимизм, магия)
3) Наным – сенімдердің ерекшеліктері мен мәні. Шаманизм
1-сұрақ: Мифологиялық сананың өзіндік ерекшеліктері
«Мифология» — ертедегі адам үшін өзі өмір сүріп жатқан дүние туралы, осы дүниені билеп тұрған күштер туралы көзқарасын қорытындылайтын сөздердің сараланып жіктелген, ретке келтірілген бірілігі.
Мифтер – әртүрлі халықтардың құдайлар мен батырлар туралы, адам мен ғарыштың, адам мен құдайлардың бірлігі туралы ежелгі аңыз-хикаялары; бұл өмірдің және оның жаратылысының құпияларын ашу жолындағы ізденістер; дүниенің жаратылыс-құрылысы және адамның сол дүниедегі қызмет-міндеттері туралы жұмбақ сұрақтарына жауап табуға әрекет жасау болып табылады. Яғни, мифология – қоғамдық сананың формасы және дүниені түсінудің қоғам дамуының ерте сатыларына тән тәсілдері.
Алғаш рет миф философиясын Дж.Вико (1668 – 1744) ұсынды. Ол миф қиял ойыны ретінде қалыптасады деген пікірде болды. Кейін 19 ғасырдың ортасынан бастап миф этнографиялық материал ретінде зерттеле бастады. Ағылшын мәдениеттанушысы Э.Б. Тайлор (1832 – 1917) “Алғашқы қауымдық мәдениет” атты еңбегінде мифтер мен діни нанымдар негізінде анимизм жатады деп жазады. Тайлор мифтердің мынадай түрлерін атап көрсетеді: а) философиялық немесе түсіндірмелік мифтер; ә) нақтылы, бірақ бұрмаланған деректерге сүйенген мифтер; б) тарихи және аңыз тұлғалар туралы мифтер; в) фантастикалық және метафоралық мифтер; г) әлеуметтік-саяси және тұрмыстық мифтер. Г.Спенсер (1820 – 1903) миф – таным құралдары мен мүмкіндігінің шектеулілігінен туындаған құбылыстардың сырын қате түсіну деп санады. Дж.Фрезер үшін миф – магиялық әрекетті ақылға салып, әдеби тіл арқылы пайымдау. Психологиялық мектеп пен оның өкілдері (В.Вунд, Л.Леви-Брюль, З.Фрейд, К.Юнг) мифтік шығармалар негізінде алғашқы қауым адамының дүниені қабылдау ерекшеліктері жатыр, ол бір нәрседен туындаған сезімдерді, эмоцияларды сол құбылыстың немесе нәрсенің өзіне тән қасиеті ретінде қабылдады деп санайды. 20 ғасырдағы әлеуметтік антропологияда Б.Малиновский (1884 – 1942) мен К.Леви-Стросс (1908) теорияларының ықпалы жоғары болды. Малиновскийдің пікірінше, миф – құбылыстың түсіндірмесі, яғни теория емес, шындық ретінде пайымдалған сенімнің көрінісі. Леви-Стросс жеке мифті емес, олардың жиынтығын таңбалық модельдендіруші жүйе ретінде қарастырады. Қазақтың арғы ата-тектерінің дүниені мифтік тұрғыдан түсінуі әлемдік үлгілермен сабақтас. Көк Тәңірі, Жер-Су мен Ұмай ананы айтпағанның өзінде, түркі халықтарының арғы ата-тек туралы түсініктері тарихтың алыс қойнауларында қалыптаса бастаған. Көк бөрі туралы аңыздар, сондай-ақ көркем шығармаларда бейнеленген тотемдер мифтің әсерлі белгілері саналады. Космогониялық мифтердің басты тақырыбы – “киелі тарих”, дүниенің, адамның, тағы да басқа жаратылуы. Әдетте, мифте жаратылыс уақыты киелі сипатқа ие болып, үлгі ретінде құрметтеледі. Мифте әрбір объект, әрбір іс-қимыл басқа объектілермен, іс-қимылдармен ұштасып жатады. Мифтік бейнелер субстанциялық сипатта, нақты, шынайы нәрселер ретінде қабылданады. Мифке метафоралық тән емес, өйткені миф бәрін шындық ретінде бейнелейді. Тек кейіннен мифтің тілдік құрылымында метафоралық ерекшелік қабылданды. Миф архаикалық сана үстемдік еткен дәуірде пайда болғанымен, кейінгі мәдениеттерде де сақталып қалды. Мифтік уақыт туралы сөз еткенде оның жазусыз мәдениетпен бітісе қалыптасқанын ескеру қажет. Ұжымдық тәжірибе мен әдет-ғұрыпты арқау еткен қоғамның қуатты болжау мәдениеті болуы шарт. Бұл табиғатты, әсіресе аспан шырақтарын бақылауды міндетті түрде ынталандыра отырып, соған сәйкес теориялық танымның өркендеуіне әкелді. Кейін мифтік дүниетанымды дін мен философия ығыстырды. Бірақ ол уақыт ағынында жоғалып кетпей, көмескі сана мен архетиптік жадынан орын алды.
Миф диахрондық (өткендегі туралы әңгіме) және синхрондық (осы шақтағыны және болашақтағыны түсіндіру) аспектілерінен тұрады. Сонымен мифтердің көмегімен өткен уақыт болашақпен байланысқа түсті, ал ол ұрпақтардың рухани байланыстарын қамтамасыз етті.
Дамудың ерте сатыларында мифтер мазмұны жағынан қарабайыр, қысқа, байланыстыратын желісі жоқ, қарапайым болатын. Кейін таптық қоғамның пайда болуына байланысты, шығу тегі әртүрлі, мазмұны күрделі мифтер құрыла бастады, яғни мифологиялық бейнелер мен сарындары астасқан мифтер маңызы терең жыр-дастандарға айналды.
2 – сұрақ: Алғашқы қауымдық сенімдердің формалары (фетишизм, тотемизм, анимизм, магия)
Қоғам өмірі мен рухани болмысы жайында ғылыми зерттеулер жүргізген философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар алғашқы діни жүйелер жайында түрлі тұжырымдар айтқан. Әр ғалым өзінің зерттеу нысанының шеңберінде дінге түрлі түсінік береді. Нәтижесінде, алғашқы діни жүйе ретінде, ғалымдар анимизм, тотемизм, натуризм, магия, фетишизм, паганизмдерді бөле-жара атайды. Аталмыш діндер негізінен көп тәңірлік (политеистік) сенімнен тұрады. Ғалымдардың айтуы бойынша, алғашқы қауымдық құрылыс уақыт өткен сайын мәдениеттілікке қол жеткізіп, соңында мәдениетті, өркениетті елге айналғаны секілді, діндер де алғашқыда көп тәңірліктен бастау алып, бертін келе, бір құдайға (монотеизм) сыйынудың қалыптасқандығын айтады. Енді осы айтылған ғылыми тұжырымдамаларға келсек:
Алғашқы қоғамның діндерін ерте және ру-тайпалық деп екіге бөледі. Олар бір-бірінен уақыттық белгілеріне қарай ажыратылады.
Діннің ерте формаларына магия, фетишизм (пұтқақұлдық), анимизм (рухқақұлдық) жатады.
1) Магия – (лат. сиқыршылық) қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін «тікелей емес», ерекше бір тәсілмен сиқыршылық салт-жоралғылар жасау әрекеттерінің нышандық (символдық) жеке немесе бірлескен белгісі; бұл адамдардың өздерінің және басқалардың бойында табиғатқа әсер ете алатын ерекше күш бар екендігіне сенімі. Яғни магия дегеніміз – адамдарға, заттарға және объективті дүние құбылыстарына жасырын күштер арқылы әсер етуге болады деген сенімге негізделген түсініктер мен ырымдардың жиынтығы.
Ертеде магияны табиғатпен және бір-бірімен қарым-қатынас жасау құралы ретінде пайдаланатын болған, осыған орай магия төмендегідей жіктеледі:
1) өндірістік магия (аң аулау, балық аулау және өнім жинау т.б.) — өндіріс саласында өнімге пайдасы болады деген сеніммен магияны қолдану;
жер өңдеуге арналған магия – қайтыс болған адамдардың жерлеу рәсімдерімен де байланысты болған;
2) емшілік магия – науқастарды емдеумен, халықтық медицинамен байланысты. Емшілік магия науқастың ойын басқа нәрсеге аударып, басын дуалауға арналады;
3) қорғаушы магия – тыйымдар жүйесі, яғни қандай да бір арам пиғылдарды бейтараптандыру және жамандықтардың алдын алу үшін жасалатын магия;
4) зияндық келтіретін магия – дұшпандарға залал тигізу үшін дуалық-сиқырлық әрекеттер жасау магиясы (көз, тіл тию);
5) махаббат магиясы – ер немесе әйел адамның жүрегін жаулап, басын айналдыру магиясы;
6) мантика (гр. Балгерлік, сәуегейлік, болжау, жору деген сөзді білдіреді) немесе бал ашу магиясы – өткен, осы шақ пен болашақ құпияларын ашу магиясы. Мантика түрлері: а) қолға қарап бал ашу-хиромантия; ә) отқа қарап бал ашу-пиромантия; б) карта бойынша жору-картомантия; в) кітап бойынша-библиомантия; г) құстардың ұшқанына қарап бал ашу-орнитомантия; ғ) малдың жауырын сүйегі бойынша жору-скапулимантия; д) сандар бойынша болжам айту-арифмомантия; е) жұлдыздарға қарап жорамалдау-астрология; ж) түстерді жору-онейроскопия; з) малдың ішек-қарнына қарап бал ашу-гаруспиция т.б.
2) Фетишизм (пұтқақұлдық) – (лат. магиялық шеберлік) материалдық дүниелердің (тас, ағаш, сүйек, бұйымдар, тұмар т.б. заттар) және жанды нәрселердің (мысық, ит, құстар т.б.) табиғаттан тыс қасиетті күштері бар екендігіне сенім болып табылады. О.Конт фетишті діни дамудың ең төменгі сатысын білдіретін мағына деп көрсетсе, Лебок, Хаппел фетишті адамның құдіретті тәңірмен тығыз бірлікте болуына себепші және құдіретті күші бар нәрсе деп сипаттады. Э.Тайлор «Алғашқы қауымдық мәдениет» атты еңбегінде фетишті әрі діни сенім, әрі магиялық қасиеті бар зат ретінде қарастырды.
3) Анимизм (рухқақұлдық) – адамның өмірлік істеріне араласатын және адамға өз мақсатына жетуге көмектесетін немесе кедергі келтіретін сансыз «рухани әлемдердің» болатындығына деген сенім. Бұл тұжырымның мән-жайы Эдуард Тайлор еңбектерінде біршама қисынды түрде талданады. «Анима» латынша «рух» деген ұғымды білдіреді. Яғни, анимизм дегеніміз жанды-жансыз тіршілік атаулыда болатын рухқа табынушылық. Тайлордың теориясы бойынша, жан ұғымы – жын-шайтандар, түрлі рухтар және рухани мәндер тобына ортақ есім. Алғашқы қауымдық кездегі адамдар үшін ұйқы мен өлімнің маңызы зор еді. Олардың түсінігі бойынша ұйқы — рухтың тәннен шығып серуендеуі және тәнге қайта оралуы болса, өлім – керісінше, серуендеуге шыққан рухтың тәнге оралмауы болып табылады. Өлген адамдардың рухтарының ішінде жақсылары да, жамандары да бар. Анимистік теория бойынша алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдар жаман рухтардың жаманшылығынан сақтану үшін жақсы рухтардан жәрдем тілеу арқылы рухтарға табынған. Сөйтіп, рухқақұлдық толық дами отырып, билеуші құдіреттер мен оларға бағынған рухтарға, жанға және болашақ өмірге деген наным-сенімнен, іс жүзінде бас иіп, табынуға айналған наным-сенімнен тұрады, деген тұжырым жасады Тайлор.
4) Натуризм – французша табиғат деген ұғымды білдіретін «la nature» сөзінен шыққан. Макс Мюллердің (1823-1900) тұжырымы бойынша, алғашқы дін — «натуризм». Натуризм «діні» табиғатқа табыну, яғни қоршаған ортадағы заттарды құдайға айналдырып, соған табынудан тұрады. Бұл тұжырым бойынша, адам табиғатпен салыстырғандағы өзінің әлсіздігін сезініп, апаттардан, жаманшылықтардан құтылу үшін күн, ай, от, тау, тас секілді түрлі заттарға сиынған.
5) Тотемизм (солт.Американы мекендейтін үндістердің одживбе – табиғаттан тыс ғажайып бір күш арқылы сол топтың өмірімен байланысты өсімдік немесе аң деген сөзден шыққан) – ру, тайпа, жануарлар мен өсімдіктердің кейбір түрлері арасындағы туыстыққа сену. Тотемизм ру мүшелерінің кейбір жануарларға киелі деп табынуы немесе әр алуан киелі нәрселерге тәуелді болуы. Тотемизм көбінесе егіншілік және аңшылықпен айналысқан алғашқы қоғамдарда кезігеді. Француз әлеуметтанушысы Э. Дюркгейм (1858-1917) 1912 жылы жазған «Діни өмірдің қарапайым пішіндері» атты еңбегінде «Тотемизмді» алғашқы дін деп есептейді.
Тотемшілік аясында табу – тыйымдардың жүйесі туындады. Неміс философы В.Вундт табуды адамзаттың жазылмаған ең көне моралдық кодексі деп санады. Табудың киелі (киелі қасиетті заттарға тыйым), инцест (қанның араласуына тыйым), харам нәрселерге тыйым болып бөлінді.
Адамзат қоғамының дамуының ерте сатыларында дін нанымдардың алғашқы формалары таза күйінде болған жоқ, олар бір-бірімен тұтасып жатты. Алғашқы наным-сенімдер кешені әртүрлі ру-тайпалардың тұрмыс жағдайын, әлеуметтік байланыстарын, материалдық мәдениет т.б. ерекшеліктерін көрсетіп, ру-тайпалық діндердің өзегіне айналды.
3 сұрақ: Наным – сенімдердің ерекшеліктері мен мәні. Шаманизм
Көптеген мәдениеттанушылар дінді мәдениеттерді бір өркениетке біріктіретін фактор ретінде қарастырады. Н. Данилевскийдің, К. Ясперстің, А.Тойнбидің, О. Шпенглердің, П. Сорокиннің еңбектерінде тарихи-мәдени типтердегі діни ерекшеліктер бітім құрастырушы және мәдени айрықшалықты білдіретін нышан ретінде баяндалады. Үлкен өркениеттердің қалыптасуында ұлттық діндердің тар шеңберден шығып, рухани-мәдени тұтастықты құрауы, дүниетаным мен адами қасиеттердің жаңа мазмұндарын қалыптастыруы ерекше маңызды.
Алайда, өркениет ағымына қосылған этностар мен этностық топтар өркениетке ор¬тақ дінді, оның рәсім-рәміздерін қабылдағанмен, олардың наным-сенімдері мүлдем жоғалып кетпейді. Олар халықтың әдет-ғұрпында, дүниетанымдық рәміздерінде, дүниені түйсінуінде, сезінуінде сақталады.
Егіншілік культі – егін өнімінің шығымына ықпал ететін табиғаттың әртүрлі құбылыстарына табиғаттан тыс, ерекше бір қасиеттер дарыту болып саналады.
Ата-баба культі – адамдар мен олардың қайтыс болған туысқандары арасында табиғаттан тыс бір байланыстарды сақтауға деген сенім.
Көсемдер культі – тайпаның басқа мүшелерінің бойында жоқ, ал тек көсемдерінің ғана бойында бар ерекше бір жұмбақ қасиеттердің бар екендігіне сенім.
Шаманизм – айрықша адамдардың (шамандардың) адамдар мен рухтар арасында делдал болу, болашаққа көріпкелдік болжам айту, алыс аумақтарда не болып жатқанын біліп беру, аурулардан емдеп жазу, табиғат өзгерістерін туғыза алу, қайтыс болғандарды о дүниеге, яғни жерасты әлеміне жеткізіп салу т.б. қабілеттеріне сену. Шаманизм – жүйкенің шектен шыға қозуын білдіретін «еліріп-есіру» мағынасында қолданылады. Шамандықтың басты идеялары: адамдардан күшті рухтар бар; оларды қастерлеу керек; кейбір адамдар оларды өте жақсы қастерлейді, сондықтан рухтар соларға көбірек көңіл бөледі. Табиғаттан тыс күштердің араласуы мүмкін жағдайлардың бәрі де шаманның құзырыңдағы істерге жататын. Шаманизм зікір салу (зікір салу – бақсылардың үшкіріп, дем салу арқылы «Құдаймен байланыс» орнату тәсілі) арқылы да емдеген.
Қазақ мәдениетіне үлкен ықпал тигізген діни наным-тип – шаманизм болды. Шаманизм ұғымы ғылыми әдебиетке XVІІІ ғасырда енгенмен, ол туралы айқын түсінік әлі қалыптасқан жоқ. «Шаманизм” термині әр түрлі мағынада қолданылады. Кейбір зерттеушілер шаманизм дін емес, себебі онда құдай туралы түсінік жоқ десе, басқалары оны діннің әмбебап формасы деп санайды. Бұл құбылысты ғылыми бағалауда да қарама-қарсы көзқарас бар. Шамандық қасиеттің психикалық науқаспен байланысына басты назар аударған зерттеушілер, оны ессіздікке табыну (культ безумия) деп қарастырса, ғалымдардың басқа бір тобы қазіргі психоанализдің түп бастауы деп бағалайды.
Шаманизмді зерттеген еуропалық ғалымдар көп құнды пікірлер айтқанмен, ғылымдағы еуроцентристік көзқарас шеңберінде қалып қойды. Шаманизм олар үшін бөтен мәдениет туындысы болғандықтан, еуропалықтар оған экзотикалық құбылыс, архаикалық дүниетаным рудименті ретінде қарады, ал бұл шаманизмге әділ ғылыми баға беруді қиындатты.
Шамандық дінді жүйелі түрде, оны қалыптастырған мәдени жүйемен бірлікте, тұтастықта зерттеген ғалымдар Д. Банзаров пен Ш. Уәлиханов болды. «Шамандық дегеніміз, – дейді Шоқан, – әлемді, дүниені сүю, табиғатқа деген шексіз махаббат және өлеңдердің рухын қастерлеу, аруағын ардақтау. …Шамандық сенім табиғатқа бас иеді”. Қоғамдағы шаман рөлін де қазақ ғалымы басқа тұрғыдан бағалайды: «Шамандар аспан Тәңірі мен рухтың жердегі қолдаушы адамдары ретінде саналған. Шаман сиқырлық қасиеттермен қоса білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, сәуегей және емші, сегіз қырлы, бір сырлы адам болған”.
Ғалым Қ.Ш.Шүлембаев шаманизмді революцияға дейінгі Қазақстанда кең тараған діни наным-сенімдердің айрықша формасы деп санайды. «Шаманизм анимизм мен магия элементтері басым «пұттық” діндердің күрделі қоспасы”. Бұған қарама-қарсы көзқарасты Ғ. Есімнің «Шамандық деген не?” атты мақаласынан кездестіреміз. Автор шамандық пен бақсылықты әр түрлі, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын құбылыс деп қарастырып, шамандық туралы былай дейді: «…шамандық деген дін жоқ… шаманизм діндердің синкретизмінен туған, қолдан жасалған түсінік” .
Шамандықты зерттеген қазақ ғалымдарының бір тобы оны адамның виртуалдық, тылсымдық дүниесіне әсер етудің ерекше дәстүрі деп санайды. М.С.Орынбековтің пікірінше, бақсы адам мен әлем арасындағы ажыраған байланысты қалпына келтіреді. Мистикалық желігу, зікір салу практикасы арқылы адам мен әлемді біріктіріп, сананың тұтасуына ықпал етеді. «Шаман дүние түйсінуінің негізі бұл дүниедегі сананың толымдылығы, үйлесімділігі, кең ауқымдылығы болып табылады. Ол сырқат адам мен дүние арасындағы үйлесімділіктің бұзылуының салдары”.
Шамандық қасиет адамға рухтың қалауымен қонады, бақсы зікір салардың алдында рухтарын көмекке шақырады. Көңіл аударатын тағы бір нәрсе шамандық тұқым қуалаушылық, тегіне тартушылық арқылы мұраланады. Барлық шамандар өз әулетінде, ата-бабаларының бірінде осындай қасиет болғандығын айтады. Осыны ескере отырып, біз шамандықты генотиптік сипаттағы діни жүйе деп санаймыз және оның төмендегідей ерекшелігін атап өтейік: шаманизмде өлі табиғат ұғымы жоқ, табиғат жанданған, барлық құбылыстың, жер мен судың киелі иесі бар. Адам мен әлем тұтас. Оларды бөліп тұрған құз-жартас жоқ. «Адам – табиғат патшасы”, –дейтін еуропалық ұран шамандыққа жат. Адам қанша құдіретті болса да табиғаттан жоғары емес, ол тіршіліктің ерекше бітімі. Дүниедегінің барлығы бір-бірімен тығыз байланыста. Бұл байланыс шаман-медиум арқылы іске асады. Ғарышты мекендейтін рухтар адамның күнделікті тұрмысына жақын араласып отырады, қолдайды немесе жазалайды. Рух ниетін, әмірін адамдарға жеткізуші тұлға – шаман, бақсы. Шамандық қасиет тұқым қуалау, тегіне тарту, рухтың қонуы арқылы дариды. Шаманизм рулық қоғамның діни идеологиясы ретінде қалыптасады, шаман бір әулеттің немесе рудың абызы қызметін атқарады. Ол діни әдет-ғұрыптарды өткізеді, әулеттің немесе рудың болашағын болжайды, сол арқылы шаруашылық әрекетін, тұрмыс-тіршілігін айқындайды.
Шаманның рухтар тандаулысы болуы және сәуегейлік, яғни болашақты болжау қасиеті әлемдік діндердегі пайғамбар идеясының қалыптасуында маңызды рөл атқарған деп топшылауға болады, сол сияқты жаратушыны таза рух ретінде түсінуде де шамандық әсерін жоққа шығаруға болмайды. Жалпы жаратушы-құдай идеясының түп-тамыры табиғатқа табыну, оны құдіреттендіру мен аруаққа, рухқа табыну десек, артық айтпаған болар едік.
Қазақ халқының арасында шаман атауына қарағанда бақсы атауы кең таралды. Біздің пайымдауымызша, бақсылық шамандықтың инварианттылығы, яғни халық тұрмысына икемделген нұсқасы болып табылады. Бақсылар ислам діні таралғанға дейін ру-тайпалардың саяси-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Олардың негізгі қызметі адам мен әлеумет өміріне қауіпті құбылыстарды залалсыздандыру, алдын алу болса керек. Бақсылар өз ойыны арқылы ұжымда қордаланып қалған жағымсыз психикалық қуатты бейтараптандырып, әлеумет өмірін үйлестіріп отырған. Орталық Азия мен Қазақстанда ислам діні таралу барысында шамандық көне наным — сенім ретінде шеттетіле бастайды. Енді олар жын-шайтандармен байланысқа түсе алатын адамдар ретінде қабылданады. Қоғамда шамандарға қатысты екі ұшты ұстаным қалыптасады.Бір жағынан, олардан қорқады, өйткені олар адамға кесір келтіруі мүмкін. Сондықтан бақсылар ауылдың шетіне оңаша қоныстанады. Күнделікті тұрмыста мұқтаждықсыз оларға бара бермейді. Екінші жағынан, сыры беймәлім сырқатты тек бақсы ғана емдей алады деп саналады. Сондықтан бақсысыз аурудың алдын алу мүмкін емес. Ислам үстемдік еткен дәуірде шамандар қоғам өмірін үйлестіруші, реттеуші қызметінен айырылып, тек бақсы-балгерлік қызметін ғана сақтап қалады.
Қайталауға арналған сұрақтар:
1) Мифологиялық сананың өзіндік ерекшеліктері.
2) Алғашқы қауымдық сенімдердің формалары (фетишизм, тотемизм, анимизм, магия).
3) Наным – сенімдердің ерекшеліктері мен мәні. Шаманизм