Ай мен маусым аттарының қалыптасу ерекшеліктері.

Ай мен маусым аттарының қалыптасу ерекшеліктері. Көшпелі өмір салтында жыл маусымдарының уақыт пен кеңістікке қатысты барша қасиет — құбылыстарын егжейлі — тегжейлі білмей тұрып ойдағыдай тіршілік құру мүмкін емес.
Осы ретте, жыл маусымдарының қасиет — құбылыстарына қатысты қазақ тілінде орныққан тұрақты сөз тіркестері назар аударады. Мысалы, көктем туды, жаз шықты, күз түсті, қыс келді. Жалпы жыл маусымдары туралы осынау тұрақты сөз тіркестерінің астарында танымдық мән-мағына бар. Көктем туады-мұнысы дүниенің жаңғыруын, қайта түлейтінін, біреудің екеу болатынын әйгілеп тұр. Жаз шығады — жер астында қалған тамыр жоқ, табиғат толысады деген сөз. Күз түседі — яғни, көктемде туып, жазда толысқан табиғат енді жемісін түсіріп, жапырағын төгеді. Ал, қыс келеді — шынында да қарлы- борандатып, жаяу сырмалатып жететінін дәл беріп тұр. Ойдың желісін жыл маусымдарына қатысты сабақтай түсуге болады. Бір жылдың ішінде төрт маусымдық меже жалпы адамзаттық таным – тәжірибеде әр өңірде әр түрлі тарихи кез — кезеңдерде орныққан. Әртүрлі әлеуметтік дамудын сатысына қатысты әртүрлі шаруашылық — мәдени сүлеге (типке) байланысты күнтізбелік таным – түсінік қалыптасады. Шаруашылық – мәдени сүлесі егіншілікке, терімшілікке, бақташылыққа, қыстаумен жайлау малшылығына бейімделген ортада бір жылдын алғашқы жартысында белсенді еңбек етіп, келесі жартысында сол еңбектің игілігін көретін болғандықтан, жылдық циклді екіге бөліп межелеу қалыптасқан. әлеуметтік дамудын мұндай сүлелері үшін бір жылды төрт маусымға бөліп межелеудің, дәлірек айтқанда, шаруашылғын төрт маусымға бейімдеп жүргізудін қажеті болмаған. Көшпелі қазақтар үшін бойлық бойынша мәнгілік тербеле көшіп қонып жүру, яғни еңбек әрекетін бір сәт тоқтатпау, сөйтіп бір жылда төрт маусымның болатын тап басып межелеу, сол төрт маусымға бүкіл шаруашылық – мәдени болмысын бейімдеу, жай ғана бейімдеп қоймай, төрт маусым туралы мейлінше терең таным түсінік қалыптастыру және білік – тәжірибе жинақтау өмірлік қажеттілік болған. Сондықтан да, көшпелік қазақ үшін «көктеу», «жайлау», «күзеу», «қыстау» ұғымдары әрі жыл маусымдарын, әрі малшаруашылығын бейімдейтін мекен тұрақты білдіреді. Былайша айтқанда, көктеу – көктем маусымының, жайлау – жаз маусымының, күзеу – күз маусымының, қыстау – қыс маусымының мекен – тұрағы. Көшпелі қазақ үшін толассыз еңбек үрдісі жыл маусымдарынын бәрімен санасып, бәріне бейімделуді қажет етеді. Уақыт пен кеңістікке барша әрекет тіршілігін бейімдеу көшпелі қазақтын өмір сүруінің кепілі. Көшпелі өмір салтының барша болмысы уақыт пен кеңістікке толассыз кіріптар болғандықтан, уақытты да, кеңістікті де шаруашылық ыңғайына қарай бөліп межелейтің дәстүр қалыптасқан. Күні бүгінге дейін қазақ жыл маусымдарынын әрқайсын өз ішінде үшке бөліп қарайды. Мәселен, күз маусымынын – қоныр күз, сары ала күз, қара күз деп бөлсе, қыс маусымын – қыстың басы, қыстың ортасы, қыстың аяғы деп таратып отырады. Сол сияқты, көктем маусымы – ерте көктем, орта көктем, аяқ көктем(көктемнің аяғы), жаз маусымы – жаздың басы, жаздың ортасы, жаздын аяғы (жаздың соңы) деп сараланады.
Осынау төрт маусымның әрқайсысын үшке бөліп қарастыру және соған қарай шаруашылық жайын бейімдеу арқылы көшпелілер жыл бойынан он екі бөлікті, яғни он екі айды саралап шығара білген. Уақыт айрымы туралы он екі айлық жүйені алғаш танып тұтынушылардын Орталық Азия көшпелілері болғаны қәзіргі ғылыми ортада мойындалған. Яғни жыл бойында табиғи ерекшеліктері бөлек-бөлек төрт маусым бар. Рас, төрт маусымды айырып тану үшін міндетті түрде отырықшы болу немесе көшпелі болу шарт емес. Бұл өзі жыл сайын қайталанып отыратын, барша құбылыс — әсері айқын белгілері мен танып отыратын табиғаттын айнымас қасиеті. Демек, жыл маусымдарын айырып білу адам баласынын бәріне ортақ табиғи таным болса керек.
Ал, енді жыл бойындағы сол төрт маусымнын әр қайсысын үшке бөліп қарастыру үшін, жай ғана үшке бөліп қоймай, сол бөліктерге барша өмір салтын бағындырып, шаруашылық ырғағын үйлестіру үшін алдымен көшпелілікті өмір сүру негізі ету қажет. Жыл маусымдарының әр қайсысын өз ішінде үшке бөліп, он екі айлық жүйені орнықтыру үшін және сол жүйені тіршіліктің негізі ету үшін табиғаты қуаң (аридті), ауа райы континентальды ортада тек қана бойлық бағытта көктемді қуалап дерелей (горизонтальды) көшу немесе таулы өңірлерге көтеріліп – түсіп тікелей (вертикальды) көшуді өмір салтқа айналдыру қажет.
Түріктер ерте замандардан бері мал баққан халық. Даладағы малшылар (қойшылар) шопан делінген. Олардың өмір тіршілігі өз тарихтарына кірмесе де, тіршілік жөніндегі тәжірибелері болашаққа жалғасып отырған. Ең болмағанда уақытты: күнге, айға, жылға бөліп аттарын қойған. Сөз төркінін бүтін қалпында сақтаған қазақтарда түрікше ай аттары бар. Түрікше ай аттары: аз, от жақпас, көкек, шілде, сарша, қыркүйек, мизам, қараша, қазан, қаңтар, ақпан, наурыз.
Түріктерде «аз» сөзі көктем дегенді білдіріп, наурыз айына сәйкестендірілген. Наурыз айы қазақтарда жыл басы болып есептеледі. Онда 21 наурызда көктемгі күн мен түн теңелуі болады, кейін күн ұзарып, түн қысқарады.
Сәуір туған соң, күн жылынып, үйге от жағылмайды. Сол себепті бұл ай, отжақпас делінген. Көкек айын көкек құсының келуімен байланыстырады, бірақта бұл шындығына сәйкес келмейді. Өйткені көкек құсы мамырда келеді. Көкек айы атауының шығуын көптеген ғалымдар «көктің айы» яғни көктің шығуымен аталған деп есептейді. Көкті әлі суық жібермей тұрған шақ, қара суықтың кезі болғандықтан оны отамалы деп те атайды. Көкке мал аузы жаңа іліге бастаған осы мезгілді «қара өзек» деп те атаған.
Мамыр – молшылықты білдіреді. Жер беті бәйшешекке бөленіп мамырланған кез. Қысқы айлардан кейін мал тойынып, мамырдың басында көшпелілер малды жайлауға айдаған.
Маусым – ыстық аса көтерілген уақыт. Көктем маусымы мен жаз маусымы алты ай бір табиғатта болады. Арабша белгілі, айрықша мезгіл деген мағына береді. Осы айда екі маусымның ортасы болады.
Шілде – бұл жаз шілдесіне сәйкес келеді, 40 күн болуы тиіс. Қатты ыстықтар болады. Бұл айда жасыл желекті өңір құбақан тарта бастайды. Шөптің буыны қатайып, сарғая бастайды. Сол себепті бұл айда «сарша» деп те атайды.
Тамыз – далада жидек, тауда қарақат пісіп, тамылжыған шақ. Парсыша өте ыстық деген мағына береді, кейде «саратан» деп те аталады. Апшыны қураған ыстықтың беті қайтып, адам өтіп бара жатқан жазды қимай, тыраулай ұшқан тырналар көшіне елегізи қарайтын шақ.
Қыркүйек – бұл айда қой, ешкілер күйлей бастайды. Осы кезде қошқармен текеге күйек байлайды. Ол қошқардың қойды қашыруына бөгет болады. Қошқарға қырда қойдың ортасында жүргенде күйек байлап қойғандықтан бұл айды қыркүйек дейді. Күн мен түннің теңескендіктен «мизам» дегенде атауы бар.
Қазан – шаруаның егінін орып, қыстың, қара қазанның қамын ойлайтын шақ. Бұл кезде күн суытып қатты желдер болады. (Қазанның қара дауылындай). «Қазан» араб тілінде жапырақтардың сарғайғанын, әрбір өсімдіктің уақытша тіршілігін тоқтатуға дайындық жасап жатқандығын білдіреді. Кейде осы айдың мезгілін «бозқырау», «боқырау» деп атайды. Бұл сірә, алғашқы қырау мен суықтың түсуіне байланысты айтылса керек.
Қараша – атының өзі айтып тұрғандай, жер әлі қараша, яғни тұна бастаған аппақ қар жоқ. «Қарашада қар қалса жұт болады» деген. Бұл ай тұғанда қараша қаздар қайтып бірнеше тәуліктер бойы күні – түні демей жылы жақтарға ұшып кетеді. Соған байланысты бұл айды «қараша» деп қойған деген тұжырым бар.
Желтоқсан – қарашаның қара жері көрінбейді, аппақ ұлпа басқан желтоқсан ұғымы қыс маусымын білдірген, яғни бұл айдан қыс маусымы басталады. Бұл айда ең қысқа күндер болады. 22 желтоқсанда қысқы күн тоқырауы болады. «Тоқсанда күн торғай адымындай ұзарады» делінген.
Қаңтар – қар әбден бекіп ұсақ мал қаңтарылып (өз бетімен жайыла алмай), қолға қараған шақ. Бұл айда қатты аяздар болады. «Қаңтарда күн қарға адымындай ұзарады» делінген.
Ақпан – бұл айда қатты қарлы борандар болады. «Ақпанда күн ат адымындай ұзарады», яғни бұл кезде ұзара бастайды. Бұл айдың тағы бір көне аты – «үт». Бұл айда терезеден түскен сәуле ерекше бір ақшыл реңге боялады да, сол тап – таза үйдің өзінде ұп – ұсақ зәредей тозаң жүреді. Міне осы көріністі қазақтар «үт» деп атаған. Осы кезде дала иттері ұйығады, үтпен бірге қарлы боран, сақылдаған сары аяз қосарлана келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *