Қымыз- мұрындық

Қымыз-мұрындық

Қымыз-мұрындық (дәстүр). Жаз тойы — мамырдың онынан бастап ай соңына дейін созылатын үлкен той. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, ата-бабаларымыз санаттағы тірілердің аман-саулығын тілеп, қыстаудағы бейіт басында әруақтарға бағыштап, құран оқып, ақсарбас айтып, ақбозды құрбандыққа шалатын.
Қос аттың ортасынан мал-жанын, көш-қонын аластап қыстаудан көшкен ел мен жазықта бие-бау тартып, қымыз жинап, мал-жанның саулығы үшін кеудесі түкті Жер-Ананың, асқар таудың, аққан судың, соққан желдің, ұшқан құстың, жүгірген аңның, көкорай шалғынның, төрт түлік малдың Киелеріне арнап мінажат етіп, жарқын Күнге иіліп сәлем беріп, көк шалғынға қымыз тамызып, рәсімін орындайтын.
Ала қыстай бытырап шаруа соңында жүрген жұрт жазық далада киіз үйлерден таңғажайып орда тігетін. Бір-бірін сағынып табысқан халайықтың төскейде малы, төсекте басы қосылатын мекені «Қанжайлау» деп аталады. Қанжайлауда бас қосқан халық қыз айттырып, құда түсісіп, сүндет той, бесік той жасап, қысқасы, қыс бойғыға істелінбеген ырым-сырым той-томалақтарын жинап-теріп бір-ақ өткізетін. Бозбалалар мен бойжеткендер алтыбақан құрып, ақсүйек ойнап, қызойнаққа барып, жорға жарыстырып, жұмбақ айтысып, жаңылтпаш айтып, мәз-мейрам болатын. Қанжайлаудағы той қызығы небары 15—20 күнге созылады.
Демек, жаз тойын жаңғырту арқылы елімізді ел еткен арыстарымыздың әруағына бас иіп, тәрбиелік мәні зор кеш ұйымдастыруға болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *