Наурыз мейрамы

Наурыз мейрамы

Наурыз мейрамының түп-тегі өз бастауын б. э. д. заманаларда өмір кешкен Қорқыт (Зоротуштра) бабамыздың ілімінен (Зороастризммен) алынған. Мақсаты-мәні:
1.Тепе-тендік. Ұлыс тойы Күн мен Түн, Қыс пен Жаз тепе-теңдікке келген сәттен бастап тойланады. Осыған сәйкес Наурыз тойы жаратылысты қоршаушы күштердің, алдымен Табиғат пен Қоғамның, екіншіден, Ел мен Елдің, үшіншіден, Қоғамдағы әлеуметтік топтардың тепе-теңдігінің сақталуын талап етеді.
2. Игілік. Наурыз тойы қарсаңында: «Бұлақ көрсең көзін аш»,— деп қаумаласқан жігіттер бастаулардың көзін ашып, қариялар: «Армысың, қайырымды Күн-Ана, құт дарыт, жарылқа!»— деп бұлаққа май құйып, өсімдіктерге ақ бүркеді. Сөйтіп табиғаттың өсіп-өнуіне жағдай жасалады.
3. Жаңару. Ұлыс күні аспан денелері бастапқы айналу нүктесіне келеді. Мал төлдеп, ер көктеп, дүние жаңарады. Осыған сәйкес адамдар да шашын алып, сақал-мұртын күзеп, жуынып-шайынып, ақ көйлек пен су жаңа киінеді. Тазару үшін Көктөбенің басына көтерілген азамат «Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» деген асқаралы түсінік бойынша, өткен жылына есеп беріп, ары алдында арылады.
Ел билеген көсемдер «Жақсылыққа жақсылық — жай адамның ісі, жамаңдыққа — жақсылық ер адамның ісі», «Тас атқанға — ас ат» деп ту көтеріп, ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел руларын дастарқан басында табыстырып, татуластырады. Аты аталып, түсі түстелген «Тепе-теңдік», «Игілік», «Жаңару» — үшеуі қоғамда орын тауып, тоқайласқан сәтте халқымызға Құт қонып, ұлтымызға РУХ ұялап, ел басына БАҚ қонып, ел ішінде Береке орнайды.
Демек, Наурыз ілімін жаңғырту арқылы, біріншіден, айнала төңірек ағаш отырғызып, гүл егіп, су көздерін тазалап, тәуелсіз еліміздің экологиялық мәселесін шешуге көмектесуге болады. Екіншіден, өнер-білімнен, кәсіп түрлерінен, сәулет пен мүсіннен, спорттан т. б. жарыстар ұйымдастырып, жас талант көздерін ашу арқылы қоғамымыздың дамуына үлес қосылады. Үшіншіден, республика тұрғындарының арасында шынайы сыйластық, достық қарым-қатынас орнатуға септігі тиеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *