ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ТАНЫТУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

 


САДИРКУЛОВА Гулима Салкинбековна,
Алматы қаласы
М.Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназия директорының
тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, бастауыш сынып мұғалімі


ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ТАНЫТУДЫҢ ТИІМДІ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында орта білім мазмұнын жаңарту мақсатында оқу бағдарламасы материалдары тиянақты таңдалып ұсынылуда. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша да бағдарлама материалдарында көп өзгерістер енгізілген. Жаңартылған білім мазмұны бойынша әр бөлімнің мақсаттары нақты беріліп, белгілі жүйеге енгізілген. Солардың ішінде оқушының бойында ұлттық құндылықтарымыздың қадірін түсінуді, тануды қалыптастыр-өте маңызды мақсаттардың бірі.
Мен бастауыш сынып мұғалімі әрі тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары ретінде халқымызды ғасырлар бойында адалдықтан адастырмай, адамдықтың адал жолымен алып келген ұлттық тәрбие мен халық ауыз әдебиетін жас ұрпаққа танытып, қадір-қасиетін меңгертуді басты міндеттерімнің бірі деп ойлаймын. Тамырсыз еш нәрсенің көктемейтіні аян, десек те бүгінгі жас ұрпақ халқымыздың өткеніндегі жатқан ұлылықтан гөрі қазіргі заманның артықшылығын меңгеруге ден қоюда. Әрине, әлемнің алпауыт мемлекеттерінен кенже қалып қоймау үшін, үлкен де, кіші де техника мен цифрлық сауаттылықты жоғары деңгейде меңгеруі міндетті. Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың өнерлі де талантты, білімді де білікті болғаны аға ұрпақтың көңіліне қуаныш ұялатады. Жастарымыздың жан-жақты дамып, әлем мойындайтын, елінің патриоты, адамзат үшін қызмет ететін адам болып қалыптасуына елімізде барынша мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бүгінгі күннің қажетті білімін меңгеруімен қатар халқының даналығынан сусындап өскен баланың рухы биік болатынын да ұмытпағанымыз жөн. Болашақта елдің рухы биік болуы үшін, өсіп келе жатқан ұрпағымыздың рухын биік етіп тәрбиелеуіміз қажет. Ұлтын, халқын сүю деген, жалаң сөзбен емес, халқымыздың даналағын танып, оның тереңіне бойлап, оның қажеттілігін сезіне алу. Мәселе — балаларға сол еліміздің тілі мен дәстүрінде, тарихы мен тұрмысында жатқан ұлылықты таза күйінде танытудың тиімді жолдарын табу. Мектепте бұл міндетті орындауды тек қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында ғана емес, өзге де пәндер аясында жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар арнайы курстарға берілген сағаттарды да осы мақсатта қолдану тиімді. «Сөз шеберлігі» деп аталатын авторлық бағдарлама оқушылардың сөз табиғатын терең түсініп, сөз тереңі арқылы ой тереңіне бойлауын мақсат тұтады. Сөздің құдіретін түсіну арқылы оның мүмкіндіктерін өмірде қолдану, сол арқылы тілімізге деген сүйіспеншілігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
«Сөз шеберлігі» курсын жүргізудің тиімді әрі жаңашыл әдіс-тәсілдерін ұсынамын. Қазіргі білім берудің артықшылығы — оқушыларға дайын ақпаратты беру емес, себебі ақпарат алу қазіргі кезде мәселе емес, кез келген ақпаратты табу оңай. Басты міндет — баланың сын тұрғысынан ойлап, өздігінен талдау жасап, ақпараттың қажеттісін алып, өмірде тиімді пайдалана білуін қалыптастыру.Сондықтан талдау, жинақтау, бағалауға арналған тапсырмаларды орынды әрі мақсатқа сай құрастыру маңызды. Бір сабақ аясында бірнеше мақсатты бір тапсырманың бойында тоғыстыра білу — үлкен ізденіс пен уақытты талап етеді. Мысалы, осы курсты жүргізу барысында бірнеше стратегиялар құрастырылды. Тәжірибеде тиімділігіне көз жеткізгендіктен бөлісуді жөн көрдім. Атап айтсам, «Шаңырақ», «Төрт құбыла», «Бәйтерек» деп аталады. Берілген тәсілдер ой әрекетінің Блум таксономиясындағы барлық сатыларын қамтиды. Оқушыларға негізінен салыстыру, анықтау, талдау, жинақтау, таңдау, қорытынды шығаруға бағытталған тапсырмалар ұсынылды. Тапсымалар оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға көп мүмкіндік береді. Ойларын жүйеге салып, бірізді жеткізуге, жиналған мәліметтердің ішінен маңыздысын алуға дағдыландырады. Сонымен қатар барлық тапсырмаларда халық аузындағы тілдік көркемдегіштерді қолдану, көркем әдебиеттен негіздеме келтіру міндеттелген. Сондықтан ұсынылған тапсырмалар қажетке жарайды деп ойлаймын.
8-сыныпқа арналған «Сөз шеберлігі» арнайы курсы бойынша өткізілген сабақтың жоспары
Тақырыбы: Тілдің кемелдігі — ойдың тереңдігі
Сабақтың мақсаты: оқушыларға қазақ ауыз әдебиетінде жатқан тілдік тереңдіктегі өмірлік, тәрбиелік философияны таныту.
Күтілетін нәтиже: оқушылар халық ауыз әдебиетінің үлгілерімен танысады, талдайды, зерттейді; тілдегі тәрбиенің мәнін, өмірдегі орнын анықтайды; мәдениетіміздегі философияның бүгінгі ғылыммен байланысын талдайды; ұлттық философиядағы ғылыми негізді таниды, сол арқылы халқымыздың даналығына көз жеткізеді.
Сабақ барысы: Психологиялық ахуал қалыптастыру. Ұлттық әшекей-«білезікті» пайдаланып, бір-біріне білезік тағумен бірге ізгі тілек білдіреді. Білезікте «Әрқашан….» деп басталатын сөзді әр бала өз ойымен дамытады. Мысалы, «Әрқашан позитивті бол!» «Әрқашан жолың болсын!»
Оқушылар қима қағаздарда берілген ұлттық киімдер арқылы топтасады.
1.Батырдың жарақтары (дулыға, қалқан, шоқпар, найза, сауыт, тоқым)
2. Қыздың киімі (бүрмелі көйлек, камзол, мәсі, шолпы, сақина, білезік).
3.Бас киімдер (тақия, бөрік, тымақ, кимешек, орамал, сәукеле)
Таратылған қима қағаздардағы суреттерге байланысты топтасады. Әр топ өз заттарының аттарын атап шығып, топтың ортақ атын анықтайды.
Оқушылармен әңгімелесу арқылы сабақтың тақырыбы мен мақсаты анықталады. Тақырып: адамның тілінің кемелдігі ой тереңдігіне жеткізеді, сондықтан әрқайсымыз өз тілімізді дамытуға әрқашан бейім болсақ, құштар болсақ, сол арқылы ойымызды да дамытамыз.
3 топқа 3 түрлі тапсырма беріледі. Тапсырмаларды әр топ өздері кездейсоқ таңдап алады.
1-тапсырма. Ұлттық дәстүрлер
Халық ауыз әдебиеті үлгілерінен үзінді.
«…Қазақ жаз жайлауда, қыс қыстауда көшіп-қонып өмір сүріп жүрген кез екен. Бір ауылдың келіні суға бара жатып күтпеген оқиғаға тап болады. Болған оқиғаны тез арада хабарлау үшін үйіне келіп, күйеуіне былай деген екен: «Сарқыраманың бер жағында, сылдыраманың ар жағында, маңыраманы ұлыма сүйреп әкетті. Қынамаңды жанамаңа жанап-жанап алып бар».
1.Берілген үзіндіден жасырын сөздердің тура мағынасын анықтаңыздар.
2.Бұл түсініктің шығу тарихына шолу жасап көріңіздерші.
3. Осы түсініктің тәрбиелік мәнінде тереңдік бар ма?Қалай ойлайсыз?
3.Бұл ұғым тіл білімінде қалай аталады?Ғылыммен байланыстырылған болжам жасаңыз.
«Төрт құбыла» стратегиясын пайдаланып, тапсырманы орындаңыздар. С-солтүстік, О- оңтүстік, Ш-шығыс, Б-батыс.

С- сипаттама


Ш-шолу Б-болжам

 

О-ой тереңдігі

Ықтимал жауап:
С-Сипаттама: Қазақ халқында келін қайын-жұртының атын атамаған, сондықтан бұл үзіндіде келін күйеуінің ағалары мен інілерінің атын атамау үшін басқа сөздерді (табу) пайдаланған. Яғни, сарқырама — Өзенбай, сылдырама — Қамысбек, маңырама — Қойшыбай, ұлыма — Қасқырбай, қынама — Бәкібай, жанама — Қайрақбай.
Б-Болжам: Бұл тіл білімінде табу деп аталады. Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, қазақ даласына Ислам діні енбей тұрып, ата-бабаларымыз тәңірге сиынып, беймәлім табиғаттың күштерінің пірі бар деп есептеген, сол себепті төрт түліктің пірлері, аурулардың иесі бар деп сенген. Жамандықтың атын атау — оны шақыру деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан қасқырға «ұлыма», ауруларға да түрлі ат қойған. Найзағайды «жай» деп атын атамаған. Ата-бабаларымыздың «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген мақалы да осы тақырыппен ортақ философияға әкеледі. Бүгінгі таңда психолог ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, адамның түйсігінде қалған ой іске асады, орысша айтқанда «мысли материальны». Сондықтан да аталарымыз адамның ойында жаман ойлардың, ұғымдардың қоныстанбауын қарастырғанына көз жеткіземіз. Психологтардың ғылыми жаңалығын ата-бабаларымыз сонау ерте кезден-ақ білген. Әрқашан жақсы сөз сөйлеуге, жақсылыққа сенуге, жақсылықты айтуға тәрбиелеген.
О-Ой тереңдігі: Келіннің қайын-жұртын атамауының астарында — сыйластық тәрбиесі жатыр. Қазақ халқында үлкен адамдардың атын атамаған, көке, жеңге, тәте, апай, әпке, аға, жезде, нағашы, т.б. деген сияқты әр туыстың өзінің арнайы атауы бар. Ал орыс халқын алсақ, орыс халқында үлкен кісілерді әкесінің атымен атау дәстүрі бар. Ал қазақтың келіндері күйеуінің үлкен қайын-жұртымен қоса, өзінен кіші адамдардың да атын атамаған. Қайынсіңлісіне, інісіне «Еркем» «Кенжем» сияқты еркелетіп атайтын есімдер тауып қойған.
Ш-Шолу: Табиғатта барлық нәрсенің пірі бар деген түсінік тотемдік дәуірде қалыптасқан. Бұл — Ислам дінінен бұрын қалыптасқан сенім. Оттың, судың, тілдің қасиеттілігіне сеніп, олармен жын-сайтанды, қара күштерді, ауруды қуған. Қазіргі таңда ғалымдардың айтуына сүйенсек, ішкі сенім арқылы ауруды жеңуге болады, медецинада «Плацебо» деген термин арқылы түсіндіріледі. Жақсылыққа сену арқылы соған жетуге болады. Ал біздің аталарымыз дәл осы принципті пайдаланғаны сөзсіз.
2-топ. Тапсырма: Халқымыздың түсінігінде ерекше орын алатын мына ұғымдардың маңызы мен қызметі, қажеттілігі жөнінде әңгімелеңіздер. Тапсырманы орындау үшін «Шаңырақ» бейнесіне жауаптарыңызды берілген жүйе бойынша орналастырып көріңіз.
От, бесік, қамшы, ақ (сүт)
1-ұяшық: Бұл ұғымдардың қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі мән-мағынасын тіл оралымдары арқылы суреттеп көріңіздер (мақал-мәтел, тұрмыс-салт жырлары, тұрақты тіркес, тілдік көркемдік құралдарды пайдаланып т.б.).
2-ұяшық: Берілген ұғымдарды қазақ халқының ұлттық таным-түсінігінде қалыптасқан наным-сенімдермен байланыстырып көріңіздер.
3-ұяшық: Бұл түсініктің астарын халық философиясындағы ақиқатты ғылыми тұрғыдан қарастырыңыздар.


3. 1.
2. 2.

1. 3.


2. 1.
3.

2. 2.
1. 3.

 

 

 

Ықтимал жауап:
1-ұяшық: Көркем тілмен мән-мағынасын суреттеу.
Бесік-баланың қасиетті, киелі төсегі. Бесік көшпелі өмір салтына өте қолайлы, себебі жол үстінде балаға суық тиюден, өзге де қауіп-қатерден қорғаныш болатын орын. Бесікке жатқан баланың жөргегі таза болғандықтан, гигиена сақталады. Аяқ-қолы ербеңдеп өзін-өзі оятпайды, жақсы ұйықтайды.Сәбидің омыртқасы түзу қалыптасады. «Ел болам десең — бесігіңді түзе», «Туған жер — алтын бесік» «Тал бесіктен — жер бесікке» «Бесіктен белі шықпаған».
2-ұяшық: Ұғыммен қалыптасқан наным-сенімдер. Бесік — киелі, сондықтан саудаласпай сатып алады. Бос бесікті тербетпейді, бос бесікке ақ жауып қояды. Бала жатқан бесікті аяқпен тербетпейді, бесікті далаға тастамайды.
3-ұяшық: Халық философиясындағы ғылыми негіз. Бесік — өмір жалғастығының символы. Қазақ халқы адамзаттың өмірдегі басты миссиясын ерте замандардан білгендіктен, ұрпақ жалғастығына аса мән берген. Қазақ үшін — балалы үй базармен, баласыз үй-мазармен тең. Ұлын ертерек үйлендіруді, қызын ертерек ұзатуын мақсат тұтқан. Әр адамның отбасын құрып, балалы болуы қажеттігін, отбасы — ең басты құндылық екенін әр балаға кішкентай кезінен құлағына құйып тәрбиелеген. Қазақ баланы санамаған, баланың көп болғанын қалаған.
1-ұяшық: Көркем тілмен мән-мағынасын суреттеу. Қамшы — ұстаса сұс көрсетер қару, қуса мал айдайтын құрал, үйде тұрса, күзетші. Ер адамдар қамшының жасалу ерекшелігіне байланысты өз жасы мен мәртебесіне қарай лайықтысын ұстаған. «Қамшының сабындай», «Арық малға қамшы ауыр тиеді».
2-ұяшық: Қамшы — киелі зат. Жақсылық пен берекені ұстап, қара ниетті табалдырықтан аттатпайтын күш. Қамшымен мал айдайды, жерді соқпайды, себебі қамшымен жер соғу — жұт шақырады деген сенім болған. Жұт болса мал қырылып, малдың орнына қамшымен жер соғып қаласың деген түсінік болған.
3-ұяшық: Мал шаруашылығымен айналысқан халқымыз үшін төрт түлік малдың орны бір бөлек. Төрт түліктің пірі бар деп есептеген халық малды теппеген, ерекше көңіл бөлген, бұл — тотемдік дәуірден келе жатқан түсінік. Малды айдайтын арнайы құрал — қамшыны жасап шығарған. Қамшыда жын-сайтанды қуатын ерекше күш бар деп сенген.
1-ұяшық: Көркем тілмен мән-мағынасын суреттеу. От-тіршіліктің көзі. Қазақ халқының танымында оттың мағынасы тереңде жатыр. Оттан жылу мен жарық тарайды, адамзаттың өмірінде бұл екі құбылыс — өмірдің көзі. Жер бетінде ең алғаш тіршіліктің өзі жылу мен жарықтың негізінде пайда болған. Халқымыз «отың өшпесін», «көзінің оты бар, болатын бала» «оты түзу жанған» деген отпен байланысты түсініктер көп.
2-ұяшық: Отқа байланысты халқымызда наным-сенімдер көп, олардың бәрі оттың қасиетіне байланысты туған. Оттың жылуы мен жарығында ерекше күш бар деп сенгендіктен, отпен бесікті аластау, үйді аластау арқылы тылсым күштерден қорғанып, жын-сайтаннан тазалаған. Жаңа туылған нәресте жатқан жерде қырқынан шығарғанға дейін отты өшірмейді. Кештің түнге ұласар кезінде үйде әрқашан от жағылып тұрады. Үйдің иесі қайтыс болғанда, қайғыны өзгелерге естірту үшін үйдің отын өшірген.
3-ұяшық: От-жылу мен жарық. От-энергия. От-өмір. Адам бойындағы жан — энергия, адамның бойында әрқашан жылу яғни энергия болады. Энергияның күші ерекше, сол энергия арқылы еңбек етіп, бүгінгі жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Сөйлеуге де, тыныс алуға да энергия керек. Қазақ танымында от-киелі.
3-топ. Тапсырма:
1. Қазақың ХХІ ғасырдағы 7 кереметі деп нені атар едіңіз?
2. Әр кереметтің артықшылығына негіздемені ауыз әдебиеті үлгілерінен келтіруге тырысып көріңіздер.
3. Әр таңдаған кереметтеріңіздің бірегейлігіне дәлелдемені тұрақты тіркес, мақал-мәтел, шешендік оралымдарға сүйеніп дәлел келтіріңіз.
4. Сол жеті кереметті «Бәйтерек» бейнесіне орналастырыңыздар.
Ықтимал жауап:
1-керемет. Халық
2-керемет. Жер
3-керемет. Тәуелсіздігіміз
4-керемет. Тіл
5-керемет. Салт-дәстүрлеріміз, ұлттық танымымыз
6-керемет. Жарқын болашағымыз
7-керемет. Тарихымыз

Жапырағы-болашағымыз

Бұтақтары-халық


Діңгегі – жер, тәуелсіздік

Тамыры-тіл,тарих,
салт-дәстүріміз

 

Бұл кереметтердің орналасуындағы заңдылық. Халқымыздың сонау ерте замандардан қалыптасып келе жатқан тарихы мен тілін, салт-дәстүрін Бәйтеректің тамырына орналастырдық. Тіліміз бен тарихымыз болмаса, еліміздің елдігі, ұлтымыздың ұлылығы жоғалар еді. Халқымыздың ғасырлар бойы жиған-терген рухани байлығы тілі мен тарихында жатыр. Ал салт-дәстүрлеріміз еліміздің іргесінің бұзылмауына негіз болып, тәрбие мен тәлімді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастарып келе жатқан асыл байлығымыз.
Бәйтеректің діңгегіне жер мен тәуелсіздікті орналастыруымыздың негіздемесі: халықтың өсіп-өнуіне, дамып қарқындауына жер, бейбітшілік, байлық керек. Ал біздің жеріміз-ең басты байлығымыз, жеріміздің асты-үсті толған байлық, сол байлықтың арқасында халық болашаққа бой артады. Ал тәуелсіздігіміз-сол жеріміздің өзімізге бұйыруына кепілдік беретін күш-қуатымыз, еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың негізі.
Бәйтеректің бұтақтарына халықты орналастырдық, себебі халықтың тілі, тарихы, салт-дәстүрлері, жері мен тәуелсіздігі болғанда ғана өсіп-өнеді, көбейеді, жапырақ жайып, жеміс береді. Тамыры мен діңгегі мықты болған сайын халық та көкке бойлап, қанат жайып өседі, көркейеді.
Жапырақтары-болашақ. Жайқалған жапырақтар ағаштың тамыры мен діңгегінің мықты екенін білдіреді. Елдің ішкі тыныштығы мен бірлігі, ынтымағы жарасқан халқы болғанда ғана болашағы жарқын да жемісті болмақ. Біз болашақты ең жоғарғы бөлігіне қойдық, себебі халықтың болашағы өткені мен бүгінінен басталады, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, тіліміздің мәртебесі артып, халқымыздың саны көбейіп, әлеуметтік жағдайы жақсарып, рухы мықты болғанда, еліміздің болашағына сеніміміз зор болмақ.
Кері байланыс.
Әр топ өзара бір-бірін толықтырып, керісінше келіспейтін мәселе не ойларына байланысты пікірлерін ашық айтып, ой таластырады. Яғни міндетті түрде әр топ белгілі бір топтың жауаптарына пікір білдіру арқылы қаралған мәселеге қатысты нені анық білгендерін, нені әлі де жетілдіру қажеттігін анықтайды.
Рефлексия
Оқушылар сабақ барысында талданған мәселелер бойынша өз ойларымен бөліседі. Рефлексия «Бес бармақ» әдісі арқылы жүзеге асады:
1. Бас бармақ: Сен өзің үшін қандай жаңалық аштың?
2. Балаң үйрек: Сабақ барысында қандай ойлау әрекеттері жүзеге асты? Дәлел.
3. Ортан терек: Қандай тапсырма сен үшін күрделі болды? Неге?
4. Шылдыр шүмек: Қандай тапсырманы орындау қызығушылық тудырды?
5. Кішкентай бөбек: Бұл сабақ сен үшін пайдалы бола алды ма?
Сабақтың соңы.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *