Шөміш қағу
Көкек айында, әлбетте, күн жыли бастайды. Сол кезде күн күркіреп, көкте найзағай жарқыл салады. Мұндайда ел-жұрт еңсе көтеріп, жадырай серпілісіп: «Күн күркіреді, көк дүркіреді», — десіп жатады.
Осыған орай жасалатын ырымды «шөміш қағу» деп атаған. Үйдің босағасына, мандайшасына, табалдырығына шөмішті тигізіп:
-Құдайым, Жарылқа,
Береке мол болсын,
Ынтымақ артсын,
Адалдық болсын,
Амандық болсын,
Ырызық көп болсын,
Уайым жоқ болсын.
десіп игі тілекпен тірлікке тәу еткен.
Халық жылдың әр мезгілінің ерекшелігін, қадір-қасиетін, болмысын даналықпен байыптай да, бағалай да білген. Оның тәрбиелік, тағылымдық жағына өте мән беріп, ұдайы ол дәстүрді осылай еске алатын болған.