Сәлем беру, сәлем ету
Сәлем беру (салт). «Төле би тоқсан жасқа келгенде Қаз дауысты Қазыбек сәлем бере барыпты» (Ел аузынан»). Алыс жолдан келген жолаушы, немесе сол елдің адамы ауыл ақсақалдарына, немесе белгілі адамдарға әдейі іздеп келіп сәлем беру, қалыптасқан ұлттық дәстүріміз. Кейде «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді» дегендей жөн білетін үлкен дердің өзі барып сәлемдесетін де жол бар. Егер сәлем ер адамға қатысты болса «сәлем берді» деп айтылады.
Сәлемнің басқа түрі де бар. Мысалы сыйлы ата, ене, қайынағаларына кездескенде, көргенде келіні оларға иіліп сәлем қылады. Үлкен кісілерден табақ қайтқанда да келін сәлем ету керек. Ондайда біреу «келіндеріңіз сәлем істеп жатыр» деп хабарлайды. Үлкендер оған риза болып, батасын береді. Келіннің сәлем етуі әдептілік пен сыйлаудың белгісі ретінде қабылданады. Сәлем әйел адамға қатысты болса оны «сәлем етті» дейді.
Сәлем қылудың тағы бір өзгеше түрі де бар. Егер бір адамның мойны құяң болып, басын бұра алмай қалса, онда ол кербез адамның сыртынан сәлем қылуы керек. Халық ұғымы бойынша кұяң сонда жазылып кетеді деген сенім болған. Мұндай сәлем қылудың аяғы көңілді күлкіге жалғасып жатады.