Серке
Қыс айларында жылқышылар бір мықты айғырды немесе мініс атын бауырынан жаратып, құнтита ерттеп алады да, таңдаған бір үйге «серке жегелі келдік» деп түседі. Асы қашанда дайын тұратын қазақ «серке» деп келген соң, жылқышыларға мол етіп ет асады. Дәмі басталғаннан-ақ жаңағы жылқышылар сайлап келген айғыр қазан көтерген үйдің иесінің еркіне тиеді. Дәстүр бойынша серке атын қамап жылқышылар аттанғанша, қалай қинап мінем десе де, қайда барып келем десе де еркінде. Әдетте, жылқышылар түскен үйдің баласы мұндайда серке атын мініп алып, ойқастап, мақтанышпен қыр көрсетіп, бір мәз боп қалады. Жылқышылар ет жеп, мал қамын, қыс жайын дуылдаса әңгімелесіп, аттанарда серке атын өздерімен бірге ала кетеді. Сырт көзге бұл да бір парыз-қарызы жоқ, жарастықты рәсім болып көрінеді.