Қырқынан шығару
Қырқынан шығару (салт). Ерте заманнан келе жатқан әдет қазақ туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарған. Қырық күн өткеннен кейін баланың өмірінде жаңа кезең басталады деп есептелген, себебі қазақ халқының ұғымында қырық саны қасиетті сандардың бірі. Қазақ халқының ғұмырында 7, 9, 30, 41 сандары қасиетті деп есептеледі. Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, болашақта үйленгенде қалын малы аз болсын деп, 37 не 39 күнде, ал қыз баланы қалын малы көп болсын деп 42 не 44 күнде қырқынан шығарған. Нәрестенің ит көйлегін шешкен күні, яғни қырқынан шығарған күні ауылдағы әйелдер жиналады, ішіндегі немерелі-шөберелі болған кемпірдің бірі, немесе абысыны немесе өзінен үлкен әйел қырқынан шығару ырымын істейді. Баланың қарын шашын қалаған адамына (ер адам немесе әйел адам) алғызады, одан кейін қырық қасық суды үстінен құйып тұрып, «отыз омыртқан жылдам бекісін, қырық қабырған жылдам қатсын» деген тілекті айтып шомылдырады да, баланы шешесіне береді. Бала шомылдырып ыдысқа шақырылған ауыл әйелдері 40 қасық су құйып, сақина, жүзік сияқты заттар салады, теңгелер салған суға баланы шомылдырып, сонан соң шашы мен тырнағын алған. Сақиналарды бала шомылдырған әйелдер өзара бөліскен. Кейбір қарт әйелге көйлектік маталар береді. Баланың қарын шашын алған еркекке де азын-аулақ сыйлық береді. Баланың қарын шашын алған соң тастай салмай, сақтап қояды. Баланың қарын шашын шүберекке түйіп, тұмарша етіп тігіп, баланың киімінің он иығына қадайды. Бала қырқынан шыққанша әлсіз болады. Сондықтан бір тал шашын тастамай, сақтау керек деп біледі. Ал тырнағын көміп тастайды.
Баланы қырқынан шығарғаннан кейін, ит көйлекті шешкен соң, оған тәтті бидай, жүгері қуырып салып, түйіп иттің мойнына байлап жібереді. Ауыл балалары итті қуып жүріп, мойнындағы «ит көйлекті» шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Ит көйлекті ырым деп, баласы жоқ әйелге береді. Онысы – барлық адамды қуантатын баласы көп болсын дегені. Кейіннен бұл әдет ұмытыла бастады.