Алтыбақан
«Алтыбақан» (дәстүр, ойын).—«Бәрекелде, мына қызықты қара! Мынау ауыл алтыбақан теуіп жатыр» (М. Әуезов). Алтыбақан — ұлттық ойын болғанымен оның салт-дәстүрлік маңызы одан гөрі жоғары тұр. Кешкілік ауылдың қыз-жігіттері аулақтау жерге алтыбақан құрып ойын-сауық жасайды. Бұл жастардың өнерін, ойын, көзқарасын, танымын қалыптастыруда зор тәрбиелік қызмет атқарады. Әншейінде «қызға қырық үйден тиым» дейтін қазақтың қыздарын алтыбақанға жібермеуге хақы жоқ. Алтыбақанда жастар ән салып, түрлі ойын ұйымдастырып, түн ортасына дейін сауық жасайды.