Ұлттық діни салттар

Ұлттық діни салттар. Белгілі бір ұлттың адамы діни шарттарды жеке немесе қоғаммен бірлесіп орындауын — ұлттық діни салттар дейміз. Жергілікті жерге ғана емес, барлық ұлтқа таралған салттар ғана ұлттық діни салттар болып табылады. Діни салттар — ғұрыптар және дәстүрлермен бірге ұлт өмірінің реттеушісі, ұйымдастырушысы болып табылады. Діни салттық өмірге: салт-жоралар, мерекелер, табиғи стихияларға байланысты орындалатын ғұрыптар кіреді.
Барлық салт-жораны екі категорияға бөлуге болады: болымды және болымсыз. Біріншісі, тиымдар жүйесін құрап, әлемді қасиетті және қарапайым етіп бөледі. Мысалға, әртүрлі халықтардың сан түрлі табуларын (ырым-тиымдары) айтуға болады. Соның ішінде кейбір халықтарда тотемдік жануардың етін жеуге болмайды. Салт-жораларды мүмкіндігінше қасиетті орындарда орындау керек. Кейбір діни салттарда ас ішуге тиым салынса, енді біреулерінде белгілі бір уақыт аралығында жұмыс істеуге тиым салынады.
Болымды салт-жоралар мен (салт-дәстүрдің ең жоғары деңгейі) екі әлемді бір-біріне жақындастырушы болып табылады. Мысалға, мұндай діни салттарға құрбан шалуды жатқызамыз. Бұл діни салттың негізгі міндеті – бұзылған дәстүрлерді қалпына келтіру, екі дүние арасындағы байланысты жақсарту.
Салт-жоралық дәстүрдің маңызына неғұрлым талдау жасап, ашып көрсету Э. Дюркгеймнің есімімен байланысты. Салт-жораны классификациялауда Э.Дюркгеймнің әдісіне сүйенсек діни және магиялық деп бөлу орынды. Магия дінге қарағанда құдайға сенімнің жоқтығын көрсетеді. Магиялық салт-жоралар жеке адамның іс-әрекеті болса, діни салттар қоғамның іс-әрекеті.
Сонымен қатар салт-жораларды қызметіне қарай бөлуге болады. Бұл жағдайда өмірдің қиын сәттерінің бірінде жеке адаммен немесе топпен бірге (қуаншылық, табиғи апат бүкіл тайпаға қауіп төген уақытта) орындалады. Мысалы, қазіргі қоғамда мұндай типтегі салт-жораға, қайғылы оқиға болған жерде (президент, үкімет басы, әкімнің) халықты тыныштыққа шақыруы немесе сол оқиға болған жерге арнайы барып халықпен жүздесуін жатқызамыз.
Белгілі уақыттарда күшейе түсетін дәстүрге қайта бет бұру, оны зерттеуге ұмтылу тарихтағы өтпелі кезеңдерде ерекше мәнге ие болатын қоғамдағы үлкен қызығушылықтан туады. Мұндай жағдайда қоғамның рухани өмірінде «қайта өрлеу», «жаңғырту», «реставрация», «ревайвал» сияқты мәдени элементтер орын алады. Дәстүрлі құндылықтар жүйесі дағдарысқа ұшыраған тұста дәстүрлерді заман талабымен үйлестіру мәселесі туындайды. Бұл жағдайда қоғамда «дәстүршілдік», «жаңашылдық», «архаистік», «батысшылдық» және т.б. тенденциялар пайда болады.
Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті кеңес дәуірі тұсында тоталитарлық режимнің қысымымен «мазмұны пролетарлық, түрі ұлттық социалистік мәдениет» деген ұранмен мәдени геноцидті бастан кешірді. Оның салдары ұлттық сананың маргиналдануына әкелді. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 90-жылдардың алғашқы жартысында халқымыздың ұлттық дәстүрлерін қайта жаңғырту барысында бұқаралық сипатта көптеген іс-шаралар атқарылды. Ал соңғы жылдарда нарықтық экономиканың өмірге терең енуі мен батыстық өркениеттің «жемісі» —бұқаралық мәдениеттің жаппай ықпалы мен тегеуріні дәстүрлі мәдениеттің дамуына барынша кері әсерін тигізуде.
Ұмыт қалған дәстүрлер мен ұлттық дүниетаным ғылыми тұрғыда зерттеле бастады. Н.Әлімбай, М.С. Мұқанов, Х.Арғынбаев, С.Қасқабасов, К.Н. Меңлібаев, С.Ж. Наурызбева, А.Сейдімбек, А.С. Сырғақбаева, Н.Шаханова т.б. еңбектерінде дәстүр философиялық, мәдениеттанымдық тұрғыда жан-жақты қарастырылады.
Қазақ ұлтының этностық ерекшелігін байыптаса, бұл халық – ұрпақ сабақтастығын сақтап, алысты жақындатып, аразды татуластыратын, ізетті келіннен таныған, татулықты абысыннан тапқан, дархандықты даласынан, даналыққа бабасынан, пәктікті баласынан алған халық.
Дәстүр, әдет-ғұрып пен салт-сана қоғамдағы әлеуметтік қатынастар түрлерін, қоғамның мәдени деңгейін көрсетумен қатар, тәрбие талаптарының негізін құрайды, адамдардың қоғамдасып өмір сүруінің және ұйымдасуының маңызды формаларын көрсетеді.
Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгертіп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды. Демек, дәстүрсіз қоғамдық қатынастардың қалыптасуы, дамуы, өзгеруі мүмкін емес. Қоғамдық қатынастар тарихи дамудың әрбір жаңа сатысында сақталып қана қалмастан өзгеріп, жаңара береді. Сөйтіп, дәстүрлер арқылы қайта жаңғыру жүзеге асады, ескі қатынас түрлерінен қазіргі және болашақтағы қатынас түрлері келіп шығады.
Ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлер жүйесін жаңғырту арқылы ғана кез-келген халық өзінің рухани мәдениеті мен өзіндік дүниетанымын қалыптастыра алады. Ата-бабадан қалған дәстүрге, мәдени мұра мен рухани құндылықтарға деген немқұрайлылық, ассмиляцияламен сипатталатын ұлттық трансформацияның келенсіз құбылыстарына әкеліп соқтырады. Ал мәдени мұраға деген ілтипаттық және оны байыту жалпы адамзаттық, әлемдік мәдениетке қосылған үлес болып табылады. Әлемдік өркениетке бірігу және өзіндік атсалысу осы ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, оны дамыту арқылы ғана жүзеге асады.
Бұл тұрғыдан алғанда еркіндіктің самал лебін сезінген қазақ халқы ұзақ уақыт бойы нұқсан шеккен сананы емдеуде біраз жетістіктерге қол жеткізді. Тұншығып келген дәстүрлі әдет-ғұрыптар жаңғыртылып, наурыз, ораза айт, құрбан айт мерекелері жыл сайын тойлана бастады. Шындыққа шөліркеген халық тарихи ақтандақтардың беті ашылуына байланысты кезінде кеңестік идеологияның қысымымен бұрмаланған жәйіттермен және есімдермен қайта қауышты. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ ұлтының асыл дүниесі – мәдени-рухани мұрасы қайта игеріле бастады. Қоғамның қазіргі таңда тәлім-тәрбие, үлгі өнегеге салт дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, діни салт жоралары осының барлығы Қазақстанның әр аймағында әртүрлі деңгейде аталып өтеді. Әрине бұрыңғы көшпелі дәуірден қалған ұлттық құндылықтарымыз өз бейнесін әр уақыт сақтап отыр дей алмаймыз. Оған себеп қазақ ұлтының қала төңірегінде шоғырлануы жоғарлап, тіршілік етеу әрекетінің өзгерістерге ұшырау үрдісн жатқызамыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *