Ұлттық дәстүрлер. Ұлттық дәстүрлер – дегеніміз қандайда болмасын бір қауымның күнделікті өмір салтында тұрақты түрде еңген бірнеше рет қайталанатын қоғамдық құбылыс. Осындай қоғамдық құбылыс ұрпақтан-ұрпаққа білімі, әдет-ғұрып, мінез-құлық нормалары, адамдар іс әрекетінің түрлері, таным үлгілері, шығармашылық бағыттары арқылы беріліп отырады. Қоғамның барлық дәстүрлер жүйесі әртүрлі ұлттардың өмір сүру іс әрекетіне қызмет етеді.
Материалдық өндіріс саласындағы адамдар іс-әрекетінің түрлері, әдістері, нормалары; рухани өмірдің әртүрлі салаларында – ғылым, өнер, саясат, құқық – осының барлығы халықтың дәстүрі ретінде, ұлттық дәстүр болып табылады. Ұлттық дәстүрлерден ауытқу сол ұлттың өкілдеріне қоғамдық тәртіпті бұзғандық болып табылады.
Көп жағдайда бір ұлтты мемлекеттің дәстүрлерін ұлттық дәстүр деп атайды. Көпұлтты мемлекетте жалпыұлттық дәстүрлермен қатар әрбір ұлттың дәстүрлері бар.
Қазіргі заманда ұлттардың қарым-қатынасы күшейгендіктен халықтардың интернационалды мәдениеті қалыптасу үстінде. Әрбір ұлттың екі түрлі дәстүрлері бар: а) ұлттың дамуы мен жаңғыруына әсер етуші дәстүрлер; б) халықтың дамуына кері әсерін тигізуші реакцияшыл дәстүрлер бар.
Ұлттық дәстүр тез өзгертіп немесе жоғалып кете қоймайтын, ұзақ дәуірлер бойына екшеліп, сұрыпталып қалыптасқан қазына. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор, халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекетінің рухани негізі. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділдік, меймандостық сияқты қасиеттер белгілі бір халықтың ұлттық дәстүрі ретінде қалыптасады. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты.