Дәстүр (латынша, trаdіtiо-жалғастыру) — тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, церемониялар және т.б.
Адам қажеттілігін өтейтін барлық құндылықтар — материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтар — дәстүрді құрайды. «Салт-дәстүр — тіл мен мәдениет бастауларының анасы» деген. XVIII ғасырдағы неміс ағартушысы И.Г. Гердер оның жазба мәдениет пен азаматтық қоғам қалыптасқанға дейінгі уақыттағы мәдениетті тасымалдаушы маңызын бағалап отыр.
Дәстүр мен қазіргі заман арақатынас мәселесі XX ғасырдың 70-жылдары көптеген зерттеулердің объектісіне айналды. Капиталистік типтегі ғаламдық (глобалды) модерндеу тенденциясының таралуымен функционалды байланыста болған позитивті социологияның бағыттары өткенге көз жұма карады. Әсіресе маркстік бағыттағы тұрпайы социология жаңа формацияның қалыптасуы барысында дәстүр ескілік, артта қалушылық жетілмегендік деп саналғандықтан жойылуы тиіс деп түсіндірді. Алайда, соңғы уақыттарда коғамдық ойдағы өзгерістерге байланысты дамудын «эндогендік» (ішкі ресурстарға сүйене отырып дербес даму) идеяларының белең алуымен бұл көзқарас сыналып, қайта қараудың нәтижесінде дәстүр қалың бұқара халықтың қалыпты өмірін қамтамасыз ететін тұрақтылық пен тәртіптің нормасы ретінде бағалана бастады. Кеңестік дәуірде надандық пен анайылықтың көрінісі деп саналған салт-дәстүр кейінгі мәдениеттану ғылымында «қазіргі ұлттық мәдениеттің басты архетипі» ретінде қарастырылады.
Дәстүр ұғымы «сабақтастық», «мәдени мұра», «төлтумалық», «ерекшелік» түсініктерімен тығыз байланысты. Ғылыми талдау олардың айырмашылығын талап етеді.