Оқушыларға эстетикалық және музыкалық тәрбие берудегі фольклорлық аспаптардың маңызы
Балаға тәрбие беру – аса жауапкершілікті қажет ететін қоғамдық үрдіс және қоғам мен жеке тұлғаның ара-қатынасын байланыстырушы басты жүйе. Баланың мінез-құлқы мен жағымды қасиеттерін дамытуды негізге ала отырып, өмірдегі таңдаған жолына нық қадамының қалыптасуына арқау болу мұғалімнің мақсатқа бағытталған іс-әрекетіне байланысты болмақ.
Өскелең ұрпаққа ауқымды білім мен рухани тәрбие беру жолдарының бірі – өнерге баулу. Оның ішінде, музыка өнері өзінің көркемдігі мен нәзіктігі арқылы адам жанын баурап алатын, баланың ақыл-ойы мен сана-сезімінің кеңеюіне, жағымды мінез-құлықтарының қалыптасуына ықпалы зор.
Оқушылардың адамгершіліктік, этикалық, эстетикалық нормаларын меңгерту міндетін жүзеге асыруда білім беру саласындағы музыкалық пәндерді оқытудың орны ерекше.
Қазақстанның мәдени дамуының бірден-бір себебі жасөспірімдерімізге білім мен ғылымды жан-жақты меңгертумен қатар, ұлттық мұрамызды қастерлеп, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табуына үлесімізді қосуымыз қажет. Осыған орай, мектеп оқушыларын ғылыми білімнің қоғамдық қажетті деңгейлерімен қамтамасыз ету, оларды отандық, ұлттық, әлемдік мәдениет арналарынан сусындату қазіргі заман педагогтарының басты міндеті саналады.
Қазақтың дәстүрлі күйшілік өнері қазіргі кезде еуропалық-классикалық музыкамен ұштасты. Компьютерлік технологияның көмегімен қобыз, домбыра, сыбызғы сияқты музыкалық аспаптарымыздың ғажайып үні мен бай мүмкіндіктеріне көптеген шетелдік тыңдарман-көрермендеріміз сүйсіне қол соқты. Бұл аспаптарды меңгертуде кәсіби білім беретін жоғары оқу орындары мен арнаулы музыкалық колледждер және бастауыш білім беретін музыка мектептері қызмет етуде. Ал, сирек болса да бүгінде халық арасында тартылып жүрген шертер, жетіген, қылқобыз, шіңкілдек, сазсырнай, шаңқобыз, адырна сынды ұлттық аспаптар және ұрып ойналатын шыңдауыл, дауылпаз, асатаяқ, қоңыраулы асатаяқ, жыланбас, мүйіз, тұяқтас, сақпан сияқты аспаптарда екінің бірі ойнай бермейді.
«Китаб әл-мусики әл-кабир» (Музыканың ұлы кітабы) деп аталатын еңбегі арқылы бүкіл әлем ғалымдарын мойындатқан, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби музыканың теориясы мен тарихын зерттеумен қатар музыкалық аспаптарды да зерттеп, жік-жікке бөліп берген еді. Ол кейбір музыкалық аспаптардың жаңа түрлерін өзі ойлап тауып, жасап шығарған. Ал, қазақтың музыкалық фольклорын жинауды өзінің алдына мақсат етіп қойған ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов халықтық күйлер мен музыка аспаптарын ұмыт қалдырмай, келешекке жеткізу қажеттігін айтады. Көне музыкалық аспаптарды тауып, зерттеп, қазіргі заманауи талаптарға сай етіп өңдеген, сол аспаптарда ойналатын, ұмытылып бара жатқан күйлерді нотаға түсірген Әлкей Марғұлан, Болат Сарыбаев, Уәли Бекенов, Жарқын Шәкәрімдер және шеберлер Имануил Романенко, Қамар Қасымов, Арыстан Ермеков, Оразғазы Бейсенбаевтардың сіңірген еңбектері орасан зор.
Халық Қаһарманы, асқан домбырашы, дарынды композитор Нұрғиса Тілендиев өзінің төл перзенті фольклорлық- этнографиялық «Отырар сазы» ансамблінің құрамына көне музыкалық аспаптардың барлық түрлерін қосып, еліміздің алыс түкпірлеріндегі шағын елді-мекендерге дейін қалдырмай жиі аралап, концерт қойып шығатын еді. Ондағы мақсаты, кейінгі ұрпақты бабалардан қалған мол мұралармен таныстырып, оларды жоғалтпай, одан әрі жетілдіріп, рухани азық етуді аманат етіп тапсыру болатын.
Фольклорлық музыкалық пәндердің негізгі мақсаты:
• оқушыларға қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары жайында толық түсінік беру;
• оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеу;
• оқушылардың музыкалық және эстетикалық талғамын дамыту;
• оқушылардың ұлттық-аспаптық музыкаға деген сүйіспеншілігін арттыру;
• оқушылардың музыкалық мәдениетін қалыптастырудағы басты педагогикалық шарттарды негіздеу;
• өмірдің музыка өнерімен байланыстылығын сезінуіне, жеке басының рухани негізін қалыптастыруға ықпал ету;
• оқушылардың музыкалық қабілетімен (есту, есте сақтау, ырғақ сезімдері) қатар, танымдық, талғамдық қасиеттерін, музыканы қабылдау дәрежесін (музыкалық ойлау, елестету, эмоцияналды түсінуі) қалыптастыру;
• балалардың фольклорлық музыка аспаптарында ойнауға, музыкалық білім алуға қызығушылық білдіреген оқшылардың ынтасын арттыру.
1.Сілку арқылы үн шығаратын аспаптар:
Сылдырлы асатаяқ
Қоңыраулы асатаяқ
Сақпан
2.Бір – біріне соғып ойнайтын аспаптар:
Қосмүйіз
Тұяқтас
Белдік-шартылдауық
3.Ұрып ойналатын аспаптар:
Даңғыра және кепшік
Дауылпаз және шыңдауыл
4.Соғып ойналатын аспаптар:
Жыланбас
Қоңырау сылдырмақ
5.Ішекті аспаптар:
Шіңкілдек
Қобыз
6.Шертіп ойналатын аспаптар:
Шертер
7.Көп ішекті аспатар:
Жетіген
8.Тілшелі аспаптар:
Шаңқобыз
9.Үрлеп тартылатын аспаптар:
Саз сырнай
Қамыс сырнай
10.Шулы аспаптар:
Шыңдауыл
Балаларға музыкалық тәрбие беру – музыкалық өнер арқылы баланың музыкалық ынтасын, қажеттілігін қанағаттандыра отырып қабілеттілігін, музыкаға деген эстетикалық көзқарасын қалыптастыру.
Эстетикалық тәрбие – мектеп оқушыларына берілетін тәрбиенің маңызды бөлігі. Ол өнердің барлық салалары арқылы оқушы дүниетанымының артуына, шынайылық пен әсемдікті сезіне білуге баулиды. Оның ішінде, музыкалық тәрбиенің басты маңызы, мақсаты мен міндеті тұлғаның рухани жан-жүниесінің үйлесімділігінің жүйеленуіне негіз бола алады.
Қазіргі кездегі білім мен тәрбие беруді халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен ұлттық өнерін қадір тұтатын, эстетикалық танымы жоғары, рухани бай, шығармашыл тұлға тәрбиелеуге бағытталған оқыту бағдарламалары қажет. Мұндай бағдарламалар пәнді жүргізетін мамандарға теориялық, практикалық тұрғыда шеберлігін арттыруға көмегі зор.
Әрбір жеке ұлт өзін ұлт ретінде танытып, ұрпағына ұлттық тәрбие беру арқылы ғана ұлттық болмысын сақтап қала алатыны хақ. Ал, ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің қайнар көзі – фольклорлық аспатарды үйретіп-дәріптеу арқылы рухани байлығымызды насихаттау болмақ.