Рецептерді қабылдау және дәрілерді босату жұмыстарын ұйымдастыру
Мақсаты: студенттерге рецептерді қабылдау және дәрілерді босату жұмыстарын ұйымдастырумен таныстыру.
Дәріс тезистері:
Менеджмент теориясына сәйкес өндірістік қызметтің барысында ұйым, кәсіпорындар өндірілген тауарлары мен өнімдерін және көрсететін қызметтерін сыртқы ортаға шығарады. Дәріханалық ұйымдардың өндірістік қызметі рецептерді қабылдау, қабылданған рецептер бойынша дәрілерді дайындау, дәріханашілік бақылау арқылы дайындалған дәрілердің сапасын тексеру, сәйкесті түрде дайындалған дәрілерді безендіру және бекітілген тәртіптерге сәйкес дәрілік заттарды тұрғындарға босату.
Дәріханада рецептерді қабылдау, дәрігерлердің рецептері мен емдеу – профилактикалық мекемелердің сұрау – талап қағаздары бойынша дәрілерді дайындау, дайындалған дәрілердің сапасын бақылап, безендіріп, босату жұмыстарын жүзеге асыру үшін рецептуралық — өндіріс бөлімі (РӨБ) ұйымдастырылып ашылады.
Рецептерді қабылдау және дайын дәрілік заттарды босату үшін дәріханаларда дайын дәрілік заттар бөлімі (ДДБ) ашылады. Керек болған жағдайларда РӨБ мен ДДБ қызметтері бір бөлімде біріктіріледі.
Бөлімдердің жұмыстарына бөлім меңгерушілері және олардың орынбасарлары басшылық жасайды.
РӨБ штатында фармацевтер және фармацевтің ассистентері жұмыс істейді. РӨБ фармацевтері лауазымдарының келесі түрлері болады:
жеке дәрілік формаларды дайындауға арналған рецептер мен емдеу-профилактикалық мекемелердің сұрау талап қағаздарын қабылдаушы, дайындалған дәрілердің сапасын бақылаушы, дәрілерді босатушы фармацевт – технолог;
рецептерді қабылдаушы және дайын дәрілік заттарды босатушы фармацевт – технолог;
дәріханада жеке дайындалған және дәріханашілік алдын ала дайындалған дәрілердің сапасын толық тексеруші фармацевт –аналитик.
Дәріханалық жұмыс көлеміне байланысты ақпараттар жүргізуші фармацевт, фармацевт ассистенттерінің жұмысын бақылаушы фармацевт, түн уақытында жұмыс істейтін фармацевт мамандары бөлінуі мүмкін.
РӨБ фармацевт ассистентері лауазымдары дәрігерлердің рецептері мен емдеу-профилактикалық мекемелердің сұрау-талап қағаздары бойынша дәрілер дайындау, емдеу-профилактикалық мекемелердің тапсырыстарын комплектілеу т.б. жұмыстарға бөлінеді.
РӨБ фармацевтикалық мамандардан басқа көмекші қызметкерлердің лауазымдары болады: бөліп түюшілер, санитар-жуушылар.
РӨБ жабдықталуы дәріхананың жұмыс көлеміне байланысты жүргізіледі.
Дәріхананың рецептерді қабылдау және дәрілерді босату жұмыс орындары типтік жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Рецептерді қабылдаушы және дәрілерді босатушы фармацевт – технологтың жұмыс орнын секциялық столмен, дәрілік заттарды сақтау шкафтарымен, дайындалған дәрілерді сақтайтын айналмалармен, тоңазытқышпен, күшті әсерлі және ұлы дәрілік заттарды сақтау шкафтары, компьютермен жабдықталады.
Рецептерді қабылдау және дәрілерді босату жұмыс орнын ДЗ тәуліктік және реттік дозалары таблицасы, ДЗ өзара сиымдылығы, ҚР мемлекеттік фармакопеясы, ДЗ мемлекеттік реестрі, ДЗ синомимдерінің анықтамасы, бағалар таблицасы т.б. анықтама әдебиеттермен қамтамасыз етіледі.
Рецептерді қабылдаушы және дәрілерді босатушы фармацевт– технолог ҚР «Дәрілік заттар туралы» Заңы, ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңы талаптарын басшылыққа алады және дәрілік заттар айналысы саласындағы басқа да нормативтік–құқықтық актлерді, ҚР ДСМ бұйрықтарын, нұсқауларының орындалуын қамтамасыз етеді.
ҚР ДСМ бұйрығымен анықталып бекітілген дәрігердің рецептінсіз босатылатын дәрілік заттардың тізімінен басқа барлық дәрілік заттар дәріханалық ұйымдардан тек қана рецептер бойынша босатылуы керек.
Дәрілік заттар азаматтарға емдеу–профилактикалық мекемелерге денсаулығына байланысты ем алу үшін және стационарлық емделуді амбулаториялық жағдайда жалғастыру үшін тағайындалып жазылады.
Келесі дәрілік заттарға рецептерді жазуға тиым салынады:
ҚР тіркеуден өтпеген және ҚР ДСМ қолдануға рұқсат бермеген дәрілік заттар;
тек қана емдеу–профилактикалық мекемелерде қолданылатын: наркозға арналған эфир, хлорэтил, фентанил, сомбревин, калипсол, фторатан, кетамин және т.б. дәрілік заттар;
медициналық көрсеткіштер жоқ болған жағдайда.
Рецепт – дәрігер маманың дәріні дайындап босатуы туралы фармацевт маманына жазбаша түрдегі нұсқауы.
Рецепт дәріханалардан дәрілік заттарды босатуға негіз болатын медициналық құжат.
Рецепт заңдылық құжат, себебі рецепті жазған дәрігер, рецепті дәріханаға қабылдаған, рецепте жазылған дәрілік форманы дайындаған және босатқан фармацевт заңдылық жауапкершілікте болады.
Рецепт финанстық құжат болып табылады, рецепте жазылған, дәріханада дайындалып босатылған дәрілердің бағасы тұтынушылармен төленеді немесе түрлі деңгейдегі бюджеттер есебінен дәріханаға қайтарылады.
Дәріханаға рецептерді қабылдауда және дәріханадан дәрілерді босатуда фармацевтикалық мамандар ҚР ДСМ 2009 жылғы 16 қарашадағы № 771 «Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және медициналық техникаларды көтерме сауда және бөлшек сауда арқылы босату Ережелерін бекіту туралы» бұйрығының және 2005 жылғы 7 сәуірдегі № 173 «Бақылауға жататын құрамында есірткілік, психотроптық заттар және прекурсорлар бар дәрілік заттарға рецептер мен сұрау – талап қағаздарын жазу және босату Ережесі» бұйрығының талаптарын сақталды.
Рецептер науқастың жас ерекшелігін, дәрілік заттардың бағасының төлену тәртібін және дәрілік заттың құрамына кіретін ингредиенттердің құрамдық сипатын ескере отырып жазылады. Рецепт сиялы немесе шарикті қалам мен түсінікті түрде бланктегі барлық көрсетілген реквизиттерді толтырып безендірілуі керек.
Дәріханаларда рецептерді қабылдау және рецептер бойынша дәрілерді босату кезінде рецептерге фармацевтикалық сараптама жүргізіледі (Сур.7).
Рецептердің фармацевтикалық сараптамасының бірінші сатысында фармацевтикалық қызметкер дәрілік жазылым рецептуралық бланкісінің жазылу тәртіптерімен бекітілген міндетті және қосымша реквизиттерге сәйкестігін тексереді.
Рецептің жазылған дәрілік заттардың төлену тәртібіне және құрамдық ингредиенттердің сипатына қатыссыз келесі негізгі реквизиттері болды:
ЕПМ атауы, мекен жайы және телефоны көрсетілген штампасы;
рецептің жазылған күні;
науқастың аты, әкесінің аты, жасы;
дәрігердің аты, әкесінің аты;
дәрілік заттың атауы, саны;
дәрілік заттың қолданылу тәсілі;
дәрігердің қолы және жеке мөрі.
Сурет. Рецепті фармацевтикалық сараптау схемасы
Рецептуралық бланкілердің формаларына және жазылған дәрілік заттардың құрамына байланысты рецептердің қосымша реквизиттері анықталады.
Рецептер ҚР ДСМ бекітілген баспаханалық тәсілмен печатталған бланкілерге жазылады.
Есірткілік дәрілік заттарды жазуға арналған арнайы рецептуралық бланкілерге ІІ катигорияның А және В топтарындағы есірткілік дәрілік заттар және психотрортық заттар жазылады.
Есірткілік әсері бар дәрілік заттарға және психотроптық заттарға рецепт дәрігердің қолымен жазылады, дәрігер қолын қояды, жеке мөрімен куәландырады.
Арнайы рецептуралық бланкінің міндетті реквизиттерімен қатар келесі қосымша реквизиттері болады:
сериялық нөмірі және қорғалу деңгейін көрсететін қызмет түсті қағаздағы су белгілері.
емхананың бас дәрігерінің немесе оның орынбасарының қолы қойылып, емхананың дөңгелек мөрімен куәландырылады;
науқастың ауру тарихының номірі және тұратын жері жазылып көрсетіледі.
Есірткілік және психотроптық заттар ақысыз және жеңіл бағамен босатылатын жағдайларда арнайы рецептуралық бланкіге қосымша №132/е формалы рецептуралық бланкі жазылады.