Ә.ТАБЫЛДЫНЫҢ ҚАЗАҚ ЭТНОПЕДАГОГИКАСЫН
ЗЕРТТЕУДЕГІ ҮЛЕСІ

ӘОЖ: 37.017.4:39

Ә.ТАБЫЛДЫНЫҢ ҚАЗАҚ ЭТНОПЕДАГОГИКАСЫН
ЗЕРТТЕУДЕГІ ҮЛЕСІ

Елубаева Р.С., Жантұрсынова А.Қ.
ТИГУ., Тараз

«Халықтың игі әдеттері дағдылана келе әдет-ғұрыпқа, әсерлі әдет-ғұрыптар салт-дәстүрге айналып, халықтың өмірінде салт-дәстүрлер қалыптасқан. Халықтың салт-дәстүрлері рәсімдер мен жөн-жоралғылары, рәміздер, ырымдар мен тыйымдар, түрлі сенімдер арқылы өмірде қолданыс тауып келеді. Оның бәрі толысып, жаңарып отырады»,-деп жазған Ә.Табылды ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлылық, имандылық, иманжүзділік тәрізді халқымыздың игі мәдени дәстүрлерін әдептің аясына сыйдырады. «Әдеп– барлық мәдени үлгі өнегелі іс-әрекеттердің көрінісі»-деп ой түйеді. Осы игі дәстүрлердің барлығын негізге ала отырып қазақ халқы иманжүзді, қайырымды, мейірімді халық деп шешкен ол осы ұлт мәдениетінің озық көріністерін ұрпақ тәрбиесінің өзекті арқауы санайды. Ұлттық санаға сіңіп, біржола заңдастырылған салт-дәстүр этнопедагогикада салт-сана деп аталады. Этнопедагог-ғалымның пайымдауынша, «ұлттық сананың қозғаушы күші — ұлттық намыс, ұлттық абырой. Ол жеке тұлғалардың перзенттік борышты өтеу дәрежесіне сай өмірден өз көріністерін байқатады. Сондықтан әрбір әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің салт-санаға әсер ететін тәрбиелік мәні зор» [1;50б.].
«Ұрпақ тәрбиесі құрсақтан басталады» деген халықтық тұжырымдаманы назарға алған ол: «тәрбие ұрпақты дүниеге келтіруден басталады; сол тәрбиенің дәстүрлік, салт-саналық бастаулары мен бағдарларын жан-жақты пайдаланып, даналықпен дамыта білу керек деген өсиеттің мәнін ұғамыз. Нәрестелік кезеңнен басталатын тәрбиенің қалыптасқан ұлттық рәсімдері мен тәлімдік тәсілдері ұлттық салтпен қолданылып жан-жүйеге тәлім-тәрбиелік әсер етеді»,-деп жазады[1;51б.]. Ұлттық салт-дәстүрге, оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына терең тоқтала келе Ә.Табылды адамгершілік тәрбиесін жан-жақты қарастырады. «Адамгершілік-қоғамдық өмірдің тарихи-әлеуметтік заңдылықтарына сәйкес, адамдар арасындағы адамдық қарым-қатынастар жүйесін реттеп отыруға негіз болып табылатын, қауымдық, әлеуметтік, халықтық игі іс-әрекеттер, мінез-құлықтағы имандылық пен инабаттылықты әдептілік қалыптарын көрсететін терең мәнді ұғым» [1;55б.] Ұлттық педагогика өзегі –адамгершілік тәрбиесі. Адамгершіліктің бір негізі– үлкенді сыйлау дейді ғалым. Жеке адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетінің бір көрінісі – кісілік деп философиялық ой түйген ата-бабамыздың «кісілік» ұғымын талдай келе педагог-ғалым: «кісілікті адам болу физиологиялық, психологиялық сананың дамып қалыптасқанын көрсетеді»,- дейді[1;56б.]. Ұлттық мінез, ұлттық психология мәселесіне тоқталған ол ар, ұят, әдеп, намыс, абырой, шыншылдық, имандылық ұғымдарын таратып береді. Жеке адамның кісілік дәрежесінің белгісі- «ар» ұғымын ғалым халқымыздың «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген терең философиялық ой түйіндеуімен түсіндіреді.
Имандылықтың жан-жүйелік, адамгершілікті сақтай білудің белгісі-«ұят» деп ой түйген педагог-ғалым ұят нышандары жан дүниенің толғанысы арқылы бет бейне мен іс-әрекеттен байқалатындығын айтады. Ә.Табылдының түйіндеуінше ар ұяттан туады. Адамгершілікті ту етіп ұстаған халқымыз үшін ұятсыздық-адамгершілік қалыпты бұзудың ең бір қатаң, дөрекі түрі. Ұлттық намыс үшін ұятсыздық өліммен тең. Ал этикалық қалыпты ғалым «әдеп сақтау» дей келе оған былай анықтама береді: «Әдеп сақтау-қазақ халқының тарихи қалыптасқан қоғамдық сананың практикалық көрінісі, әлеуметтік тәртіптің, борыш пен міндеттің заңды айғағы»[1;57б.]. Әдеп мәселесін жан-жақты зерттеген ол әдепті–этикет, яғни, мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан халықтық ережесі іспетті қарайды. Ғалымның дәлелдеуінше, әлеуметтік дәстүр, халықтық ереже бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады, ұлттық намыс жойылады. Ұлттық этикет- әдеп сақтау заңын ол адамгершілік борыш деп бағалайды. Әдеп заңын орындаудың бір жолы–талап қою. Талап қою әрбір үлкеннің міндетті, борышы. Ата-бабамыздың сан ғасырлық этикет заңы–«әдеп», «әдептілік», мәселесі бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолданылуы керек» дейді әдіскер–ғалым. Бұл тұрғыда түрлі әңгіме, ойын түрлерін ұйымдастырып, ертеңгіліктер мен пікірталас, дөңгелек үстел түрлі кештер жүргізген жөн.
Ұлттық әдеп сақтау дәстүрі бүгінгі оқушылар ережесімен, тәрбиелік іс-шаралармен байланыстырылуы шарт деген ұсыныс жасайды. «Абырой», «намыс», «шыншылдық» сөздерінің астарына терең үңілген ғалым «намыс–адамдық қасиеттерді қалыптастырып, оны сақтай білудің, адамгершілік мінез–құлық пен іс-әрекеттің батылдық пен кісіліктің көрінісі»- десе, «абырой-намыс пен ар-ұяттың, игілікті іс-әрекеттің арқасында адамның мақсатқа жетуі, сыйласымға, құрметке ие болуы»,-деп бағалайды [1;58б.]. Ұят, ар, намыс болмаған тұста абыройсыздық туады. Ұлттық тәлім-тәрбие ережесі бойынша әрбір адам тәрбиеленіп, кісілікке жеткен соң өз намысын өзі қорғай білуі керек. Сонда онда абырой болмақ. Ұлттық тәлім-тәрбиеге сәйкес заңдылықты борыш-инабат, иман, ілтипат. Бұл қасиеттер ұлттық дәстүрде дами түспек. Ұлттық тәрбиенің бір биік шыңы-шыншылдық. «Шыншылдық адамгершіліктің белгісі, ол халықтың тұрмыстық іс-әрекет дағдысына айналған. Халық өтірік айту, шындықты жасыру — қылмыстың ауыр түрінің бірі деп есептейді», — деп жазады Ә.Табылды [1;59б.].
Халықтық тәрбиенің бір тұсы-сенім. Сенім арап тілінен енген–иман сөзінің ұғымды баламасы. Имандылықты – адамгершіліктің бір көрінісі ретінде қараған ол имандылықты діни сенім емес, ұлттық психологиялық салтқа, ұлттық ерекшелікке айналған психологиялық көріністер санатына жатқызады.Ұлттық үлгі-өнегелік дәстүр–салауаттылық мәселесіне көңіл бөлген этнопедагог-ғалым оны халықтық заңдылықтар қатарына жатқызады. Тілек, бата, әдеп мәселелеріне терең көңіл бөлген Ә.Табылды бұл ұғымдарды халқымыздың қалыптасқан дәстүрі дейді. Адам баласына жақсылық ойлау, адамгершілік пен парасаттылыққа тәрбиелейтін бұл дәстүрлер бүгінгі ұрпақ үшін-өнегелік нұсқа болмақ..
Халқымыздың этнопедагогикасының ұлттық ұжданы – ата дәстүрін ардақтау да зерттеуші назарынан тыс қалмаған. «Ата дәстүрін орындау–кейінгі ұрпақтың борышы, міндеті болмақ» -дейді Ә.Табылды [1;60б.].
Ұлтымыздың ертеден келе жатқан ырымдарын тәрбие ісіне қолдану жақсы нәтиже бермек деп ой түйген педагог сауап, кесір, обал, ысырап ұғымдарын терең зерттейді. Бұл ұғымдарды ғалым этнопедагогиканың дағдылы тәрбиелік тәсілдеріне қолданылатын уәжімдеріне жатқызады. Осы ұғымдарды қарастыра келе ғалым: «Сауап–басқаға жақсылық істеу, табиғатқа қамқорлық жасау, яғни ізгілік жасау», «Кесір–қалыптан тыс анайы қылық, теріс әрекет, ақымақтықтың көрінісі», «Обал – жақсы нәрсенің қадірін білу, оны тастама, түбінде зарын тартасың деген ұғым», «Ысырап-әр заттың бағасын білмей, босқа шашу деген ұғым»,-деп түсіндірме береді.
Баланы иманды, инабатты болуға тәрбиелейтін ұлттық ереже, қатаң заң тәріздес тәрбие құралы–ырымдар мен тыйымдар. Ол жайында Ә.Табылды: «Қазақ халқының әлеуметтік өміріне, тұрмыс ахуалына сәйкес қалыптасқан ырымдар мен тыйымдар бұлжымай орындалатын зат ретінде, қатаң тәрбиелейді. Олардың үлкен тәрбиелік мәні бар», — дейді [1;67б.].
Туыстық және азаматтық қарым–қатынасқа қатты көңіл бөлген халқымыз бұл мәселені күнделікті дәстүрге айналдырған. Ғалым Ә.Табылды туыстық және азаматтық қарым–қатынас дәстүрінің бірнеше көрінісін санамалап береді. Олар: адалдық, (туыстарға шыншыл, ақ ниетті, адал көңілді болу); инабаттылық (кіші болса соған қамқорлық көрсету); байсалдылық (жеке адамның көңілін бағып, сабырлылық жасау), ізеттілік (әркімге ізет көрсетіп, оны құрметтей білу), кішіпейілділік (кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету дәстүрі, жақсылыққа тасымай, кездейсоқ жасымай, көпшіл яғни ақылды болу). Қазақ халқының туыстық, жекжат–жұраттың қарым–қатынаста қалыптасқан ұлттық дәстүрлерін жіктеп көрсетеді. Олар: ата–бабаны ардақтау; ата-ана борышын ақтау; ағаны құрметтеу, күйеу баланы сыйлау, қызды аялау, келінді болашақ ана деп аялап, сыйлау; құданы құрметтеу, балаға мейірімді болу, ініге ізет көрсету, бөлемен тату болу, т.б. туыстық қарым-қатынасқа тоқтала келе Ә.Табылды баба, ата, әже, әке, ана, әпке, аға, іні, қарындас, сіңлі, келін, құда, құдағи, құдаша, т.б. туыстық атауларға түсініктеме береді. Қорыта келе ғалым; «туыстық қарым– қатынас ғасырлар бойы толысып, қалыптасқан дәстүр»,- деп ой түйеді. «Бауырмашылдық–қазақтың ұлттық психологиясының әдепті көрінісі. Қазақтың бауырмашылдығы баланы сүюден, баланың ата–ананы құрметтеуінен басталады»,- дейді ғалым [1;73б.]. Ата-тегін, жеті атасын білу-бауырмашылдықтың негізі деп пайымдаған ол тегін тергеуді «рушылдыққа жатқызбайды, бауырмашылдықтан кейінгі ұлттық психологиялық қасиетке педагог–ғалым қайырымдылық пен мейірімділікті жатқызады. «Мейірімділік-қайырымдылық қасиетпен қалыптасқан ең негізгі психологиялық құбылыс. Мейірімділіктің іс-жүзіндегі көрінісі–қайырымдылық. Қайырымдылық-мүдделі, кіріптар, көмекке құштар адамдарға, табиғатқа, жан-жануарларға іс-жүзінде жақсылық жасау»,-дейді ғалым [1;76б.].
Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени үлгілеріне–ғалым әдептілікті жатқызады. Әдептілік негіздері-әдеп, рәсім, дәстүр, әдет–ғұрып, салт- сана деп түсіндіреді педагог-ғалым. Ғылыми заңдылық бойынша әдет дағдыға, дағды әдепке айналады. Яғни, «әдеп-әрбір адамның тәртібі мен инабаттылығын көрсететін, салт-сананың ұлттың белгісі» [1;77б.]. Ғалым тұрмысқа байланысты әдет-ғұрыптарды орындау әрекеттерін рәсімдерге жатқызады, ал игілікті іс-әрекеттер қалыптаса келе дәстүрге айналады деп негіздейді. Бүгінгі таңға дейін мәдени үлгі ретінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан түрлі ырымдар мен тыйымдарды, қайырымдылық пен сыйластық дәстүрлерді, жөн-жоралғылар мен кәделерді, рәсімдердің топтамасы санайды. «Халықтық әдет-ғұрып елдің тұрмысына, кәсібіне, халықтық қасиеттеріне байланысты қалыптасты. Яғни, игілікті әдеттердің ғұрыпқа, тұрмысқа еніп, қалыптасуы әдет-ғұрып көріністері болып табылады. Әдет,әдеп, рәсім, дәстүр, әдет-ғұрып ғасырлар бойы қалыптасып жаңаша жақсылықтармен толысып, салт-санаға сіңіп, қастерлі қасиетке айналған»,-дейді ғалым [1;78б.]. Ғалымның пайымдауынша:«халықтың әдет-ғұрпы оның мәдениеттік ерекшеліктері болып табылады.» Оны қалыптастыру жолында ата-бабамыз имандылық, ілтипаттылық, инабаттылық, ізеттілікті ұрпағына үйреткен, әдеп пен дағдыға айналдырып, әдепті қалыптастырған.
Әрбір жақсы іс-әрекеттен үлгі өнеге алып оны үйреніп, оған жету үшін жасалар іс-әрекетті халқымыз ырым деген. Ырымның да өзіндік тәрбиелік мәні бар екенін дәлелдеген ғалым-педагог оған жан-жақты тоқталған. Болашақ ұрпақты табиғатты сүюге, ата-баба дәстүрін сыйлауға, қарапайым да әдепті болуға үйрететін тұрмыстық ереженің бір тобы тыйым сөздер. Бұл жайында ғалым-педагог:«қазақта жасөспірімдерді тәрбиелеу үшін талап ету, талап қою рәсімдері өмірлік, тұрмыстық ереже болып қалыптасқан»,-деп жазады. Балаларға түзу тәрбие беруде тамаша тәрбие құралы болып табылатын бұл рухани мұралардың бірнеше іс-әрекеттік әдіс-тәсілдерін көрсетіп бере келе педагог Ә.Табылды тәрбиелік жұмыстарды сабақ жүргізу барысымен ұштастыруды ұсынады.
Қазақтың халық педагогикасындағы еңбек, ақыл-ой, дене шынықтыру, ерлік тәрбиелеріне жеке-жеке тоқталған ол дәстүрлердің бірнеше түрлеріне соқпай өтпейді. Жас жеткіншектің ойы дамып, дүниетанымы қалыптасып, нағыз адам болуына әсер етер ана тілін үйренудің бір жақсы бастамасы тілашар дәстүрі. «Тілі шыға бастаған бөбектің тіл үйретуге құштар балдырғанның тілін одан әрі дамытып ойы мен қиялын шарықтату үшін, халқымыз тілашар дәстүрін қалыптастырып, оны салтқа айналдырған»,- деп жазған Ә.Табылды тілашар дәстүрлерінің бірнеше түрін айқындап көрсетеді: санамақ, жұмбақ, жаңылпаш, мақал-мәтел, тақпақ, өлең-жыр, мазақтама. Ана тілін үйретудің негізі–тілашар дәстүріне «Тілашар-балдырғанның тілін ширатып, оны дамыту үшін қолданылатын тәлімдік іс-әрекет» деп түсініктеме береді [1;93б.].
Тәрбиелік дәстүрлердің бір түрі-перзенттік парызды өтеу дәстүрі. Тәрбиелік дәстүрдің бұл парасына көңіл бөлген ғалым «қарыз», «борыш», «парыз» сөздерінің астарына үңіліп, олардың тәлімдік тұстарын ашады. Қасиетті де, қастерлі парыз, борыш ұғымдарын жеке тұлғалық және ұлттық намыс арқылы салт-санаға сіңіп, заңдылыққа айналған міндетті ұғымдар қатарына жатқызған зерттеуші осылардың тәлімдік күшімен жеке тұлғаның адамгершілік санасы ұлттық сана биігіне көтерілетінін айтады.
Тәрбиелік дәстүрдің тағы бірі-кісі күту дәстүрі. Халқымыз үшін ұлттық салтқа айналған бұл дәстүрдің тәлімдік тұсын аша білген педагог-ғалым оны «халықтың әлеуметтік, кең мекендік, тұрмыстық жағдайына байланысты қалыптасқан қасиетті дәстүрі» санайды. «Қонақты күту, қонақты шығарып салу рәсімдерін халық ұрпағына ұлағатпен үйретіп, үлгі-өнеге ретінде тәрбиенің негізгі бір саласы деп қараған»,- деп жаза келе Ә.Табылды осы дәстүрдің орындалуына тоқталады.
Әдеппен сөйлеу тәрізді тәрбиелік дәстүрдің бір түрі де Ә.Табылды назарынан тыс қалмаған. «Сіз» деген әдеп деп ой түйген халқымыздың ізгі мәдени тұсын тарата келе ғалым әдепті сөздерге бірнеше жанашыр және аянышты сөздерді жатқызады. Отбасындағы сыйласымдылық дәстүрге тоқтала келе, ғалым- педагог тағы да міндет, парыз, қарыз, борыш ұғымдарына соғып өтеді.
Халқымыздың ғасырлар бойы сақталып, дамып атадан балаға мирас болып келе жатқан тәрбиелік дәстүрлеріне–табиғатты қорғау дәстүрі, ата тегін ардақтау дәстүрі, бата беру дәстүрі, үлгі -өнеге көрсету дәстүрі, төрт құдыретті әулие тұту дәстүрі, ерлік дәстүрі, жекжат-жұрағатты сыйлау дәстүрі, ел белгілері мен рәміздерін қастерлеу дәстүрі, жыл қайыру мен күн айыру рәсімдері дәстүрі, наурыз тойын тойлау дәстүрі, өнерпаздық дәстүрі, инабаттылық дәстүрі, кітапты қастерлеу дәстүрі. Зертеуші ғалым бұл дәстүрлердің қатарына жаңа заман талабына сәйкес оқушылардың ұжымдық дәстүрлерін, мектептегі әдептілік дәстүрлерін қосады.
«Ата–бабаларымыз болашақ ұрпақтарының адал жанды, әдепті, иманды, батыл да батыр, инабатты, ізетті болып өсуі үшін өсиет айтуды, өнеге көрсетуді, бата беруді, тілек айтуды әлеуметтік әдепке, ата-бабалық дәстүрге айналдырған»,-деп жаза келе ата дәстүрін ардақтауды–ұлттық ождан санайды [1;108б.]. Атадан балаға мирас болып келе жатқан жақсы қасиеттерді болашақ ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуді халқымыз абыройлы борыш деп түсінген. Көбінесе бұл жағдай өнеге-өсиет айту арқылы іске асқан. Бұл жайында Ә.Табылды: «ата-бабаларымыз өмір тәжірибелерінен, халықтық әдет-ғұрып болып қалыптасқан дәстүрлерінен үлгі-нұсқаларды өне бойына өнеге етіп, ұрпақтарына үйретіп отырған, тілек тілеп, жастарды жақсы жолға бастаған. Бата-адам баласына тек жақсылық тілеу, халық тарихында ертеден қалыптасқан дәстүр. Киелі сөз–батаның орындалуы үшін бата алушы арман–мақсаттарының биігіне шырқайды, яғни арманға жету үшін тірлік- тіршілік жасауға машықтанады», — деп жаза келе соңында қалған ұрпағына ісімен де, сөзімен де, ақыл–парасатымен де үлгі өнеге көрсеткен халқымыздың асыл мұрасын мақтаныш ететінін жасырмайды. Сандаған ғасырлар бойы халық жадында сақталып келген нақыл сөздер мен өрнекті өсиеттерді қастерлеп, ұмыт қалдырмауға шақыра отырып, оны дамыту әрбір адамзат үшін міндет, абыройлы парыз, ұрпақтық борышы санайды. Ұлттық дәстүрді ұлттық мәдениеттің бір бөлігі деп ой түйген ғалым өнеге айту дәстүрін ұлттық әдептілік деп атап көрсетеді.
Төрт құдіретті әулие тұту дәстүрі ата-бабаларымыздың салтында ежелден бар. Тәрбие дәстүрлерінің бұл түрі төрт құдіреттің негізінен туындаған күнді, жерді, ауа мен суды қастерлеп және ол жайында түрлі тыйым сөздер тудырған ата-бабамыз тіршіліктің тірегін де осы төрт құдіретке апарып тірейді. Ғалым Ә.Табылды тіршіліктің төрт тірегін халықтың ертеден келе жатқан салт, өмірлік заңы деп қастерлеуді бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне ұсынуды алға тартады.
Болашағым жарқын болсын деген әрбір адам өмірге қызыға қарап, қиындықтарына қымсынбай, мақсатқа жету жолында алдыға қадам жасайды. Бұл қадамның негізі–үміт пен сенім. Осыдан үміт пен сенім рәсімдер мен дәстүрі туындайды. Алдыға деген сенім мен үміт–кез-келген адамның жігерін жанып, құлшынысын арттырады. Мұндай ізгі қасиетті бүгінгі ұрпақтың бойына себу де тәрбие ісінде оңды баға бермек.
Ұлттық салтқа айналған тәрбиелік дәстүрлердің бірі–бірлік дәстүрі. Бірлік дәстүрі ұйымдасу (ұжым), қауымдасу (қауым), бірлесу (бірлестік), одақтасу (одақ), достасу (достық), отандасу (отан) арқылы қалыптасқан деп көрсеткен Ә.Табылды. Осы рәсімдердің әрқайсысына жеке–жеке тоқталады. Ғалымның негіздеуінше, бірлік дәстүрін сақтау сол үшін күресу, еңбек ету- әрбір бүгінгі ұрпақтың, әдепті тұлғаның борышы.
Қазақ халқының қонақжайлығымен қатар жекжат-жұрағатқа деген сыйласық дәстүрі бар. «Аталас ағайындар әрқашан да бір-біріне қамқорлық жасап, қарайласып отыруға міндетті. Бұл–атаға бөліну емес, бірлесу. Халық бірлесуді бірлікке ұштастырған, ұлттық және адамзаттық дәрежеге көтерілуді көздейді», -деп жазған педагог атадан балаға қалған осы бір тәрбие дәстүрін бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қолдануды жөн санайды.
Ұрпақ тәрбиесіне пайдалану барысында жақсы нәтиже беретін ата дәстүрлеріміздің бірі-өнерпаздық және инабаттық дәстүрлері. «Өнерпаздық дәстүр көбінесе әлеуметтік дәстүр болып қалыптасады. Бір отбасындағы барлық адамдар өнерпаз болып, ол дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырады. Әлеуметтік дәстүрде әркім әуелі өнерінің бір қырынан көрінуге ынталанады. …«Қыз сыны», «Жігіттер сұлтаны» сияқты сымбат пен өнер жарысында өнерпаздық дәстүрдің ұлттық мәйектері сараланып, мәнді өрнектер, өнер үшін баға беріледі. Қазақ қызы әрі сымбатты, әрі нұрлы, әрі еңбекқор, әрі өнерпаз болуы керек. Қазақ жігіті жігіттің сұлтаны ретінде өнерден де ептілік пен күштіліктен де, сымбаты мен сәні жағынан да болуы қажет. Қазақ халқы ұлдары мен қыздарын өнерпаздыққа баулу үшін, түрлі ойындарды ойлап шығарған»,-деп жазған Ә.Табылды өнерпаздық дәстүрді жаңғыртуға тек ата-ана, тәрбиешілер ғана ат салыспай тәрбиеленуші жеткіншектер де үлес қосу керек деген пікірін білдіреді [1;126б.]. Ғалымның түсінігінше өзінің бойындағы өнерпаздық қабілетін айқындап, дамыту әрбір перзенттің міндеті. Ал өнерпаз ұрпақ–тек ата-ананың ғана емес елінің мақтанышы.
Әдептіліктің әсем көрінісі–инабаттылық деген халықтың ұстанымын ту етіп көтерген ғалым–педагог бірнеше инабаттылық рәсімдерді атайды: қарапайымдылық, сыпайылық, тілалғыштылық, әдептілік, адалдық, ұқыптылық, жауапкершілік.
Ата-бабамыз кітапты қастерлеп, оны сақтай білген.Оған тарихи деректер мен шежірелерді аса зор бағалап өшпес мұра ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізуі дәлел болады. Ғалым осы бір дәстүріне тоқтала келе «Кітаптың өзі ескіргенімен, сөзі ескірмейді», -деген халықтың қалыптасқан дәстүрлерді санамалап береді.
Заман талабына сай тәрбиелік дәстүрлердің қатарына ғалым–педагог оқушылардың ұжымдық, мектептегі әдептілік дәстүрлерін жатқызады. «Ұжым арқылы тәрбиелеу–тәлім берудің қуатты құралы»,- деп ой түйген зерттеуші «іс-әрекет дәстүрлері оқушылардың дәлдік дағдыларын, инабаттылығын, ілтипаттығын, әдептілігін, ізеттілігін қалыптастырады»,-дейді. Ғалымның пайымдауынша іс-әрекет дәстүрі жеке тұлғаның адалдығы мен кісілігін дамытып, адами қасиеттерін қалыптастырады. Әрбір іс-әрекетке қатысушы ұжым абыройын қорғаушы болу қажет. Оқушылардың ұжымдық дәстүрлерін әулеттік және ұлттық дәстүрлермен ұйымдастыру дұрыс деп санаған педагог–ғалым әдеттен әдепке, әдептен рәсімге, дәстүрге одан салтқа ұштасып отыратын іс-әрекеттерді дамыту-әрбір тұлғаның міндеті дейді.

Әдебиет

1. Табылдиев Ә/ Қазақ этнопедагогикасы (Оқу құралы)- Алматы.:Санат 2001 ж.
2. Жарықбаев Қ., Табылдиев Ә / Әдеп және жантану –Алматы.:Атамұра 1994 ж.
3. Табылдиев Ә /Тағылым- Алматы.: Рауан 1995 ж.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *