1 СТУДЕНТТІҢ ӨЗІНДІК ЖҰМЫСЫ
1.1 Жалпы ережелері
Қазіргі заманымызда қоғамға өз бетімен жұмыс атқаратын, еркін де кеңінен ойлайтын, өздігінен алдына мақсат қойып және оған жетудің әдіс-тәсілін шығармашылықпен анықтап, сондай-ақ қолдана алатын кәсіби-маман тұлғасы болуы керек. Мұндай тұлғаның дамуына бағытталған білім берудің негізі болып тұлғаның өздігінен білім алу, өзін-өзі тәрбиелеу, өзін жетілдіру процесі жатады.
Студенттердің танымдық қызметі барысында өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың маңызы зор. Бұл студенттердің теориялық және практикалық білімді саналы игеріп, интеллектуалдық қызмет жасай білуге тәрбиелеу болып табылады. Сонымен бірге студенттер жай ғана беріліп жатқан дайын біліммен қаруланып ғана қоймай, білімді тауып, ізденіп алуына, яғни студенттерді оқи білуге үйрету маңыздырақ.
Студенттердің өздік жұмысының (СӨЖ) басқа жұмыстардан ерекшелігі – студент өз алдына мақсат қояды, оған жету үшін жұмыс түрін, тапсырманы таңдайды.
«Өзіндік жұмыс» бәрінен бұрын басқа оқу жұмыс түрлерінің міндеттерін аяқтайды.
Студенттердің ең алдымен, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тәрбиелеу, өз білімін жетілдіру, өзін-өзі бақылау мен бағалау әдет-дағдысын қалыптастыру тұлғаның шыңға жету жолы болмақ.
Жоғары оқу орындарындағы студенттердің өздік жұмысы оқыту лекция, практикалық, лабораториялық жұмыстар арқылы жүзеге асады. Лекция ақыл-ой әрекетінің тек 1-деңгейін, (тану) және біліммен танысу деңгейін қамтамасыз етеді. Ал СӨЖ ақыл-ой әрекетінің 2-деңгейін: қабылдау мен қайта жаңғырту және білім көшірмесін игеруін қамтамасыз етеді. Одан әрі ол алған білімді практикада қолдану, ептілік, шығармашылық қабілеттерін дамыта алады. Оқытушы студенттің білім алуға деген мотивін дамытуға, ішкі ынта-ықыласымен білім алуға ұмтылуына көмектеседі.
Оқытушының бақылауымен студент:
— зерттеушілік іскерлігімен дағдысын қалыптастырады;
— өткен материалдарды жалпылай алу және қайталау;
— алған білімді қолдану, оларды толықтыру, кеңейту дағдысын қалыптастырады;
— оқытушы студенттің психофизиологиялық және академиялық үлгерімін ескере отырып, өз бетімен жұмыс жасауға бағыт-бағдар беріп, олардың дербестігінің дамуына мүмкіндік жасайды.
— студентпен бірлесекен іс-әрекет барысында оқытушы – студенттің уақытын тиімді пайдалануға беретін түсіндірмелі-иллюстративті (схема, таблица, тезис, т.б.) материалдарды қолдануды үйрету, қажетті әдебиетті іздеу жолдарын көрсету;
— өзіндік белсенділігін, дербестігін дамыту үшін проблемалық баяндау, шығармашылық ізденіс әдістерін қолданған дұрыс.
— оқытушы студентке жеке тапсырма таңдауға (курстық жұмыс, реферат, ғылыми баяндама, үлгі сабақ жоспарын құруға) көмектеседі.
— әдебиеттермен қамтамасыз болуға, олармен жұмыс жасай білуге;
— тиімді әдіс-тәсілдер, тапсырма орындау жолдарын қолдана білуге үйретеді;
— жеке не бірнеше студентке кеңес береді, студенттердің бір-бірімен жұмыс жасауын үйлестіреді.
Жоғары оқу орындарындағы студент-тердің өздік жұмысы (СӨЖ) барлық оқу бағдарламасының басым бөлігін құрағандықтан, оның тиімді болуы маманның кәсіби бағыттылығының талаптарына сай жасалған өздік жұмысты ұйымдастыру үлгісінің дұрыс құрылуына байланысты болады.
Өздік жұмыстың тиімді ұйымдастырылуы тек өздік жұмыстың жүйесіне ғана емес, сонымен қатар педагогикалық шарттардың орындалуына да байланысты.
— студенттің аудиториядағы және өздік жұмысының көлемінің дұрыс үйлесімі, студенттің оқу жүктемесінің тиімді болуы, сабақ кестесінің дұрыс құрылуы, оқытушының өздік жұмыстың күрделілігін анықтауда студенттің уақытын, орындау мүмкіндігін, оқу әдістемелік әдебиетпен қамтылуын ескеруі студенттің өздік жұмыс нәтижесіне үлкен әсер етеді.
— студенттің өздік жұмыс мәселелерін шешуде білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ашуға, ой қабілеттерін дамытуға жағдайлар жасау. Мұның өзі студенттердің өздік жұмысын ұйымдастыру үлгісін жүзеге асырумен тікелей байланысты. Нәтижесінде өздігінен жұмыс жасау, өз бетінше білім алу, өз кәсіби әрекетінде ғылыми ізденіс жасау іскерлігі мен дағдысы, аналиткалық ойлауы қалыптасқан, өз әрекетін басқара алатын, өз жұмысының нәтижесінде өзіндік бақылау жасайтын студенттің шығар-машылық тұлғасы қалыптасады.