САҚҚҰЛАҚ ПЕН БЕКШЕ ШЕШЕН

САҚҚҰЛАҚ ПЕН БЕКШЕ ШЕШЕН

Қанжғалы елінде Бекше деген шешен болады. Оның жасы Саққұлақтан бір мүшел үлкен болса керек. Өзіне мал бітпеген кедей екен. Бекше көбінесе Саққұлақтың қасына еріп жүреді. Бір себептермен ол бір жолы Саққұлаққа ермей үйінде жатып қалады. Осы кезде ел арасынан бір дау шығады. Ол даудың ұшы Бекшеге барып тіреледі. Енді ол дауды Бекшесіз шешуге болмайтынын сезген Саққұлақ әйеліне:
— Кедейдің бір тойғаны шала байығаны, Бекшеге сыбаға беріп, шақыртшы, — дейді. Саққұлақтың әйелі Бекшені онша жақтырмайды екен. Нұралы деген баласын жұмсап, бір қоржынбас сыбаға беріп жібереді. Бекшенің әйелі қоржынның аузын сөгіп, етті қазанға салса, өңкей қалған-құтқан сүр ет пен бір жауырын ғана. Ет пісіп, Бекшенің алдына тартылады. Еттің сыңайын көрген Бекше қасындағы Нұралыға қарап:

— Байқаңыз, еттің азын жауырынынан,
Бар болса кім аяйды бауырынан.
Жоқтық шіркін адамға не істетпейді,
Бұ дағы келіпті ғой өз ауылыңнан.
Мынасы сүр ме десем, сірі екен ғой.
Дүниеге көзі тоймай, өле қоймай,
Бірі онда, бірі мұнда жүр екен ғой.

Бұл сөзге Нұралы қаты ұялып, намыстанады. Шешесінің қараулығына іштей наразы болады.
— Әкем сізді шақырып кел деп әдейі жіберіп еді. Жүріңіз, біраз күн аунап-қунап жатып қайтасыз, — дейді. Сонда Бекше шешен:

Мен Саққанның Бекшесімін,
Сақтаулы алтын текшесімін.
Бұл күнде бала жіберіп шақыртатын,
Етігінің өкшесі ме едім?
Керексінсе өзі келсін! –

деп, Нұралыны қайтарып жіберіпті. Бұл сөз намысына тиген Саққұлақ би «Қой ағайынды ренжітпейін» — деп, ертеңіне өзі келіп, Бекше ағасын ертіп кетіпті, үйіне барған соң қой сойып, бір жұма сыйлап күтіп, үстіне шапан жауып, ат мінгізіпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *