ШОҢ, ТОРАЙҒЫР БИЛЕР
Шоң Едігеұлы Павлодар облысының Баянауыл ауданында 1752 жылы дүниеге келіп, 1836 жылы 82 жасында қайтыс болған. Шоңның әкесі – атақты Едіге би Төлебайұлы. Шоңның шын аты Ақдәулет екен. Едіге би Ақдәулет есімді жеті жастағы баласын ертіп 96 жастағы керей Қожаберген жырауға сәлем беру үшін барады. Ақдәулетті көрген қарт жырау:
Тірі болса билердің зоры болсын,
Хан, сұлтан, төрелердің соры болсын.
Бітіміне істері ылғи сай боп,
Ақдәулет болмай аты, Ер Шоң болсын!, —
деген екен. Кейін осы бала Шоң би атаныпты деген сөз бар.
* * *
Торайғыр Едігеұлы 1772 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арғы атасы. Торайғыр қазаққа аты шыққан би-шешен болған адам. Солтүстік өңірінде Торайғыр би құрметіне қойылған жер-су аттары да баршылық. Торайғыр биден шешендік толғау, шешендік арнау, шешендік дау сөздер көп қалған. Торайғыр би атымен тығыз байланысты аталып жүрген отыздан аса сөз бар.
* * *
Шоң мен Торайғырдың ата-тегі қазақ шежірелерінде былай таратылады. Арғын ішіндегі Мейрамсопы, одан Қуандық, Сүйіндік, Бегіндік, Шегіндік, Шұбыртпалы, Қаракесек, Сүйіндіктен «Төртұлы» деп аталатын төрт ауыл атасы қосылған. Олар Қаржас, Жанболды, Құтболды, Орманшы, осының Жанболдысынан Айдабол би тарайды. Айдаболдан Едіге, одан Шоң мен Торайғыр билер тараған.