ҚАРЖАС ШОРМАН БИ МЕН ТОҚСАН БИ

ҚАРЖАС ШОРМАН БИ МЕН
ТОҚСАН БИ

Қаржас елі бір жылы керей еліне барымта жасап, біраз жылқысын айдап алады. Барымта дауына керей жағынан әйгілі Тоқсан би шығады. Оның келе жатқан хабарын естігеннен-ақ Шорман би алдын орап, буа сөйлеуді ойлайды да, сәлем беріп үйге кіріп келгенінде бірден:
— Тоқсан би, Тоқсан би дегендегі, Тоқсан бидің түрі мынау ма? Қулықтың құлынындай, иә томаша торғайдай ғана біреу ғой. Бас бітіміне қарасам, үріп қойған қуықтай, жүрісіне қарасам, жорғалаған өрмекшідей, дейді шамына тиіп. Сонда Тоқсан би іле жауап қайырып:
— Дұрыс айттың, мырза. Қулықтың құлынына ұқсасам, тұлпар туады деседі, алды-артыңды түгел орайтын тұлпарың болармын. Томаша торғайға ұқсатсаң, томаша торғай тоғыз жұмыртқа табады, сегізі торғай болады, біреуі бұлбұл болады. Сол бұлбұлың мен болармын. Басымды қуыққа ұқсатсаң, қуық желді күн аспанға өрлеп ұшады, мен де аспандап, төбеңде ойнармын. Өрмекшіге ұқсатаң, өрмекші он бір бала шығарады, оны өрмекші болады, біреуі бүйі болады. Сол бүйісі мен шығармын. Жөн сөзге келмесең, бүйіше шағып, уытымды таратармын. Малдың қарны жуан, басы үлкен соғым, адамның қарны жуан, басы үлкен боғым дейтін еді. Өзіңнің қарның жуан, басың үлкен екен, осы екеуінің қайсысына лайықтысың? – деп төгілте тоқталыпты.
Сөзден жеңілген Шорман би екі айтқызбайды, Тоқсан бидің қуып келген дауын ойдағыдай тындырып, риза етіп қайтарады [11].

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *