ТОҚЫМА ӨНЕРКӘСІБІ САЛАСЫНДАҒЫ КӘСІБИ ЖӘНЕ ТЕРМИН СӨЗДЕРДІҢ ТІЛДІК ҚАТЫСЫМДАҒЫ ҚОЛДАНУ ЕРЕКШЕЛІГІ

ӘОЖ 81
ТОҚЫМА ӨНЕРКӘСІБІ САЛАСЫНДАҒЫ КӘСІБИ ЖӘНЕ ТЕРМИН СӨЗДЕРДІҢ ТІЛДІК ҚАТЫСЫМДАҒЫ ҚОЛДАНУ ЕРЕКШЕЛІГІ
Сагимова А.С. аға оқытушы,Бақтығалиева Мөлдір ТПТМ-17-2 тобының студенті, Алматы технологиялық университеті,Алматы қ. Қазақстан Республикасы
aizhan.sagimova@mail.ru
Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында «Қазақ тілі — біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз — оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту.Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірбиесінен өтіп,біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл-өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет» делінген. Қай қоғамда болмасын бүгініміз бен келешегімізді қастерлеу өмірдегі тіршіліктің, қоғамның парызы. Ал қоғамның дамытушысы — адам.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері жаңғыру кезеңін бастан кешіп отырған бүгінгі күнде танымдық, эстетикалық, тәрбиелік мәні бар көптеген құбылыстарды, соның ішінде байырғы кәсіп, қолөнер түрлеріне байланысты аса маңызды құндылықтарды жинап-теріп, анықтап, қайта бағалау қажеттігі туындап отыр. Өйткені кеңестік идеологияның әсерінен “қазақ халқы мал шаруашылығымен ғана айналысып, басқа кәсіптерді игермеген” деген бір жақты қасаң көзқарас орын алғандығы белгілі. Кәсіби сөздер — белгілі бір шаруашылыққа, кәсіпке байланысты қолданылатын жалпы халыққа бірдей түсінікті бола бермейтін, қолданылу өрісі шектеулі сөздер.Қазақ тілі кәсіби сөздерге бай.Кәсіби сөздер таралу шегіне қарай ірі кәсіпке байланысты сөздер және шағын кәсіпке байланысты сөздер деп екі салаға бөлінеді. Қәсіби сөздер белгілі территориялық аймақты ғана қамтып шектелуі жағынан диалект сөздерге ұқсайды. Кәсіби сөздерді белгілі бір территорияны мекендеуші тұратын халықтың бәрі білсе, терминдерді әр жерде тұратын бір маманы ғана қолданады. Сонымен қатар, кәсіби сөздер әдеби тілдін, құрамына кіреді. Демек, кәсіби сөздердің терминнен де, диалектіден де өзіне тән өзгешеліктері меп ерекшеліктрі бар.[1] Сондықтан да бұлар өз алдына жеке лексикалық топ құрайды. Қазақ тілінде кәсіби сөздердін мынадай түрлері бар:
1.Мақта шаруашылығына қатысты кәсіби сөздер: жегеше| жегенелеу, көсек, күнжара, кауашақ, қоза, козакия, биті, шалшақ-шанақ, мақташы, мақталық, терім, т. б. :
2.Қызылша шаруашылығына қатысты кәсіби сөздер: тоспа, тұқым жарнағы, өркін, тамыр-жемі жүйек, т. б.
3.Темекі шаруашылыгына қатысты кәсіби сөздер: маты, сағақ, темекіші, қурай, тізбек, тікқүұлақ, т. б.
4.Балық шаруашылығына қатысты кәсіби сөздер: жақса, қарма, жұтпа, итерқұл көтергі, құрсақ, шөктірме, сүре, бүнек, т. б.
5. Бау-бақша және суармалы егіс шаруашыдығына қатысты кәсіби сөздер: атыз, мәркі, шөнек, ауыздама, бал, жап, жарма жоя, ақаба, кесе, т. б. [2]
Қоғамдық қатынастағы ғылым мен білімнің, техниканың заман талабына сәйкес дамып, өркендеп отыруына орай және терминалогиядағы бейнелік пен реңктік құбылыстың ұлттық сипатқа ие болуы әр халықтың төл тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен, ырым- жоралғысымен тікелей байланысты. Термин (лат terminus — шек, шеті, шекарасы деген мағынада) -ғылыми ұғымға айқын анықтама беретін, оның мағыналық шегін дәл көрсететін сөздер. Әдетте тілдегі қандай сөз болсын көп мағыналы болып келеді де, оның мағыналық шегі айқын болмай, жылжымалы 6олады. Ал ғылыми ой-пікірді дәл білдіру үшін сөздің мағынасы тұрақты, айқын болу қажет. Сондықтан сөздің мағыналық шегін дәл белгілеп, сөзді сол нақтылы бір мағынада ғана алып қолдану арқылы жасалады. [1]
Қоғам дамуына байланысты тіліміз де дамып, жаңаша түсініктер қалыптастырып,мағыналық жағынан байып келе жатқан терминдік жүйенің қалыптасуы біраз дүниені аңғартады. Мамандыққа және ғылым мен техниканың әр түрлі салаларын қамтитын термин сөздер бар екендігі белгілі.Тіл білімінің басқа салалары тәрізді терминология да қазіргі кезде қарқынды даму үстінде.
Термин жасаудың қазығын қадаған А.Байтұрсынұлының және басқа да Алаш зиялыларының көзқарастары дәл осы Тәуелсіздік жылдарында жаңаша сараланып, қазіргі терминологияға берер үлесі, қосар жаңалығы қайта жүйеленді. Отызыншы жылдардың орта шеніндегі Қ.Жұбанов негіз еткен термин қалыптастыру қағидалары бүгінгі күн тұрғысынан қарастырылды. Қазақ сөзінің термин ретіндегі қолданысы күшейген сайын зерттеулер де жандана түсті. С.Ақаев, Ә.Қайдар, Ө.Айтбаев, А.Абдрахманов, Б.Қалиев, Ш.Біләл, Ш.Құрманбайұлы, Қ.Айдархан т.б. көптеген зерттеушілер қазақ терминологиясын әр қырынан сипаттады.[3]
Жеңіл өнеркәсіптің қолөнер саласына байланысты қолданылатын кәсіби және термин сөздер: желі, шылбырноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсау,сөре,шідер,кісен,қада,ер тұрман,құмыра,көзе, қобыз, сыбызғы, айбалта, күрзі, білезік,сақина сияқты зергерлік бұйымдар жасалады.
Ою-өрнек -тұрмыста бір бұйымның бетін әшекейлеу үшін қолданылатын нақыш, өрнек. Олар: оймыштау, бедерлеу, шеку, қашау, тісеу, құрау тәрізді әрекеттер арқылы жүзеге асады. Әр өрнек белгілі бір бөлшектен ( элемент) құралады. Ғалымдар ою-өрнектердің 200-дей түрін анықтады. Біз халық арасында көп тараған мүйіз тектес ою өрнектерді сөз етпекпіз. Ою-өрнектердің бұл тобын қазақ халқының ою-өрнектерінің төркіні десекте болады. Өйткені, барлық жаңа буындар осының негізінде жасалып, тек атаулары өзгеріп отырған. Мысалы: қошқар мүйіз, арқар мүйіз, бұғы мүйіз, қырық мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз, төрт құлақ, түйе табан, сыңар өкше, қос алқа, құс қанаты, қаз табан, т.б. ою-өрнектердің негізгі арқауы.Негізгі өрнек түрлерінен бөлек қазақ шеберлері көп қолданатын ою-өрнек элементтерінің мынадай атаулары бар:аспан әлеміндегі құбылыстарға байланысты өрнектер «ай», «күн», «жұлдыз», «айшық», «аймүйіз», «құс жолы», «жұлдызша», «кемпірқосақ»,т.б.Заттардың атауына байланысты өрнектер «балға»,«балта»,«тарақ»,«балдақ»,«күмбез»,«табақ»,«қармақ», т.б.Ру таңбалары мен ел таңбаларға байланысты ою-өрнек элементтері:«тұмар»,«айшық», « босаға», «тарақ»,«көз»,«шөміш»,шылбыр»,«көсеу»,«ашамай», т.б. [4]
Жүн және жүннен жасалатын бұйымдар атаулары: Қойдың жүнін «жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» және «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөліп атайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік,жеңіл байпақ тігеді. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып,бау-шу есіледі, өрмек жіптері,неше түрлі жиектер ширатылады. Малдың терісінен жұлынып немесе жидітіп алынған жұлма жүнді, қойдың бауырында, пұшпақтарында байланып жүретін білтеленген жүндерді «өлі жүн» деп атайды.Қотанның ортасында түсіп қалған, бұтаның басынан жиналған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді«шет-пұшпақ жүн»деп атайды. Ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Жылқының жал-құйрығын «қыл» деп атайды. Жал-қүйрық көбінесе арқан-жіп есуге, сүзгі тоқуға, тұзақ есуге, жұмсалады. Жылқы қылын терімен қаптап көпшік, жастық, бөстек жасауға, қобызға тағуға пайдаланған.Түр жағынан алғанда да қазақ сырмақтарының 4 түрлі атауы бар.Оларды«ақ сырмақ», «қарала сырмақ», «жиекті сырмақ», «дебіске сырмақ» деп атайды. [5]
Қорыта келе кәсіби сөздер белгілі бір шаруашылыққа, кәсіпке байланысты қолданылатын, жалпы халыққа бірдей түсінікті бола бермейтін, қолданылу өрісі шектеулі сөздер. Қазақ тілі кәсіби сөздерге бай және де әдеби тілімізді байытып, жалпы халықтық қолданысқа енді.
Біз болашақ маман, әрі ҚР өндірісін ілгері дамытатын кәсіпкер ретінде алдыңғы қатарлы маман болуымыз үшін қазақ тілін кәсіби деңгейде игеріп, мамандығымыз бойынша терминдер мен кәсіби сөздерді меңгеруіміз қажет. Терминдер мен кәсіби сөздер болашақ мамандыққа қатысты сөздерді үйренумен қатар сөздік қорды байыту, яғни үйренген терминдерді күнделікті өмірде, келешекте қызмет барысында қолдануға машықтануымыз керек. Сондай-ақ өзіміз таңдаған мамандық бойынша меңгерген терминдерді қазақ тілінде өзге адамға жеткізе білу дағдысын қалыптастыра білуіміз қажет.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев -Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы,1998
2.Қазақ тілі.Энциклопедия.Алматы: Қазақстан Республикасы Білім,мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі,Қазақстан даму институты,998 жыл,509 бет.
3. Қайдаров Ә.Т. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. Алматы, 1993
4.Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Лтд.” ЖШС, 2005
5. Қазақ халқының дәстүрлі өнері.ЫСБН 9965-24-077-9
6.Исақова С.С. Қазақ терминтанымының когнитивтік-прагматикалық
аспектісі (қоғамдық ғылымдар терминдері негізінде).Диссертация авторефераты. Алматы, 2008.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *