БАЙСЕРКЕ АБЫЗДЫҢ ТОҚТАУ СӨЗІ
Ағайынды Шоң мен Торайғыр бір-бірімен өкпелесіп, Торайғырдың көшіп кеткенінде айтылған халық аузында сақталған сөздер көп-ақ. Торайғырдың замандасы Байсерке абыздың да осы оқиғаға орай айтқан тоқтау сөзі бар екен.
Бұл барғаннан барарсың,
Бағаналы Бабырға,
Барған жылы сый қылып,
Хан көтерер би қылып.
Қос-қосынан алдыңа,
Таратар семіз қабырға.
Қадірің кетер шашылып,
Ыстық лебің басылып,
Бірте-бірте айтқаның,
Алынбай қалар қабылға.
Жазғытұрым болғанда,
Ақ ордаңды тігерсің,
Лай, батпақ сабылға.
Күзді күні болғанда,
Тағы амалсыз қонарсың,
Мал жайылған тақырға.
Өзіңе ерген жарасып,
Жақын болған жаны ашып,
Таба алмассың бір жан да.
Екі кісі бас қосса,
Кіре алмассың сыбырға.
Жанға өзің ұнамай,
Аулақ жүрсең қарадай,
Қайран, өзімнің елім деп,
Кейін батыр налыма.
«Жатқа сұлтан болғанша,
Өз еліңе ұлтан бол», —
Деген мақал бұрыннан,
Бар ма батыр жадыңда?
Қағынан құлан жерісе,
Су таба алмай шөлде өлер.
Әлі де тоқта, сабырла.
Елде жүр де батыр бол,
Жау келгенде бастап қол,
Жат та алтын тағыңда.
Енді көп сөз айтпаймын,
Тілімді ал да кейін қайт.
Тілімді егер алмасаң,
Құлағыңды салмасаң,
Бетің білсін, жарқыным,
Барар жерің алдыңда