Бұлшықеттің күші мен жұмысы.
СИ жүйесі бойынша күш ньютон (Н) бірлігімен өлшенеді. Бұлшықеттің күші оның жиырылған кезіндегі көтере алатын ең үлкен (максималды) жүгімен анықталады. Мұндай күшті бұлшықеттің «жалпы» (максималды) күші дейді және бұл күш ет талшықтарының санына, оның әр қайсысының жуандығына байланысты. Бұлшықеттің жалпы күшінің оның анатомиялық көлденең кесіндісінің ауданына қатынасын оның абсолюттік күші деп атайды. Ап бұлшықеттің анатомиялық көлденеңі деп еттегі барлық талшықтардың көлденең кесіндісінің жинақы ауданын айтады. Мұнымен қатар бұлшықеттің физиологиялық көлденең кесінді ауданы деген де ұғым бар. Егер ет талшықтары бір-бірімен қатар жатса, онда бұлшықеттің жинақы физиологиялық көлденең кесіндісі оның анатомиялық көлденеңіне тең болады. Ал ет талшықтары құстың жүні тәрізді қиғаш (мысалы, балтыр бұлшықеті) орналасса, онда әр талшықтың қақ ортасынан өтетін көлденең сызығының ауданы (физиологиялық көлденең ауданы) анатомиялық ауданынан жоғары болады. Сондықтан мұндай еттердің күші жоғары болады. Бұлшықеттің жалпы күшінің (Н) оның физиологиялық көлденең кесіндісіне қатынасын еттің «меншікті» күші (Н/см2) деп атайды. Еттердің меншікті күші 50-150 Н/см2 шамасында болады. Кейде меншікті күшті кг/см2 деп те белгілейді. Мысалы, үшбасты бұлшықетте – 17 кг/см2, иықтың бүккіш етінде – 8 кг/см2, балтыр бұлшықетінде – 1 кг/см2, т. б. болады.
Бұлшықеттің жұмысы. Тіршілікте қаңқа бұлшықеттері организмнің кеңістіктегі алуан түрлі қимыл-қозғалысын қамтамасыз етеді және жүк көтеріп ұстап түра алады немесе оны белгілі бір жерге дейін жылжытып апарады. Мүның бәрі статикалық және динамикалық жұмыс болып есептеледі. Математикалық тұрғыдан қарағанда жұмыс мынандай теңдікпен анықталады:
W = L x D, мұнда W –атқарылатын жұмыс, L – жүктеме (ауырлық), D – қашықтық. Жұмыс «Джоуль»- мен немесе «кгм»-мен белгіленеді.
Жұмыс атқарудағы бұлшықеттің жиырылуына қажет энергия көздері: АҮФ, креатинфосфат концентрациясы, ет жасушаларында жинақталған гликогеннің ыдырауы (гликолиз) және ет жасушасындағы тотықтырушы метаболизм.
Жұмыс істегенде көтеретін ауырлықтың мөлшері орташа болса, жұмыс нәтижелі және ұзақ атқарылады. Бұл жұмыстың орташа ауырлық заңы. Жұмыс нәтижесі және тиімділігі оның ырғағына (ритміне) да байланысты. Орташа ырғақты жұмыс істегенде адамның жұмыскерлігі ұзаққа созылып, жұмыс көп істеледі. Мұны жұмыстың орташа ырғақ заңы деп айтады. Бұлшықеттің қажуы. Бұлшықет ұзақ және қүшті жұмыс атқару кезінде оның жиырылу күші мен қатаюы біртіндеп төмендей береді де қажу жағдайына түседі. Бірақ қажу уақытша құбылыс, біраз үзіліс жасап етті тынықтырса, ол қайтадан жиырыла бастайды, яғни дем алған соң бұлшықеттің жұмыскерлігі бұрынғы қалпына келеді. Қажудың пайда болуы ұзақтығы жұмыстың ырғағы мен жүктің ауырлығына байланысты. Ауыр жүк немесе жиі ырғақты жұмыс бұлшықетті тез қажуға келтіреді. Сондықтан жүктің ауырлығы мен жұмыстың ырғағы орташа дәрежеде болса, бұлшықеттің қызметі де нәтижелі болады. Бұлшықеттің қажу сызығын – эргограмманы алғашқы рет И.М.Сеченов жазып алған. Оның айтуы бойынша, бір қолдың еттері қажуға түскенде, екінші қолмен жұмыс істесе, еттердің қажудан кейінгі бұрынғы қалпына келуі жылдам болады. Сөйтіп, И.М. Сеченов толық организмнің жұмыскерлік қабілетін сақтау үшін алғашқы рет «белсенді демалыс» ілімін енгізді.
Қажудың пайда болу себептерін түсіндіретін қағидалар өте көп, солардың ішінде: «әлсіреу» теориясы бойынша – энергия қорының әсіресе гликогеннің азаюы, «улану» теориясы – сүт, фосфор қышқылдарының және басқа да ыдырау өнімдерінің жиналуы, «тұншығу» теориясы – оттегінің жетіспеуі және т.б. Бұл пікірлер бұлшықеттің қажу сырын толық анықтамағанымен, оның жеке себептерін көрсетеді. Ал тұтас организмде бұлшықеттердің бәрі жүйке талшықтарымен қамтамасыз етілген және арасында мионевралды түйіспе орналасады. Міне осы түйіспеде қажу тез дамиды. Мұндай түйіспелер орталық жүйке жүйесінде де өте көп мөлшерде болады. Яғни қажу құбылысы тұтас организмде орталық жүйке жүйесінде байқалады.