Жүйке талшығымен қозудың өту механизмдері.
Миелинсіз және миелинді жүйке талшықтарының қозуды өткізу механизмі бірдей емес. Тыныштық жағдайда миелинсіз жүйке талшығы мембранасының ішкі жағы теріс, ал сырты – оң зарядты болады. Мембрананың сыртқы және ішкі беттерінің арасында электр тоғы өтпейді, себебі мембрананың липидтік қабының электрлік кедергісі өте жоғары. Қозудың дамуы (ӘП) кезінде мембрананың қозған жерінде зарядтың кері өзгерісі (реверсия) нәтижесінде деполяризация байқалады. Бұл жердегі мембрананың Na+ ионына өткізгіштігі күшейеді де, оның сыртқы беті теріс зарядталады, ішкі беті оң зарядты болады. Содан кейін осы қозған жерде қозудың реполяризация кезеңі басталады, бұл К+ иондарының сыртқа шығуымен байланысты. Осылай мембрананың қозған жері мен қозбаған жері арасында пайда болған потенциал айырмасы (айналмалы ток – оң зарядтан теріске қарай) жүйке талшығының бойымен жаңа учаскеге қарай үзіліссіз жылжып отырады. Мұндай қозудың (ӘП-ның) миелинсіз жүйке талшықтары мембранасының бойымен үзіліссіз өтуі кейбір ет талшықтары мен С-типті жүйке талшықтарында кездеседі.
Миелинді жүйке талшығы (А және В типті) мембранасының миелинмен қапталған учаскесі қозбайды, қозу тек Ранвье үзілістерінде дамиды. Қозу (ӘП) пайда болған Ранвье үзілістерінің бірінде зарядтардың кері өзгерісі (реверсия) болады. Мембрананың электрлік-теріс және электрлік-оң учаскелер арасында пайда болған электр тоғы мембрананың көршілес аймақтарында тітіркендіреді. Бірақ қозу жағдайына, тек келесі Ранвье үзілісінің мембранасы келе алады. Қозу пайда болған үзілістің екі жағындағы үзілістер мембранасының Na+ иондарына өткізгіштігі күшейіп, теріс зарядталады, яғни серпініс қозған үзілістен қозбаған үзіліске көшеді
(секіреді). Кейде қозу бір үзілістен ғана емес екі үзілістен де секіруі мүмкін. Сөйтіп миелинді жүйке талшығында қозу секірмелі (сальтаторлы) түрде өтеді. Осындай миелинді жүйке талшығымен қозудың секірмелі таралуы оның жылдам өтуін (70-120 м/с) қамтамасыз етеді және оған жұмсалатын энергия мөлшері де аз болады.
Шеткі (перифериялық) жүйке жүйесінің талшықтары дәнекертінді қабықпен қапталып біртұтас жүйке бағанасына (жүйке) бірігеді. Бір жүйке бағанасында мыңдаған жүйке талшықтары болуы мүмкін: мысалы, ортаңғы және ет-тері жүйкелерінде шамамен 27-37 мың талшықтар бар. Жүйкенің талшықтары миелинді және миелинсіз, афферентті және эфферентті болады. Табиғи жағдайда жүйкенің әрбір талшығын қоздыратын өзіндік көзі бар (мысалы, эфференттік талшықтар үшін – аксондық төбешік, афференттік – қабылдағыштар). Сонымен қатар, сезгіш және қозғалтқыш талшықтар серпіністерді қарама-қарсы бағытта өткізеді. Жүйкенің жиынтық электрлік белсенділігі, оның құрамындағы қозған талшықтар саны мен солардың электрлік белсенділігіне тәуелді болады.