Қозудағы тіндердің қозғыштық қасиеттінің фазалық өзгерісі. Жасуша немесе тін қозған кезде оның қозғыштық қасиеті ӘП-ның кезеңдеріне байланысты өзгереді. Қозғыштық өзгерісінің негізгі 4 кезеңін ажыратады:
ӘП-ның бастапқы даму кезіндегі тіннің қозғыштығының қысқа мерзімді жоғарылауы;
абсолюттік рефрактерлік кезеңі (тіннің толық қозбаушылығы); 3) салыстырмалы рефрактерлік кезеңі;
4) супернормальдық (экзальтация) кезеңі.
Жергілікті потенциал даму кезінде жасуша мембранасының қозғыштығы қысқа мерзімді жоғарылайды. Бұл уақытта мембрананың деполяризациясы оның ауыспалы деңгейіне (Ек) жетпесе, онда жергілікті жауап (потенциал) тіркеледі. Ал деполяризация ауыспалы деңгейге жеткенде, ӘП-ы дамиды. Мембрана қозғыштығының жоғары болуы себебі: бұл кезде жасуша жартылай деполяризацияда, МП шамасы ауыспалы деңгейге жақындау және деполяризация шамамен ауыспалы деңгейдің 50%-на жеткенде, мембрананың тез басқарылатын Na+-каналдары ашыла бастайды. Сондықтан жасуша мембранасында қозу пайда болу үшін оған әсер етуші тітіркендіру күші табалдырықтан төмен болса да жеткілікті болады, ол ӘПның дамуына келтіреді.
Абсолюттік рефрактерлік кезең — ӘП-ның (деполяризацияның) шыңына сәйкес келеді және 1-2 мс арасында байқалады; егер ӘП ұзақтау болса, абсолюттік рефрактерлік кезең де сонша ұзақ болады. Бұл уақытта жүйке немесе ет жасушаларын тітіркендіру күші табылдырықтан жоғары болса да, оған жауап берілмейді. Себебі, деполяризация мен инверсияның өрлеу кезінде мембрананың барлық ашылған Na+-каналдары арқылы Na+ иондары жасушаға тез еніп, қозу тудырады, сондықтан жасушаның қозғыштығы жойылады. Инверсияның құлдырау кезінде Na+-каналдары белсенділігінің төмендеуі (инактивация) салдарынан жасуша мембранасы Na+иондарын өткізбейді де, қандайда болсын күшті тітіркендірумен әсер еткенде жасуша қозбайды. Сонымен қатар осы кезде К+-каналдары ашылады, К+иондары көп мөлшерде сыртқа шығады да инверсияның құлдыру бөлігі мен реполяризацияның дамуына келтіреді. Абсолюттік рефрактерлік кезеңнің ұзақтығы әртүрлі болады: мысалы, жүйке талшығында ол 1-2 мс шамасында, ал жүрек етінде 300 мс дейін жетеді.
Салыстырмалы рефрактерлік кезең – бұл ӘП-ның реполяризациясы кезіндегі жүйке немесе ет жасушасы қозғыштығының қайта қалыптасуына байланысты оны табалдырықтан жоғары күшпен тітіркендіргенде жаңадан қозу пайда болады. Себебі бұл уақытта жасуша мембранасының К+иондарына өтімдігі және оның жасушадан шығуы әліде болса жоғары, ал Na+ — каналдарының бір бөлігінің белсенділігі әліде төмен жағдайда болады (h-қақпалары жабық және жасуша тыныштық жағдайға әлі келмеген). Яғни осы кезеңде қозу тудыру үшін тітіркендірудің күші табалдырықтан жоғары болу керек.
Супернормалдық (экзальтация) кезең – іздік теріс потенциалға (іздік деполяризация кезеңіне) сәйкес келеді. Себебі бүл кезде жасуша мембранасының өтімділігі Na+иондары үщін өте жоғары болады, сондықтан кезекті ӘП пайда болу үшін тітіркендірудің табалдырықтан төмен шамасы жеткілікті болады. Іздік оң потенциалға (іздік гиперполяризацияда) сәйкес субнормалдық кезең байқалады. Ол жасуша мембранасы өтімділігінің К+иондар үшін жоғары болуымен байланысты.
Сонымен жасуша қозғыштығының фазалық өзгерістен өту жылдамдығы оның лабилдік қасиетімен анықталады.