РАМАКРИШНА, ШРИ РАМАКРИШНА ПАРАМАХАМСА, ГАДАДХАР/РАМАКРИШНА, ЧАТТОАДХЬЯЙ (ЧАТТЕРДЖИ)

РАМАКРИШНА, ШРИ РАМАКРИШНА ПАРАМАХАМСА, ГАДАДХАР/РАМАКРИШНА, ЧАТТОАДХЬЯЙ (ЧАТТЕРДЖИ)
(18 ақпан, 1836ж. қазіргі Батыс Бенгалия, Хугли ауд., Камарпукур – 15 тамыз, 1886ж. Калькуттаның солт.бөлігіндегі Коссипур)

— индуизмнің реформаторы, мистик әрі Үндістанның құрметті діни көшбасшысы.

Шығармалары:

Оның атақты шәкірттерінің бірі – Свами Сарадананда ұстазы жайлы көптеген мәліметтер қалдырды. Ол Шри Рамакришнаға қатысы бар аңыз-әңгімелерді сұрыптай келіп, оның нақыл сөздері мен ілімдерін, олардың дүниеге келу себептерін түсіндіру мақсатымен ұстазының өмірбаянын жазған. Шри Рамакришнаның ілімі хатқа түскен «Шри Рамакришна Катхамрита» деп аталатын шығарманы бенгали тілінде Махендранатх Гупта жазған. Рамакришнаның өмірі мен ілімімен танысу үшін француз классик жазушысы Р.Роллан жазған «Рамакришнаның өмірі» деп аталатын кітабын оқуға болады.
Рамакришна жастайынан дарынды бала болып өсті, айналадағы жұрт оны жақсы көретін, өйткені ол ән салатын, билейтін, спектакльдерде ойнайтын, құдайлардың ағаш мүсіндерін жасайтын, тапқыр әзілдерімен жұрттың көңілін көтеретін. Бірақ оның мектептегі оқуға деген үлгірімі нашар болатын, оның айтуынша мектеп оған іздеген білімін бермей, тек ақша табуды ғана үйрететін. Құрдастарымен сауық-сайран құрудың орнына ол киелі Пури қаласына қажылыққа бара жатқан кезбелермен әңгімелесуді дұрыс көретін. Рухани тақырыпты қозғайтын әңгімелерге құлақ түріп, оларды ынта-ықыласпен тыңдайтын.

Философиялық көзқарастары:

Шри Рамакришнаның айтуынша, барша тіршілік иелерінің ең биік мақсаты – Құдайды тану. Демек, ол дінді сол мақсатқа жетудің бір құралы деп біледі. Ол индуизм дәстүрі нирвикальпасамадхи (тұрақты медитация) ретінде анықтайтын тылсым болмысқа енуінің арқасында әртүрлі діндер Абсолютті Нақтылыққа жетудің әртүрлі жолдары ғана және Ақырғы Шындықты ешқашан адами ұғым арқылы жеткізу мүмкін емес деген пікірге келеді. Ол «ақиқат жалғыз, бірақ даналар оны әртүрлі атайды» дегенді айтатын Ригведаның пікірімен үндеседі.
Шри Рамакришна ілімінің негізгі идеясы: құдайды түйсіну адам өмірінің ең биік мақсаты болады, өйткені оның арқасында адам қуаныш пен бақытқа қол жеткізеді.
Рамакришнаның есімімен байланысты діни қозғалыс индуизм мен ұлттық сананың кейінгі жылдардағы даму бағытын анықтады. Үндістанда Рамакришнаның мыңдаған жылдар бойы жиналған ішкі қайшылықтарды еңсеруге, индуизмді біріктіріп, дәстүрлер мен болашаққа ұмтылу үшін бірігетін ықпалды, үйлесімді жүйеге айналдыруға қосқан үлесін бәрі мойындайды. XIX-ғасырда Үндістандағы индуизмнің қайта жаңғыруына оның өмірі мен қызметінің тікелей ықпалы болды. Ол кезде индуизм батыстық мәдениеттің тарапынан да, үндістердің тарапынан да зор зиятты қарсылыққа жолыққан еді. Индуизмдегі пұттарға табынуға сол кезде Британдық Үндістанның орталығы болған Бенгалияда күшті қысым көрсетіліп, ол зиялылық тұрғысынан қажетсіз деп жарияланды. Оған қайтарылған жауап әртүрлі еді, өйткені «Жас Бенгалия» қозғалысы индуизмді жоққа шығарып, христианшылдықты немесе атеизмді қабылдаса, Брахмо Самадждың қозғалысы индуизмді қолдаса да, пұттарға табынуға қарсы шыққан. Сол кезде дәстүрлі индуизмді жақтайтын Шри Рамакришнаның ықпалы күшті болды.
Шри Рамакришнаның әлемдік діни мәдениетке қосқан маңызды ықпалы ретінде ол негізін қалаған діни-қоғамдық ұйымдарды атауға болады, олар Рамакришна Ордені және Рамакришна Миссиясы. Ғасырлық тарихы бар бұл екі ұйымның штаб-пәтері Калькуттаның маңындағы Белурда орналасып, негізін қалаушы тұжырымдаған: «Атмано мокшартхам джагаддхитая ча» — «жеке азаттыққа жету үшін және әлемнің игілігі үшін» – деген ұранды ұстанады. Ғибадатхана рухани және діни-ағарту қызметімен айналысса, миссия қайырымдылық, діни-ағарту, білім беру және басқа да қызметтермен айналысады. Үндістанның көптеген діни-қоғамдық ұйымдардың арасында Рамакришна Матх және Рамакришна Миссиясының беделі зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *