САРВАПАЛЛИ РАДХАРКРИШНАН

САРВАПАЛЛИ РАДХАРКРИШНАН
(5 қыркүйек, 1888ж. Мадрас қаласының солтүстік-батысында жатқан Тируттани елді-мекенінде – 17 сәуір, 1975ж.)

— XX-ғасырдағы үнді елінің көрнекті ойшылы.

Шығармалары:

«Үнді философиясы» деген екітомдық, көлемді еңбегі бар.
Ана тілі – телугу. Мадрастағы Христиан колледжін тәмамдаған, бұл бұрынғы салыстырмалы түрде айтқанда либералдық сапалы білім болатын. 1907 жылы магистрлік диссертациясын «Веданта этикасы және оның философиялық алғышарттары» атты тақырыпта ойдағыдай қорғады. Бірқатар үнді колледждері мен университеттерінде дәріс оқиды. Санскрит және палиден аударған діни-философиялық мәтіндерді және құнды деген жұмыстарын жарыққа шығарады. 1923-27 жылдары Лондонда оның екі томдық «Үнді философиясы» еңбегі шықты. Оксфорд, Гарвард және басқа да университеттерде дәріс оқыды. 1931-36 жылдары Андхра университетінің вице-канцлері. 1936-39 жылдары – Оксфорд университетінде Шығыс этикасы мен дінінің профессоры. 1939-46 жылдары Варанасидегі (Бенарес) Индуистік университетінің вице-канцлері қызметтерін атқарады.
Үндістан өз алдына тәуелсіз ел болып жарияланғаннан кейін Радхакришнан тек философиямен ғана емес, сондай-ақ қоғамдық және мемлекеттік қызметтермен де айналысады. 1946 жылы ЮНЕСКО-да елші болып сайланады, 1949 жылы – ССРО елшісі. Үндістанда жоғарғы оқу орындарында реформалар жүргізу жұмыстарына да қатысады. 1952 жылдан бастап – вице-президент, 1962-67 жылдары Үндістан Республикасының президенті.
Діндер саласындағы жеткен жетістіктері үшін Темплтонов сыйлығына ие болды (1975).

Философиялық көзқарастары:

Ол өзінің философиялық жүйесін жасау үшін өз халқының рухани мұрасын үйрену және Батыс философиясын талдау тәрізді жолдардан өтті. Философия қызметі – өмірді реттеу және әрекетті басқару. Радхакришнан бойынша, үнді философиясы спиритуалистік мағынаға ие болған. Философтың пікірінше, Үнді елі тәуелсіздік алғаннан кейін, оған жаңа талаптарға сай философия қажеттігі туындады. Жаңа философия уақытына сай келуі керек және өткенге бағытталмаған болуы шарт. Сондай-ақ ол өзге философиялық ілімдерге ұқсамауы керек. Жаңа философия өзі түсіндіріп отырған өмір тәрізді қайталанбас түпнұсқа болады. Мұндай философия жаратылыстану ғылымдарының жетістігіне және психологияға сүйенуі қажет. Ал дін келешек философияның ядросы, бекітуші күші болады. Радхакришнан бойынша, жаңа философияны жасаушы философ төрт шартты орындауы керек:
 Мәңгілік пен өтпеліні ажырата білу.
 Өз әрекетінің жемісіне осы сәтте де, болашақта да рахаттанбауы керек. Бұл шарт ұсақ тілектер, практикалық қызығудан арылуды талап етеді. Философ өмірден тыс тұрып, оны бақылау керек.
 Ол қатаң сенімге бағынуы керек. Рух тәртібі — ақиқатты іздеушінің мақсаты – бостандыққа жетуге мүмкіндік береді.
 Азаттыққа ұмтылу.
Ол дүниеге діни көзқарасты дұрыс деп тапты. Сөйтіп, өзінің философиялық жүйесін – «Мәңгілік дін» деп атады. Бұл жөнінде: «Мәңгілік дін … әлеуметтен және шындықтан аластауға ұмтылатын иррационалды немесе ғылымнан тыс нәрсе емес. Оны қабылдау көптеген қиын мәселелерді шешіп, адамға жақсылық әпереді. Бұл – мен жеке өзім әртүрлі жолдармен таныған философиям, бұл ең қиын кездері, ауырған және жазылған кезде, жеңген және жеңілген кезде маған көмектесетін философия». Оның жүйесінде бастаушы нәрсе «әмбебап дін», «рух діні» деген концепциялар. Оның негізі мынадай: «Дін – адам өмірінде анықтаушы факторлардың бірі, әрбір адам және бүкіл адамзат сенуді, діни қызметті қажет етеді. Радхакришнан бойынша, «адам қоғамы адам мәні тәрізді сеніммен өмір сүреді, ол сенім жоғалғанда, ол да өледі. Сенім қиын болуы мүмкін, бірақ оған қажеттілік орасан зор». Діни тәртіп адам эволюциясына әсер етеді. Дін-өмір квинтэссенциясы. Дін бір нәрсені ұстауға бағытталған қозғалыс емес. Бұл болмыс формасы, өмір салты. Рухан өмір – шешілуі тиіс мәселе емес, жасауы қажет реалдылық. Діннің ең басты ролі сол, тек дін ғана барлық тіршіліктің мистикалық бірлігін тануға мүмкіндік береді. Мистицизм – діннің тамыры, ал дін – болмыс формасы. Ешбір қазіргі дін адамның сенімге деген қажеттілігін өтей алмайды. Себебі олар догма мен фанатизмге толы. Ал діннің жоғарғы қызметі – адам тұлғасын биікке көтеру. Ал қазіргі діндер адамды іштей қайшылықтарға жетектеп, гуманизммен конфликтіге түседі. Гуманизм – уақыт пен мәңгілікті, жан мен денені бөлетін дін формаларына әділ қарсылық. Әрбір дін адам мен тұлға құқығына құрмет көрсетуді үйретуі тиіс. Ол адамды орталық мәселе ретінде қарастырды. Адамды биологиялық мән ретінде түсінді. Өзге тіршілік иелерінен айырмашылығы сол-адамда дене, парасат, рух бірлікте болады. Әрбір адамда Құдайлық бір нәрсе бар, ол имманентті, тумасынан берілген мәңгілік нәрсе.
«Мәңгілік» жүйесінде Радхакришнан моральға үлкен көңіл бөледі. Оның ойынша, сенім мен адам тәртібі әрдайым бірге жүреді. Демек, әмбебап дінгеәмбебап мораль сай келуі керек. «Әмбебап мораль болашақтың мәселесі, – деді ол, – орталық орынды таптық күреске негізделген уақытша моральдар алады». Рухани күштер ғана жаңа типті адамды қамтамасыз етеді. Үнділік діни-философиялық дәстүрге сәйкес, Ол руханилық күштерден махаббат және күш көрсетпеуді әмбебап моральдың басты принциптері етіп бөліп алады. Олар абстрактілі, жалпы мінез-құлықтылық категориялар, нақты тарихи мазмұны және таптық, әлеуметтік тәуелділігі жоқ. «Махаббат заңының» басты әрекет ету саласы дін деп санады, бірақ мұнда бір негізгі шартты қойды: фанатизм мен шовинизмнен арылу. Сөйтіп, махаббат заңын түсіндіру позитивті гуманистік бағытқы ие болды. Махаббат заңы күш көрсетпеу принципімен тікелей байланысты. Радхакришнан бұл принципті джайнизмахимсаның этикалық категорияларынан шығарды. «Егер біз әрбір адамда Құдайлық бір нәрсе барына сенсек, онда біздің адамға қатынасымыз жамандық жасамайтын қатынас болуы керек». Махаббат – барлық өркениеттің негізі. Философ күш көрсетпеу принципі махаббат заңы сияқты жиі бұзылатынын білді. «Бұл әлемде, – деді Радхакришнан, – күш көрсетпеуден тартыну мүмкін емес. Сондықтан ахимса идеяларына жүгіну керек. Біз өзіміз күш көрсету саласын қысқартып, сендіру саласын кеңітуіміз тиіс. Сөйтіп, ахимса – бұл әрдайым алдымызда көрініп тұратын идеал».
Негізгі идеяларына сүйеніп, Радхаркришнан мінез-құлқы толық адамды анықтады. Ол – өз ішіндегі жаулары – ақымақтық, ақылсыздық, өткенге жалтақтау, әлемнің үздіксіздігін түсінбеу фактілерін игере алатын жаңа адам. Адам – эволюциялық ағымның инструменті. Ол интеллектуалдық деңгейден руханилық деңгейге қарай дами алады. Түпкілікті принциптер негізінде діндердің бірігуі адамзатқа әмбебап, мәңгілік діни жол ашады. Мұндай дін қазіргі діни ілімдерге тепе-тең емес, ол трансцендентті. Мұндағы идеялар қоғамдық өмірдің ең түпкі мағынасын береді. «Мәңгілік діннің» қоғамдық-тарихи ролі – барлық адамзатты біріктіру. Мәңгілік дінді Радхаркришнан мәдени, әлеуметтік, саяси байланыстарды және бүкіләлемдік масштабтарда қатынастарды жасаушы күш деп түсінді.
Радхаркришнан жастайынан мәңгі өмірге сенетін. Отаршылдық оқу орындарынан европалық білім алған ол батыс философиясын жоғары бағалады, дегенмен өзінің ғылыми жұмыстары барысында дәстүрлі Үнді философиясының насихатсышы ретінде көрінді. Өзінің магистрлік диссертациясын қорғауда сол кездері үнді философиясында этикалық мәселелер жоқ деген европалық көзқарастарға батыл түрде қарсы тұрды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *